4 Көркем мәтіннің композициясын зерттеу амалдары
Көркем шығарманың жазылу тарихына қатысты материалдар мен негіздер анықталғаннан кейін олардың көркем мәтіндегі түзілімін, құрылуын, ұйымдастырылуын, орналастырылуын қарастыруға, яғни композициялық бітім, композициялық құрылым, архитектоника, сұлба, монтаж, конструкция, жүйе, структура, рәсім сияқты ұғымдарға сүйене отырып, олардың мәтіндегі нақты бейнелену түрлерін саралауға кірісуге болады.
«Композиция» да «образ» ұғымы сияқты барлық өнер түрлеріне тиесілі категория. Әр өнер үшін композицияның ең кішкене құрамдас бөлігі бар, ол - музыкада – такт, архитектурада – тік және көлбеу сызықтар, ал суретте бояу мен түс деп анықталған екен. Ал әдеби шығармалардағы әмбебап ең кіші құрылымдық бөлшекті табу қиынның қиыны. Егер әңгіме туындының оқиға құрылымы жайында болса, ең кіші бірлік қимыл сәті деп белгіленеді. Ал назар образдарға ауса, онда микро жєне макрообраздар /образ – сезімдер, образ – персонаж, пейзаж, портрет/ жөнінде сөз қозғау керек. Поэзия, драматургияның ең кішкене құрылымдық бірліктері өзінше бөлек.
Жеке шығарманың сыртқы құрылымына көз салсақ, оның түрлі құрамдас бөліктерден тұратынын /бөлім, тарау, кітап/ байқау қиын емес. Ал, композицияның ішкі элементтерін сөз еткенде ойға оралатын алғашқы пікірлер негізінен характерге байланысты болмақ. Оның адами, тұлғалық, т.б. табиғатын таныту үшін авторға кейіпкерінің мінез-құлқының әр түрлі қасиеттерін көрсету қажет болады. Жазушы оның сырт бейнесін, түр-түсін /портрет/ сезімдерін /эмоция, экспрессия/, сөйлеуін /монолог, диалог, полилог, ішкі ойын, ол қатысқан оқиғаларды / эпизодтар/, табиғат суреттерін /пейзаж/, іс-қимылдарын көрсете отырып, ортамен, оның әлеуметтік басқа персонаждармен қарым-қатынасын айқындайды. Зер сала қарағанда, аса күрделі құрылым арқылы автор образға байланысы бар күрмеуі қиын өмір құбылыстарын барынша толық қамтуға тырысатынын байқауға болады.
Композицияны – бейнелеу құралдарының мәтіндегі орналасу тәртібі деп қана түсінетіндер де бар, олар бейнелеу құралдарының құрамы, қызметіне қарап шығарманың жанрын айқындауға күш салады, бұл кейде сәтті де шығуы мүмкін.
Жалпы композиция ұғымы әдебиеттануда әр түрлі мағынада қолданылады дегенмен, оның көп мойындаған анықтамалары бар. Оларды энциклопедия, әдеби терминдер сөздігінен, глоссарийлерден іздеп тауып, мұқият танысып, әр студент өзіне мағынасы атүсінікті анықтамаға сүйенгені жөн, бірақ басқа көзқарастарды да біліп отыруы керек.
Шығарма композициясының тұтастығы сюжетке, образдардың орналасу қатарына, баяндау, суреттеу, хабарлау, әңгімелеу сияқты формалардың табиғи ауысуына, орналасу ретіне тәуелді деген пікірдің орынды жақтары көп, ойлана қарайтын тұстары да баршылық.
Әдебиеттануда аяқталған туындының бір кезеңде тұйықталған композициясымен қатар бітпей қалған нұсқасын («Ақбілек») немесе схема-жоспарын да зерттейді, ол шығарманың сұлбасын, жұмыстың әрбір варианттарын арнайы қарастыруға байланысты болады.
Сюжет құрылымы , әрбір образ, сурет, сәт, эпизод, деталь, портрет, пейзаж, ретордация, лирикалық шегініс, монолог пен диалог, жеке сөз – композиция түзетін бейнелеу құралдары. Жас зерттеушіге шығарманың композициясын талдауды олардың қайсысынан, неден бастау керек деген ой келетіні анық. Тиімді әрі оңтайлы жолдың бірі – туындының құрылымын біртіндеп, сатылай отырып талдаудың реті мындай болуы ықтимал:
а) сыртқы композиция компоненттерін анықтау
ә) сюжет пен фабуланың құрылымын талдау
б) идеялық-тақырыптық жүйенің композициядағы қызметін
в) образдар құрамы мен қатарының жүйесін айқындау
г) уақыт пен кеңістік, мекеншақ композициясын көрсету
д) баяндау түрлерінің мәтіндегі ұйымдастырылуы.
Сыртқы композиция автордың көркем мәтінді мағыналық тұрғыдан әдіптеп, реттеп, жүйелеп орналастырып рәсімдеуі. Әдеби шығарманы бөліктерге ажырату, олардың шекарасын белгілеу, пішіндік тұрғыдан жіктеу барысында мәтінге эмоциялық-экспрессивтік мән, астарлы мағына үстеледі. Автор өз кітабының безендірілуіне, яғни графикалық суреттері мен бояуларына, метографиялық кескіндерге қатысты өз ойларын баспагерлерге білдіріп отырады, яғни кітаптың сырты мен ішінің ортақ мазмұнға сәйкес болғанын қалайды. Мұқабадағы автордың аты-жөнінен бөлек алғашқы беттерден бастап бірден көзге шалынатын сыртқы композицияның элементтері мыналар: а) шығарманың атауы, ә) авторлық арнау, б) эпиграф, в) алғысөз, кіріспе, г) бөлімдер, тараулардың атаулары, д) прозалық мәтінге енгізілген өлең, құжаттар, е) эпилог, соңғысөз.
«Абай» эпопеясының төрт кітабы, «Қан мен тердің» үш кітабы, «Көшпенділер» трилогиясының кітаптарының әрқайсысының да өзіндік жеке сыртқы композициясы бар деп есептеледі. Лирикалық цикл, жинақтар, топтамалар да осы есепке кіреді. Дерекке жүгінсек, жазушылар өз туындыларының атауына ерекше мән беріп, тіпті ұзақ уақыт дәл атауын таба алмай қиналатындар да бар екен. М. Әуезовтің «Абайы» - «Абай жолы», С. Мұқановтың «Адасқандар» деген алғашқы аталуының кейін «Мөлдір махаббат» болып өзгеруінің себептері туралы қызғылықты зерттеулер бар. Демек, шығарманың аталуына автордың идеясы мен ұстанымынан біршама хабар беретін, туындының жанрын, стилін анықтауға себі бар, автор мен оқырман арасындағы диалогқа жол бастайтын алғашқы мағлұмат деп қарау керек. Әр жазушының атауға қояр өз талабы бар, туындысына ат қоюда өзінің дағдысы мен дүниетанымына сәйкес белгілі бір шығармашылық пәлсапа ұстанатын қаламгерлер бар, сондықтан әр кезеңдегі шығарма атауларының поэтикасын жүйелеп арнайы зерттеу де керек сияқты.
Қазақ прозасындағы шығарма атауы сан алуан, бірақ тиянақтап қарағанда оларда белгілі бір ортақ заңдылықтар, жүйелер байқалады. Прозалық мәтіннің атауларының жиі кездесетін түрлерін былайша жіктеп көрсетуге болар:
1. Кейіпкердің аты, жөні, лақап аты, кәсібі, шығарманың атауы ретінде алынуы мүмкін, мұндайда көркем мәтін құрылымы моноцентристік сипатқа ие болады, яғни басты оқиғалардың дені негізгі кейіпкер арқылы өрбіп, дамып отырады. – «Абай», «Ботакөз», «Азамат Азаматыч», «Ұлпан», «Сүйекші», «Дарабоз».
2. Ұлттық прозада анималистік атаулар жиі кездеседі. «Кербұғы», «Жетім бота», «Көксерек», «Қараторғай». Мұндай атауларда астарлы мағына, меңзеу, ишара сипаты мол болады.
3. Оқиғаның мезгілі мен мекені – «Орманда», «Таудағы шайқас», «Мезгіл жаз еді», «шыбынсыз жаз», «Тал түс еді», «Қыс суреттері», «Дауылдан кейін», «Он бес жыл өткен соң».
4.Шығарманың атауында басты тақырып айқындалып, негізгі проблематика белгіленеді. - «Әке мен бала», «Қан мен тер», «Мансап пен ұждан», «тар жол тайғақ кешу», «қасеннің құбылыстары», «Оқыған азамат».
5. Атау – сұрақ төрінде кездесіп тұрады. – «Кім кінәлі?», «Ќайдасың, қасқа құлыным?», «Кім менің әкем?».
6. Туындының тақырыбына, сюжетіне автордың берген бағасы атауға айналады. – «Іш пыстырар оқиға», «Көңілсіз қуаныш», «Қазақи оқиға», «Өмірде не болмайды».
7. Көркем мәтіндегі ерекше мәні бар сөз, сөйлем, мотив шығарма атауына бекітіледі. – «Ұйқым келмейді», «Күт мені», «Шолпанның күнәсі», «Күнікейдің жазығы», «Кінәмшіл бойжеткен».
8. Атау ретінде пейзаж немесе портреттік белгі алынуы мүмкін. – «Боран», «Шатқалаң», «Бадырақ көз», «Асау арна», «Жансебіл», «Галстук».
9. Мәтін аталуы оның жанрын белгілейді. – «Тергеуші күнделігі», «Аңшының жазбалары», «Автобиографиялық әңгіме», «Әзімханның әңгімелері».
10. Меңзеу, ишарат, символ мәніндегі атаулар. - «Жаңғырық», «Өмір жорығы», «Алдаспан», «Әурелең», «Қаһар», «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу».
11. Юмор, сатиралық мәндегі атаулар. - «Талпақ танау», «Жаман-жәутік», «Дөкей келе жатыр», «Талтаңбайдың тәртібі».
12. Атау ретінде белгілі бір оқиға алынады. – «Көктебедегі кездесу», «Жекпе-жек», «Соңғы көш», «Күткен күн», «Отырар ойраны».
13. Басқа мәтіндерден алынған үзінділер, мақал-мәтелдер» де атау бола алады. – «Махаббат, қызық мол жылдар», «Созақтан шыққан Гамлет».
14. Негізгі және қосымша атулар қатар үреді. – «Атаукере» (Қауіпті будан).
Көркем мәтіннің жалпы атауымен қатар ішкі бөліктерінің де атауы болуы мүмкін, олардың арасындағы қисындық, мағыналығ байланыстарға назар аударудың қажеттілігі бар. «Абай жолы» эпопеясының әр бөлімінің атаулары бар: «Қайтқанда», «Өрде», «Ылдида» т.б. Олар ақын Абайдың жүріп өткен өмір жолының кезеңдерін сипаттап тұрғанымен қоса эпопеяның жалпы атауына да тікелей қатысты. Сонымен қатар әр жазушының шығармасын атауда өзіне ұнайтын атау типтері болады. Б. Майлин, Д. Исабеков, О. Бөкеев шығармаларының аталу себептерін, өзгеру сипатын, тарихын арнайы қарастыруға болады, өйткені бұлар көркем мәтіннің жалпы жазылу тарихын анықтауға да тікелей байланысты.
ХХ ғасырдың басындағы прозалық туындылардың атауларын жинақтап, жүйелеп отырып салыстыра талдаудың ғылыми-ақпараттың маңызы зор.
Сыртқы композицияның көзге түсетін келесі элементі – эпиграф. Көне Грек елінде құлпытастағы, ескерткіштердегі жазуларды эпиграф деп атаған. Эпиграф барынша қысқа әрі нұсқа алынады. Егер шығарманың аталуы – автордың тақырыпты белгілеуі болса, онда эпиграф – автор идеясыныњ астарлы түрде меңзелуі деген пікірге ден қоюға болады. Эпиграф кітаптан, кез келген басқа мәтіннен, ойдан шығарылған негізден алынуы мүмкін, сонымен қатар бұған хаттар, әңгіме-сұхбаттар да пайдаланылуда. Бір шығармада бірнеше эпиграф та кездесе береді, бұл жағдайда олардың логикалық, көркемдік байланысына мән беру көп нәрсені айқындайды.
Шығармадағы эпиграфтардың тақырыптық, мағыналық, стильдік ұқсастығы мен бірлігін аңдаған жөн, кейде олар бір-бірімен әдейі кереғар мәнде берілуі мүмкін. Эпиграф пен мәтіннің аталуының арасындағы осындай күрделі мазмұндық байланыстарға назар аудару арқылы туындының авторлық идеясына жақындайтын негізгі жолды табуға болады.
Егер эпиграф басқа көркем мәтіннен алынса, екі шығарманы қатар оқып, салыстырған пайдалы. Мүмкіндік болса, жазушының эпиграфты алуының себебін анықтайтын өзінің немесе замандастарының куәліктерін іздеп көру керек. Мысалы, «Анна Каренина» романындағы көпке мәлім эпиграфтың сырын Л. Толстойдың өзі айтып кеткен, замандастары, туған-туыстары да сол мазмұндас жазбалар қалдырған.
Қазіргі қазақ жазушыларының ішінде эпиграфты жиі қолданғандардың бірі – Оралхан Бөкеев. «Қар қызы», «Атаукере» сияқты шығармаларында қаламгер басқа мәтіндерден, жазбалардан үзінді келтіреді. Аталған шығармалардың композициясында, образдарды түсінуде, тақырыпты танытуда бұл эпиграфтардың орны ерекше. Бір қарағанда оқуға ауырлау, тығыз мағыналы мәтіндер эпиграфтағы ойлармен байланыстыра оқылса, бұл туындылардағы авторлық концепция айқындала түсіп, көркем мәтін оқырманын тартып әкетеді.
Орнымен алынған эпиграф – шығарманың идеясын, образдар табиғатын, жазушы стилін айқындау құралы, ендеше әдебиетшінің оған да ерекше мән бергені абзал. Автордың эпиграфты алып тастауы, орын ауыстыруы да оның көркемдік шешімінің дамуынан хабар беретін ақпар. И. Тургенев «Әкелер мен балалар» романына эпиграф ретінде мына бір диалогты бір енгізіп, бір алып тастап отырған:
«Жас жігіт орта жастағы адамға: «Сізде мазмұн бар, бірақ күш жоқ. Орта жастағы адам: Ал сізде мазмұны жоқ күш бар». /Қазіргі әңгімеден/ Осы эпиграфтың романның идеясын тереңірек түсіндіретін кілт екендігін байқаған зерттеушілер көп болған.
Туындыдағы авторлық арнаудың тарихын, себебін, мағынасын талдау да қызықты ойларға және шығарманың проблематикасы мен идеялық ерекшелігін айқындауға жетелеуі мүмкін. Әдебиеттануда И. Чернышевскийдің «Не істеу керек?» романы жан-жақты зерттелген, көптеген ғалымдар оның жазушының әйеліне арналғанын шұқшия талдаған. Әйелі бір кезде жазушыға екеуі де сүйіп оқитын Кольцовтың өлеңдер жинағын сыйлаған екен. Автор романда осы жинақтан үзінділер келтіреді, яғни ол осы арқылы сүйікті жарына, қамқоршы адамына өзінің сезімдерін жеткізуге тырысқан, әрі өз көңіл-күйінен хабар беруді мақсат еткен. Қазақ жазушылары Ғ. Мүсіреповтің, С. Мұқановтың т.б. шығармаларындағы арнаулар әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан сөз етілмей отыр.
Әрине, арнау кейде көркемдік мазмұнмен байланысты болмауы да ғажап емес, бірақ әдебиетші арнауды талдау назарынан тыс қалдырмауға міндетті, ол шығарманың жазылу тарихын нақтылай түсетін ақпарат болуы әбден мүмкін.
Сыртқы композицияның келесі екі құрамдас бөліктері пролог/алғысөз/ пен эпилог /соңғысөз/ прозаға драматургиядан енген деген пікір бар. Алғысөз роман, повесть, драма оқиғаларымен үнемі тікелей байланыса бермейді, ол кейде баспаның, кейде баяндаушы автордың атынан беріледі, онда жалпы оқиғаға, болмаса кейіпкерлер мен шығарманың жанры, стилі, мақсаты сияқты мәселелерге сипаттама берілуі мүмкін. С. Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешудің» алғашқы басылымының алғысөзінде өз туындысының жазылу мақсатын айта келіп, оны көркем шығарма қатарына қоспайды, әрі оны роман деп те айтпаған. Аталмыш туындының жанрлық ерекшеліктерін зерттегенде осы пікірге ерекше назар аударған жөн.
Ө. Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» атты романының 1983 жылы баспадан шыққан 20000 данасы замана қайшысымен туралып кеткен. Аман қалған жалѓыз данасы автор дүниеден озған соң 1994 жылы «Жұлдыз» журналының № 1 санында бас редактордың алғысөзімен басылған, онда шығарманың жазылу тарихына қатысты ақпараттар көп.
Соңғы сөз, әдетте, романдарда жиі кездеседі, ол көбінесе шығармадағы оқиғалардан уақыт жағынан алшақтатылады.
Эпилогтарды мазмұны мен құрылымы тұрғысынан ашық және жабық деп ажырату қабылданған. Жабық эпилогта шығармадағы оқиғаның толық аяқталуы, образдың жеріне жеткізе суреттелуі, оқиғалардың тұйықталу заңды. Эпилог кейде күтпеген шешім ұсынуы да мүмкін. Мысалы, С. Көбеевтің «Қалың мал» романының эпилогы шығармадағы қым-қуыт тартыстардың күтпеген шешімі ретінде түсіндіріліп жүр. Қожаш пен Ғайшаның шығарма соңындағы бақытты идиллиялық тұрмысын бейнелейтін көріністер жазушының негізгі идеясын басқаша бағалауға жетелейді. Эпилогта көбінесе оқиға барысы тез өзгереді, басты желілер ғана әңгімеге арқау болады.
