Кемсеңдедім егіліп,
Есіме түсіп баяғым,
Жалыным өшіп сөнгенде,
Тоқсанға жасым келгенде,
Басуға келмес аяғым.
Арқам күнге күйгенде,
Табаным жерге тигенде,
Ырғайдан алған таяғым.
Айналайын Қабанбай,
Кіретін жауға тайсалмай,
Жау келгенде жарағым.
Асқынып елге дау келсе,
Түрулі еді құлағың.
Баса көктеп жау жетсе,
Басындырмас пырағым.
Мың жылқыны суарған,
Төскейдегі бұлағым.
Бүгін түсте естідім,
«Қабанбай ауру» дегенді,
Құлази көңілім қобалжып,
Жетімсіреп жыладым.
Арғыннан — айттым жүз кісі,
Найманнан — айттым жүз кісі,
Үйсіннен — айттым жүз кісі,
Үш жүз кісі болар ма?..
Айналайын Қабанбай,
Құрбаныңа атағам
Қара мойын лағың.
Бұл дүниенің қарты едің,
Батырлардың мәрті едің,
Әулиенің арты едің,
Айналайын Қабанбай,
Қайда болар тұрағың?! —
деп кемсеңдеп ұзақ жылаған екен. Сонда, өз заманының данышпан жырауын теңселтіп отырған ердің қасиеті қандай?..Тұлғасы неге теңелмек?! Қабанбай батыр шындығында да, қазақ халқының жері мен елін алапат ауыр апаттан қорғаған, жарты ғасырлық қанды соғысқа созылған Ұлы Отан соғысының бірегей қолбасшысы еді. Оны кезінде көзінің тірісінде-ақ, иісі қазақ елі «Хан ұраны ‑ Қабанбай», «Хан‑ батыр» және «Дарабоз» деп ерекше тұлғаландырғанда да, Бұхар жырау сол жиынның ішінде болған тарих шежірешісі.Кейде сирек кездессе де, ұзақ эпостарды бір-екі оқығаннан-ақ жаттап алатын аса зейінді балалар болады. Мұндай ұрпаққа тап бола қалсаң, гүл өсірген бағбандай, бар мейірім ықыласпен, баппен тәрбиелеуден жалықпаған жөн. Өйткені, мұндай таланттар, кешегі «аузыңдағы асың ‑ жүрегіңдегі иманың» ластанбай тұрған заманда, екінің бірінен кездесе беретін табиғи құбылыс болса, ал қазір «ұрығыңды ‑ арақ улап, жұлын-жүйкеңді ‑ жалқақ сулап» отырған бүгінгі күндерде өте сирек құбылыс екенін ойымыздан ешуақытта шығармауымыз керек. Осы тектес, «айтыс өнерінеде» бейімі бар балаларды ерекше қастерлей біліп, қауырсындарын қатайта жетілдіре баптаудан жалықпасақ екен. Бұл тәріздес, алмастың жүзіндей жарқырағандарды, табиғат қашанда сирек жаратады ғой. Оларды көкірек көзімен көріп байқамаса, жанбай жатып өшуі оңайдың ең оңайы екені де рас.