Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы



бет19/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26
5.2 Тарихи-функционалдық көзқарас

Көркем әдебиет – белсенді коммуникативтік, функционалдық қызмет түрі, сондықтан оның зерттеудің зәрулігі бар. Талдаудың бұл түрінің принциптері мен өзіне тән амал-әдістері қалыптасып келе жатыр, дегенмен оны дамытудың қажеттігі мен тиімділігі талас туғызбаса керек.


Тарихи функционалдық тұрғыдан зерттеу барысында жеке шығарманың, бір автордың шығармашылығының нақты кезеңде, ортада, уақытта қалайша бағаланғаны, жеке шығарманың қабылдағаны туралы сөз болады. Мысалы, көне грек аңызы бойынша жазылған Софоклдың «Прометей» пьесасында құдайларға берген антын бұзып барып адамдарға от ұрлап әперген, сол үшін жан түршігерлік азап көріп жатқан құдай Прометейдің бейнесі жағымсыз, сатқын, көрсетілген еді. Уақыт өте келе Прометей керемет ерліктің иесі атанып, қаһармандық, символдық мәнге ие болды, яғни автор жасаған бейне мен халық қиялынан туған образдың арасындағы айырмашылық қабылдау, түсіну, бағалауға байланысты екен. Осындай мысалдар арқылы адамзат санасының даму барысын, оның эстетикалық көзқарасы мен идеяларының өзгеріп, жаңғыруын аңғаруға болады.

5.3 Типологиялық тұрғыдан талдау

Өнер туындысына тарихи көзқарас көркем нұсқаның әдеби-тарихи процестегі орнын, сөз өнерінің басқа құбылыстармен көркемдік-идеялық байланысын анықтауды қажет етеді, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін әдеби ағым, әдеби жанр, стиль сияқты ғылыми категориялар қолданылады. Бұлар сан алуан әдеби құбылыстарды ұзақ уақыт зерттеудің нәтижесінде пайда болып, орныққан, әдеби құбылыстардың дамуын уақыт пен кеңістік бірлігінде қарастыру барысында қалыптасқан әмбебап терминдер. Бір авторды, жеке шығарманы типологиялық тұрғыда зерттеу олардың әдеби үдеріспен қарым-қатынасын, әрқилы байланысын да қоса қарастыруға мәжбүрлейді. қанша дегенмен де жазушы әуелі әдебиеттегі қалыптасқан заңдылықтар мен дәстүрлерді жан-жақты меңгеріп барып өзіндік бет-бейнесін толық аша алатынын мойындау керек, яғни типологиялық жалпы және ортақ ұғымдардың жазушы шығармашылығындағы орнына назар аударған дұрыс.


Әдеби туындыларды, жазушылар шығармашылығын, сөз өнеріндегі көптеген құбылыстарды салыстыра ұқсастықтарды байқауға болады, оларды тек творчестволық ауыс-түйіс, біржақты әсер ету деп қана қабылдауға болмас. әдеби мәтінді түсіну, талдау, бағалау барысында аналогиялық ойлау, салыстыру, топтау, жүйелеу, диалогқа бару, ынтымақтастық, қасиеттер мен сипаттарды жүйелеу мен жинақтау жүргізілгені дұрыс.. Әдеби құбылыстар арасындағы типологиялық белгілерді анықтау үшін әдеби үдерістегі тенденцияны білудің маңызы көп, мазмұндас, мағыналас, пішіндес құбылыстарды жүйелеу үшін ортақ қасиет, еншілес сипаттарды тереңірек тану қажет.
Көркем мәтінді типологиялық зерттеудің жетекші идеяларының қатарына мәтінді қабылдау мен оның рецепиентке әсер етуінің деңгейлері туралы қағида да жатады. Әдеби шығарманы генезис тұрғысынан қарастырудың типологиялық мәні бар. «Әсер ету теориясын» пайдалана отырып автор мен оқырман арасындағы түрлі типологиялық байланыстарды қарастыруға болады, бұл жұмыста «айнала араласу» (Ю. Степанов) сияқты типологиялық қарым-қатынастарды арнайы саралау да көп көмек береді.
Типологиялық талдаудың тағы бір өнімді негізі – «қарама-қарсы ағыстар теориясы» (А. Веселовский), ол әдеби мәтіннің сыртқы және ішкі факторларының бір-біріне ықпалы мен ауысуындағы ұқсас, сәйкес құбылыстарды жүйелеуге мүмкіндік береді.
«Палимсест» (З. Константинович) термині де типологиялық зерттеуде жиі қолданылып жүр. Мәтіндердің арасындағы ауыс-түйістердің ортақ белгілер мен кодтардың типологиялық негіздерін анықтауға себін тигізетін аллюзия, емеурін, филиация, реминсценция, пастиш, коллаж сияқты амалдардың ұқсастыру мен ажыратудағы типологиялық қызметтерін де арнайы зерттеуге болады. Көркем мәтіннің типологиялық ахуалын толығырақ анықтау үшін оның репрезентативтік, экспрессивтік шама-шарқын зерделеп алған абзал.
Ұқсастықтар мен айырмашылықтардың түп-төркінін әдебиеттер дамуының, творчестволық принциптерден көркем шығарманың ортақ ішкі заңдылықтарынан іздеу керек. Демек, стильдер ұқсастығы мен жанрлар типологиясын әдеби бағыттар мен ағымдар арасындағы типологиялық байланыстар арқылы жеке қарастыруға да болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет