«АЛАШТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚҰРБАНЫ» Тірі жанға қылымсыз
Қисыны жоқ оққа ұштың.
Қара өмірден тұрымсыз,
Періште болып көкке ұштың.
Қандай жанға қастық қып
Кіммен баққа таластың!
Жат жігерің жастық қып,
Қаһарманы Алаштың!
Ойлатып қал, шағыңды,
Таңба салдың жүрекке.
Бірақ сенің бағыңды,
Таппас ешкім тілеп те.
Әрі тұңғыш, әрі атақ
Күнәсы жоқ мейман дос!
Қонағыңды күтіп ап,
Ұлттың ұлы қош бол, қош!..
( Сәбит) Міне, сөйтіп «Алаш» ділмарлары өкірген сиырдай азан-қазан болды. Өздері кімді ату үшін әскер жасап жатқаны естерінде болмаған тәрізденеді. Бұдан кейін Семейде «Алашорда» әскері жасалуы тоқталып қалды.
Және Орал облысында «Алашорда» әскері жасалды деп айтқан едім. Оны біраз баяндап өтейін.
«Алашорда» милициясы Семей мен Оралда жасалды. Және Торғайда жасалды. Торғай мен Семейдегі әскер «Алашорда» үкіметіне бағынды. Жанша Досмұқамбетұлы мен Қалел Досмұқамбетұлы Орынбордан Семейге кеткен Бөкейханұлы, Дулатұлы, Байтұрсынұлдарына ермей қалды дедім ғой. Міне, бұлар сол бетімен өздерінің Орал облыстарында, Жымпиты қаласында, өз алдарына «Алашорда» үкіметін ашты. Үкіметтерін қыстыгүні, 1918 жылдың басында жасады. Айтып өтейін, ол былай болған: 1917 жылы желтоқсан айында Орынборда Бөкейханұлы, Дулатұлы, Байтұрсынұлдары жасаған жалпы «екіншісі қазақ-қырғыз съезінде» қазақ автономиясын қазір жариялау дұрыс па, жоқ біраз байқап, милиция жасап алып, жариялау дұрыс па деген мәселеде съезд екі жаққа бөлінген. Көпшілік жағы — Дулатұлы, Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы бас болып, «автономияны милиция жасап алып, біраз байқап барып жариялайық!» — деген. Азшылық жағы — Жанша Досмұқамбетұлы, Қалел Досмұқамбетұлы бас болып «автономияны қазір жариялайық» деген. Досмұқамбетұлдарының «қазір жариялайық» дегендерін қостаушылардың бәрі-ақ сол Орал, Бөкей, Ақтөбе жақтарының адамдары болған. Орынбордан, манағы айтқандай, «Алашорда» үкіметі қашып Семей кеткен соң, Орынборды большевиктер алып, Орынборға жанасқан қазақ ісін Жангелдин басқара бастаған соң, Досмұқамбетұлдары Орал облысына келіп, «Алашорда» жасауға әрекет қылған. Орал облысының съезін шақырған. Съезд Қаратөбеде болған. Қысқаша съездің қалай болғанын айтып өтейін.