§ 5. АДАМЗАТ ҚАУЫМЫНЫҢ ҰЛЫ
ҰСТАЗДАРЫ
1). СОКРАТ
Сократ (б.з.б. 469-399)-ежелгі грек философы. Әңгімелесу, пікір алысу арқылы ақиқатқа жетудің жолын ашып, диалектиканың негізін салушы ғұламалардың бірі. Біздің заманымызға Сократ шығармалары ежелгі грек философы Платонның «Диалогтары» және ежелгі грек жазушысы, тарихшы Ксенофонттың «Сократ туралы естеліктері» арқылы жеткен. Абай Сократ шығармаларымен, оның философия, дін және этика салаларындағы пікірлерімен орыс демократтары арқылы таныс болды.
Абай Сократ еңбектерін оқып, оның кейбір ойлары мен ұғымдарына сын көзбен қараған. Абайдың «Жиырма жетінші сөзі» «Сократ Хакімінің сөзі» деп аталады. Мұнда Абай Сократ әңгімесінің мазмұнын дәлме-дәл береді. Оның әңгімелесу тәсілін сақтайды. Ксенофонттың «Сократ туралы естеліктерінің» 4-тарауы – «Құдайдың адамға қарым-қатынасы туралы Аристодиммен әңгімесін» «Жиырма жетінші сөзбен салыстырғанда» өзара ұқсастықтар және көптеген айырмашылықтар бар екендігі, Абайдың грек философының қандай пікірлерін қабылдайтындығы және қандай тұжырымдарымен келіспейтіндігі аңғарылады. Әңгіменің негізгі арнасы құдайдың адамға қатысы жөнінде. Сократ құдайдың бар екендігіне күмәнданасың, сондықтан да оны шын ықыласыңмен қошаметтемейсің деп кінә артса, Абай: «Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады?...» - деп Аристодимнің жауабын кесімдірек түйеді.
Абай Сократтың ілімін ғана емес, тағдырын да жақсы білген. «Отыз жетінші сөзінде»; ‑ «Сократқы у ішкізген, Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымыздың түйенің жемтігіне көмген кім? – Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» - дейді. Осындағы Абай айтып отырған «көпшілік» -- атқамінерлер, діндарлар мен дін иелері.
Әсіресе айқын аңғарылатын бір жай – Сократ диалогтары мен Абайдың қарасөздеріінің стильдік ұқсастығы. Сократ өз пікірлерін шәкіртерімен әңгіме түрінде, мешаюндық тәсілімен сұхбаттасу ретінде айтқан. Сократтың философиядағы көбірек шұғылданған салалары – дін, этика, мораль мәселері.
Достарыңызбен бөлісу: |