§ 6. СПИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК
«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиетi. Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»
АБАЙ.
Адам баласы - өмiр бойы психологиялық көмекке зәру болмақ. Әсiресе оның нәрестелiк, сәбилiк, балалық шақтарында, тiптi ауадай қажеттiлiк деп айтсақ та болады. Бiрақ, бiз өмiр сүрген бұрынғы қоғамда, адамның психикасын тәрбиелеуге еш уақытта мән берген емес. Соның салдарынан балабақшаларда да, мектептерде де, тiптi жоғарғы оқу орындары мен адамның қызмет iстейтiн орындарында да, адамдардың психологиялық тәлiмiне көңiл аударылып көрген емес. Мұндай надандылықтың адамдарға тарттырған азабы да аз емес. Осындай қалыс тәрбиенiң ауыр кемшiлiктерiн ескере отырып, азды-көптi психологиялық көмектiң қасиеттерiне тоқталуды жөн көрдi.
Психологиялық көмектің бағыттары. Бала атаулының бойындағы бiртiндеп қалыптасатын психологиялық ауыр өзгерiстер мен невроздардың негiзгi себепкерi, жалпы бала тәрбиесінен хабары шамалы, ал бала психологиясы дегенді естіп көрмеген ата-аналардың үкiмдi де, сорақылыққа толы қатыгездiктерiнен екенiн ашып айтқымыз келедi. Олардың көпшiлiгi бала тәрбиесiнiң қиын да қызық сәттерiн iздеп үйренудiң орнына, тек жазалау, қорқытып-үркiтумен ұстағанды бiлетiндiктерiмен шектелетiндiктерi белгiлi. Тiршiлiк тартыстарына ендi ғана келген сәбилер үшiн, бұл аттап өте алмастай ауыр күйзелiстерге апарады. Айта берсе, үлкендер тарапынан болатын дөкiр де дөрекi қылықтар толып жатыр.
Ең бiрiншi психологиялық көмектiң бағдары – осындай жағдайларға тап болған балалардың ауруға шалдыға бастаған психикасын сауықтыру болып табылады. Осымен қатар жүргiзiлетiн екiншi бағыт – тез арада ата-аналар мен бала тәрбиесiне қатысты үлкендердiң арасында жүргiзiлетiн психологиялық көмектердi атауға болады. Мұның өзiне тән әдiстерi де толып жатыр. Бала тәрбиесiне қатысты үлкендерге сәби психикасының мән‑жәйi туралы түсiнiк беру, оны мұқалтпаудың маңызы жайлы, психологиялық тәрбиелердi үйретудiң жолдарын – кiтаптардан, кинофильмдерден, арнайы жасалынған оқулық фильмдерден – тереңдей талдап көрсету арқылы, ата-аналар мен үлкендерден бала тәрбиесiндегi қатыгездiктен тыйылуын талап ету.
Осылайша, жас баланың психикасындағы ауыр өзгерiстер мен қорқыныштардан туындайтын, оның жандүниесiндегi жапа шегушiлiк зардабымен қатаң да жедел күресетiн мезгiл жеткен сияқты. Сөз жоқ, мұндай жағдайды ата-аналардың көпшiлгi бiлмегендiктен iстейтiнiн де ескеру керек.
Жалпы бала психологиясынан белгiлi психикалық ауыр әсерлердiң түрлерiн атап өтсек; бiрiншi, баланың жiгерiн жасытатын үкiмдi баға беру (мысалы, «Сен ойнай бiлмейсiң», «сен дұрыс сөйлей алмайсың» деген сияқты кесiмдi ұғымдардың әсерi жаман). Осыдан кейiн, баланың тауы шағылып, талабы қайтып қалатындығы анық. Тiптi, оған бұдан былай ойнаудың да, сөйлеудiң де қиындай беретiнi рас. Сәбилердi үнемi көтермелей жетелеп тәрбиелеудiң психологиялық мәнi зор.
Екiншi сәт, баланың iстеген әрекеттерiне терiс те, зiлдi баға берумен қоса, оның жеке басының намысына тиетiн сөздер айту. Мәселен, «Сен ойнай бiлмейтiнiңмен қоса, мақтаншақсың, өтiрiк мақтанасың» деудiң әсерiмен, баланың бүкiл жандүниесiн терең жаралауға әбден болады. Сондықтан да, балалардың iс-әрекеттерiн дұрыс бағаламау, төмендетiп бағалау арқылы, оның қалыптасу қабiлетiн тұтылдырумен қоса, ұстамдылығы мен парасатына да қаяу түсiредi. Мұндай әрекеттер баланың өмiршең талпыныстарын бiрден тоқталып, тiптi тiршiлiгiнен де жиренерi хақ. Оның алдындағы армандарын да, сенiмдерiн де жоғалта бастайды. Үшiншi бiр ыңғайсыз сәт, басқа бiр баламен салыстыра бағалаудағы жiберiлетiн әдiлетсiздiк. Мұндай әрекеттер арқылы, баланың бойына қызғанушылық пен өзiмшiлдiктi қалай сiңiрiп алғандарын да байқамай қалады. Мiне, тәрбиедегi психологиялық әдiстердi бiлмеудiң салдары осындай аса қиын жайсыздықтарға әкеп соғады екен. Бұл бала тәрбиесiндегi кезек күттiрмейтiн мәселе дегiмiз келедi.
Достарыңызбен бөлісу: |