Тыныс алу мүшелерінің гигиенасы. Тыныс алу мүшелері гигиенасына, ең алдымен, мұрын арқылы дұрыс тыныс алу жатады, ал дұрыс тыныс алу кеуде қуысы дұрыс дамыған кезде ғана мүмкін болады. Ол үшін жүйелі түрде таза ауада дене жаттығуларымен айналысып, тұрғынжай тазалығын, сондай-ақ жеке бастың гигиеналық ережелерін сақтау керек. Ең бастысы тұрғын үй, оқу және қоғамдық орындардағы ауаның қалыпты құрамын сақтау қажет. Ауада шаң-тозаңмен бірге үнемі бактериялар да болады. Мектепте сабақ басталғанға дейін шамамен 1 м3-де 2600 микроб болса, бірінші ауысым сабағы аяқталғанда 13500 микроб болатыны есептелген. Күнделікті таңертең және кешке тұрғын үйді желдетіп, дымқыл шүберекпен сүртіп алу керек. Терезені немесе желкөзді (форточка) ашып ұйықтаған пайдалы. Нашар желдетілетін бөлмедегі ауа құрамында 0,1% -дан артық көмірқышқыл газы болады. Бұл адам үшін зиянды болып саналады. Аумақты көгалдандыру және ағаш егу, бөлме өсімдіктерін өсіру ауадағы көмірқышқыл газының артық мөлшерін жойып, оттекпен байытады.
Тыныс алу мүшелері ауруларының алдын алу. Тыныс алу мүшелері ауруларының алдын алуға қатысты ең маңызды қарапайым әдістердің бірі — адамның таза ауада жүру мерзімінің ұзағырақ болуы. Алдын алу шараларының ең бастысы — жеке бастың тазалығын сақтау және организмді шынықтыру, тұрақты әрі мерзімді түрде егу. Тыныс алу мүшелері жүйесіне ішімдік ішу және шылым шегу жағымсыз әсер етеді.
Шылым мен ішімдік құрамындағы жағымсыз заттар өкпеге еніп, оның қабықшаларын зақымдайды. Шылым шегетіндерде өкпе обыры, өкпе эмфиземасы, созылмалы бронхит ауруы шектен тыс жиі кездеседі. Тыныс алу мүшелері ауруларының алдын алу — бұл тыныс алу мүшелеріне арналған жаттығулар, эфир майы бар емдік шөптерді пайдалана отырып ингаляция жасау. Тыныс алу мүшелерінің ауруларына бейім адамдарға бөлмелерінде оттекті бөлетін бөлме өсімдіктерін көп ұстағаны дұрыс.
Дауыс — адамның және өкпемен дем алатын жануарлардың дыбыстау мүшелері арқылы шығаратын үні, дыбысы. Адам дауыс арқылы ой-пікірін сезімін, көңіл-күйін әрқалай (сөйлеу, тілдесу, өлең айту, күлу, айқайлау, т.б.) білдіреді. Дыбыс тербелістерінің жиілігі дыбыс сіңірінің жуан-жіңішкелігіне, керілуіне, көмей еттерінің қозғалуына, орталық жүйке жүйесінен келетін импульстарға, ішкі секреция қызметіне байланысты. Дауыс күші дауыс желбезегінің дірілімен анықталады. Толқын жиі болған сайын дауыс та күшті болады. Адам дауыс күшін өз еркінше өзғерте алады. Музыкада - дауыс төмен (жуан), жоғары (жіңішке) және "қойылған", "қалыпқа түскен" (арнайы маманданған кәсіпқой әншінің дауысы, сахна сөзі), сондай-ақ "қалыпқа түспеген" (арнаулы білім алмаған әуесқой әншінің дауысы, тұрмыстағы әдеткі сөйлеу, тілдесу) болып бөлінеді. Ал таза кәсіби тұрғыдан дауыс негізгі алты түрге бөлінеді:
Достарыңызбен бөлісу: |