Тарихи роман жайдан-жай жазылмайды. Өзі дүниеге келген уақыт зәрулігіне бұл жанр да қызмет етпек. Және қызметі бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармадан кем соқпауы тиіс



бет6/12
Дата10.07.2023
өлшемі0,95 Mb.
#104151
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
ДИССЕРТАЦИЯ. ЖӨНДЕЛГЕН

Бірінші тарау бойынша қорытынды

Қазақ әдебиетінде тарихи жанр тәуелсіз ел-жұртымыздың ұлттық сана-сезімінің ересен өсуіне байланысты дамыды. Халық басынан не өтпеді? Бұйырған ризығын сақтап қалу үшін алысты, жұлысты. Сан ғасырлық тірлігінде жеңілді, жеңді. Халқымыз өз тарихын өзі жасады. Ата-бабамыздың сол қиямет қиын жолда көрсеткен қайрат-жігері енді бүгін бізді рухтандыруда.


Ұзақ замандар бойы Ресей империясына бодан болып келген қазақ жұртының тұншыға аңсаған алдымыздан жарқ етіп шыға келгенде, қоғамның кейбір мүшелерінің енді қанжай жолды ұстанарларын білмей, рухани тұрғыдан жағдарып қалғаны да рас.
Бірақ бұл тарихи сілкіністен естерін ең алдымен тез жинап алғандар әдебиетші қауым, ақын-жазушылар болды. Қоғамдық тосын құбылыстарды өздерінше сараптап, көркем ойдың шоғын жаңаша мақаммен қоздатып, шоғын жігерлене үрлеуге жеделдете кіріскендер солар. Баспа беттерінен қазақ халқының арман-мұңын, жоғы мен бары сараптаған әр түрлі жанрдағы шығармалармен бірге тәуелсіз рухының әсерінен заманауи тақырыпты қозғаған романдар да жарқ көре бастады.
Тәуелсіздік кезеңінде қазақ прозасы да жан-жақты жетілу, даму үстінде көрінді. Жаңа уақыт пен қоғамдық құбылыстар, адам еңбегі мен ақыл-парасатындағы өзгешеліктер, нарықтық қатынас пен руханият әлеміндегі артық-кем көріністер ұлттық прозаның шағын, орта, көлемді туындыларынан айқын аңғарылды.

2 ТӘУЕЛСІЗ ӘДЕБИЕТТЕГІ ТАРИХИ ТАҚЫРЫПТЫҢ ЖАЗЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ


2.1 Азаттық идеясының өткен тарих арқылы берілуі (Ұ. Доспанбетов шығармасы негізінде)

Қазақ халқы «Бірлік болмай тірлік болмайды» дейді. Даналық сөз сол ауыр кезеңдерде туып ел жүрегінде жатталған. Алайда жатталғанымен, дұрыс хатталмады. Бірлік идеясын іске асыруға келгенде қазақ халқы бейқам. Доспанбетов шығармасы басынан аяғына дейін осы жәйтті мейлінше тәптіштейді. Үш жүз болып бірігіп қалмақты талай рет ойсырата жеңуін жеңеді-ау, алайда артынша ру дау-дамайының ескі әні қайта басталады. Қырық пышақ ру басылары, хан-сұлтандары, би-батырларының басы бірігіп болмайды. Уақытты ары тарт, бері тарт күндестікпен өткізеді [24, 252 б].


Халықтың сол қым-қиғаш, алмағайып жай-күйін суреттеу үшін қыруар материал керек. Ұзақбай Доспанбетовтың тетралогияны жазар алдында дайындық жұмысын аса бір ыждағаттылықпен жүргізгені байқалады. Ол ел жадында сақталған әңгіме, аңыздарды мұқият жиюмен қатар, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Мәскеу қалаларындағы мұрағаттарда қарсы Отан соғысының бүге-шігесін, ерекшеліктерін жазушы романының қызықты, дәмді етіп жеткізуіне негіз болған. Қайсыбір шығармаларда қазақ сарбаздары 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы кезеніндегідей оп-оңай әскер боп топтаса қойды ғой. Мұндай рет-мөлшері солай болар-ау деп топшылап суреттеуден Доспанбетов тетралогиясы мүлде ада.
«Аңырақай» атанған шайқаста үш жүз боп бірігіп соғысып жауын ойсырата жеңеді. Бірақ жеңістің жемісін пайдалана алмауы салдарынан бодандықтың қамытын тағы да киюге мәжбүр. Алақайлап бөрікті аспанға ататын қуанышы ізінше бас шайқатар мүшкілдікке ауысады.
Аңырақай шайқасы Ұзақбай романына қарағанда қазіргі карта бойынша Жамбыл облысындағы Хантаудың бергі шығыс бетінде Шу мен Отар стансасының аралығындағы алқапта өткен.
1728 жылдың жазында Ордабасы атты тоқпақтай ғана тау маңайында исі қазақтың жақсы мен жайсандары, хандары, биі мен батыры, шешені мен көсемі бас қосады. Бұл енді Бадам өзенінің төменгі сағасына таяу жер. Бадам мен Боралдай қосылып Арыс өзеніне айналатын тұс. Сол кеңесте Әбілхайыр хан үш жүздің біріккен күштерінің колбасшысы болып тағайындалады. Енді романның мына бір жолдарына үңілелік.
«Тіпті басқаны қой, сол Әбілхайырдың өзі шыққан алшын елінің бұрынғы кемеңгері, бұл күнде жаны жанаттағы Әйтеке би Бәйбекұлының о дүниеге аттанар сәтінде «Мен Әбілхайырдан түңілдім. Кіші жүзге басқа көсем керек» деген өсиеті қайда қалды? Осындағы ұлы жүз, үйсін елінің бүгінгі ғұламасы Төле бидің «түлкі тұмсық жан екен, Әбілхайырға сенім арту шалалық» деген әулилелігі неге тәрік етілді? Енді сол Төле бидің, үш жүздің ұлы ханы Болаттың ұйытқысымен Жетісу мен Арқадан, Қаратау бойы мен Сырдариядан, Жайық пен Арал ойысынан ат арытып жеткен дуалы ауыздардың сол бір талайдың тұла бойын мұздатқан Әбілхайырды бастарына моншақ етіп көтергендері не сасқандары? Қай сайтанның азғыруымен жүзеге асқан шаруа? Ата жауға қарсы күресте еркек кіндіктінің делебесін қоздыра білген Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, алшын Тайлақ, Есет, үйсіндегі Саурық, Саңырық, Хангелді сынды сақа батырлардың ауызға ілікпеуіне не себеп?» [25].
Бұл – Есенгелді бидің монолог-толғақтарының бірі. Қойған сауалының жауабы тағы да сол баяғы бірлік мәселесінен тіреледі. Романның әр тұсынан көрінгенінде Әбілхайыр хан ылғи бір қазақылыққа жараспайдын қараниет қылығымен көзге түседі. Өздері титықтап Жетісудан тоз-тоз боп жеткен Жарықбас Есентүгел би басқарған жалайыр-балғалыларын қан қақсатып шабады. Төле би Әбілхайыр ханға екі дүркін хат жазғанда ғана әрең деп тұтқын қылған жалайырларды босатып, айдап әкеткен малын қайтарады. Қарақалпақтардың да қолтығына су бүркіп, қазақ босқындарын әлсін әлі тонататын да осы алшындар көсемі екені анықталады.
Осындай ел мүддесін елемейтін без бүйректік жалайыр ішінде де табыла кетеді. Бірлікті көздеп, ортақ жау жоңғарға қарсы жұмылып соғысу үшін қазақ іш араздығын ұмытуға тиіс қой. Алайда Жарықбас Есентүгел би өтпейді. Алшынға қарсы қаны қатқан ол, Төле би бастаған ел жақсыларының атынан түкен бұйрыққа пысқырып та қарамайды. Бүйректен сирақ шығарып, ұлы қозғалыстан шет қалады. Оның осы қылығын жалайырдың аға биі Ескелді төменде қуыс-қуыста жорғалап аңдаусызда шағатын улы жыланның зардабына теңейді. Атаңа нәлет қара қалмақ біздің сол ұрымтал тұсымыздан соққылады ғой. Туған жерден айырылып, босқынның күйін кешуіміздің түп төркіні сонда емей қайда?-дейді.
Әбілхайыр ханның қолбасы сайлануының да түп тамыры осы бірлік мәселесіне байланысты. Еділ бойындағы қалмаққа, не терістіктегі башқұртқа, не Хиуа хандығына, қарақалпаққа, қала берді қазақтың босқын руларына ұдайы ұрынып жүретін Әбілхайыр хан шектен шыққан баққұмар. Оған қолбасшы сияқты биік маңсап ұсынбасаң кіші жүзді мына алдағы соғысқа қатыстырмауы кәміл. Ал, әлгіндей дәреже ұсынылып еді ғаскерімен жетіп келді.
Орыста «победителей не судят» деген сөз бар. Жеңгенге сот жоқ. Әбілхайыр хан айға созылған Аңырақай жеңісінде қазақ-қалмақ соғысының ерекшеліктеріне сай қимыл жасағанын мойындау керек.
Шайқастың жекпе-жегінің өзі қатарынан екі күнге созылады. Жекпе-жекті қалмақ жағынан шыққан Аңырық батыр мен біз жақтан Қанжығалы Бөгенбай бастайды. Ерекшелік сол, екеуі де мінез көрсетеді. Сайыс барысында Бөгенбайдың найзасының сабы ортасынан омырылып түседі. Мұны көрген қарсыласы өзіне тиімді жағдайды пайдаланбайды. Ол өз найзасынан лақтырып жіберіп, қолына шоқпар ұстайды. Екі батыр шоқпар сілтесіп жүргенде Аңырықтың мінген тұлпарының аяғы зақымданып, тұралап қалады. Атыңның ақсап шойнандауы қаруыңнан айырылып қалғаннан да қатерлі. Дұшпанды күтпеген жағынан шығып, турап тастауға толық мүмкіндік туады. Алайда Бөгенбай батыр да өзіне қолайлы сәтті пайдаланудан тартынады. Сайысты тоқтатады. Қазақ батырының мәрттігім сенен кем емес деген ишарасын түсінген. Аңырық атының басын өз жасағына бұрады. Бөгенбай да сөйтеді. Сөйтіп ілкі жекпе-жек тең аяқталады. Жекпе-жек екі күнге созылады. Қалмақ та біразымызды аттан түсіргенімен, жалпы алғанда сайыста қазақ батырлары басым түседі. Қалмақтардың қанқұйлы сардары Сары-Манжы артынан өкінеді. Жекпе-жекті бекер созғанына, әскерінің рухын түсіріп, жігерін құм етіи алғанына.
Міне, осы жекпе-жекте кезінде Төле бидің түйесін баққан Сабалақ атты жас жігіт көзге түседі. Абылайлап ұрандап шапқан ол, қалмақ қонтайшысы Қалдан-Сереннің күйеу баласы Шарыштың басын кесіп ұлы хан Болат пен бас қолбасшы Әбілхайырдың мінген аттарының аяғына тастай береді.
Енді қан майданға мыңдығын бастап Қаракерей Қабанбай батыр шығады. Қалмақтар да ұрысқа мыңдығын қосады. Өстіп мыңдықтар сайысы бірте-бірте екі жақ әскерлерінің айдан астам айқасына ұласады. Жеңілген қалмақ ұлардай шулап, өкіріп жылап қалған-құтқан әскерлерімен Алатау баурайына қарай қашады.
Қырсық шалса қымыранға тіс тынады дейді қазақ. Дәл осы тұста қазақтың ұлы ханы Болатты біреу өлтіріп кетеді. романның жобалауынша мұны істеген Әбілхайыр ханның жансыздары болады. Ол ұлы хан тағынан дәметсе керек. Ойлағаны іске аспаған соң Әбілхайыр хан әскерімен қашады. Аңырақай шайқасынан кейінгі он жылда қазақтар жеңіске мастанғаннан гөрі масқара жеңілістің у мен зәрін татқанға ұқсайды. 1735 жылдың жазында Жоңғария тарапынан нағыз үлкен соғыс қайта басталады. Қалмақ қазақтың мойнына қайта мінеді.
«Абылайдың ақ туында» автор қазақ халқының кей бөлігінің мінезіне кенедей жабысып кетпей қойған және бір пасық психологияны Қарабек дегеннің жиіркенішті образы арқылы ашады. Қарабек тіпті ақтабан шұбырындының қарсаңында-ақ қалмақтарға бодандыққа мойынсұнайық, сонда мал-басымыз аман болады деп, Төле би маңындағы елді азғырумен көзге түскен. «Төле би ымырасыздықпен бет қаратпағасын ол неме ұлы би ауылынан шалғайырақтағы ел-елдің, ру-рудың бас көтерерлерін іштен кеміріп жеп, «ештен кеш жақсыны» үстемелетіп, өз насихатын одан әрі жалғатыруда екен» [25,247]. Қасына жоңғар қонтайшысының нөкерлерін ертіп алған...
Күштінің алдында құрдай жорғалау психологиясы бір Қарабектің басында болса бір сәрі. «Абылайдың ақ туы» романының екінші кітабында суреттелетіндей, тізе бүгу, су жүрек қорқақтық, жасықтық қайдан дейтін емес. Әбілхайыр хан Кіші жүзді, Сәмеке хан Орта жүзді, солардың ізімен Жолбарыс хан Ұлы жүзді Ресейдің табанына салу саясатын жүргізгені тарихи шындық қой. «Оларды хан деп, төре тұқымы деп, неменесіне мойнымызға артып жүрміз осы» [25,256], - деген күңкіл қазақ батырларының арасында тегіннен тегін шықпаған.
Хандардың, кешегі кей батырлардың (мысалы, орыстан тархан атағын алған Шақшақ Жәнібек) өз халқының күшіне сенбей бөтен жұртқа көзін мөлейтуі салдарынан кешегі таудай жеңістің нәпақасы ауызды жырып кеткені өз алдына. Саурық батырдың сөзімен айтқанда, қан майданды тастап шыққан Әбілхайыр хан «ол қылығынан еш жақсылық көрмеді». Ұлыстарына башқұрттар қырғидай тиеді. Әбілхайырдың орыс патшалығының көмегімен үш жүздің ханы боламын деген талабын аузы түктілер жаратпаған. Орыстан сұрағанының бірі де орындалмайды. Енді сол Әбілхайыр «бір-бірімен тонның ішкі бауындай Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға қол созуда. Қазаққа ақыл осылай жолдап, мысқалдап қана қонады ғой» [25,243].
Аңырақай шайқасында, басқа да соғыстарда жан алып, жан беріп жүргендер – кілең қазақ батырлары. Ақсүйекпіз деп бәлсінетін. Барақ сұлтан Аңырақай шайқасында абыройсыздыққа ұшырайды. Өзі басқарып шыққан жарты мыңдықтан «көз жазып» қалады. Әлгі жарты мыңдық маңдайдан ұрған зеңбірекке қарамай соғысады. Қалмақтарды тықсырып қуып береді. Сол күні ғой «жауды қара қашырды, батыр атақ Барақта қалды» деген мақал туып, ауыздан ауызға көшкені.
Романды оқып отырғаныңда тағы бір ой келеді. Жер ыңғайлы жағынан қазақ Ресейге жоңғардан әлдеқайда жақын. Бірақ байланысы ата жауымыздан пәс. Қазақ сырт дүниеде не болып, не жатқанына хабардар-ақ шығар. Бірақ от қарумен қаруланған жоңғар құрлы болмағаны қалай, шведтер қалмаққа қырықтан астам зеңбірек жасап береді. Орыстан алған мылтығы және бар. Осындай қарудан қазақ хандықтары неге мақұрым қалған? Барға шүкір, жоққа сабыр деп отыра беруге болмайдыү
Шынымен, жауынгер қазақ ақыры зеңбірегі, от қаруы бар жоңғарды елден түріп шығарады. Ерлігі бір басына жетерлік. Бір кезде қазақтың хандазасы Жәңгір 600 сарбаз қолмен Батыр қонтайшының 50 мың әскерімен айқасады. Жалаңтөс баһадүр мың жасағымен көмекке келгенде қонтайшы амалсыз кейін шегінеді.
Қазақ ақыры қалмақты дендегенмен, мұның да себебі көп. Жеңісті тек Атамекенін қорғаған қазақтың жанқияр ерлігімен түсіндіру жеткіліксіз. Жоңғардай шапқыншы агрессордың төрт бұрышы түгел деуге келмейді. Таққа отырған қонтайшы үшін ата-баба мирасы деген түсінік болмайды. Таққа отырған қонтайшы үшін ата-баба мирасы деген түсінік болмайды. Ойына келгенін істейді. Жоғарыда аталған Жәңгір ханзадасымен болған абыройсыз соғыс жайын айта отырып Очирту-Цецен хан Батыр қонтайшыға ақыл салады: «Біз осы қазақ ордасына кек қуып, өңмендемейік, қайта оған құшақ ашып, ішке тартсақ қайтеді» [25, 48], - дейді.
Очирту-Цецен қонтайшы Қалдан-Сереннің үлкен әйелі Күнгудің атасы. Сол Күнгу, жоңғардың тағы да бір бетке шығары Санжи де осы пікірді ұстанды. «Қазақтарды» шапсақ артымыз ашық қалып, Қытайдың тәбетін оятамыз» [25,88], - деп сақтандырады. Бірақ өзіне дейінгі қонтайшылардан шоқтығы жоғары Қалдан-Сереннің өзі де ондай кеңестің дұрыс-бұрыстығына мән бермей білгенін істейді.
Жоңғардың Құдай басқа бере көрме дейтін басын жалмайтын қаныпезерлігін және айтпай кетуге болмайды. Жеті жарғымен қаруланған қазақтар қалмаққа қарағанда заңға бек бағынышты. Моралі, ар-инабаты таза, Құдайынан қорқатын ел.
Жоңғарға келсек, бұл ел көсемдері шетінен жауыз. «Балық басынан шіриді». Таққа таласуда қалмақтар адамдық қасиетінен мүлде айырылады. Қалдан-Серен кіші інісі Шұна-Добаны өлтіру үшін сонау Еділ жағасына қашып барған жерінен де тіміскілеп іздетеді. Баласы үшін кек алмаққа тырысқан кіші шешесі Сетержапты, оның үш қызын, төңірегіндегі отыздан астам күн әйелдер мен жас кәнизәктәрмен қоса, бұған құда түсуге келген елшіліктегі қырықтан астам қызметшілерді, барлығы сексенге жуық адамды байлаулы, кісендеулі күйінде үлкен ор қазып тірілей көмеді. Бұл сұмдық хабарды естігенде Бригитта:
« - Жоқ, мейірбанды Жоңғария! Сенің күнің санаулы! Сен алысқа бармайсың! Саған жаным ашиды, қайтейін! Жоқ, жоқ, мейірбанды Жоңғария! Сенің күнің санаулы!» [25, 353], - дейді.
Христиан дініндегі әрі батыс өркениетінің өкілі Бригиттаның аузына мұндай сөз салғанда автор жоңғардың бір әке, бір шешеден туған аға-інілердің бір-біріне тіс салатын мінезін де еске алып отыр. Бауырмал қазақ ешқашан ондай көргенсіздікке, жолсыздыққа бармайды.
Бригитта мынадай бір жантүршігерлік оқиғаның куәсі болады. Қалдан-Сереннің ақсүйек жандайбашы итімді ұрдың деп бір қара шаруараттың арқасына отыз рет қамшы соқтыруға бұйрық берген. Анау сорлы жиырма алтыншы дүре соғылғанда жан тапсырады. Кескен жазамды өтемеді деп долданған жаңағы ақсүйек, қалған бесеуіне және бесеу үстеме қосып, әйеліне дүре соққызған. Әйелдің ащы тілі шыққан. Сол үшін балаларының біреуінің құлағын, екінші баласының мұрнын кескен. Онымен қоймай азын-аулақ жан сақтап отырған мал-мүлкін тартып алып, қаңғыртып жіберген. Ұлыс тайшысы әлгі қаныпезерді тәртіпке шақырудың орнына, арқасынан қағады.
Жоңғарияны мемлекет ретінде жер бетінен жойылып кетуін бәр жағынан олар осындай мерез мінездерінен тапты, Құдайдың көріне ұшырады ма деп те ойлайсың.
Тарихи роман-халық өмірінің өткен-кеткенінің айнасы. Халықтың белгілі бір дәуірдегі көркемдік эпопеясы. Осыны көкейіне мықтап қондырған жазушы ел-жұрт тірлігін жан-жақты көрсетуге ұмтылады. Ұлы тарихи бетбұрыстардың жаңғырығын хан, батыр, билердің ғана емес, қарапайым адамдардың күнделікті өмірінен аулауға тырысады. Соғыс қау-жарағын шыңдау үшін күн-түн демей ақ тер, көк тер еңбек етіп жатқан тамам ұста, өрімші, ерші, етікшілерді көргенде Қабан жырау мен Ескелді бидің арасында өткен әңгіме – айтылғанға нақтылы айғақ.

  • Шіркін, «ел іші кеніш» қой.

«- Рас айтасыз, жырау аға! Қазақты анаусың-мынаусың, ала қойды бөле қырқасың деп жазғырғанда аузымыз аузымызға жұқпайды... Ал, мен ойлаймын, пәленің бәрі қалың қазақта емес, солардың былай басын біріктіріп, іштегі алтын кенішін ырысқа айналдыруда мына біздердің, бізбен де өресі биік ел басшыларының, серкелерінің оралымсыздығы, бойкүйесіздігі сияқтыларда ма деймін» [26, 11].
Қалмақтарға қарсы тиіп-қашты соғыспен қашанғы өмірімз өксімек, жоңғарға қарсы ұлы ғазауат соғысына «жә» дейтін сәт қашан тумақ? – дейтін отты сөз қалың қазақ арасынан лау еткен. Ескелді биге Балпық батыр халық атынан басұыншыларға үш жүз бас қосып майдан беру керектігін айтуды аманат етіп тапсырады: «Мұндағы атан жілік, арқар мүйіз батырлардың ғана емес, төмен етекті қатындардың да қолдары қыши бастады... [25, 255].
Қалмақ қазақты боданым деп есептейді. Ал, көп жағдайда менменсіген басқыншыны сол боданның пысы басып кетеді. Бұл да – бір жақсы ырым. Қазақтың жаудан үстем түсетіндігінің белгісі тәрізді. Тағы бір халық өкілі – атақты қуақы Тұрлымбет Бекенұлының бейнесі романның әр тұсынан көрінгенінде езу тартқызбай қоймайды. Ол жаудың топастығын әшкерелейтін қылығымен сүйсіндіреді.
Қалмақтар бодан қазаққа қарсақ терісінен салық салады. Сол теріні он екі түйеге артқан жиырма шақты қарауылшы, қонтайшысы отырған Ыстықкөл жағалауына аттанады. Бірақ бұл керуен мына тұрған Ташкентке де жетпепті. Жолай оларға құлағы қалқиған бір шайтан кездесіпті де, жиырма шақты қарауылшы топ шошынып, бет-бетіне тырақайлай қашады. Сөйтсе бұл Тұрлымбеттің ісі екен. «Өзі көсе, басында қылау жоқ, арық денелі неме балшыққа басы-көзімен қоса бір малшынып шықса, әрі айдалада кездессе ескі хиссалардың кейіпкері – шайтаннан бір былай емес екен [25, 209]. Және қалмақ бекзадасының қазақтарға күлкіге қалып сол жоғалғанын даулап келгеніне не айтарсың...
Қалың қазақ дуалы ауыз үлкендердің, ел сөзін ұстаған ағалардың ақылына ден қойғыш. Ескелді бидің: ұшы-қиырсыз далада бытырап жатқан қазақ, бұл сөзімер құла сал: «жеке дара қоқаңдасақ шатымыз айырылады, бүкіл қазақты көтерейік, Арқаның да, Сыр бойының да, басқаның да сардар, сарбаздарын бір тудың астына топтап, бастарын біріктірейік. Сонда ғана туымыз жығылмайды... жығылсақ, өзіміз жығылайық, тек ту жығылмасын...» деген сөзі барша ел-жұрттың ауыздан ауызға көщкен кағидасына айналады.
Ұзақбай романының бірлік туралы идеясы шығарманың сюжеттік қатынастарынан табиғи туындайды. Және оның әр жерінен тігісі жатық күйінде көкейіңе қона кетеді, өйтетіні тәуелсіз елінің бүгінгі зәрулігімен үндес.
Роман тақырыбының «Абылайдың ақ туы» аталуында терең мән бар. Солай аталса да бұл шығарма Абылай хан туралы өімр тарихтық шығарма емес. Роман оның Сабалақтан сұлтан, сонсоң ханға дейінгі өсу белестерін суреттейді десек те, Абылай - шығарманың Төле би, Әбілхайыр хан, Ескелді би, Балпық батыр секілді көрнекті кейіпкерлерінің бірі ғана. Ал, романның «Абылайдың ақ туы» аталуының жөні бір басқа. Бейнелі сөздің, біздіңше, рәміздік белгісі бар...
Абылай Сабалақ атанып жүрген кезінде бір уақ Төле бидің қасынан табылмай қалады. Сөйтсе ол өз бетімен қазақтың ен даласына барлау жасап, маңызды ақпар алып келген екен. Жас жігіттің ұшқыр ой-ақылына қайран қалған Төле би: осы Сабалақ биыл неше жаста? Небәрі он бесте ғой. Ал мынасы он бестегі баланың қолынан келмейді ғой деп ойлайды.
Сабалақ әкелген ақпар отырғандарға жай түскендей әсер етеді. Ертіс бойында күйген кірпіштен биік қабырғалы бекініс салып жатқан «жирен шаштыларға» еліктеп, қалмақ Іле мен Шудың бойында сондай бекініс қала салмақшы... «Анау Торғай қаласындағы шайқаста қалмақтардан басым түстік деп, сіздер масайрайсыздар. Ал менің пайымдауымша тап сол Торғайда, қайсысы тағы, Бұланты, Қарасиыр деп едіңіздер тап соларыңызда ата жаудың қылшығы да қисаймаған сияқты» [25, 269].
Сабалақтың Абылайға айналған хикаясы жоғарыда сөз етілді. Романда аты аталуы мұң, әрдайым тұлғасының тағы да бір қырынан жарқ етіп көрінеді. Сол ерлік драматизмінің кейіпкері Абылай романда өзгеше бөлек реңк алған. Мұрты тебіндеп келе жатқан жас жігіт «Абылайлап» Шарыштың басын домалатуға аттанғанда да, содан кейін Болат ханның мұрагері Әбілмәмбеттің, көзінше «...Абылай! Абылай! Абылай!» деп үш қайтара айқайлап, алда соғысып жатқандардың арасына күмп беріп қойып бергенде де ерекше рәміздік құбылыс белгі береді. Қазандай қайнаған топырдың арасына не өмір, не өлім деп кірген сәтте тағы да Абылайдың «төбесіндегі ақ қанатты құс сияқтанған белгісі қайта белгі берді. Ақ құс па, жоқ ту, ту, ақ ту...» [26, 181].
Рәміздік белгі деп отырғанымыз осы ту. Тіпті ту деп тұспалдау да аздық етеді. Бұл енді эстетикалық категорияға жататын образ, оның көркемдік бейнемен ауылдас ерекше түрі. Тұспалмен де (аллегория) орайластығы бар. Бірақ оның дәл өзі емес. Рәміз, символдың сан қырлы мән-мағынасы көркем шығарманың нақтылы контексіне байланысты ашылмақ. Ұзақбай романында суреттелетін жойқын қырғында Абылайды қорғап сақтап жүретін мифологиялық образ қазақ ұғымындағы кие бейнесіне жақын. Абылай аң аулап жүргенде қалмақтың қолына түсіп қалады. Қалдан-Серен күйеу балам Шарышты өлтірдің деп қатты ашу үстінде Абылайдың маңдайына қарай алтын балдақты сала құлаш қылышын сілтеп кеп жібереді. «Абылайдың төбесіндегі ақ құс сияқтанған бірдеме жарқ етіп, кесекөлденеңдеп қылышты тіреп қалады» [26, 408]. Мұндайды қазақ киесі қақты дейді.
Романның соңғы беттерінің бірінде «Абылайдың ақ туы әрдайым тігінен тұрса қазақ адаспайды!» [26, 409] делінген. Адаспаудың шарты Абылайдың арманы түрінде тұжырымдалған. Қазіргі біздің ұғымымыздағы тілмен айтқанда, бағдарлама іспеттес.
«Бірінші арманым, - дейді тұтқындағы Абылай хан, - ...орыстарша қала салып, отырықшы етіп қазақты біріктіре алмадық... екіншісі, қазаққа жер емшегін емізе алмадым... Үшінші арманым, Шарышша қан майданда өдмей қапыда қолға түсіп өлдім-ау деп қан жылағаным. Төртіншісі, қазақ пен қалмақ тілі бір, тұрмысы бір халық, дініміз басқа болғанмен құдай біреу ғой, сол жағын қалмақтарға ұғындырып, бір жағымыз орыс, бір жағымыз қытай, солардан бірлесе қорғануға иліктіре алмадым деп армандаймын!» [26, 409].
Еліне аман-есен қайтып оралған Абылай хан ол арманын жүзеге асыруға тырысқан да шығар. Бірақ қалай? Міне, бұл мәселе көмескі қалады. Абылай ханның нағыз күшіне енген жылдары тым асығыс баяндалған. Романның аяқтамасы, финалы хабарлама стиліне көшкен. Кейіпкерлерінің ақыр демінің қашан таусылғаны жайлы ақпардан аспайды. Абылай мен Ескелді бидің монументтік бейнелері жарықшақ түсіретін қысыр әңгімеге беріліп кеткендік те байқалады. Абылай мен Ескелді бидің бір-бірімен дүрдараз боп, қайтып көріспей қояды. Сонда да не үшін кетіскен? Оқыста қолды болған бір қылқұйрықтың дауына бола!... Бүйтіп ұсақтау Абылайдай алып тұлғаны былай қойғанда, «өзіміз жығылсақ та туымыз жығылмасын!» деп ұран тастайтын Ескелді бидің ірілігіне де нұқсанын тигізіп тұр.
Қысқасы тетралогияның түйіні түйінделмей қалған. Ал, ондай қорытындыға лайық эпизод «Абылайдың ақ туының» өзінде жетерлік. Жоңғармен алыса-алыса шаршағанда, әлдебір сарыуайымға салынған әнеу бір жылдары Төле би өз өкімімен жалайыр Өтеген Сәбденұлын, дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлын «Жерұйық» іздендер деп жаһан кезуге аттаныдырған болатын. Бұлар Әмудария жағалауынан бастап Ауғанстан, Кавказға дейін дүниенің жерін шарлап қайтады. Сол қос Өтегеннің екі жылдан соң елге оралып, жасаған баяндамасын тыңдап отырып, Төле биі келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақталатын сөз айтады.
« - Ағайын-туған! Қарындас ел! Алты алаштың азаматтары! Мына жарты әлемнің тау мен тасына табандарын тоздырған мұзбалақтарымыз дұрыс айтады! Жердің құты Алатау мен Қаратау! Одан әрідегі Жетісу! Жердің құты, жерұйық дегеніміз, міне, солар! – деп Төле би саңқылдағанда зеңгір көк әйнекше шытынап, ойдан-қырдан жиылған дүйім көптің төбесіне құлап түсердей әсер қалдырған» [26,413].
Тетралогияның аяқтамасын Төле бидің осы толғанысымен бітірсе, исі қазақтың ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін жырлайтын шығарманың пафосы, сөз жоқ, орнын табар еді.
Жалпы алғанда, Ұзақбай Доспанбетовтың романы – әдебиетіміздің соңғы жылдарының татымды табысы екенін айтуға тиістіміз. Роман қазақ тілінің бай қорымен қоректенген. Жазушы өткен ғасырлардың тілдік, стилистикалық қазынасындағы асылды термелеп, көнеріп, көмескіленіп бара жатқан архаиканы бүгінгі тіліміздің кестесіне үйлесімді енгізіп қайтадан жарқырата түскен. Мәселен, «жаны түкке арзымайды» деген көненің еш сөкеттігі жоқ. Қайта «тұрмайды» деген етістіктің синонимдік қатарын көбейтіп, жарасымды естіледі.
Құр ділмарлыққа салыну, шешен сөзді орнымен қолданбау көркем прозаға абырой әпермейтіні белгілі. Ал, қазақтың шешендік сөздері билер аузынан төгілгенде сұлу шырайлы, төкпе, тасқынды, терең сырлы қасиетін өрлете түспек. Жазушы Ұзақбай Доспанбетов иесін тапқан тіл типтендіру құралы ретіндегі рөлін ойдағыдай ойнайтынын жақсы түсінген.
«Абылайдың ақ туы» авторының кейіпкерлеріне өз заманының дәстүрінде «киім кигізуі» де құптарлық талап. «...Қырсық шал одан әрі көсілді. Енді киіз қалпағы мен үстіндегі қысқа жеңді алаша шапаны қоса желп-желп етіп, әлдебір құстың ұшып-қонысын еске саларлықтай» [26, 259]. Сансыз аяққа киіз сырмақ сияқты шыдас беретін жолақты және терме алаша енді ақ боз көйлектің үстінен киіліп, ыстықты-суықты, боранды-шашынды күндердің бәріне төтеп беретін жортуыл заманның тозбас киіміне айналған... Мұндайды уақыт тынысын сезіне деп атайды.
Ұзақбай Доспанбетов – кең өрісті, панорамалы, зерттелуі қапысыз, жаңалығы мол шығарма тудырып, мына төрт кітабымен қазақтың тарихи романы қорына елеулі үлес қосқан.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет