Кеңірдек. Кеңірдек көмекейді өкпе бронхтарымен жалғастырып тұратын түтік тәрізді мүше. Кеңірдектің ұзындығы мен оның қабырғасындағы шеміршек сақинашаларының саны жануар мойнының ұзындығына байланысты. Кеңірдек жүректің жоғарғы жағында екі негізгі бронхтарға тарайды. Бұл жерді кеңірдектің бифуркациясы дейді.
Кеңірдек қабырғасы үш: кілегейлі, ортаңғы фиброзды, шеміршекті, сыртқы оның орналасу орнына қарай сірлі қабық немесе адвентициядан тұрады. Кеңірдектің кілегейлі қабығы көп қабатты кірпікшелі эпителийден, өзіндік пластинкадан, кілегейліастылық қабаттардан құралған. Эпителий торшалары аралығындағы бокал тәрізді бір торшалы бездерден бөлінген кілегей эпителийдің ішкі бетін дымқылдандырып, тыныс жолдарына түсетін шаң-тозаңдарды ұстап қалады. Кірпікшелердің қозғалуы арқылы жиналып, кілегейленіп, қақырыққа айналған шаң-тозаңдар сыртқа шығарылып отырылады.
Кілегей қабығының өзіндік плстинкасы борпылдақ дәнекер ұлпасынан түзілген. Бұл қабаттан қан тамырлары мен жүйкелік талшықтарды және лимфалық баданалардан кездестіруге болады. Өзіндік пластинка мен кілегей астылық қабат аралығында эластикалық талшықтар қабаты жатады.
Кілегей астылық қабат борпылдақ дәнекер ұлпадан түзілген. Мұнда кілегей бөлетін көпіршікті - түтікшелі бездері жатады.
Фиброзды – шеміршекті қабықты тұйықталмаған шеміршек сақиналары түзеді. Бұл сақиналардың тұйықталмаған дорсальдік ұштары өзара сақинаша байламдармен және кеңірдектік еттермен жалғасып жатады. Кеңірдектік сыртқы қабығы оның организмдегі орналасу орнына байланысты. Кеңірдектің мойын бөлігіндегі сыртқы қабығы дәнекер ұлпалық адвентициядан, ал көкірек қуысындағы бөлігі сірлі қабықтан тұрады.
Өкпе. Өкпе - пішіні кесілген конус тәріздес тыныс алу жүйесінің негізгі мүшесі. Құрылысы жағынан түтікшелі-көпіршікті, қомақты паренхиматозды мүше. Өкпе тыныс алу жолдарынан және газ алмасу бөлімінен тұрады. Тыныс алу жолдарын бронхиальдық тарам, ал газ алмасу бөлімін – көпіршікті /альвеорлярлық/ тарам деп атайды.
Күйісті жануарлар мен шошқада кеңірдектен оң өкпенің краниальдік бөлігіне бифуркациядан бұрын кеңірдектік бронх таралады.
Оң өкпе көлемі жағынан сол өкпеден үлкен келеді. Себебі көкірек қуысынңың сол жағында жүрек орналасады.
Өкпенің диафрагма күмбезімен жанасып жатқан ойыс беті қиғаш орналасқан негізгі және оған кері алдыңғы бірінші қабырғалар тұсындағы төбесі болады. Өкпеде қабырғалық, ойыс диафрагмалық және екі өкпе аралығындағы беттерді ажыратады.
Өкпенің дорсальдік доғал, төменгі қырлық және негіздік жиектері болады.
Бөлік аралық саңылау арқылы өкпені краниальдік және каудальдік бөліктерге бөледі. Краниальдік бөлік жылқы мен түйеден басқа жануарларда өз кезегінде екі бөлікке бөлінеді. Сөйтіп, сол өкпеде краниальдік, ортаңғы және каудальдік үш бөлік, ал оң өкпеде сол өкпедегідей үш бөлік және қосылып төрт бөлік болады. Өкпенің жүректік бетінде оң және сол өкпенің жүректік ойықтары жақсы көрінеді. Негізгі бронх пен өкпе артериясы еніп, өкпе веналары шығатын өкпенің жүректік бетіндегі тұсын өкпелік қақпа деп атайды. Өкпенің бұл аумағын, оның түбірі деп те атайды. Өкпені сыртынан сірлі қабық - өкпе плеврасы қаптап жатады.
Негізгі бронхтар өкпеде оның бөліктеріне енетін үлкен бронхтарға ажырайды. Бөліктер ішінде үлкен бронхтар ортаңғы бронхтарға, олар кезеңінде кіші бронхтарға таралады. Кіші бронхтардың диаметрі 1 мм-дей бөлікшелер іштік жіңішке соңғы тарамдары бронхиолалар деп аталады. Негізгі бронхтан бастап, бронхиолаларға да иін тарамдалуын - бронхиальдік тарам деп атайды. Бронхиолалар өкпенің газ алмасу бөлімін түзетін өкпе бөлікшелеріне енеді. Өкпе бөлікшелері көпіршіктер жүйесі – альвеолярляқ тарамдардан түзілген. Өкпе бөлікшесі ішінде альвеолярлық бронхиола 20-30 қысқа альвеолярлық өтістерге, олар өз кезектерінде бірнеше альвеолярлық қапшықтарға бөлінеді. Қапшықтардың қабырғалары ұсақ көпіршіктерден тұрады. Бір альвеолярлық бронхиоладан таралған альвеолалар жиынтығы өкпенің бірінші бөлікшесін түзеді. Яғни бұл бөлікше өкпенің құрылым бірлігі болып есептелінеді де, ацинус деп аталады. Аталған бронхтар мен альвеолярлық тарамдар өкпенің паренхимасын түзеді. Оларды қомақты мүше ретінде біріктіріп тұратын дәнекер ұлпааралық өкпенің стромасын түзеді. Стромамен қоректендіруші қан, лимфа тамырлары, жүйкелер өтеді. Строма коллаген және эластин талшықтарына бай болғандықтан, өкпе өте созылмалы, серпімді келеді.
Бронхиальдік тарамдағы бронхтар диаметрінің өзгеруі олардың құрылысына әсерін тигізеді.
Негізгі бронх құрылысы жағынан кеңірдекке ұқсас болып келеді. Бірақ айырмашылықтар байқалды. Олар негізгі бронх қабырғасындағы шеміршек сақиналар тұйықталып келеді және кілегей қабықта нашар жетілген еттік қабат болады.
Үлкен бронхтардың кілегейлі қабығында еттік қабат жақсы дамып, шеміршек сақиналар ұқсас шеміршек пластинкаларға айналады.
Ортаңғы бронхтың кілегейлі қабығында бокал тәрізді клеткалар аз кездеседі. Серпімділік талшықтар мен өттік қабаттың жақсы жетілуінің нәтижесінде кілегейлі қабық қатпарларынан тұрады. Кілегейліастылық қабатта сірлі-кілегейлі сөл бөлінетін бездерді көруге болады. Бірақ бездердің саны кеңірдек қабырғасына қарағанда аздау келеді.
Фиброзды – шеміршекті қабық жұқа шеміршек пластинкалардан және олардың аралығындағы шеміршексіз аралықтардан тұрады. Ортаңғы бронх сыртынан адвентициямен қапталған.
Кіші бронхтардың кілегейлі қабығында бездер болмайды. Бірақ еттік қабат жақсы жетілген.
Бронхиальдік тарамның соңы - соңғы бронхиола кілегейлі қабығында көп қатпарлы кірпікшелі эпителий бір қабатты куб тәрізді кірпікшелі эпителийге айналады. Еттік қабат болмайды.
Соңғы бронхиола бірнеше респираторлық бронхиолаларға бөлінеді. Бұл бронхиолалардың қабырғасы бір қабат жалпақ эпителиймен астарланған. Эпителий тыныстық деп аталады. Кірпікшелер болмайды.
Альвеолярлық бронхиолалар жоғарыда баяндалған альвеолярлық тарамға таралып, өкпенің құрылым бірлігі - ацинустарды түзеді.
Альвеолялардың ішкі қабырғасы базальдік жарғақта орналасқан бір қабатты жалпақ эпителиймен астарланған. Қуысындағы ауа оттекке бай. Базальдік жарғақты сыртқы жағынан эластин талшықтарымен жабдықталған қан капиллялары жанаса орап, қаптап жатады. Осы альвеоляларды шырмап жатқан капиллярлардың қабырғалары да бір қабат жұқа эндотелий торшаларынан тұрады. Олардың қуыстарымен көмір қышқыл газға қаныққан веналық қан ағып жатады. Сөйтіп, альвеолялар қуысындағы ауа мен қан капиллярларындағы жылжып ағып жатқан қанның арасында өте жұқа екі жарғақ қабырғалар ғана қалады. Осы қабырғалар арқылы газ концентрациясының айырмашылықтарына байланысты газ алмасады. Оттек альвеолярлардан қанға, ал көмір қышқыл газ керісінше ауаға өтеді. Нәтижесінде веналық қан артериялық қанға айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |