47-тапсырма. Берілген мәтіндерден морфологиялық анафора, эпифораларды тауып, олардың стильдік қызметіне талдау жасаңыздар.
а) Абыз: Алданбаймын... алдамаймын!
Кебек: Бір мен деп ата-анадан безген сәулем
Қорқыныш жас жүрегін езген сәулем.
Мықты ұстап етегімнен басын батап
Қауіпті жапан түзді кезген, сәулем.
Еңлік: Мекенім, жерім тауым көп...
Тауы толы тағы көп...
Көңілімде арман көп...
Айығатын шағы жоқ
Басыбайлы Еңлікті
Арашалар баға жоқ (М.Әуезов).
ә) Бұл - Еркебұлан сөзі, бұл Еркебұлан мінезі. Сәл кешігіп сәлем берсең, өкпелеп қалар еді. Көзіне көзіңді дәл ұстап, "Ерке аға!" десең, дариядай толқып, шалқып кетер еді. Айтқан сөзінде аз ғана буалдыр барын сезінсе, ешнәрсеңе түсінбегендей, жауап қайтпай қалар еді. Өзінің бір ойланып кеткен кезіне кездессең, ол сені көрмес те еді, танымас та еді. Өкпелеп кет, өлтіріп кет, өзі де білмей қалар еді...(Ғ.Мүсірепов).
б) Әжесі ұқты да, күрсініп, Абайдың бетіне таман төніп кең маңдайынан ұзақ иіскеп отырды.
– Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым! – деп алып: – Аямайды, аямайды ол!- деп келіп, көзін жұмыңқырап, басын жоғары көтере берді.
– Я, құдая, зар тілегім босын. Бейуақтағы тілегім. Осы қарашығыма әкесінің осы ит мінезін бере көрме!.. Тасбауырлығын бере көрме! Я, жасаған!- деп құрысқан әлсіз қолдарымен ажымды, мейірімді жүзін сыйпап бата берді (М.Әуезов).
в) Ал сенейін, сенейін,
Айтқаныңа көнейін.
Шалма ораған сопының,
Ішін арам демейін.
Ақ көңілді әділ жан,
Табылар деп көрейін
Я сүйсе, я күлсе,
Елжірейін, төнейін (Абай).
48-тапсырма. Берілген мәтіндердегі сын есімнің шырай түрлеріне қарай жұрнақтардың қолданылу ерекшеліктерін талдаңыздар.
а) Сағынған сүйгеннің жанына жаны ұмтылып, айрылмасқа, кетіспеске серт еткендей. Қазіргі әсем әнмен үйлескендері: бауырға кіріп, жабысып тұрып құшқаннан да жақынырақ, күштірек сияқты. Ырғағы көп сезімді сұлу әнге екеуі де бар шындығын тапсырып, бар сырларын бөледі.
ә) - Шын қамқорлық екеніне түсінем, Әлеке, оныңа рахмет. Сонда мен қайтпекпін. Өлмекпін бе? Жоқ, маған осы оқу да жетеді. Құдай-ау, әлден алыстай бастады, тұра-бара айрылармын мен одан. Шақырыңдаршы бері, қайда өзі! Не дер екен? - Нүрпейіс пен Асанға жарлық еткендей, Бәтиманың дауысы қаттырақ шықты.
б) Денесінің бар көлемі жұдырықтай ғана, бірақ, қанат, құйрығымен тұтаса алғанда сүңгуір қайықтай ұп-ұзын көрінетін, маңдайы жайпақтау келген, тұмсығы жолбарыстың тырнағындай иілген, сарғылттау қияғының өткірлігі ұстарадай, мөлдіреген қарақаттай қап-қара көздері томпайып сыртына қарай тепкен, бетегесі жүйрік аттай төстектеу, сирақтары жіңішке, сарғылт саусақтарының басына имие біткек сұрғылт таяқтарының ұштары егелген біздей өткір, жазған қанатының топшасынан арғы жағы қарлығаштың қанатындай ойылыңқырап барып, үш жағы іп-істік боп кеткен, құйрықтары сауысқандай ұзынша, қарасұрлау қанатының түсі қоңырлау таңбалармен сапырылысы, түсін кейде қарасұр, кейде қара қоңыр көрсетіп, құлпыртып тұратын.
в) – Е, Тұрлықұл ана жылы, біздің, өзі сорлап сіңірі шығып отырған Қуекеннің жесірін, тал түсте, Әбіш бас болып, аулындағы әне бір байшыкештеу Қыдыр дегенге алып берген жоқ па, сонда біздің қанша жазығымыз бар еді? – деп Әлкен зығырланғандай болды.
Достарыңызбен бөлісу: |