Махамбет – намысшыл ақын. Ақын «ту байласаң тұрмайтын туырлығы жоқ тұл үй», - деп хан ордасын, ал «ту түбінен тұлпар жығылғанда шаппаған нәмәрт», «қарындастың қамы үшін, қатын мененбала үшін қайырылмай», «кәпірге талан басып кеткен жігіт», - деп ханның өзін айтады. Бұл тұспалды ақын басқа бір өлеңдерінде өзі айқындап береді. «Айтып, айтпай немене – халық қозғалса, тұра алмайды хан тағында- ай», - деп ханның ел басына іс түскен кездегі жасқаншақтығы мен жалтақтығына намыстанады. «Алтын тақты хандардың хандығынан не пайда, қарып пенен қасіргетұралық ісі болмаса»,- деп, «елін жау шапса, өзі бірге шабатын» хандардың қараулығына намыстанады.
Ай, тақсыр- ау, ай тақсыр,
Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
«Ханым, ханым» дегенге
Көтере берме бұтыңды,
Боз балаға жел беріп,
Атқа мініп шыққанда,
Ұлым қалмақ сенің де,
Көрер адам көтіңді, - деп қаһарланатыны да сондықтан. «Қалмаққа шатыс хандардың, қабыландай қайраңға соғып, етін талай жеп едік», - деп қиқарланатыны да сондықтан.
Махамбет – Отаншыл ақын. Ол өз Отанын, Нарынын, Еділ мен Жайық арасын, халқын, досын,бауырын, басшысын сүйеді. Отан деген сөзге сыйып кеткендерге шынайылықпен қарайды. Махамбеттің ұғымындағы «қара» -бүкіл халық. Махамбеттің «хан ұлына бергісіз қара ұлы» - досы Исатай. Махамбеттің Исатайға арналған өлеңдері – әлемдік әдебиеттегі аса сирек құбылыс. Адам ретінде жолдасқа, бауыр ретінде ағаға, күрескер ретінде көсеміне, саясаткер ретінде одақтасына, жауынгер ретінде қарулас досына мұншама сүйіспеншілікті, адалдықты шынайылықпен көрсеткен туындылар кемде кем шығар. Ол тек Махамбетте бар. Исатай да, Махамбет те не бір басының, не рулы ел, ауыл- аймағының, не табының жоқшысы емес, бүкіл халқының жоқшысы болған. Исатайға ағайыны Жақсымбет би: «Жәңгірмен келістіріп, басыңа дәреже алып берейін», - дегенде тас- талқан болып ашуланып, көнбей қойыпты. Тілін алмаған Исатайға кетерінде: «Берішке тиме - ауылың ғой, Жайыққа тиме - үйің ғой. Жеңіліп қалсаң – басыңа қорған болар», - деген, оны да құлаққа ілмепті.