Ашық сипаттағы эпилогтар оқиғаның толық дамуын беріп қана қоймай, оның жаңа сапаға ауысуын, әрі қарай жалғасуын да көрсетіп, оқырман назарын оқиғаны басқа қырларына аударуға бағытталады. Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы эпилог осындай.
Автор өһз шығармасының соңғы тұстарындағы эпилогтың қызметін атқаратын бөліктің атын атап, түсін түстеп бөліп көрсетпеуі жиі кездеседі. Мұндайда соңғы тарауға барынша байыпты талдау жасау қажет. «Он бес жыл өткен соң» шығармасында автордың эпилог пен негізгі оқиғаныњ орын алмастырулары сияқты шешімдері зерттеуші үшін қызықты сұрақтардың бірі болуы керек.
Шығарманың жалпы мәтіні тарау, бөлім, кітап, том сияқты автор белгілеген бөліктерден де тұратыны бар. Тараулар бірігіп бөлім құрайды. Кітап бөлімдерден тұрса, том құрамына бірнеше кітап кіруі де кездеседі. Талдау барысында қаламгердің саналы түрде атап көрсеткен сыртқы композиция белгілерін, яғни оның көркем мәтінді тарауға, бөлімге бөлудегі ұстанған мақсатын, олардың оқиға өрбітудегі рөлін анықтау – шығарма композициясын зерттеудің басты шарттарының бірі.
Прозалық мәтіннің сыртқы құрылымының ең кішкене бөлігі абзац болып саналады, оны кейде «прозалық шумақ» деп атау да кездеседі. Бұлай деуге негіз де жоқ емес: әр абзацтың көлемін автор белгілейді, абзац та шумақ сияқты аяқталған ойды білдіретін синтаксистік, ырғақтық, мазмұндық тұтас құрылым. Зерттеушілер көбінесе шығарманың бастапқы және соңғы бөліктеріне назар аударады. Ал текстегі абзацтардың мөлшері, олардың шеңдестіріле, қапталдастыра орналастырылуы қаламгердің стилі мен оның прозасының дағдылы ырғағы жөнінен толымды мағлұмат бере алады. «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітаптарында бас кейіпкер қысқа сөйлейді, соңғы кітаптарда ақын ұзақ-ұзақ ой толғайды, айтары да көбейген, ойлары да күрделі. Демек, М. Әуезов кейіпкерінің өсуін, дамуын көрсетуде абзацты да өте ұтымды пайдаланған.
Прозалық және драмалық шығармалардың құрылымында поэзиялық үзінділер, хаттар, құжаттар, суреттер сияқты автор бөліп көрсеткен, өз алдына мағынасы бар мәтіндік фрагменттер жиі кездеседі. Қазақ романдары мен пьесаларындағы бұл құбылыстың төркіні түсінікті. С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романындағы өлеңмен жазылған хаттар шығармаға әрі жинақылық, әрі керемет эмоциялық мән беріп тұр. «Шұғаның белгісі», мен «Тар жол тайғақ кешуде» де бұл компоненттер белсенді қызмет атқарады.
Жазушы көп жағдайда әңгімелер циклын, шығармаларының жинағын өзі құрастырады. Материалдарды орналастыруда автор белгілі бір мақсат ұстанады. Мысалы, О. Бөкеев «Қар Қызы» повесін 1968 жылы жазған, ал «Сайтан көпірі» 80-жылдары жарық көрді. Кейін жазушы екеуін біріктіріп «Біздің жақта қыс ұзақ» деген атпен бастырды, онда «Сайтан көпір» бірінші, «Қар қызы» екінші қойылған. Жазушы осы басылымға «Роман-диптих» деген анықтама берген. Шығарманың соңындағы авторлық түсініктеме мен ескертулердің де семантикалық қызметі назардан тыс қалмағаны жөн. Міне, осы өзгерістердің астарына үңілу талант иесінің творчестволық ізденістерінің дамуын анықтайтын зерттеу жұмысына ұласқаны орынды. Мәтіндерді жүйелі қарай отырып олардағы реттілікті, бір мақсатқа бағытталғандықты байқау қиын емес.
М. Әуезовтің «Қыр суреттері» шығармасындағы бөліктер шеңберлене орналасқан, осының ортасында қалған, шығар жерін таба алмай жүрген қазақ елінің тағдырын көрсетуге автор ішкі мазмұнмен қатар сыртқы құрылымды да тиімді қолданған.
Достарыңызбен бөлісу: |