Психогигиена өмір талабы.Қазiргi тұрмыс-тiршiлiгiмiзде, әсiресе тұрмыстық жағдайда, эмоциялық дауылдар мен кездейсоқ керағарлықтар тым көбейiп отыр. Бүгiнгi таңдағы ұрпақ тәрбиесiн қиындатып отырған негiзгi себептердiң бiрегейi деуiмiзге әбден болады. Оның үстiне әлеуметтiк және педагогикалық керағарлықтар да аз емес. Осыдан келiп, баланың психикалық зардап шегушiлiгiне ұшыраудамыз.
Мұндай жұлын-жүйкенiң тозуы мен жандүниенiң жарақаттануы сияқты жаңа ұғымдарды ескермесе болар емес. Ол үшiн, ең әуелi үлкендердiң де, кiшiлердiң де өзара қарым-қатынастарындағы үндестiкке ұмтылып, оны сауықтыру мен тәрбиелеу жолдарының пәрмендi тәсiлдерiн қарастыру ауадай қажет болып отыр. Бұл әлеуметтiк те, мемлекеттiк те, аса үлкен жұмыс?! Ескi тәртiппен көзжұмбайлыққа салуға келмейдi. Қоғамдағы осындай жандүниенiң зардабына көмекке келер iлiм – жалпы гигиенаның бiр бұтағы болып жетiлген – психогигиена екенiн атап айтқымыз келедi. Психогигиенаның күнделiктi тiршiлiгiмiздегi ең бiр көп тараған түрi – адамдардың қарым-қатынасындағы психогигиенаны ерекше атап өткендi жөн көрдiк. Қарым-қатынастағы психогигиена - үлкен мен кiшiнiң, еркек пен әйелдiң, ата-ана мен баланың, туыс пен туғанның, көршi мен ауылдастың, айта берсе толып жатыр, осы айтылған қарым-қатынастардың өмiрдегi көрiнiстерi сан алуан сапада кездесе бередi. Көптеген жағымсыз жағдайлар да, осы қарым-қатынастардың адамшылық қасиеттердi сақтамауынан туындап жатады. Ендеше, адамдардың қарым-қатынастарындағы психогигиена сақтау ережелерi де – психиологиялық көмектiң бiр түрi болып есептелiнедi. Оның ең негiзгi бабы – «Бүлдiрмеу!» ‑ болып табылады.
Бiрiншi ережесi – бүкiл өзiңнiң болмысың мен құлығыңды – осы «бүлдiрмеуге!» бағындыру.
Екiншi ережесi – бiрiнiшi ереженiң жалғасы тәрiздi, осы «бүлдiрмеу!» бабын тарата отырып, адамдардың санасындағы өзiн-өзi тежеу қабiлеттерiн жетiлдiру деген сөз.
Үшiншi ережесi – егер «бүлдiрмеу!» бабы бұзыла қалған күнде, онан тараған жайсыздықтарды жоюға әсер ету.
Мiне, бала тәрбиесiнде имандылық тәрбиелерiмен қоса, мiндеттi түрде психогигиенаның осы үш түрлi ережелерiнiң баптары да, саналы түрде баланың психологиясында орнығуы мен жетiлуiн қамтамасыз етуiмiз керек. Бұлар сәби мiнездерiнде неғұрлым ерте қалыптасса, солғұрлым оның санасындағы адамгершiлiк пен жауапкершiлiк деңгейi биiк болмақ. Сонда ғана ол өз уақытының елеулi азаматына айналары хақ.
Әйтсе де, мұндай тәрбиелер балаға тек уағыз арқылы сiңбейтiндiгiн ескере отырып, қоғамдағы естияр адамдардың, соның iшiнде, ата-аналар мен тәрбиешiлердiң, бүкiл ел-жұртқа белгiлi зиялы қауымының күнделiктi тiршiлiктегi адамдық парасаттары ерекше байқалуы керек. Мiне, осындай алдыңғы буыннан үлгi алған ұрпағымыз мадақтауға тұрарлық, барлық қасиеттердi жетiлдiре беретiнiне сенуге болады.