Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет28/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   53
«ТҰҢҒЫШ ҚҰРБАН
Соңғы жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Семейде атты-жаяу милиция құрылған еді. Мұны соңғы кезде большевиктер ұнатпай «Ойыныңды тоқтат, мылтықты бер»,—деп, мінез көрсетіп жүрді. Оған біздің милиционерлер, қорғаушылар өз жүректерінде ұлт сақтаудан өзге ешкімге қастық қылатын ниеті болмаған соң, қарсы да келмейді. Ойынын да тоқтатпайды. 6 мартта таңертең 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10— 15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң, бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда, милиция бастығы учительский семинария шәкірті Қази Нұрмұхамбетұлы жігіттерге айғайлап:
— Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек өлейік, бәрімізді қырмас! — деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, Қазидың өзіне де, атына да оқ тиді. Оқ жүректен тиген. Есіл жас сол арада жан тапсырды.
Марқұмның жолдастары ботадай боздап, басын құшақтап, шуласты. Көрген, естіген жан қайғырды... Ертеңінде халық көп жиналып, жаназа шығарылды.
Алаш жолында құрбан болған жас балғынды ұмытпасқа белгі болып қалсын деп, екі рет суретке басылды. Бірі қанды киімімен жатқан халінде, екіншісі — халық жаназа оқып, сапта тұрғанда табыттағы жатқаны».
Қабірге қойып, құран оқылып болғаннан кейін Шәкәрім ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі.
«Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл өлген жоқ. «Бұл күні және мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар мына мен сияқты болып, «ұлтым» деңдер деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қази еді. Қази «би» деген сөз, Қази билігін айтып кетті.
Қарағым, Қази, өлімнен өкінбе! Арманың жоқ: Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орнын бөлек. Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы (1 жасар ұл баласы) қалыпты. Соны тәрбиелеп, адам қылу бәріңнің, барлық Алаштың мойнына парыз. Және өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар, құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті: 60 жасқа келгенде мұндай ұлты үшін жанын қиып құрбан болатын азаматты көрермін деген үмітім жоқ еді — көрдім. Енді бүгін өлсем де арманым жоқ.
Қарағым, Қазижан, қадіріңді біліп, құрметтей алмасақ, кешу қыл. Қош, қабірің нұрлы болсын! — деді.
Жиылған әлеумет жылап, еңіреп жіберді. Сонан кейін Міржақып тұрып мынаны айтты:
Мынау кім жатқан, әлеумет,
Жас қабірді жамылып?
Мұнша ардақты кім еді,
Тұрсыңдар бәрің жабығып?!
Жалғызы ма еді біреудің,
Тілеп алған зарығып?
Байы ма еді бұл елдің,
Құрметтейтін жабылып,
Би мен бектің бірі ме еді,
Жылардай жұрты сағынып?
Ханзада яки сейіт
Қарашы шулар қамығып!
Жоқ, әлеумет!
Бұл жатқан:
Жалғыз да емес,
Бай да емес,
Би де емес,
Бек те емес,
Сейіт те емес,
Хан да емес,
Бусанып жатқан жас қабір,
Иесін мұның айтайын:
Мақсұты ұлттық жолына,
Туын ұстап қолына,
Жас өмірін пида еткен,
Жар-жолдасын күйзелткен,
Алаштың адал баласы,
Армансыз өткен данасы!
Жүректен жалғыз оқ тиген,
Жаза баспай дөп тиген,
Алаштың бұл құрбаны,
Аяулы жолдас, Қази жас!
Қош, бауырым, жолдасым!
Армансыз сенің өз басың,
Қабыл болып құрбаны,
Алашты құдай оңдасын!..
Жиылған халық қамығып, көңілі босап, көзіне жас алды, бұлардан кейін Райымжан, Жанғаш қажы, Мұстақым сөз сөйледі. Ақырында Қазидың бірге оқып жүрген жолдасы Жүсіпбек, еңіреп тұрып, «Жан бауырым, жолдасым! Қош бол! Жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің. Бір күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдық, өкінбе, ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бірақ арманың кетті. Ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштың: тым болмаса ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің. Қош, бауырым, жолдасым, қош!» — деп көзінің жасын тыя алмай сөзін әзер тоқтатты.
Сөйтіп 7 мартта бейсенбі күні Алаштың тұңғыш құрбанын баянды сапарына жөнелтіп, жұрты тарқасты.
Сол күні біздің басшы азаматтар Қазидың жолсыз өлгені туралы большевик бастықтарымен сөйлесті. Олар: «Біз мұндай жұмысты істе деп ешкімге бұйырғанымыз жоқ. Өз бетімен істеп жүрген бұзақылардың жұмысы», — деп оқ атқан солдаттарды айыптады. Сонан кейін атушы солдаттар веннореволюциялық сотқа берілді.
«Қази марқұм жасы 22-де, Семей уезі, Еңірекей болысында сыбан деген рудан еді. Жасынан кедейшілікпен алысып, талайымен оқып келіп еді. Семейден екі класты школды бітіргеннен кейін, бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Ендігі жылы бітіремін деп жүргенде, ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген жолдастарымен милицияға жазылды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді. Марқұм ақ көңіл, талапкер, жігерлі жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті, ұлтының жолында жанын құрбан қылды. Жасаған ие есесін толтырып, кейінгі жастардан орынбасар шығарсын.
Басшы азаматтарымыз және облыстық қазақ комитеттері кеңесіп марқұмның басына тас қоюға және жақсылап белгі, бейіт салуға қаулы қылды. Қазидың оқуға жасы жеткен бір інісі бар еді. Соны оқытуға стипендия ашты. Кәрі ата-анасына, қатын-баласына жеті мың сом ақша бермек болды.
Жастар ұйымы марқұмның жетісі толған күні жұртты шақырып, құран оқытты, дұға қылдырды.
Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалады. Бірақ біздің бұдан үлкен алып жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек.
Рухың шат болсын, шейіт болған Алаштың шын баласы! Біз де сенің ізіңде. Қош, жолдасым!
( Бейімбет)


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет