8-тапсырма. Мәтін мазмұнына ерекше нақтылық пен дәлдік, «қатаңдық» беріп тұрған тілдік құралдарды алып тастап, немесе басқа сөздермен ауыстырып мәтінді кайта көшіріп жазыңыз. Суперхлорлау – хлордың артық алынған мөлшерімен хлорлау. Бұл әдіс айрықша эпидемиялық жағдайларда, сондай-ақ суда иіс болмау үшін де қолданылады. Хлор қалдығының артық мөлшері келесі әдістермен жойылады:
1. Аэрациялау (артық мөлшері аз ғана болса).
2. Натрийдің гипосульфидімен немесе бисульфидімен, күкіртті ангидридпен хлордың байланысуы арқылы.
Суды хлорлау реагенттерін мөлшерлеу хлораторлық деп аталатын мекен жайда орналаскан хлорлағыш қондырғылармен жүргізіледі. Ол үшін хлор шығынын өлшейтін аспабы бар арнайы вакуумды хлоратор қолданылады. Хлораторлар апаттық желдету жүйесімен жабдықталуы керек және екі есігі болуы кажет. Тазарту қондырғыларының жанында қойма орналастырылады, онда хлор мен аммиактың бір айлық қоры сақталады.
Кішілеу станцияларда әдетте суды залалсыздандыру үшін хлорлы әкті немесе гипохлоридтерді пайдаланады. Бұл жағдайда ерітінді дайындау үшін екі ерітінді бактарынан және олардың үстінде орналасқан ыдыстан тұратын қондырғыны пайдаланады.
Залалсыздандырудың тиімділігін жанама көрсеткіш ретінде судағы хлор қалдығымен бағалайды. Бұл көрсеткіш судың эпидемиялық тұрғыда қауіпсіздігін білдіреді. Бірақ мұндай тұжырымдардың салыстырмалы екендігіне куә болатын зерттеулер де аз емес. Мысалы, 1950 ж. (С.А.Фридлянд) бірқатар жағдайларда судағы хлор қалдығы хлорлау үрдісінің аяқталмағандығының дәлелі болған. Дегенмен де сумен қамтамасыз ету тәжірибесінде, залалсыздандырудың қолайлы жағдайларын сақтағанда бос хлордың 0,3 мг/л немесе байланысқан хлордың 0,8 мг/л мөлшерін бактерицидті әсер беретін жанама көрсеткіш деп есептейді.
Суды хлорлау және мөлдірлендіру үшін суға реагенттер қосудың маңызы зор. Оған қойылатын талаптар:
1. Алдын ала хлорлауда – хлорды бірінші су тартатын насостың су жолына немесе тазартатын стансаға баратын су жолына қосқан жөн.
2. Коагулянтты су тасымалдағыш құбырына араластырғыштың алдына немесе араластырғышқа қосады.
3. Коагуляциялау кезінде әкті коагулянтпен бірге қосады.
4. Активтелген көмірді (5 мг/л) сүзгілердің алдына қосады, ал көп мөлшерде болса коагулянтпен бірге қосады. Көмірді суға хлорды қосқаннан кейін кем дегенде 10 минут өткен соң қосады, болмаса залалсыздандыру әсері күрт төмендейді.
5. Суда фенолдар болған жағдайда алғашқы және соңғы хлорлау кезінде суға аммиакты хлордан бұрын қосқан жөн (Оқулықтан).
Мәтін мазмұнынан ерекше нақтылық пен «қатаңдық» беріп тұрған тілдік құралдарды алып тастағанда қандай өзгеріс байқалды?
Мәтіндегі нақтылық пен «қатаңдық» қандай тілдік құралдар арқылы жасалған?
Мәтінге нақтылық пен қатаңдық беріп тұрған тілдік құралдардың стилистикалық мағынасы мен қызметіне талдау жасаңыз.