3.2 Әдеби шығарманың жазылу тарихын зерттеу жолдары
Әдеби туындының шығармашылық тарихын зерттеудің себептерінің сыры тереңде. Аяқталған, жиектелген, әдіптелген көркем мәтінді қабылдау, талдау барысында мән-мағынасының негізгі қырларын аңғаруға болады, бірақ оны дүниеге келтіру жолындағы автордың ізденістерінің бағытын, сипатын індете отырып зерттеудің көп мәселенің байыбын басқаша бағалауға бастайтын тұстары аз емес. Ұзақ уақыт бойы көркем мәтіннің тарихын зерттеуде а) творчестволық құлшыныс пен шабыт табиғаты,ә) ойтүрткі сипаты, б) шығарманың пісіп-жетілу үрдісі, в) мәтін түрінде рәсімделуінің барысы сияқты сәттерге назар аударылды, осындай көзқарастар ауаны әдебиеттанудың дамуына біршама көмектескені аян. Бір қызығы жоғарыда аталған сәттер ондай ретпен емес, басқаша тәртіппен де жүруі әбден мүмкін, соңғы кезде шығармаға негіз болатын факторлардың саны күрт өсті, ол қоғам мен адамның болмысының тез өзгеруі мен техника мен ғылымның орасан дамуына тікелей байланысты болып отыр, сондықтан қазіргі кезде дүниеге келіп жатқан шығармалардың жазылу тарихына қатысты жайттардың саны көбейген. Қысқасы, әр кезең әдебиетіндегі мәтіндердің жазылу барысын зерттеуге сол кезеңге сай ғылыми тұрғыдан келген дұрыс.
Қазақ жазушыларының шығармаларының көбінің жазылу тарихы туралы көпке мәлім обьективті мәлімет жоқтыњ қасы, болса да бірнеше сөйлемнен аса қоймайды.
«Абай жолы» эпопеясы мен «Қан мен тер» трилогиясының жазылу тарихын» арнайы қарастырған жүйелі зерттеулерден көп нәрсе үйренуге болады. Т. Жұртбаевтың «Бейуақ» атты зерттеуінде М. Әуезовтің 20-30 жылдары жазылған сияқты бірнеше әңгімелерінің өмірге келуіне әсер-ықпал еткен жәйттар орнықты дәйектелген. Студентке аталмыш бағыттағы басылымдармен тұрақты танысып отырудың қажеттілігі бар, өйткені көптеген танымал прозалық шыѓармалардың жазылу тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеудің көкейкесті мәселе екенін жас зерттеушілердің білгені және тездетіп қолға алғаны дұрыс болар еді.
Творчестволық жұмыс барысында автор түзген жоспарлар, варианттар, сюжеттік сұлбалар, өзі жасаған редакциялық өңдеулер, хаттар, замандастар мен әріптестер куәліктері - зерттеуші назарын аударатын дүниелер. Олар кейде ғылыми өңдеуден өткен дайын күйінде болуы да мүмкін. Мысалы, «Абай жолы» эпопеясының творчестволық тарихы арнаулы еңбек болып басылып шықты, әрі оған қатысты біраз мағлұматтар жазушының көп томдық шығармалар жинағында, «М. Әуезов тағылымы» кітабында берілген. С. Мұқановтың біраз шығармаларының жазылу тарихын автордың өзі айтып кеткен, ал қалғанын мұқановтанушылар жан-жақты сараптаған.
Жоғарыда көрсетілген топтамалардағы ақпарларды өте мұқият жинастырып, толықтырып, керектерін бөліп алу зерттеуші үшін өте маңызды.
Шығарманың жазылу тарихын зерттеу автордың өмірлік материалмен қалай жұмыс істегенін, суреткерлік дағдысын, қаламгерлік мәнері мен машығын білуге көп себін тигізетіні даусыз, сонымен қатар олардың аяқталған көркем мәтінді нақты тану мен талдауға да көмектесетіні анық. М. Әуезовтің «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесінің 20-30 жылдары жарық көргені белгілі, яғни ол эпопеядан көп бұрын жазылғаны анық. Ал осы Татьянаның әніне байланысты сюжеттік желілерді автор романның соңғы кітабына орналастырған. Осы деректерге қарап, автор шығармасын соңғы тарауларынан бастап жазды деген түсінік тумаса керек. Негізгі зер салатын мәселе бұл эпизодқа қаламгердің ерекше мән бергенінде, өз Абайын эпопеяда жаңа бір шығармашылық сапарға шығар тұсында алдын-ала оның ақындық бет-бағытын айқындауының белгісі болар.
Көркем мәтінніњ ойтүрткісін (замысел) айқындап қарастыру үшін студент ең алдымен мына мәселелерге арнайы тоқталғаны тиімді:
а) Жазушының осы тақырыпты таңдауының себептерін анықтауға тырысу;
ә) нақты ойдың, образдың, концептің пайда болу барысы, дамуы, өзгеруін бақылау;
б) мәтіндегі персонаждар мен олардың түптұлғалары туралы мәлімет жинау;
в) шығарманың алғашқы жоспарлары мен әртүрлі сызбалар, авторлық ескертпелермен танысу.
Аталмыш мәселелерді сараптау кезінде көркемдік жинақтау (типтендіру) мен даралау деген түсініктер бар екенін естен шығармаған абзал. Флобер бір хатында өзінің «Мадам Бовари» романына қатысты сауалға «Эмма – ол мен» деп жауап бергені көпшілікке мәлім. Ә. Нұрпейісов «Қан мен тердегі» кейіпкерлердің біреуінің өмірде түптұлғасы болғанын, кейбірінің ойдан шығарылғанын айтқан. Л. Толстой Анна Каренинаның сыртқы портретін жасауға көп қиналған. Бірде ол Пушкиннің қызы Мария Тартунгпен кездесіп, оның бұйра шашына ерекше назар аударады, сөйтіп Аннаның сыртқы портреті табылады, бірақ екеуінің ішкі дүниесі бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын әдебиетшілер атап көрсеткен, яғни кейде бір детальдың шешуші қызметі де болады екен. Авторлардың кейіпкерлеріне өзінің өмірлік тәжірибесін, көзқарастарын таратып беретініне де дәлелдер бар. Гете Вертер деген кейіпкеріне өзінің басынан өткен махаббат машақатын сыйлаған, Тургенев Рудин деген кейіпкеріне өзінің дауысын берген. Сервантес «Дон Кихотта» өзіне көмекшілікке араб тарихшысы Сид Ахмед Бенинхалиды алып, әрі қарай оның шығармаларын аударғансып отырып романын осылайша жалғастыра бергені мәлім, мәтіндегі өзінің қателерін автордың кейіпкерімен бірігіп талдайтын жерлері де қызық.
А.С. Пушкин алдымен жеке-жеке 5 повесть жазып, кейін олардың басын қосып, басып шығарушының алғысөзімен ойдан шығарылған марқұм Белкинге жолдаған, ал ол болса повестерді біреуден естіген оқиғалар ретінде пайдаланған болып көрсетіледі, автордың оқырманмен осылай ойнауы туралы да әдебиет тарихында аз айтылмаған.
Шығарманың жазылу тарихын қарастыруда қажет библиографиялық анықтамалар мен көрсеткішті кеңінен қолдану, сол кезеңдегі қоғам мен әлеуметтік ортаның сыры мен сипаты туралы толық мағлұмат жинап алу студентке тақырыпты игеруге көп жеңілдік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |