Заттармассасының сақталу заңы Атом-молекулалық ілім тұрғысынан химияның негізгі заңдарын: заттар массасының сақталу, құрам тұрақтылық, көлемдік қатынас және Авогадро заңдарын қарастырамыз. Бұл заңдар ж а ң а химияның негізі — атом-молекулалық ілімді дәлелдейді. Ал атом-молекулалық ілім химияның негізгі заңдарын түсіндіреді.
Заттар массасының сақталу заңын ең бірінші болып М. В. Ломоносов тұжырымдады (1748 ж.). Кейін (1756 ж.) ол заңды тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Заңның қазіргі кездегі тұжырымдамасы:
химиялық реакцияға қатысатын заттардың массасы реакция нәтижесінде түзілетін заттардың массасына тең болады. Ломоносовқа тәуелсіз бұл заңды 1789 ж. француз химигі Лавуазье тұжырымдады. Ол металдардың тотығу реакцияларының көпшілігін зерттеп заңға эксперименттік дәлелдер алды.
Атом-молекулалық ілім тұрғысынан заттар массасының сақталу заңы былай түсіндіріледі: химиялық реакцияда атомдар жоғалып және жоқтан пайда болмайды; атомдардың жалпы саны реакцияға дейін және реакциядан кейін тұрақты болады. Мысалы, екі атомды сутегі және хлор молекулалары әрекеттескенде түзілетін НСІ молекулаларының саны сутегі мен хлор атомдарының саны екіге тең болып қалатындай болуы керек, яғни екі молекула түзіледі:
Н2 + С12=2НС1
Әрі, атомдардың массалары тұрақты болғандықтан заттардың реакцияға дейінгі және кейінгі массалары өзгермейді.
М.Ломоносов заттар массасының сақталу заңын энергия сақталу заңымен (қозғалыс шамасы) байланыстырып, оларды табиғаттың жалпы заңы деп қарастырады. Бұл заңды ол 1748 ж. былайша тұжырымдады: «Табиғатта болатын барлық өзгерістердің мәні — бір денеден қанша кемісе, екінші денеге сонша қосылады. Мысалы, егер бір жерде бірнеше материя кемісе, онда басқа жерде қосылады. Табиғаттың бұл жалпы заңы қозғалыс ережесіне де тән: қандай күшпен дене басқа денені қозғалтса, сонша күшті өзінен қозғалыс алатын денеге береді».
Сонымен, заттардың массасының сақталу заңы мен энергия сақталу заңы — табиғаттың жалпы заңының екі жағы — материя мен оның қозғалысының мәңгілік заңы. Қазіргі ғылым Ломоносов көзқарасын дәлелдеді. Масса мен энергия арасындағы байланыс (физикада қарастырылады) Эйнштейн теңдеуімен өрнектеледі:
(1.5)
мұндағы Е —энергия, m— масса, с — вакуумдағы жарық жылдамдығы.
Заттар массасының сақталу заңы химиялық реакциялардың теңдеулерін құрастыруға материалдық негіз болады, оған сүйене отырып химиялық теңдеулер арқылы есептеулер жүргізуге болады.