Төлдеу және оның реттелуі. Төлдеу немесе туу деп іштегі төл мен оның жолдасының аналық жыныс ағзаларынан қуылып шығуын қамтамасыз ететін күрделі физиологиялық үдерісті айтады. Қалыпты туу үдерісі іштөл толық жетіліп, сыртқы орта жағдайларында тіршілік етуге дайын болған кезде басталды.
Туу үдерісі кенеттен бастала салмайды, организм оған алдын ала дайындалады. Туар алдында жатыр мойнын қоршап тұрған ұлпалар, қынап, жыныстық ернеулер ісіне бастайды, мал желіндейді, желінде уыз түзіледі мал уызданады. Жыныс жолдарының байлам аппарттары босаңсып, құйымшақ түбінде ойыстар пайда болады. Байлам аппаратының босаңсуы сары денеден бөлінетін релаксин гормонының әсерімен жүреді.
Сары дене мен жолдастан бөлінген прогестерон гормоны буаздық кезінде жатыр еттерінің қозғыштығын төмендетіп, төлдің өсуімен байланысты оның керіліп, үлкейіп отыруына мүмкіндік тудырады. Буаздық соңында бұл гормонның бөлінуі тоқтайды. Жолдастың эндокриндік қызметі толастап, аналық бездің қызметі жанданады да, ол бөлген эстрогендердің әсерімен жатыр еттерінің ацетилхолинге, окситоцинге сезімталдығы артады. Прогестеронның тежеуші ықпалының жойылуы және ацетилхолин мен окситоциннің қоздырғыш әсерінің күшеюі салдарынан жатыр туу үдерісіне дайындала бастайды. Организмде гормондар баланысының өзгеруі салдарынан туу үдерісін қамтамасыз ететін жатыр қимылдары туындап, толғақ баталады. Өсіп жетілген төл қимылдарының жатыр интерорецепторларына қоздырушы әсері бұл үдерісті күшейте түседі.
Туу үдерісі.Туу үдерісін үш кезеңге бөледі: жыныс жолының ашылуы, төлді шығару, шудың бөлінуі.
Бірінші кезеңде бірнеше сағат бойына мал толғатады да, жатыр мойыны ашылып, жатыр ішіндегі қысымның жоғарлауына байланысты одан шыққан қағанақ жыныс жолдарын кеңейтеді. Қағанақ жарылған кезде одан бөлінген сұйық жыныс жолдарын шайып, оны тегістейді, оған жыпылдақтық қасиет береді. Бұл кезде жолдас пен жатыр байланысы үзілмейді де, төл кіндік арқылы оттегімен және қооектік заттармен қамтамасыз етіледі.
Туудың екінші төлді қуу кезеңі, әлде қайда қысқа келеді. Сиырда ол 20 минуттан 1-2 сағатқа, биеде 5-20 минутқа созылады. Жатыр мойнынан өткен төл жатыр мен құрсақ еттерінің үйлесімді жиырылуы нәтижесінде қынап арқылы аналық жыныс жолынан сыртқа шығады да, кіндікбау үзіліп, жолдас жатырда қалады. Осы кезден бастап төлдің аналық организмімен байланысы тиылып, ол дара даму сатысына өтеді.
Үшінші- шудың бөліну кезеңі, мал туғаннан соң 10-25 минуттан кейін басталады. Жатырдың топтасқан жиырылуларының салдарынан жатыр қуысынан төл жолдасы, қағанақ пен кіндікбау қалдықтары бөлінеді. Сиырда шу төлдегеннен кейін 8-10 сағаттан кейін, қой мен ешкіде одан ертерек, биеде 0,5-1сағаттан кейін түседі. Мегежін шуды ары торай туылған соң бөліп отырады.
Мал көбінесе түнде төлдейді. Айқай шу, тым күшті жарық туу үдерісін тежейді.
Мал төлдегеннен соң жатырда инволюция үдерісі жүреді де, жатыр еттерінің серпімділік қасиетінің арқасында бірнеше сағат ішінде жатырдың мөлшері айтарлықтай кішірейеді.