Сөздің айқындығы көп реттерде жаңа сөз жасау айналасында байқалып отырады. Әрине, жаңалықтың қай-қайсысы сияқты сөздердің жаңа түрлері де бірден көпшіліктің бірауызды қолдауын туғыза қоймауы әбден мүмкін. Қазіргі тілімізге сіңісті болып кеткен аялдама, көрермен, балмұздақ сөздерін де кезінде күмәндана, тосырқай қабылдағандар болған.
Сөздің дәлдігі кей реттерде халықтың, ұлттың қалыптасқан дағдысынан да шығып жатады. Тек атаулар мен қимыл-әрекетке байланысты ғана емес, сын, белгіні білдіруде де нақтылықтың мысалдарын қазақ сөздерінен табуға болады. Мәселен, қызыл сиыр деген ұғым бар, бірақ осы түстес биені жирен бие дейді; сол сияқты, қоңыр сиыр дегенге ешкім таңданбас еді, ал осы жылқыға қатысты болғанда торы сөзі айтылады, екеуі де ақ түстес болса, сиырға (қойға, түйеге т.б.) қатысты сол сын есім сақталады да, жылқыға келгенде, мәселен, көк бие дейді.
Сөз мағынасындағы осындай айқындықты, нақтылықты сақтаудың маңызы, әсіресе, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, көпшілік алдында сөйлегенде зор маңызға ие болады, тыңдармандардың назарын аударуда барынша арта түседі.
Сөздің логикалығы. Логикалылық деп ойдың қайшылыққа ұрынбауын айтамыз. Бұл сапа ойлауға қатысты бола отырып, тілдік категориялармен тығыз байланысты болып келеді. Сөз арқылы қарым-қатынас жасағанда, фармальдық логика заңдарының сақталуы талап етіледі. Ал, мұндай қателер көп реттерде ауызекі сөйлеу тілінде кездеседі. Жазба тілде де логикалық қателердің ұшырасып отыратыны бар. Ол қателіктердің орын алуының бір себебі логикалық екпінді қай сөзге немесе қай сөз тіркесіне түсіп тұрғанына тиісінше мән бермеушіліктен болып жатады. Айталық, бір таныс екінші біреуден Қаладан келдіңіз бе? деп сұрағанда, келдім деген жауап алса, ол жауапқа қанағаттанбауы мүмкін, өйткені сұраушы адам жауап берушінің келгенін біліп, көріп сұрап тұр; оған керегі – алдындағы адамның келгені, демек, қимыл-әрекеті емес, қайдан келгенін жауап берушінің түсінуі қажет еді . Сол тәрізді Сен менің кітабымды алдың ба? дегенде де, ой екпінінің қай сөзге түскенін білген жөн. Айталық, бір жағдайда әңгімеге орай басқа нәрсені емес, кітапты алған не алмағанын білу керек болар, екінші жағдайда орнында жоқ кітапты әңгімелесушінің не басқа біреудің алғанына не алмағанына екпін түсері рас.
Сөздің логикалылығының сақталмауына көптеген себептер болады. Былайша айтқанда, жекелеген сөзге немесе сөз тіркесіне логикалық екпіннің түсіре айтылуы – сол себептердің бірі ғана. Логикалылықтың сақталмауы көп жағдайда синтаксистік құрылымға да байланысты болып келеді. Сөйлем ішінде есімдіктердің орнымен қолданылмауы ойдың түсініксіздігін туғызады. Көп адам соңғы жылдары кітап дүкендерінен қажетті кітаптарын таба алмай жүреді. Олардың қажеттігін сауда орындары тиісті есепке ала бермейтін сияқты (газеттен). Бір қарағанда, түсінуге қиындық келтірері рас: кітап дүкендерінің қажеттігін бе, әлде кітаптардың қажеттігін бе – қайсысын есепке алу керектігі күңгірттеу сезіледі.