«КӨҢІЛ... От жанды, ұлт қанды, есіл қыршын жас Қази бауырымыздың мезгілсіз қаза тапқанына өте қайғырамыз. Бірақ Қазидың арманы жоқ— ұлт жолында тұңғыш құрбан болды. Жастарға жолбасшы жұлдыз, түпкі идеал болды. Біздер Қазиды және оның үлгілі жолын ұмытпасқа, құдай алдында, ар алдында уәде бердік. Сол уәдеге бірінші негіз салу үшін 20 апрельде қазақша «ойын» жасап, түскен сап пайданың жартысын, артта қалған бір жасар ұл баласының тәрбиесіне бермекші болдық. Және басқа уақыттарда жәрдем көрсетіп тұруға қаулы істедік.
«Бірлік» қауымының жастары...»
Міне, осы «ант уәделерін» мықтап ұстаған. Және Семей жастарының өкілі Мұхтар Әуезұлы Совет үкіметіне қарсы болған. Қостанай жастарының өкілі Мұрзаұлы қарсы болған. Тартыс едәуір қызған. Біздің өкілдердің дүмпуімен көпшілік ақырында: «...Совет үкіметін танимыз, өзімізге тимесе...» деген қарар шығарған. Және съездің көпшілігінің қаулысы бойынша Ақмола, Семей, Қостанай губернияларындағы барлық жастар ұйымдарының аттарын қалдырып, жалпы бір атпен «Жас азамат» деуге қаулы қылған. «Жас азаматтың» басқармасын (ЦК) сайлаған. Басқармасының төрағалығына Мұрзинді, мүшелігіне: Смағұл Садуақасұлын, Мұратбек Сейітұлын, Гуля Досымбекованы, Әбдірахман Байділдаұлын сайлаған. Әбдірахманды «сол» пікірлілердің (Досұлы, Қамза, Жанайдар, Абдолла) дүмпуімен сайлаған. «Жас азамат» ұйымының тілі қылып «Жас азамат» атты газет шығармақ болған. Газеттерін Қызылжарда жабылып қалған Көлбайдың газеті «Үш жүздің» орнына шығармақ болған. Шығарушылыққа Кемеңгерұлын сайлаған...
Омбыдан бұл съезден қайтып, Абдолла Қызылжар қаласына келген. Ондағы большевиктердің, Совдептің бас адамдарының бірі Ысқақ Көбекұлы, Шаймерден Әлжанұлымен, Кәрім Сөтешұлымен сөйлескен. Және сол Омбыға барып келе жатқан Көкшетау совдепінің мүшесі, большевиктерінің бастықтарының бірі Сабыр Шәріпұлымен — бәрі бас қосып сөйлескен. Бұл төртеу-бесеуі бас қосып сөйлесіп, большевик партиясына қазақ жұмыскер-жалшыларын көбірек шақыруға және «Алашордамен» оңдап күресуге план жасаған.
Біз Абдоллаға:
— Омбы қалай?.. Омбыдағы қазақ жұмыскерлері қалай?.. Пароходта, темір жолда жұмыс қылатын қазақтар?.. Және Қызылжардағы жұмыскерлер қалай екен? — дедік.
Абдолла:
— Қызылжардағы біраз жұмыскерлер қолдарына мылтық алып, қайрат қылып жүргені белгілі ғой. Бұлардың бастығы Ысқақ Көбекұлы. Бұлар тіпті жақсы. Анау күні Қызылжарда Совдепті құлатпақ болып ақтар қауіп қылғанда бұлар көп қайрат көрсеткен. Онан соң Омбы жұмыскерлері де жақсы. Жиырма шақты қазақ жұмыскерлері қызыл әскерге тіленіп жақында кірді. Көзі ашық бастықтарын көрдім, біртүрлі жақсы... Угар Жәнібекұлы, Мұхаметқали Тәтімұлы, Қазыбек Мұқайұлы... — деді.
Бұлар қазақ жұмыскерлерінің кәдімгі өзімізге белгілі жыл құстары.
Бұлар ең алдымен бір қолымен қызыл ту көтерген, бір қолымен пулемет көтерген шын батырлар. Бұлардың ішіндегі Угар Жәнібекұлы 1912 жылғы жер-дүниеге мәлім Сібірдегі Лена заводындағы жұмыскерлер атылуында болған жігіт (знаменитый Ленский расстрел). Біреулер Абылайдың Кенесары, Наурызбайдың, Сыздықтың «батырлықтарын» аузының суы құрығанша мақтайды. Бұлардың батырлықтары ел талау ғана еді, ал шын батырлар әлгі қызыл ту ұстап, қызыл әскер болып, еңбекші табы үшін оққа қарсы шыққандар. Міне, бұларды мақтауға болады.
Бұлар туралы бажайлап кейін айтармын...
Сөйтіп, Омбы, Қызылжардан қайтқан Абдолланың баяндамасын тыңдадық. Абдолла қылған баяндамасында Советке қауіпті жайларды да айтты:
— Офицерлер, байлар, казак-орыстар жақында бір ереуіл жасамай қоятын емес. Ол жерде, бұл жерде, офицерлер, байлар, казак-орыстар жиналып қозғалып, даярланып жүргендерін көп айтады. Көкшетауда казак-орыс офицер Анненков деген орман арасында әскер жинап жүр дегенді Сабыр Шәріпұлы айтып, оларды құртуға Омбыдан күш сұрап еді. Омбы мұны елеген жоқ. Келе жатып, жолшыбай, мұның анық екенін мен өз көзіммен көрдім. Менің алдымда, бір станцияда Анненковтың жарақты казак-орыстары почтаны талап, бір-екі милициясының мылтығын тартып алып кетіпті. Көкшетау маңайында да осындай көрінеді. Онан соң, Омбыдағы «Алашорданың» адамдары, «Бірлік» ұйымының бастықтары да бірдемеге астыртын даярланып жүрген тәрізді. Олардың да аналармен астыртын сөздері бар тәрізді. «Алашорда» жастарының біреуі бір жерге бір жасырын сөзге барып келді десті. Онан соң Қызылжар маңайында тіпті жаман көрінеді. Түнеугі бунт шығарғандардың түпкі аман қалған тамыры қайта қозғалып жатқан тәрізді... —деді.
— Біздің, әлгі Омбы, Қызылжарға қару-жарақ сұратып жіберген кісілеріміз қайда? — дедік.
— Олар қару-жарақты едәуір қылып алды. Менімен бірге шығып еді. Мен асығып жүріп кеттім. Олар да енді келіп қалар, — деді.
Әңгіме солай... Бір катер таянған тәрізді. Шала өлген жылан әлін жинап, ақырын қозғалып, қапысын тауып атқуға даярланған тәрізді.
Ақмолада темір жол бойында (вокзалда) жұмыс қылып жүрген, қаладағы Ысқақ байдың көк үйінде жатқан қазақ жұмыскерлерін жарақтандыруға Совдепте мылтық болмады.
Ол екі арада Ақмоланың оңтүстік жағына шыққан Совдеп мүшесі Байсейіт Әділұлы қайтып келген. Совдепке баяндама жасаған. Мұның жүрген жері көбінесе қазақ арасы. Бұл тыныштықтан басқа бөтен сөз айтпады.
Баяндамасынан кейін менің пәтеріме келіп, біраз сипақтап, ел жайын әңгіме қылып отырды да:
— Саған біраз сөз айтайын деп келдім, — деді.
— Не?.. — дедім.
— Сен қалай қарайтыныңды білмеймін... Мен бір жұмыс істеп келдім, — деді.
— Айт енді істегеніңді...—дедім.
— Мен сол арғы елде, бір ауылда, әлгі Қоқан автономиясының бастығы Мұқаметжан Тынышпайұлы мен Серікбай Ақайұлына кез болдым. Қастарында жолдасы бар. Түркістан жағынан жылыстап қашып келеді екен... — деді.
— Е, олар қайда? — дедім.
— Олар Семей кетті, — деді былжырап.
— Қалай кез болдың?.. Неге алып келмедің?.. — дедім.
— Алып келуге ұялдым... Бір ауылда түстеніп, бөлек қоста жатыр екен. Салт атқа мінген. Киімдері ишандардың киімдеріндей. Мен әлгі ауылдың иесінің үйіне келіп түсіп едім... Бір ауылдан естіп келіп едім. Әлгі ауыл иесінің үйіне түсіп біраз отырған соң: «Тынышпайұлдарын барып көрейін», — дедім. Ауыл иесі де жаман қорықты. Тынышпайұлы да жаман қорықты. Қостарына бардым. Екеуі де бір түрлі түстері бұзылып. Сасып, менімен түрегеліп амандасты. Сонан соң амандасып, көңілдерін орнықтырдым, — деді.
— Сөйтіп қоя бердім де... — дедім.
— Иә... Тигем жоқ. Қайта жүретін жолдарын туралап, жолдағы елдерін айтып жібердім... — деді.
Міне, саяси дұшпанына, «Алашорда» бастықтарына біздің жолдас бүйткен.
Ал «Алашорда» қайтер еді?.. Бұған дүдамал жауап жоқ. «Алашорданың» қайткенін көргеміз, көреміз...
Ақмоланың орыс, қазақ болыстарында, болыстық, ауылдық совдеп сайлатуға елге комиссарлар шығардық. Сайлауға қолдары босарлық Совдеп мүшелері мен көбінесе «Жас қазақ» ұйымының жастары шықты. Сайлау нұсқаларын өзіміз жасап бердік...
Совдепке Қызылжар, Омбыдан бір-екі тығыз телеграмма келді. Бірінде: «Ресейден Сібірді басып еліне чехословак әскері қайтып барады. Бір бөлегі Қызылжарға келді. Бұлар совет үкіметінің қару-жарақтарыңды тастап кет деген бұйрығына көнбей келеді. Бұлардың жарақтарын алып жібер деген бұйрық бар. Қызылжар Совдепі отарбада, вокзал маңына келіп тұрған чехословактарға «жарақтарыңды қалдыр» деп сөз салып тұр. Чехословактардан көбінесе жанжал шығуға мүмкін. Сіздерде қамсыз болмай тұрыңдар...»—деген.
Екінші телеграммада: «Тез әскер жасауға пәлен жастағыларды жинаңдар...»— деген.
Совдептің мүшелері дағдарыңқырады... Тағы да соғысқа баруға ешкімнің ынтасы жоқ екені жұрттың бәріне белгілі.
Қалай болар екен? Қалай қылу керек?
Совдеп дағдарса да, белгілі жастағыларды әскерге жинауға (мобилизация қылуға) тығыз жарлық шығарды.
Совдептің мәжілісінен пәтерлерімізге қайттық. Ертеңінде таңертең менің пәтеріме Бәкен келді. Қызмет қылмайтын күн еді.
— Немене? Не хабар бар? — дедім.
— Еш хабар жоқ. Тым-тырыс. Жанжал болады ғой, түрі жаман. — деді.
Сол күні Бәкен, Абдолла. Өмірбай, Нұрғайын — бәріміз Есіл бойына, көкке шықтық. 1918 жылдың жазы шыққалы қаладан бірінші ғана көкке шыққанымыз сол еді. Көкке аунап. Есіл жағасында жаттық. Алтыатармен нысана аттық. Есілдің жағасы көк жапыраққа оранған. Қалың, көкөрім тал. Біз жатқан жер талсыз жиек. Көк шалғын. Есілдің суы көкпеңбек көк жібектей иреңдеп, шымырлап ағады. Аспан да жұп-жұмсақ көк торғындай. Алыстағы далалар да көкпеңбек... Балдырған көк жапырақты көк-өрім тал. Көкорай шалғын. Көк иірім мөлдір су. Көк торғын аспан. Жер де, аспан да — бәрі де көкпеңбек. Ауа толған жаздың дымқыл жас жұпар иісі бойды алады. Қалың көк жібектің үстінде аунап бой жазғандай әнгімелесіп жаттык. Жүрек бір зор істі сезгендей соғады.
V. ЧЕХОСЛОВАК ЛАҢЫ, АҚМОЛАДА СОВЕТ ҮКІМЕТІНІҢ ҚҰЛАУЫ