Индустриялық елдер шаруашылық құрылымы . Бұл топшадағы елдерге шетел инвестициясы мен жоғары технологиялар, арзан жұмыс күші есебінен экономиканың, әсіресе өнеркәсіптің жоғары қарқынмен дамуы тән. Олардың арасында өндіруші және өңдеуші өнеркәсіп қатар дамыған елдер тән. Индустриялық елдердің басым көпшілігін жаңа индустриялық елдер құрайды. Жаңа индустриялық елдердің екі негізгі даму үлгісі белгілі:
– Азиялық үлгі ұлттық экономиканың басым түрде сыртқы нарыққа бағыттау негізінде дамуымен ерекшеленеді;
Латынамерикалық үлгі ұлттық экономиканы импорт алмастырушы бағытта дамытумен сипатталады.
Дамудың азиялық үлгісі тән болатын жаңа индустриялық елдер арасында Малайзия мен Таиланд айырықша көзге түседі. Бұл елдердің әлемдік ЖІӨ үлесі 1%– ды құрайды, соған қарамастан олардың ұлттық экономикасының құрылымы дамыған елдерден айырмашылық жасайды.Мысалы: Таиландта ауылшаруашылығының үлесі дамыған елдермен салыстырғанда, әлі күнге дейін жоғары (8,2%), ал қызмет көрсету саласының үлесі 55,6% құрайды.
Постиндустриялық елдердің шаруашылық құрылымы. Постиндустриялық елдерде ғалымдар «жаңа экономика» деп атаған экономикалық феномен қалыптасуда. Оның құрылымына білім беру, ақпараттық –коммуникациялық нарықтар, инновациялық өндіріс, жоғары технологиялар саласы, ақыл – ой қызметтерін көрсету(кеңес беру, маркетинг, талдамалы қызметтер және т.б.) жатады.
Жаңа тұрпаттағы экономиканы кейде «ақпараттық экономика» немесе «білім экономикасы» деп те атайды. Өйткені жаңа экономикада өнім өндіруде білім мен ақпарат жетекші орын алады. Аталған елдерде ауылшаруашылығының ЖІӨ–дегі үлес салмағы 2–5%–дан аспайды.
Дамыған елдердің көпшілігінде өнеркәсіп үлесі жылдан –жылға қысқарып келеді, қызмет көрсету саласының үлесі 70% – дан асады. Постиндустриялық елдер экономикасының ашық сипатта болуына салықтық–заңнамалық жағдай мен инвестициялық саясат қана емес, көрінбейтін экспорт (көлік және қаржы қызметі, туризм, байланыс, ақпараттық қызмет көрсету) та әсерін тигізеді.