Кез келген мемлекеттің тарихы сол елдің, халықтың тәуелсіздік жолындағы саяси күресі тарихымен, өзектес келеді. Ал саяси күрестің нәтижелі болып, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруы оны басқарған қайраткерлердің еңбегі мен басшылыққа алған саяси және құқықтық ілімдерінің өміршендігіне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудағы ұлы мақсаттарын жүзеге асыруға кіріскен Қазақстан Республикасының тұтас тарихын жасау үшін оның мемлекеттілігінің қайнар бастауына, әр дәуір, кезең сайын өсіп-өркендеп, қалың бұқараның басым көпшілігін өз соңына ерте білген, елдегі саяси күштерді, қозғалыстарды біртұтас Алаш қозғаласына ұластырып, ұлттық-демократиялық бағыттағы Алаш партиясын ұйымдастырған, европалық үлгідегі Алашорда үкіметін құрып, соның нәтижесінде Алаш автономиясын жариялаған Алаш қайраткерлерінің өмірін және олардың саяи, құқықтық көзқарастарын зерттеудің маңызы ерекше болмақ. Сондықтан еңбегімізде ХІХ ғасырдың соңында Ресейдің аса ірі ғылыми орталықтарында білім алып, әуелі ағарту ісіне, кейін саяи күреске белсене қатысқан, біртіндеп оның қазақ даласындағы жетекші күштеріне айналған қазақ зиялыларының Алаш қозғалысы төңірегіне топтасуы, сол негізде Алаш партиясының құрылуы мен оның қызметінің басты кезеңдеріне жан-жақты баға берілді. Алаш партиясының негізгі ұйымдастырушылары европалық білім алған қазақ зиялыларының алғашқы буыны Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Х.Досмұхамедов т.б. халық арасынан шығып, қазақ даласында оқу-ағарту, әдебиет пен публицистика саласындағы қызметті өрістеткен А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты халық қайраткерлерімен ортақ мақсат жолында рухани және саяси одақ құруы Алаш қозғалысын қазақ даласындағы бірден-бір жетекші саяси күшке айналдырды.
IV.Пайдаланған әдебиеттер
Ахмет Байтұрсынұлы — Уикипедия (wikipedia.org)
Алаш партиясының бағдарламасы — Уикипедия (wikipedia.org)
«Алаш» бағдарламасы: Қиянат пен ақиқат Qazaq газеті (qazaq1913.com)