Жай сөйлемнің құрылымдық коммуникативтік түрлерінің интонациясы
Жалпы тіл білімінде ғалымадардың сөйлемді түзетін негізгі белгілердің бірі ретінде және сөйлемдердің құрылымдық-коммуникативтік түрлерін даралауда интонацияның маңызы зор екені туралы пікірлері айқын көрінеді. Шындығында да сөйлеу тілінде ғана емес, жазба тілде де сөйлемдегі сөздерді семантикалық-құрылымдық топтарға, яғни синтагмаларға бөлуде, оларды бір-бірімен байланыстыруда интонацияның мәні айтарлықтай. Олай дейтініміз жазба тілдегі творчестволық процесте әр автор, әр жазушы жазып отырған мәтінді яғни жазба тілін әр уақытта ритмикалық топтарға, синтагмаларға бөліп қана қоймай, оның интонациясын да «естіп» отыратыны табиғи жайт.
Жазушының, яғни жазба мәтін авторының өзі жазған мәтінде тыныс белгілерін қоюы да соның айғағы болса керек.
Н.В.Черемисина осы проблема туралы өз еңбегінде «писмменный текст всегда «звучит» для автора и озвучивается – реально или мысленно – читателем», - дейді.
Алайда интонацияның барлық компоненттерінің ерекшеліктерін, мысалы, оның негізгі тонының жиілігін, ұзақтылығын, қарқынын, интенсивтілігін жазба тілінде көріп білу, оны «оқып шығу» оңай емес.
Мәтіннің күрделі түрлеріндегі интонацияның единицаларын, компоненттерін, оның басқа да көріністерін оларға ерекше зер салып, экспериментті түрде зерттеу арқылы ғана анықтап, білуге болады.
Өзге тілдердегідей қазақ тілінің де сан алуан синтаксистік-коммуникативтік құрылымдарында интонация және оның единицалары мен компонеттері орын алып, олардың өзара күрделі де әрқилы қатынастарға түсетіні анық. Қазақ тілінің конструктивті-синтаксистік, яғни статикалық – жазба түрінде де, коммуникативті – синтаксистік, яғни динамикалық – сөйлеу тілінде де интонацияның көріністері мен белгілері және олардың өзіне тән орны бар.
Мұны сөйлемнің жазба түрінде ешбір техникалық әдіссіз – ақ көзбен көріп, құлақпен естуге болады. Мысалы, бастауышы да, баяндауышы да қосымшасыз түбір сөздерден жасалған жай сөйлемдердегі есім сөздердің бастауыштық – баяндауыштық функциялары, олардың сөйлемдегі белгілі бір орын тәртібімен (бастауыш – бірінші, баяндауыш – екінші) анықталмайды, ең алдымен бұлардың сөйлем құрап тұрғанын және оның біріншісі-бастауыш, екіншісі – баяндауыш болып тұрғанын осы сөйлемге тән интонация ғана анықтайды. Мысалы: Ол – студент, (сөйлемнің құрылымдық схемасы S-P немесе N-N) деген сөйлемді алайық. Бұл сөйлемнің бастауышы (ол) мен баяндауышы (студент) пауза арқылы екіге бөлініп, жай хабарлы сөйлемге тән соңына қарай баяу төмендейтін көтеріңкі-бәсең интонациямен айтылып тұр; сондықтан да бұл екі сөзден тұратын жалаң сөйлемнің әр мүшесі бір ырғақты топқа, синтагмаға теңеліп тұрғаны анық. Осы сөйлемнің интонациясының реңкі өзгертіліп айтылса, ол сол күйінде тұрып, ешбір құрылымдық өзгеріссіз-ақ басқа эмоциялық мағынаға ие болады. Мысалы Ол – студент деген сөйлемнің интонациясын хабарлы жай сөйлемнің соңына қарай баяу төмендейтін көтеріңкі – бәсең түрінде емес, бастауышы мен баяндауышы алғашқыдағыдай паузамен бөлінгенмен, бірақ баяндауышы төмендемей бастауышпен бір деңгейде, жоғары; сондай-ақ баяндауышының айтылу ұзақтылығы басымырақ және жоғарырақ келетін жеңіл тоңда өрнектелсе, онда сөйлемнің эмоциялық мағынасы көтеріңкі болып, мақтанышты, қуанышты білдіреді. Яғни, «ол бұрынғыдай мектеп оқушысы емес, енді оның студент» екенін, есейіп, бұрынғыдан жоғары статусқа ие болғанын білдіреді. Ал егер Ол – стуадент деген сөйлем тоны төмен, бастауышы мен баяндауышының айтылуы ұзағырақ, тембрі мысқылды интонациямен айтылса, онда оның, яғни, субъектінің нақты жағдайда студент болғаны орынсыз, (студенттікке лайық емес) екенін көрсетеді.
Енді жоғарыдағы сөйлемнен өзгеше Ол студент // сабаққа келмей жүр (S-P не N-Vf) деген сөйлемнің айтылу интонациясының ерекшеліктерін қарап көрейік. Бұл екі ырғақтық топтан, яғни екі синтагмадан құрылған, бастауышы ырғақтық топтан, яғни екі синтагмадан құрылған, бастауышы мен баяндауышы паузамен бөлініп, бастауыш тобы болып тұрған сөз тіркесінің Ол студент (есімдік ол – анықтауыш, зат есім студент – анықталушы сөз) айтылу ұзақтылығы, жалаң сөйлемнің Ол деген жалғыз сөзден болған бастауышының айтылу ұзақтылығымен барабар келетін сөйлем болады. Сөйлемнің жалпы интонациясын алып қарасақ, екі ырғақты топтың арасындағы паузасы тым қысқа, шамалы ғана болады. Сондай-ақ баяндауыш болып тұрған екінші ырғақты топтың басы мен бастауыш болып тұрған ырғақты топтың соңы бір тоналды деңгейде беріліп, баяндауыш болып тұрған ырғақты топ соңына қарай төмендегенмен, бас жағы акценттеліп нық айтылып тұр. Келтірілген сөйлеманің интонациялық сызығы оның жалпы коммуникативтік мағынасының кінәләушілікті білдіріп тұрғанын көрсетеді.
