239
Жылап болған соң, осы әңгімелерді айта отырып, балалардың
сабақ оқымай келу себебін анықтадық: аударылуға тиісті
мәтінде (текст) таныс емес сөз көп екен. Сөздік жоқ. Сонымен,
тапсырма орындалмаған. Үйге тапсырманы берерде әуелі өзі он
ойланып, жүз толғануы керек еді. Сабақ көңіл күй мен
оқушылардың ырқында кеткен.
Соңынан келесі сабақтың жоспарын жасадық. Минуттарға
бөлдік, есептедік. Оқушыларға қайтадан кіріп, келесі жолғы
сабаққа не дайындап келуі керек екенін айтып шығуын өтіндім.
Оқушылар үйіне мұғалімнің жеңілісіне мәз болып қайтпауы
керек.
Ең соңында не қылдық дейсіз ғой, бүгінгі 6 қазан күнін қойын
кітапшама белгілеп алдым да, келесі жылы осы күнді күле еске
алып, атап өтетінімізді айттым. Айсұлу бике ол күнге ат қойып
та жіберді: Математика – «Бір өкініш, бір үміт». Мұғалім Гүлжан
күледі, «былтырғы мен жылап шыққан күнді белгілеп алмадыңыз
ғой», – деп. Былтыр тура осы оқиға оның да басынан өткен-ді.
Сонымен, келесі жылдан бастап, 6 қазан лицейдің жас
мұғалімдеріне арналған күн болып белгіленді.
Достарыңызбен бөлісу: