Таланттар



Pdf көрінісі
бет165/256
Дата31.12.2021
өлшемі2,04 Mb.
#21362
1   ...   161   162   163   164   165   166   167   168   ...   256
Байланысты:
А.Қыраубаева. Жаным садаға. Пед.енб. 4-т.

ТӨБЕКӨЗ ДӘУ 
 
–  Балам,  баяғы  заманда  жау  қуған  кезде  Аруз  деген  кісінің 
баласы қоржыннан түсіп қалыпты. Баланың түсіп қалғанын Аруз 
білмейді. Атпен шауып кете береді.  
Жерге,  шөп  арасына  түскен  бала  бақырып  жылайды.  Оны 
қамыс ішінде жүрген бір арыстан естиді. Балаға жақындап келіп, 
емшегін тосады. Ол сылқылдатып еміп алады. Сөйтіп өсе береді. 
Арыстандармен бірге төрт аяқтап шапқылайды. Күшті болады. 
Бір  күні  арыстандардың  ішінде  жүрген  баланы  біреу  көріп 
қалады. Келіп Арузға айтады. Аруз өзінің жоғалған баласы екенін 
сезеді. Нөкерлерін жіберіп, баланы ұстап әкеледі. Баланы танып, 
қуанады. Оған Бисат деп ат қояды. Бисат батыр болып өседі.  
Аруз  бір  күні  аңға  кетіп  бара  жатса,  алдында  жатқан  месті 
көреді. Таяқпен түртіп қалса, үлкейеді. Үлкейе-үлкейе жарылып 
кетеді. Ішінде маңдайында жалғыз көзі бар бір бала жатыр екен. 
Ол періден туған бала еді. Перінің түрі адам сияқты болғанымен, 
аяқ жағы құс сияқты. Екі қанаты бар. Пырылдап ұшатын. 
Аруз  перінің  баласын  асырап  алады.  Бисатқа  серік  болсын 
дейді.  Ол  кезде  Бисат  өсіп,  жігіт  болған.  Еліне  тыныштық 
бермеген жаулармен соғысуға кеткен еді. 
Төбекөз жыл  санап емес, сағат санап өседі.  Емізген әйелдің 
сүтімен  бірге,  қанын  сорып  алады.  Әйел  өліп  қалады.  Төбекөз 
біраздан соң, орнынан тұруға жарайды. Ол өте ашқарақ еді. Не 
тамақ берсе де, тоймайды. Көзіне не көрінсе, соны жейді. Ақыр 
аяғы, адамды ұстап жей бастайды.  
Қорқыт ата келіп айтады: 
– Біз сені бағып-өсіріп едік  қой. Адамды жеме,  аулақ кет, – 
деп қуып жібереді. 
Төбекөз ауылдың сыртындағы таудың үстіне барып жатады. 
Оның  алыптығы  сондай,  үйге  сыймайды.  Өткен-кеткен  малды, 
адамды ұстап алады. Ел қорлық көреді. Аналар жылайды. 
Сол кезде Бисат оралады. Ауылдағы кісілер болған оқиғаны 
айтады. Бисат елін Төбекөзден құтқару үшін оны іздеп шығады. 


300 
 
Барса,  таудың  баурайында  күнге  қыздырынып  жатыр  екен. 
Арыстан  емізген  Бисат  күшті  еді.  Төменде  тұрып,  садағын 
қолына алады. Кірісіне оқты тіреп, атып қалады. Атқан оғы ала 
өгіздей мөңіреп барып, Төбекөздің қарнына тиеді. Ол оны маса 
шаққан құрлы көрмейді.  
– Мына жердің масасы бар екен! – деп, тыр-тыр қасып жата 
береді. 
Бисат  екінші  рет  атады.  Төбекөз  орнынан  тұрып,  төменге 
қарайды.  
– Әй, бұл кім, әй? – дейді гүрілдеп.  
Бисат: 
– Бұл – мен. Сенімен соғысуға келдім! – дейді. 
Төбекөз қарқылдап күледі. Ол күлгенде тау селкілдеп кетеді. 
Еңкейіп, Бисатты бір саусағымен жерден көтеріп алады. Көзіне 
тақап қарайды: 
– Сен бе менімен соғысатын?! – дейді. 
Бисат: 
– Иә, мен! – дейді. 
– Онда мен сені кешкі тамақ қылайын. Әзір жата тұр! – деп, 
етігінің  қонышына  салып  қояды.  Төбекөздің  етігінің  қонышы 
Бисаттың бойынан биік еді. 
Бисаттың белінде қанжары бар  болатын. Төбекөз ұйықтаған 
кезде  қанжармен  етіктің  қонышын  тіліп  жібереді.  Өзі  сыртқа 
шығады. Төбекөз бір ұйықтаса қатты ұйықтайтын. 
Бисат  бір  темір  қазықты  алады  да,  әбден  отқа  қыздырады. 
Сөйтіп,  ұйықтап  жатқан  төбекөз  дәудің  жалғыз  көзіне  тығып 
алады. Төбекөз орнынан атып тұрып, ойбайлап жылайды: 
– О, жалғыз көзім-ай. Ақ шашты аналардың жалғыз баласын 
жеп,  жылатып  ем-ай.  Ақ  сақалды  қарттарды  зарлатып  ем-ай. 
Ойбай-ай! – деп бақырады.  
Бисат:  
–  Адам  жегіш  Төбекөз.  Сенің  ажалың  келді!  –  деп  басын 
шауып алады.  
Сөйтіп, ел Төбекөзден құтылыпты. 
 


301 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   161   162   163   164   165   166   167   168   ...   256




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет