Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет26/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

ТҮНДЕ ТАУ ІШІНДЕ
Және бір кішкене сурет келтірейік. Тағы сол Қоқан министрлерінен. Әлгі құр дәрінің даусынан Шоқайұлы қашқанда, Қоқан автономиясының өзге «министрлері» де бет-бетімен жан сауға қылған. Министрлер советінің төрағасы Мұқаметжан Тынышпайұлы мен министрлер советінің жауапты хатшысы Қоңырқожа Қоджықұлы бірге қашқан. Тауға сіңіп кеткен екеуінің астында екі ат. Күндіз-түні тау ішінде. Кез болған қырғыз ауылдарына баруға қорқады. Ит қуып сандалған киік тәрізді...
Түн. Жаңбыр құйып тұр. Көзге түртсе көрмейтін қап-қара түн. Қалың құзды тау іші. Екі министр әр тасқа бір соқтығады, әр шұқырға бір жығылады. Аттары да сенделді. Көйлекке шейін сорғалап су өтті. Су болмаған түк қалмады. Екі министр әбден сүмірейіп көк иық болды. Екеуі де аштықтан әбден бұралды. Аттары да аш. Ілбіп сенделіп, жартасқа келіп тіреліп, ат сорлылар бастарын жерге салады. Аузына ілінген бұтаны жұлып алып, ауыздықтарымен қоса күрт-күрт шайнайды. Екі министр ақырын «шу-шулеп» тебініп, тағы да бір жерге кептеліп кеп тұрады. Жаңбыр суы сылп-сылп етеді. Етектен, тоқымнан сорғалап, ат бауырынан ағады. Көк пен жер тұп-тұтас қараңғы. Таудың іші аққан сел. Таудың арасында, анда-санда қырғыз ауылдарының оттары жарқ-жұрқ, жылт-жылт етеді. Саңқылдап үрген иттің даусынан тау аралары жаңғырығады. Тау ішінде зарлап ұлыған аш қасқырлар үні естіледі. Жылтылдаған отқа баруға министрлер қорқады. Қараңғы тауда бейшара қасқырлар сыңсып ұлиды. Министрлер ақырын келе жатып күңкілдеседі. Жаны құрғыр тәтті. Министрлер қараңғы түкпір іздейді. Міне, бір қараңғы түкпірге қашқан уәзір мен хатшы келіп кептелді. Екеуі ақырын күңкілдесіп сөйлесіп аттарынан түсті. Аттарын ұстап, тастың ығына бүрісіп отырды. Жаңбыр суы сылп-сылп етеді. Етектен сорғалап жерге ағады. Екеуі де өзді-өзі аттарының алқымында, тастың ығында бүрісіп-бүрісіп отыр. Бір мезгілде Қоңырқожа ақырын:
— Мұқаметжан! — деді.
Мұқаметжан ақырын, өлімсіреген үнмен:
— Ә,ә, — деді.
Қоңырқожа да ақырын:
— Енді министр боласың ба?.. — деді.
Мұқаметжан кейіп:
— Не дейді?.. Осының-ақ ойыны қалмайды екен!.. —деді.
Міне, кішкене сурет осындай. Бұл әңгімені маған Қоңырқожаның өзі айтып еді...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет