10-тапсырма. Мәтін тіліндегі монолог пен диалогқа талдау жасаңыз. Автор бейнесі мен кейіпкер тілінің берілу ерекшелігін көрсетіңіз. Таймас сұлыға піскен жарау күрең төбелмен желе-шоқыта жүріп, тез-ақ індетті. Бірақ алуы тез болмады. Ін, әрірек барған соң, екіге бөлінді. Қай тарауында жатқаны белгісіз. Сондықтан екеуін де қазуға тура келді. Бірін қазып жетіп еді, онда жоқ. Енді екіншісін қазып жатыр. Жер - қатты, тоң. Арқа жіпсіді, маңдайдан бу будақтады. «Тоқылдатса, іннің түбіне жете алмайды дейтіні қайда? Маған бір әккісі кездесті ме, әлде ұйықтап қалды ма, неге тырп етпейді? - дейді Таймас. Аты елең еткенде, өзі де солай жалт қарады. Белестен асып, ит ерткен біреу келіп қалыпты. Тани кетті. «Біздің Әбекең ғой» - деді ішінен . «Біздің» десе де «алғашқы аңымды, тырнақ алдымды байланбай!» - деп қызғанып тұрды.
– Ассалаумағаликүм, Әбеке.
– Әліксәлем. Майлана берсін қанжыға!
– Айтқаныңыз келсін, тек алдымен менікі майланбай-ақ қурап тұр.
– Аңға таршылық істемес болар. Жақпайды,- деп, Әбекең аттан түсті. – Немене осынша қазып жатқаның?
– Ақтиін.
– Қой, күзен шығар. Ақтиін бұнша қиында жатпайды. Көрінді ме өзі?
– Жоқ әлі.
Әбен іннің аузындағы іздерге үңілді. Кеткені – екеу, келгені біреу екен.
– Ойбой-ой, балам-ай! - деді, іздерді санап. – Босқа әуре болыпсың ғой. Шығып кетіпті.
– Көз байлайтыны бар ма, қалай шықты?
– Әгәр ақтиін екеу болса, біреуі қайтпаған. Біреу болса, кайтқан да, қайта шығып кеткен. Бір інде екі ақтиін жатқанын естіген де, көрген де емен. Міне, біліп ал: екі із кеткен, бір із келген. Сонда бұл інде жоқ боп шығады.
Екеуі атқа мініп, кеткен ізге түсті. Әбден дағдылы аңшы болмағанымен, әжептәуір жырынды көрінді. Өзі ізден айырылмай, Таймасқа маңайын шолғызып отырып, шарындылардан ізді тез шығарды да, тез індетті. Бұл жолы інге кірген із жалғыз, ақ тиіннің барында еш күмән жоқ еді.
Бақылау сұрақтары:
Ауызекі тұрмыстық стильдің жанрлары. Хат және күнделік.
Ауызекі сөйлеу стилінің басты тілдік, стильдік ерекшелігі неде?
Ауызекі сөйлеу стилінің қандай түрлері мен жанрлары бар?
Ауызекі сөйлеу стилінің ауызша және жазбаша түрлерінің арасында айырмашылық бар ма?