Ол студент // сабаққа келе алмай жүр деген сөйлемнің екі ырғақты тобының арасындағы паузасы алдыңғы сөйлеммен салыстырғанда ұзағырақ, ал осы алдыңғы сөйлемдегідей үш сөзден емес, төрт сөзден тұратын баяндауыш тобының айтылу ұзақтылығы – алдыңғы сөйлемнің баяндауышымен бірдей берілген және көтеріңкі айтылып акценттелген сөз сөйлемнің аяғына жақын орналасқан. Бұл сөйлемнің интонациясының мағынасы аяу, есіркеуді білдіреді (келе алмай жүр).
Сонымен интонация компоненттері әртүрлі коммуникативтік, эмоциялық мазмұнға ие болып, сөйлем ішінде өзара қатынастарға түсіп, сөйлемнің жалпы мазмұны мен эмоциялық реңкін түрлендіруде айрықша қызмет атқарады.
Қазақ тілінде бастауышы мен баяндауышы сөйлемнің предикативті өзегін құратын екі құрамды сөйлемдермен қатар бір ғана тұрлаулы мүшесі бар, яғни не бастауыштан, не баяндауыштан ғана тұратын бір құрамды сөйлемдер де бар екені белгілі. Олар баяндауыш құрамынан болатын жақсыз сөйлем, жалпылама жақты сөйлем дейтіндер және бастауыштан ғана (бастауыш құрамынан) тұратын атаулы сөйлемдер. Егерде олар жеке есім сөздерден, не есімге бағынышты сөз тіркестерінен болып айрықша сөйлемдік интонациямен айтылса, атаулы сөйлем болады. Мысалы: Көктем. Көкорй шалғын. Сайраған құстар. Бұлар «S» не «N», деген формуламен жазылады. Атаулы сөйлемдер әдетте осы шақта тұрып, айналада, өмірде қазіргі ситуацияда болып жатқан объективті құбылыстарды атайды. Бұл атаулы сөйлемдерді сөйлем қатарына қосып тұрған жалпы сөйлемнің 3 белгісінің бірі болып табылатын интонация ғана.
Соңғы кезде атаулы сөйлемнің тағы бір түрі деп вокативті сөйлемдер айтылып жүр. Вокативті сөйлем деп өзіне ғана тән тоны, ұзақтылығы, акценттелуі бар айрықша интонациямен айтылатын, екі ара сөйлеушілерге ғана белгілі, ерекше предикативті маңызы бар, қаратпа сөздерді айтады. Мысалы, анасы баласына қарап: Бұл істеп тұрған ісің дұрыс емес деп, қанша айтамын, деген сөйлемді жалғыз ғана ерекше интонациямен айтылған Ба-а-ла-ам! Деген қаратпа сөзбен-ақ білдіреді. Бұл жерде Балам!-деген қаратпа сөз жоғарыда аталған компоненттерімен бірге айрықша интонация арқылы сөйлем деңгейіне көтеріліп, сөйлем мазмұнына ие болып тұр.
Мұндағы интонацияның компоненттерінің ролі мен көрінісі – баса атап кететін жайттардың бірі: Балам деген вокативті сөйлем болып тұрған сөздің әр буынының айтылу ерекшелігінің мәні зор, бірінші буын көтеріңкі тонмен интенсивті айтылса, екінші буын нық акценттеліп созылыңқы айтылып барып тоқтайды.
Қазақ тілінде бастауышы жоқ, жалғыз баяндауыштан тұратын бір құрамды сөйлемдер де бар. Мысалға жалғыз етістіктен тұратын сөйлемді алып қарайық: Білеміз (құрылымдық сехамасы Vfp11) деген сөйлем (ешбір өзгеріссіз) интонациясына қарай түрлі мағынаға ие болуы мүмкін. Мысалы, бұл сөйлем жай саябырлы орта деңгейлі тонмен айтылса, хабарлы жай сөйлем болады. Ал жоғары, жеңіл тембрлі, жарқын тонмен айтылса, қуанышты, ризашылықты білдіретін сөйлем болады. Егерде бұл сөйлем созылыңқы, ұзағырақ, төмен тонды, зілді тембрмен айтылса, онда жақтырмағандықты, кекесінді, мысқылды білдіреді: «Сенің, немесе оның кім екенін білеміз» деген сияқты мағынада қолданылады.
Сонымен, интонацияның тоны, ұзақтылығы, интенсивтілігі, тембрі тағы да басқа компоненттерінің қасиеттері сөйлемнің коммуникативтік, эмоциялық мағынасына зор әсер етіп, оны өзгертіп және түрлі реңкке бояп отырады.
Жай сөйлемдер айтылу мақсатына қарай төртке бөлінеді. Олар: хабарлы, сұраулы, бұйрықты және лепті сөйлемдер. Бұл сөйлемдердің құрылымдық ерекшеліктерімен қатар, олардың бір-біріне ұқсамайтын интонациялық көріністері де бар.
Достарыңызбен бөлісу: |