Тарихи роман жайдан-жай жазылмайды. Өзі дүниеге келген уақыт зәрулігіне бұл жанр да қызмет етпек. Және қызметі бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармадан кем соқпауы тиіс


Еркіндік үшін күрес: тарихи оқиғалар ізімен (Ж.Ахмади шығармалары бойынша)



бет7/12
Дата10.07.2023
өлшемі0,95 Mb.
#104151
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
2.2 Еркіндік үшін күрес: тарихи оқиғалар ізімен (Ж.Ахмади шығармалары бойынша)

Туған әдебиетімізде Қазақ елінің жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан соғысы туралы жазылған роман, повесть, поэма, әңгіме, драмалардың бас-аяғын жинаса, қазір тұтас бір кітапхананы құрайды. Аталған тақырыпта жазушы Жанат Ахмадидің бірінің соңынан бірі қатарынан үш шығармасы: «Есенгелді би» (2004), «Жарылғап би» (2008), «Айтұмар» (2009) атты романдары жарық көрді.


Жанат Ахмади – республикамыздың жұртшылығына аты әйгілі жазушы. Оның «Дүрбелең», «Шырғалаң» романдары XX ғасырдың аяғындағы бірқатар көрнекті туындылардың қалқасында қалып қойған жоқ. Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғыр, қырғыз сияқты аз ұлттардың гоминданға қарсы ұлт-азаттың күресін алып-қоспасыз бар шындығымен, өзге тілдің нілі жұқпаған, қазақтың бәз-баяғы тау суыгдай мөлдір, саф ауадай таза тілімен ерекшеленіп, жұртшылдық қауым тарапынан бірауыздан тәуір баға алып та үлгерді.
Жанат Ахмади жаңа ғасырда жарық көрген романдарының сәулесін сонау өткен замандардың тарихына түсірген. Уақыт жағынан үлкен шегініс жасап, жоңғарлардың Қазақ еліне жасаған қанды жорықтарында шындалған би, батырларымыздың жарқын бейнелерін жасаған, жазушының бұл туындылары да жылы лебізге ие бола бастады. Сын өлкесі жазушының сөз өнеріне ұсталығы артпаса кемімегенін айырықша атап көрсетуде.
«Есенгелді би» - шығарма аталымының өзі айтып тұрғандай, тарихи романның өмірбаяндық түрі. Тарихи тұлғаның өз уақытындағы халық өмірінің белді-белді оқиғаларына араласуын, замандастарымен қарым-қатынасын, жеке тұрмысын көркем сурет дәрежесіне көтеріп бейнелеген. Роман оқиғаларының қайнаған ортасында жүрген Есенгелдімен қатар, оның замандастары Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей, Жәнібектермен бірге, қытай елінің императорына дейін көз алдымызға алып келеді. Соның нәтижесінде қоғамдық мән-мағынасы, саяси күші, өзектілігі қазіргі заман шығармасынан кем соқпайтын дүние туған.
Есенгелді – әрі батыр, әрі би. Оның үстіне жауырыны жерге тимеген палуан. Әкесі Құдайназар батыр, апасы Күләйім бір топ ауылдастарымен бірге тұтқиылдан бас салған қалмақтардан қашып үдере көшкен тар кезеңде тосқауыл құрып, жаулдың алдын бөгеп, ерлікпен қаза табады. Бұл кезде – Есенгелді бес жасар бала... Қазақ елі ата жауымен екі ғасырдан астам аттан түспей айқасқан ғой. Есенгелді де талай доданың ащы дәмін татып үлгереді. Қазақтың бас батыры Қаракерей Қабанбайдың сеніміне ие болып, нешеме сұрапыл жепке-жекте жаудың айтулы батырларын жер жастандырады.
Есенгелді батыр ретінде романның экспозициясында, соншама ерлік көрсетіп жүрген кім дегізетін кіріспе бөлімінде көрінеді. Шығарманың қалған бөлігі Есенгелді бидің қоғамдық қайраткерлігін, кісілік келбетін кестелеуге арналған. Және мұның өзі сюжеттің арқауы бола отырып, Қазақ елінің тірлігіне қатысты үлкен проблемаларды қозғайды. Әсіресе, бірімен-бірі тығыс байланысты екі проблеманы бөліп айтуға керек. Бірі – ел бірлігі, екіншісі – қазақ жолы мәселелері. Қазақтың өзіндік дәстүрі, дара қасиеті хақында талай қызықты әңгіме шертіледі.
Қазақ рулары, тайпаларын біріктіріп басын қосқан күш бір Құдай да, содан соңғысы Отан үшін, туған жер үшін ата жаумен айқас, дейді роман. Романның сол ұлағатты сөзінің қазақ Дарабозының атынан айтылуы өте-мөте ұтымды шыққан.
« - Жасандық та, жау жеңдік, - дейді Қабанбай батыр, - Қалмақтың бәлен жылғы шапқыншылығы бізге не үйретті? Алты алаштың баласы басыңды біріктірмесең, алты басты айдаһар болып бір-бірлеп жұтамын деді. Соны үйретті...» Біздердің ізімізді «басып келе жатқан ел ағасы болардық дәмелі батыр, билер Жәнібек, Есенгелді, Әлет – сендер рудың ғана батыры емессіңдер. Өйтіп ойлаған кісі қателеседі. Қазақтың белгілі шешен биінің бірі Есенгелдіні Қабанбайдың құдасы деп, қызайдың ғана батыры, биі деп санамаңдар. Сендер... қазақ нәміне көтерілген адамсыңдар» [27,314-315].
«Есенгелді бидегі» қызай руы қазір Шығыс Түркістанның Іле автономиялық облысын мекендейді. Саны 1 миллионнан асады. Бұрын Аякөз маңайының жерін жерлеген. 1857 жылы Жоңғария мемлекетін қытай шеріктері жер бетінен мүлде жойып жібергенде босаған Іле аңғарына қызайлар қоныс аударған. Қызай Күнбике деген қыздың лақап аты. Күнбике атақты тарихи тұлға Бәйдібектің үшінші әйелі Домалақ анадан туған...
Романның бас кейіпкері Есенгелді бидің бір билігіне байланысты талқыда «Қазақ жолы осы» деген сөз айтылып қалады. Ол қазақ менталитентіне қатысты пікір.
...Бір қыз бен жігіттің айтысы төбелеске ұласады. Сонда қызбен айтысқан жігіттің жағы сынып, ауруы асқынып ақыры өледі. Құн дауы қозғалады. Қазақтың өзара жаңжалында кісі өлтіру үлкен қылмыс саналады да, оның өтеуіне бір ғана адам емес, қылмыскердің руы түгел жауап береді. Елдің игі жақсылады осындайда жанжалдың ру қырқысына әкеп соқпауын қадағалайды. Айыпты қанға қанмен емес, белгілі мөлшерде пұлмен өтеуге керек. Есенгелді би әділ қазылығында әз Тәуке ханның «Жеті жарғысының» сол бұлжымас заңын басшылыққа алады.
Айта кету керек, билер айтысы – автордың ең сүйікті стихиясы. Нешеме қилы мақал, мәтелдерді боратып, дау-дамайға өзі түсі отырғандай көсіліп береді. Есенгелді бидің шешен сөзге су жорғадай тайпалуын сүйсіне жеткізуі өз алдына. Оның шешімінің қазақ жолына қатысты мән-мағынасын да тәптіштеп, жеріне жеткізгенде уай дерсің барынша құлаштайды.
Ұлы Абай «Ғақлиясында» бұрынғы ата-бабамыздан қалғаны тәуір мінезімізден айнымауға шақырады. Әлдебір дау туа қалса, - деп жазады Абай, - бұрынғылар екі тізгін, бір шылбырды ел басы, топ басы кісілерге берген. Өзге қара жұрт оларды әулие тұтып сөзіне құлақ асқан. Игі жақсылар қазылық айтқанда алдымен тұтас ел-жұртының қамын жейді екен. Осы қазақы жолдан айну «адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа» бастайды [28,212], - деген.
Тәуелсіз еліміз қазақ билерінің ел қамын жейтін сөзін енді ұйып тыңдайды. Жанат Ахмади романы сол сөзді ел аузынан, түрлі әдебиеттен құнттап жинақтағанымен құнды. Онда айтылғанның бәрін келтіру мүмкін емес. Ол үшін кітаптың өзін оқып шығу керек. Қазақ жолының үлкен бір тармағы – әйел жұртыни бөлекше қадірлеуден қалған дәстүр. «Жарылғап би» романының бір кейіпкері қызбен бірге сол елдің жақсы қасиеті де келеді дейді. Діліміздің, менталитетіміздің яки жеке және қоғамдық сана өресінің жаңа бір құнарлы тақырыбына бастайтын тамаша, тың ой...
Шығарманың басынан аяғына дейін Күләйім қыздың бейнесі әр тұстан жарқ етіп көрінеді. Он екіде бір гүлі ашылмаған арудың ерлігі – халқымыздың рухына ежелден сіңген, тарихи қасиетінен тамыр тартқан саналы ерлік. Садақ тартуға мергендігі үшін өзімен бірге өлімге басын байлап алып шыққан қаршадай қызы Күләйімінің еңсесі түспесін деп әкесі Құдайназар батыр қазақ қанына әбден сіңген осы қасиетімізді есіне алады:
« - Азамат біз тұрмақ,Қызай анамыздың өзі де шашын түйіп, еркекше киініп, жауға шапқан. Содан аты шығып, «Қызай» деген ел атанып отырсың...Ең болмаса жастығыңды ала жат!»
Қазақтың Абак Керейі де қыз атағында жүр. Сондықтан романның: Керей Жәнібек батыр «хан ордасында бекітілген Абак-Ананың қара тамақ, күміс сағақ туын көтерген болса, Есенгелді Қызай-Ананың жасыл жібек, сары жиек жалауын жа йқап көрінді» [27,240], - деген суреті қазақ жүрегіндегі отаншылдық пернені дөп басатынына шәк келтірмейсің.
Тарихи роман қазақ жолын мұқият сақтауға шақырады. Оны көрсе оны сақ, мұны көрсе мыны сақ болмауға баулиды. Төле би Ташкентте көп тұрған. Сондағы қай жұрттың түзде мырза, үйде сырдандығын сынайды. Осы репетте тағы бір ұлағатты сөз тастайды келешек ұрпағына.
«...Атаң қазақ «құлақтының көңілі хош» деген салтпен, тіпті тақыр кедейіне дейін «елде бір ерінге тиеді» дейді де, ауылдағы ортақ тамақты ішіп-жейді де, жүре береді. Қартайған жасымда тілейтінім осындай дархан қазағымды жинасып жүрген басқа жұрт...ата дәстүрінен жаңылдырмаса екен деймін. Құдайдан тілейтінім сол» [27,175].
Немесе құдалық дәстүрінен алайық. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» дейді атам қазақ. Неге? Романның көрнекті бір кейіпкері, Есенгелді бидің атасы Сары бидің сөзі кіл шындығымен баурайды:
«Қазақтың құдалығы, құда таңдауы, - дейді Сары би, - бес күндік сыйласым үшін ғана емес, ажалың жетіп көз жұма кетсең, артыңда қамығып, құранын бағыштап отыратын шын дос іздеуі ғой...» [27,164]
Осы сөздің үдесінен алдымен Сары бидің өзі шыққан соң айтып отыр. Құдасы Құдайназар жоңғармен соғыста шейіт кеткенде ол оның балаларын бауырына салып адам етеді. Бұл жерде нағашы деген қазақ жолының сілемі көзге жылы ұшырайды. Кейін Есенгелді ер жетіп еліне қайтқанда Тойындай шешесі келін боп түскен жерін сағынғанын айтып, қапалы өксігін қозғайды. «Күләйім, әкеңмен бірдей өлдің – Басымнан жақ сүйегім ажыраған, - деген жоқтауын жалғастырып:
Басында Қызылжардың қайнар бұлақ,
Зарлайды қой келгенде жетім лақ.
Өлеңім ел сағынған тоқсан ауыз,
Айтуға көзімде жас қиынырақ, -
деп сарнағанда айнала отырған жұрт басы Қайып би болып көздеріне еріксіз жас алады. «Қыз –жат жұрттық». Бірақ кейін келін боп түскен жері өз елі боп келеді. Тойын сол бауыр басқан елін сағынып шерлі әуенге салып отыр.
Керей Жәнібек батыр да нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек бидің бауырында өседі. Ол да жатқан бір қызық хикая...
Осынау хикая түгелімен және «Есенгелді би» романындағы тағы да бір бірқыдыру материал кейде тікелей, кейде редакциясы өзгертілген түрінде «Жарылғап би» романында қайталаныпты. Ондай тұстарын жазушы шығармасының кезекті басылымында алып тастауы керек шығар...
Дегенмен, жазушы мұндай қайталаушылыққа кейде еркінен тыс ұрынғанын да ұмытпау керек. Жарылғап би – Шапырашты руынан шыққан. Бұл кісі де Есенгелді би секілді қазақ елінің тағдыры шешілетін хан кеңестерінде, соғыс даласындағы жеңістерде не ақтабан шұбырынды шегіністерде елдің игі жақсыларымен бас қосып бірге жүруі табиғи нәрсе. Жарықбас Есентүгел би сияқты руымен саяқ жүрсе, мұндай қылықты ол кездің жағдайы көтермеген. Ондайларды қатты сөгіп опасыздыққа балайтын кездерде де болған. «Қазы, би халық пірі болғанда, ханның құлы арасында жүреді» дегендей елбасы шақырды екен, бір кісідей жұмылуға тиістісің. Қазақ жолы дегеніміз – елдің бір жеңнен қол, бар жағадан бас шығару керектігін ойлау деген сөз. Романның хан кеңестерін суреттейтін беттері сол береке-бірлікке жетудің мектебі сияқты оқылады.
Сәмекенің орынан сайланған Абылай хан өз ордасын жер ортасы деп Көкшетауға көшірген соң Бурабай көлінің жағасында билер сотын өткізбек боп үш жүздің аталарының сөз ұстар ірі өкілдерін шақырады.
Қазіргі тілмен айтқанда, күн тәртібіне Барақ сұлтанның Әбілхайыр ханды өлтіруіне байланысты мәселе қойылады. Төбе би боп сайланған Қазыбек би сөзді алдымен айыпкер Барақ сұлтанды жазалауды талап етуші кіші жүз биі Сырлыбайға береді. Дау қызады. Міне, осы даудың түйінін шешу шапырашты Жарылғап би үлесіне тиеді. Ол Барақ сұлтанды ақтап шығады. Дәлелі – төмендегідей.
« - Төбе би мырза! «Бет жыртыспай, дау даулай алмайсың деген, Сырлыбай мен Бектайыр қолдап отырған Әбілхайыр хан күні кеше халқымызды қызыл қанға бөктіріп, қалмақ шауып жатқанда бәрімізді аңыратып тастап, жаттың қойнына кеткен адам. Аңырақай соғысынан кейін Әбілхайыр, маңғыт аузыңа саңғыт деп, бүкіл кіші жүз еліп бұрып алып кеткен соң, үдей түскен жоңғар шапқыншылығынан қандай болдық!... Ұлы хан сайланбадым деп, өкпелегендегі қылығы сол болды! Қазақ хандығының бір керегесі құлап, ойсырап қалғанын көрген о рат қонтайжысы Ғалдан Церен қанша дүркін құтырына шабуылға өтті. Ішіміздегі «баһадүр хан» атанған Әбілхайыр бастаған кіші жүз қолы қасымызда болса, соншалық қирар ма едік! Осыны ойлағанда Әбілхайыр өз соңында қалып қырылған қазақ халқына жауапркер емес деп кім айтады?
Қорытып айтарым – жан-жағымыздан жау төніп тұрған, мынадай қиын заманда қазақ ішіндегі мұндай іріткі жағдай екінші қайталанбауы үшін, мен бұл құн дауына ешнәрсе кеспеймін...» [29,241-242]
«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» дегендей, роман әділеттік мақсатында ондай опасыздықты өзге руларда да жетіп жатыр. Аңырақай соғысының қарсаңы. Шапырашты жұртының ығайы мен сығайы алдында сөз сөйлеуші Жарылғап би ұлы Болаттың ордасында болған үлкен әңгімені тілге тиек етіп отырады. Жоңғардан ойсырап жеңілсек, мына сендердей ауыл ағаларының, ру басыларының табансыздығынан болып отырғанын ойла дейді. Шындықты мойындамасұа лажы қалмағандардың бірі Мүкіш дейтін кісі жоңғар ел шетіне тигенде інісін Бұқараға асырып, өзі сауыты жоқ болған соң түйеге мініп Бетпаққа қашқанын мойындайды.
Жаңағы Мәукіш кеңес заманында болса, қолыңмен істегенді мойыңмен көтересің деп кемінде Итжеккенге айдалар еді ғой. Қазақы жол мұндайда күрт етпейді. Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» басшылыққа алып, адамгершіліктің өзгеше нарқын паш етеді. Жарылғап би жан сақтағыш Мәкішке дұрыс сөйледің, мен сенен түңілейін деп отырғаным жоқ. Сауатың жоқ болса, намысың бар екен дей келе көпшілікке арнаған сөзін: «Әрқайсың анаңның ақ сүтін жауға қарсы соғыста аяқта!» [29,11], - деп аяқтайды.
Осы адамгершілік рух өзге жұртпен қатынаста да берік сақталады. Ұлы хан Болаттың әмірі бойынша, шапырашты руының сарбаздарына қырғыз, қарақалпақ, өзбек жасақтары қосылған екен. Жарылғап би жиынның екінші бөлегінде енді ұлтаралық дау-дамайды шешуге кіріседі. Қырғыздың Сарбағыш есімді айыр қалпақтысы төбелесте қазақтың Қаңлыбай деген жауынгерін мерт қылған.
Бүгінгі Еуропа заңы кісі өлтіргенді өлім жазасына кеспейді. Қазақ жолы соған ұқсас. Ұқсас болғанмен, принциптік айырмасы да бар. Еуропа кісі өлтірген қылмыскерді қашан мәңгі көз жұмғанынша түрмеде шірітеді. Ал, қазақ жолы адам құнын басқаша бағалайды. Көп айтыс-тартыстан соң екі жақ та шапырашты Жарылғап бидің үкімін мақұл деп табады. Алдағы қанды қырғында Сарбағыштан басқа қырғыз ағайынның бірін онға бағалап қазақ қасында ұстау ұйғарылады. Жалғыз баласынан айырылған бейбақ шешесіне қырғыз жағы бір жігіттің құны – 100 жылқы төлейтін болады.
«-Ұрматұұ қазақ туғандар!» - деп бастайды Құсбек манап Жарылғап бидің шешімі жайлы пікірін білдіру үшін сөз алып... – Мына отурған Сарбағышқа оқшоғон аяғын етік қыспаған, ене ауыздық салмаған, жар соғорлар эле ортоғо от таштайды. Болыптыр. Төбе би айтқан жүз жылқыны он күн ішінде таяр қыламыз. Ұшұны айт келе жүрегүмде тұрған бір эле гепті алдыңарға салайын. Қаңлыбай еі башта Сарбағышқа «бозакеш қырғыз» деген ғо. Мұннан кейін ұлтқа, мідлетке тіл тигізіш болбосын демекпін... Достұғұмыз достұқ, бооуырдаштығымыз боордаштық, қазақ-қырғыз өркендей берейлі» [29,31].
Манаптың сөзін қысқартыңқырап беріп отырмыз. Қазақтың билері сияқты Құсбек те мақалдап, мәнерлеп сөйлегенде алдына жан салмайтын жағы жоқ шешен. Сол секілді қарақалпақ пен өзбек ағайынның билері өз тілдерінде өстіп қара судан май ағызады. Және қазақ мәтіні түбі түрік тілді болғандығынан ба қырғыз, қарақалпақ, өзбекше сөйлеуді өгейсінбейді. Сөздері ұғынықты, өзге жұрт өкілінің образын да жүрегіңе жылы ұшыратып көрсететін сияқты. Ондай жаңалыққа жатсынбай қарауымыз керек шығар.
Жанат Ахмадидің келесі романы «Айтұмар» да жоңғар шапқыншылығы тұсындағы шытырман оқиғаға арналыпты. Оның бер жағында үйсін елінде қарадан хан сайланған Нұрабай туралы сыр шертеді. Ресейдің I Александр патшасы 1822 жылғы бір жарлығында қазақтарды бұдан былай да Шыңғысхан тұқымынан шыққан сұлтан мен төрелер басқарсын деген жарлық шығарғаны мәлім. «Жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» деген белгілі мәтел де бар. Қазақ билері ру, тайпа басқаруға төрелердің біреуін шақыртатын. Қалыптасқан ережені бұзудан үйсін ұтты ма, ұтылды ма? Осы сауалға роман айқын жауап береді. Және жауабы қарадан да хан болатын кісі табылады деумен шектелмейді. Төре, сұлтан хан сайланғанда жоғарғы өкімет пен халық арасындағы қатынас мәселесі бұрынғыдан өзгеше, мұлде жаңа тұрғыдан шешілгеніне арнайы тоқталады.
«Төремен жолдас болсаң, місе тұтпай жиренеді, қожамен жолдас болсаң, бата беріп тіленеді». «Күміс есікті төре ағаш есікті қараны қаужайды». «Жет өгізі бар төре жеке өгізі бар қараны қарақтайды». Сонау Шыңғыс хан заманынан бермен өздерін ақсүйек атап жоғары санайтын төрелер мен халық арасындағы қайшылық-қақтығыс ешқашан толастамаған.
« -Біз хандық құрғанда, - дейді қарадан сайланған Нұрабай, - бұрынғыдай «қазы хан қасында, қараша жар басында» дегелі отырғанымыз жоқ... «Қатардан ассаң да, халықтан аспа» деген... Сондықтан ел-жұртымызға, туған халқымызға сүйенеміз...» [30,462]
Нұрабай хан жиырма жасында таққа отырады. Оны сайлағандар басы Төле би боп, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп көз жұмбайға салынбаған. Нұрабай жастығына қарамай не мәртебелінің сөзін біліп, ойлаған ойын айта алатынына көздері әбден жеткен соң барып жә дескен. Қазақ жақсы-жайсаңдарының үміті ақталады да. Мына хан кеңесінде оның тақ устүнде жайдан-жай отырмағаны байқалады. Нұрабай хан төре атаулыға сын көбейіп бара жатқанын аңғарып, ел басқарған адамның мінезіне бағып сақтық ойлайды. Сыртынан күндеп жүрген хан, сұлтандардың жымысқы әрекеттеріне жақсылығын май құймауға байқас болады.
- Төре-қожаның да бізге жасаған жақсылығын ұмытпайық, «қолыңдағы құсты қусаң – орманға кетеді, қасыңдағы досты қусаң – дұшпанға кетеіді». Оны да есепке алуымыз керек деп, ел бірлігі қамын бәрінен жоғары қоятынын ескертеді.
Төре тұқымына көзге шыққан сүйелдеу көрінген Нұрабай хан жиырма бесінде қаза табады. Жоңғар жансызы қапысын тауып улаған еді. Оның сол ел басқарған аз жылының игі тәжірибесі, Қодар би сөзімен айтқанда, халық санасында сақталып қалған.
« - Е, ағайын! Төресіз де, біз де ел екеніміз байқала бастаған сияқты. Осы отырған билер, арғы жағы Төле, Қазыбек, Әйтекелер төрелерден қай жері кем, бәлкім кейбір хан-сұлтандардан артық жерлері бар шығар [30,450], - деген сөз жарыс бір жағы Қазақ елінің былайғы болашағына қаратып айтылғандай естіледі.
Кезінде Құнанбай, Шоң би секілді қарадан шығғандар аға сұлтан боп сайланғаны тарихтан белгілі. Ал, мына үстіміздегі дәуірдің ол жайынан айтары тіптен бөлек. Қазақ ауылының қарапайым перзенті тәуелсіз Қазақстан Республикасы атты іргелі, жаһанға әйгілі мемлекет құрды. Елін жиырма жылға толар-толмас уақыт ішінде 50 дамыған елдің қатарына қосты...
«Айтұмар» романы – жоғарыда талданған Ұзақбай Доспанбетовтың тетралогиясы секілді тәуелсіздік көзімен жазылған шығарма. Бұл туындылар бүгін біз мақтаныш ететін ел бірлігі оңайға түспегенін, ауыр сын үстінде шындалғанын, еркіндігіміз еліміздің ең асыл азаматтарының қанымен төленгенін қастерлей білуіміз керектігін уағыз ететін құнарлы идеямен суарылған.
«Айтұмар» жанрын автор этнографиялық роман деп атапты. Шығарма өрнегінің өн бойына ол халқымыздың тұрмыс-тірлік, мәдени-рухани ерекшеліктерін дарыта білген. Жазушы Ә.Нұршайықов айтқандай: «Ж.Ахмадидің «Айтұмар» этнографиялыұ романы бүгінгі қазақ тілі жұтаң тартып, әр ұлттық салт-дәстүріміздің кейбір жақтары ұмытылып отырған кезеңде ұлт мерейі үшін қажет туынды деп жасқанбай айтуымызға болады» («Қала мен дала» газеті. 8 ақпан, 2010 ж.).
Шынында да шығарма кейіпкерлері шетінен дерлік би, батыр, ақын-жыраулары, ауылдың орамал тартқан бұрымдысы, кемпір-сампырына дейін кілең қаны шыққан «этнографтар» ма дерсің.
«Айтұмардың» Дәурен деген геройы туралы романнан мынадай сипаттама оқимыз: «...Дәурен қазақ ауылдарының салт-дәстүрінен, ғұрып-әдет үрдісінен білмейтіні жоқ...» Осы қасиет алдымен автордың өзіне тән. Ойын-сауық, әдет-ғұрып, дәстүрлерінен мұнда құда түсу, қыз ұзату, той тойлау, айтыс-қақтығыстың нешеме түрлері, бәдік айтысына дейін, неке қию, жүкті әйелді босандыру, кіндік кесу, шілдехана, бала өсіру ырымдары, бақсы ойыны ма, - ұлтымыздың салт-дәстүрінің көркін ашатын нелер бояу-нақыш үлгілері, соларды келістіре суреттейтін сұлу-сымбатты сөз – бәрі жиылып этнографияық роман авторының оза шапқан ұлттық өнер білгірі екендігін көрсетеді.
Халықтың рухани байлығын жарқырата дәріптегенде автор елінің абырой-мерейін арттыруды, мәртебесін биіктетуді көздейді. Төле би, Бұқар жыраудай тілінен бал тамған жорға, жүйріктерді былай қойғанда Күндеқыз - Шақылдақ әженің де сөзге жүйрік шешендігі құр дәлмәрсу бағытталған. Дандайсыған жоңғарға тойтарыс беруге шақырғанда тіптен шабытты, көреген. Осындайда Шақылдақ әженің характері, адуынды, тегеуірінді мінез болмысы ерекше ашылады. Шақылдақ әже ел күй-жайының кінәратын нағыз тәуіп-тамыршыдай дөп басады. Тілін босқа беземейді:
« - Е-е, бәрің түге, мойындарыңа су құйылып, салбырап кетіпсіңдер. Ана жақта еліңді ата жауың қызыл қанға батырып жатқанда, ерлі-зәйібің мына жақта құшақтарыңды жазбай, өз жанының ғана тыныштығын күйттеп жата бермек екенсіңдер ғой. Жан тыныштығын ойлайтын күнді тапқан екенсіңдер, түге! Мысыққа қанат, жыланға аяқ бітірмей тұрып әрекет етпесең, күні ертең жау өзіңді басып келгенде, бұлғауыш басты қатының, бықсып шыққан түтінің жанына сая болмай қалады. Өлушінің ажалы жетпей, өлтірушінің құрығы жетпейді... Ел иелері... әскер сұрап жатқанда, білдірмей аттандырыңдар! Керек деп сұраған күні мен де өз немерелерімнің ержете бастаған, сойыл ұстай алатындарын аяп қалмаймын. «Алла ісі парыз, патша ісі уәжіп». Шыр еткен еркек кіндіктің екінші міндеті – сол, деп бір-ақ түйді» [30,146].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет