10-тақырып. Заңды тұлғаның жиынтық жылдық табысының салық есебі Корпоративтік табыс салығының төлеушілері:
мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстар алатын резидент емес заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады.
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар Саылқ Кодекстің 61-тарауына сәйкес, көрсетілген режим шеңберінде салық салынатын табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын есептейді және төлейді.
ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты төлеушілер салық Кодекстің 411, 420-баптарында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылмайды.
Корпоративтік табыс салығын салу объектілері мыналар болып табылады:
салық салынатын табыс;
төлем көзінен салық салынатын табыс;
Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы.
Салық салынатын табыс түзетулерді ескере отырып жылдық жиынтық табыс пен осы бөлімде көзделген шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Резидент заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы тұлғаның Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлерде салық кезеңінің ішінде алуына жататын (алынған) табыстарынан тұрады.
Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы Кодекстің 198-бабында көрсетілген табыстардан тұрады.
Резидент заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынатын табыстары осы бөлімде және Кодекстің 27-тарауында белгіленген тәртіппен салық салынуға жатады.
Мыналар салық мақсатына орай табыс ретінде қарастырылмайды:
жарғылық капиталға салым ретінде алынған мүліктің құны;
эмитент өзі шығарған акцияларды орналастырудан алған ақша сомасы;
егер Кодексте өзгеше көзделмесе, мүлікті өтеусіз негізде беретін салық төлеуші үшін өтеусіз берілген мүліктің құны. Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстар мөлшерінде айқындалады;
Кодексте көзделген жағдайларда салық міндеттемесінің мөлшерін азайту сомасы;
егер Кодексте өзгеше көзделмесе, басқа тұлғадан алынуға жататыннан (алынғаннан) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепте табыс деп танылатын активтердің және (немесе) міндеттемелердің құнын өзгертуге байланысты туындайтын табыс;
халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес активтерді қайта бағалауға арналған резервтерді азайту есебінен бөлінбеген пайданы арттыру.
Жылдық жиынтық табысқа салық төлеуші табыстарының барлық түрлері:
банктердің және лицензия негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың құрылған провизияларының (резервтерінің) мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс;
сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары құрған сақтандыру резервтерін азайтудан түсетін табыс;
талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс;
кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісім бергені үшін алған табыс;
тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін табыс;
табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және өңдіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетін табыс;
кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып кетуінен түсетін табыс;
бірлескен қызметті жүзеге асырудан түсетін табыс;
егер бұрын бұл сома шегерімге жатқызылмаса, негізсіз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, таңылған немесе борышкер таныған айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа санкция түрлері;
депозит, борыштық бағалы қағаз, вексель бойынша сыйақылар;
оң бағамдық айырма сомасының халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі;
ұтыстар;
әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған табыс;
кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс;
сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы алатын (алынуға жататын), мүлікті сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табыс;
басқа да табыстар енгізіледі.
Өткізуден түсетін табыс
Егер Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, Кодекстің 87 – 98-баптарына сәйкес жылдық жиынтық табысқа енгізілетін табыстардан басқа, өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны өткізуден түсетін табыс болып табылады.
Өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнына қосылған құн салығының және акциздің сомасы енгізілмейді.
Қызметтер көрсетуден түсетін табысқа осы бөлімнің мақсатында, сондай-ақ:
кредит (қарыз, микрокредит) бойынша, репо операциялары бойынша сыйақылар түріндегі табыс;
мүлікті қаржы лизингіне беру бойынша сыйақылар түріндегі табыс;
роялти;
мүлікті жалға беруден түсетін табыс жатады.
Құн өсімінен түсетін табыс
Құн өсімінен түсетін табыс, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алынған активтерді қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтерді өткізу кезінде құралады.
Амортизацияға жатпайтын активтерге:
құны Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған салық заңнамасына сәйкес толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар;
Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға берілген, құны толығымен шегерімге жатқызылған активтер;
Кодекстің 97-бабының 2-тармағына сәйкес әлеуметтік сала объектілеріне жатқызылған мүлік жатады.
Өсім, амортизацияға жатпайтын активтердің өткізілу құны мен олардың бастапқы құны арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Бағалы қағаздарды және қатысу үлесін өткізу кезінде:
борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар, қатысу үлесі бойынша – өткізілу құны мен бастапқы құн (салым) арасындағы оң айырма;
борыштық бағалы қағаздар бойынша – дисконттың амортизациясын және (немесе) өткізілген күнгі сыйлықақыны ескере отырып, өткізілу құны мен бастапқы құн арасындағы, купон ескерілмеген оң айырма құн өсімі болып табылады.
Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табыс
Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табысқа:
салық төлеушiнiң мiндеттемелерiн оның кредиторының есептен шығаруы;
салық төлеушi таратылған кезде тарату балансы бекiтiлген кезде кредитор талап етпеген мiндеттемелер;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген талап қою мерзiмiнiң өтуiне байланысты мiндеттемелердi есептен шығару;
соттың заңды күшіне енген шешiмi бойынша мiндеттемелердi есептен шығару жатады.
Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетін табыс сомасы салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес есептен шығару кезінде төленуге жататын міндеттемелердің сомасына тең болады.
Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табысқа міндеттемелердің кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша берілуіне байланысты олардың мөлшерін азайту жатпайды.
Күмәндi мiндеттемелер бойынша түсетiн табыс
Сатып алынған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша, сондай-ақ қызметкерлердің есебіне жазылған табыстар мен Кодекстiң 163-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да төлемдер бойынша туындаған және туындаған күнінен бастап үш жыл iшiнде қанағаттандырылмаған мiндеттемелер күмәндi деп танылады.
Көрсетілген міндеттемелер міндеттемелердің туындауы күніне қабылданған ставка бойынша бюджетпен өзара есеп айырысуда осы міндеттемелердің бұрын шегерімге жатқызылған сомасына бара-бар түрде қалпына келтiрiлуге жататын қосылған құн салығын қоспағанда, осы міндеттемелердің бұрын шегерімге жатқызылған сомасы шегінде салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.
Мыналар:
талап ету құқығын алатын салық төлеуші үшін – негізгі борышты талап ету бойынша борышкерден алынуға жататын сома, оның ішінде талап ету құқығын басқаға берген күнгі негізгі борыштан тыс сома мен талап ету құқығын алу құны арасындағы оң айырма;
талап ету құқығын басқаға беретін салық төлеуші үшін – салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес басқаға беру жүргізілген талап ету құқығының құны мен борышкерден талап ету құқығын басқаға беру күні алынуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс болып табылады.
Өтеусіз алынған мүлік
Салық төлеуші өтеусіз алған кез келген мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны оның табысы болып табылады.
Өтеусіз алынған мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны ХҚЕС және ҚР бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс (залал)
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша өткізілу құны мен берілетін активтердің өткізген күнгі бухгалтерлік есеп деректері бойынша берілетін міндеттемелердің баланстық құнына азайтылған баланстық құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан шегетін залал кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша өткізілу құны мен берілетін активтердің өткізген күнгі бухгалтерлік есеп деректері бойынша берілетін міндеттемелердің баланстық құнына азайтылған баланстық құны арасындағы теріс айырма ретінде айқындалады.
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан шегетін залалды ауыстыру Кодекстің 137-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Жылдық жиынтық табысты түзету
Салық төлеушілердің жылдық жиынтық табысынан:
тәуекелдік инвестициялаудың жабық пайлық инвестициялық қорлары мен тәуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорлары төлейтінді қоспағанда, дивидендтер;
жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алған банктердің міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарының сомасы;
сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры алған сақтандыру ұйымдарының міндетті, қосымша және төтенше жарналарының сомасы;
жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым мен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры өздерінің өтелген депозиттер және төленген кепілдікті және өтемақылық төлемдер бойынша талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алған ақша сомасы;
Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және жеке зейнетақы шоттарына бағытталған инвестициялық табыстар;
Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық табыстар;
Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасына сәйкес пайлық және акционерлiк инвестициялық қорлар кастодиандардағы шоттарға алған және соларда болатын инвестициялық табыстар;
Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес секьюритилендіру мәмілесі бойынша арнайы қаржы компаниясы алған, борышты талап ету құқығын басқаға беруден алынған табыс;
мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы алатын (алынуға жататын), мүлікті сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табыс;
мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры мақта өңдеу ұйымдарынан алатын жыл сайынғы міндетті жарналардың сомасы;
астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры астық қабылдау кәсiпорындарының алатын жыл сайынғы міндетті жарналардың сомасы;
мақта (астық) қолхаттары бойынша мiндеттемелердiң орындалуына кепiлдiк беру қоры кепілдік төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі талаптарды қанағаттандыру тәртібімен алатын ақша сомасы алып тасталуға жатады.
Тауарлық-материалдық қорларды бағалаудың салық төлеушi осының алдындағы салық кезеңiнде қолданған әдiсiнен өзге әдiске ауысқан кезде салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысы бағалаудың жаңа әдiсiн қолдану нәтижесiнде түзілген оң айырма сомасына ұлғайтылуға және терiс айырма сомасына азайтылуға жатады.
Салық төлеушi тауарлық-материалдық қорларды бағалаудың өзге әдiсiне ауысуды салық кезеңiнің басынан бастап жүргiзедi.
Әдебиеттер: 1,5,7