Тарихи роман жайдан-жай жазылмайды. Өзі дүниеге келген уақыт зәрулігіне бұл жанр да қызмет етпек. Және қызметі бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармадан кем соқпауы тиіс


Тарихи тақырыпта жазылған шығармалардағы замана шындығы



бет5/12
Дата10.07.2023
өлшемі0,95 Mb.
#104151
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
ДИССЕРТАЦИЯ. ЖӨНДЕЛГЕН

1.2 Тарихи тақырыпта жазылған шығармалардағы замана шындығы

Еліміздің өз дербестігін қолына алуы, рухани тәуелсіздікке де серпін берді. Ел еңсесін тіктеп, тарихын саралап, өзінің рухани құндылықтарының іздеушісіне айналды. Шет елде жүрген ағайындар да бір жағадан бас құрап, туған жері‑киелі шаңырағына оралуға мүмкіндік алды. Олар әр қиырда жүріп‑ақ, туған елін дәріптеп, тілекші болды. Қытайдағы қазақтардың тарихи романдарына келсек, қазақ тілінде шығатын төрт баспада 1970 жылдың соңынан 1996 жылдың ақырына дейін басылған романдардың бары қырықты көрсетсе, 2001 жылға жеткенде мұның ұзын-ырғасы алпыстың үстіне шыққан. Бұл «қайыс ноқталы» елдегі қарға тамырлы қандастарымыз үшін аз көрсеткіш емес. Берісі Абай, Шәкәрім, Шоқан, арысы шығыс пен еуропа классиктерінен сусындап, тоятын алыстан іздеп қорғасын баспасы кенелеп марқайса да барлық рухани жауһарын киелі кеудесіне сақтап, көзінің қарашығындай қорғап, келер ұрпаққа аманаттап жеткізіп жатқан осынау салқар көштің басы, әрине, жанкешті қормал ағалар еді. Ойға алған айдарымыздың ауқымына қарай, қара сөздің кемесінен бір қаншасының атын атап түсін түстейін, тірілерінің нұры тасып, марқұмдарының аруағы аунасын. Қажығұмар Шабданұлы «Қылмыс» (көп томдық роман), «Пана», Жақып Мырзанұлы «Арман асуында», «Таңқурай», Жұмабай Біләлұлы «Жондағы жорық», «Дала торғайлары», Оразбек Әбділұлы «Ұстаз», Оразхан Ахметұлы «Өзгерген өңір», «Көк белес», Ғалым Қанапияұлы «Бұрқасын», «Кер талғар», Тұрсынәлі Ырыскелдиев «Тасқын» (көп томдық), Шәміш Құмарұлы «Бөке батыр», «Ер Жәнібек», «Көз жасы сарқылмайды», Тұғырыл хан», «Ертіс кілкіп ағады», Батырхан Құсбегин «Зұқа батыр», «Жан» (көп томдық) Омарғазы Айтанұлы «Аң шадырын оқ табар», «Таразы», «Зейнолла Сәнікұлы «Басбай», «Сергелдең», Сұлтан Жанболатов «Елжау Күнби», «Саншора Күнби», «Күнгей Мұқажанұлы «Өр Алтай», Ахметолла Қалиұлы «Арда Алтай», Мағаз Разданұлы «Алтай ақиықтары», Ғаппар Біләлұлы «Жүректің жарлығымен», «Ғасырлық қуғын», Әбденбай Бажайұлы «Сүрлеу», Шайсұлтан Қызырұлы «Дабыл», «Бұлаң дүние», Әскер Тойғанбекұлы «Арманда кеткен арыстар», «Болат Кәрібаев «Қыраулы қырқалар», Әуелхан Нұрқожаұлы «Соңғы қар», «Абдрахман Байболатұлы «Тау қырандары», Мұхтархан Самажанұлы «Бейсенбі би», «Серік Қауымбайұлы «Жәке би» т.б. Сонымен бірге, көмей әулиелердің соңы, қарт жырау Асқар Татанайұлының «Бір ғасыры» мен Нығмет Мыңжанұлының «Қарлығаш» атты өлеңмен жазылған романдары... осы аталған қаламгерлердің қатарын бертінде Қазақстанға келген Жақсылық Сәмитұлының «Сергелдең», Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» сынды туындыларымен толықтыру артық болмас».


Жазушы С.Сматаевтың «Жарылғап батыр» өлеңмен жазылған романы 2000 жылы жарық көрді. Шығарманың басты ерекшелігі ретінде жанрлық өзгешелігін атауға болады. Жалпы, «қазақ әдебиеті тарихында Шәкәрімнің Пушкиннің «Дубровскийін» ұлттық тілімізге өлеңмен аударғаны, С.Торайғыровтың кейбір романын өлеңмен жазып шыққаны мәлім. Міне, осынау үрдісті шебер жалғастырған, Жарылғаптай танымал тарихи тұлға бейнесін эпикалық теңдікпен суреттеуде проза үлгісінің мол мүмкіндігін пайдаланудан бойын аулақ салып, күрделі де күрмеуі мол поэзия үлгісімен роман жазған С.Сматаев еңбегі ересен деуге толық енгіз бар. Екіншіден, өлеңмен жазылған осынау романның негізгі өзегі - ұлттың басқыншы жауға деген жан пида күресі, яғни азаттық идеясы. Үшіншіден, автордың шежірелік деректерді танымдық, тағылымдық тұрғыдан шығарма құрылымына шебер де ұтымды енгізе алғандығы».
Жазушы Қ.Жұмаділов: “Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелігі, онда “түрмеде туған әдебиет” деп атауға болатын шығармалардың тұтас бір шоғыры бар. Шыңжаңда “түрме туындыларының” негізін қалаған - Таңжарық ақын. Жеті жыл (1940-1946) Үрімжі түрмесінде азап шеккен Т.Жолдыұлы шығармаларының жетпіс пайызын түрмеде отырып жазған. Арада жарты ғасыр өткенде оның жолын Қ.Шабданұлы жалғастырды. Өлеңнің жолы жеңіл, камерада бірге жатқандар жаттап алып, халыққа жеткізіп отырған. Ал қарасөзден тұратын романдар циклін тілдей қағаздарға ұсақтап жазып, біртіндеп сыртқа шығаруды құдай басқа салмай-ақ қойсын” [27, 185 б], деп бұл шығармашылықтың ерекшелігін аша түседі Шындығында да түрмеде өткен қанша ғұмыр өлеңмен, әнмен, хат немесе күнделікпен, көлемді туындылармен суреттелді. Бұл шығармалардың көркемдігі, шынайылығы терең болды. Түрме жағдайының өзі адамның шығармашылық мүмкіндігін кеңейтіп те отырғандай еді. Себебі, шығармашылық бағдар, алдын ала құрылатын жоспар жасаудан тыс, бақылап-байлаулы тірліктің жазалауға бейім жағдайында бар мүмкіндікті пайдалана отырып, болғанды сол күйінше қағазға түсіріп алудың өзі үлкен олжа еді. Сондай өзгеше ортада туған шығарма - “Қылмыс” романы.
Зерттеуші Т.Жұртбай “Тағдырлы туынды” деген аңдатуында: “Тумысы бөлек, тағдыры оқшау, күрделі көркем ойлау жүйесі тосын әрі байырғы классикалық баяндау мәнерінде жазылған “Қылмыс” романы - қазақ сөз өнеріндегі құбылысты шығарма. Мұнда қадымнан тартылған көшпелілер әлемінен бастап XX ғасырдағы тағдырмен тістесе күрескен қазақ ұлтының тауқыметті тіршілігі психологиялық ішкі тартыс арқылы шынайы бейнеленген. Шығарманың көркем мәйегі түрмеде ұйығандықтан да, жазушының тістескен тағдырларды тістене отырып жазғаны әр сөйлемнің ширатылысынан анық танылады. Көркем кеңістік пен тарихи уақыттың ара-жігіне желі тартқан өмір шындығы мен көркем шындық, туындының болмысындағы табиғи шынайылық пен астарлы емеурін, эпикалық тыныс пен ызалы мысқыл, қалыптасқан сөз тіркестері мен тосын тіркестер, қазақы қара тілден қорытылған күрделі ойлау жүйесі бапсыз таланттың тағдырымен жағаласқан қайсар рухының көркем тұжырымы екені даусыз” [27, 186 б]. Міне, осындай сипаттағы туынды авторының тағдыры да оқшау, өзгеше. Ол: “Бір ұлттың әдебиеті деңгейімен өлшесек те, әлемдік әдебиеттің өре-өлшемі тұрғысынан қарастырсақ та, аса зор суреткер. Ірі жазушы. Әдебиет сыншысы, аса білімді азамат. Мұрат Әуезовтің Альбер Камюмен салыстыруы да тегін емес” [16, 185 б].
Жазушының “Қылмыс” романы суреткердің көркем өмірбаяны ғана емес, халықтың өмірбаяны. Қазақтың ғұмырбаяны: қазақтың мінезі, қадір-қасиеті, көз жасы, кемшілігі, ерекшелігі, бағы, соры, елдігі, алабөтен сезімталдығы, сонымен бірге, сенімпаздығы, айырықша кірпияздығы, сонымен бірге көнімпаздығы... Бәрінен бұрын “Қылмыстың” әдеби формасын айтсаңызшы! Бұл жөнінде Қ.Жұмаділов: “ Жазушы және түрме. Қалам мен қапас. Әдетте сыйыспайтын-ақ ұғымдар. Екінші жағынан қарасаң, таңданатын да ештеңе жоқ сияқты. Империяға күні қараған кіріптар, бодан елдің өз ұлтын сүйген, азаткер зиялысы абақтыда отырмағанда қайтушы еді. Ресей империясында барар жерің итжеккен, Сібірдің ақырған аязы, ит тұмсығы өтпес тайга орманы... Ал Қытай қағанатында ондай суық Сібір жоқ. Оның есесіне Тарым бойлаған Такламакан шөлі бар. Саясыз, панасыз, жалаңаш шөл. Алпыс градус аптапта ұшқан құстың қанаты күйеді. Сібірде азап болса, Тарымда тозақ. Жазушы Шабданұлы жаза мерзімінің аттай жиырма жылын (1958-1978) осы Тарым лагерінде өткізді [16, 3 б]. Жұмаділов Қ. “Тас түрмені жарып шыққан тарлан сөз” (беташар).
Қ.Жұмаділов тағдыры да, шығармашылығы да өзгеше, уақыт пен жағдайдың ырқына бағынбай ғұмыр кешкен қаламгердің болмысын аша отырып: “Ең ғажабы Қажығұмар өз шығармасына осынша ұзақ уақыт, сан алуан оқиғалар сыйып кетерліктей форма тапқан. Бұл да Батыстың емес, автордың өзі жақсы білетін Шығысының шарапаты. Жол нұсқаған сол баяғы “Мың бір түн”. Ежелгі араб ертегісінде “Ей, ұлы бақытты патшам!” деп басталатын Шаһаризаданың бірінен бірі өткен хикаялары болмаушы ма еді. Мұнда да сол сияқты. Әр тараудың басында автор “Ей, менің тергеушім!” деп қайталап отырады”,-деп шығармасының құрылымдық-стильдік өзгешелігін ерекшелей кетеді [16, 185 б]. Автордың ұзақ жылдарға созылған қамаудағы ғұмыры романның өзегіне айналған. Соншалықты пешенесіне түрменің азабы жазылатындай бұл адамның қылмысы не еді? Адамның бір басына тән жазықты болудың өлшеулі уақыты бар емес пе? Автор романы арқылы адам баласының тағдыр-талайына жазылған ғұмыр жайлы толғанады, баға береді. Мұның бәрі жеке адамның - автордың басынан өткен өмірі арқылы ашылады.
“Өзіме таныс темір қақпақ пен шойын құлып шарық-шұрық ете түсті. Қап-қараңғы, терең ұрада жатқан мен елеңдеп басымды көтеріп алдым. Жүрегім де әлдебір шойын темірге соғылып, шақылдап кеткендей болды. Тұла бойымды түршіктірген қатер мен күдіктің мұздай суық желі сумаң қақты.
Заңды түрмеде жатқан адамдар мұндай тосын іске кезіккенде елеңдесе де, жүрегіне мұз ине шаншылғандай болмай, үмітпен елеңдеп, кейде жылы самал тигендей бір сезімге келетін. “Босатып жіберер ме екен” дегендей жақсылық күтетін. Менде мұндай үміт сезімі мүлде жоқ еді. Өйткені, жатқан ұрам - Хұңуибеңнің зындан деп аталған “абақтысы”. Ал өзім ғой, тісті қақпандай тырп еткізбес талай алыпсоқ жаламен қамалған ең қатерлі әрі “тергеуі” бітпеген, біткенді қойып “қылмысы” үсті-үстіне жамалып жатқан “қылмыстымын” [16, 187 б]. Романның басындағы осы бір аңдатуды оқығанда қылмысын мойындап, өзін қаралап отырған адамның болмысына таңқаласыз. Тек әрі қарай оқу үстінде ғана сіз кейіпкер баяндауындағы астарлы ойды, кереғар мағынаны ұғасыз. Бір адам жеке-дара тұтас қоғамға қауіп тудырмайды. Кез келген қылмыстының тергеуден соң айыбы мойнына қойылып, жазасы кесілмейтін бе еді? Ал, мұндағы үсті-үстіне жамала беретін неткен қылмыс? Сөйтсе, бұл кәдімгі заң жүзінде дәлелдеп, кесіп-піше салатын қылмыстан да терең екен.
Романның алғашқы екі кітабы түрмеде жазылған. Бұл дүниежүзі тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Жазушының теңдесі жоқ ерлігі. Роман жанры жағынан мемуарға жатады. Алайда шығарма жеке адамның өмірімен шектелмейді. Шыңжаң қазағының жартығасырлық тарихын қамтиды. Бүгінгі ұрпақ ұлттық езгінің не екенін, отаршылдық зорлықтың небір түрін осы романнан білетін болады” делінген романның түсіндірмесінде. Романды оқу барысында кейіпкердің “қылмыс” деген ұғымның аясындағы баяндап отырған дүниелері қалыпты мағынадан мүлдем аулақ екенін ұғасыз. Сөйтсе, адамның пешенесіне жазылатын тағдырдың өзі, оның қандай болмағы, сенің бақ иә сорға кездесетін өміріңнің өзі “қылмыс” екен. “Әділетті “тергеушім”, ақ-нақақты адамзатта сіз ғана айырар деп сенемін. Осы үлкен шешемнің өзі құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей рақымсыз ызғарлы күйінде кетуін қарашы, не деген тас бауыр еді! Кішкенелерін есіркемей, тым болмаса, маңдайынан ақтық рет бір сипамай, бір жібімей, тас болып қатып, панасыз, иен құмға тастап кетуін қарашы!.. Неткен рақымсыз қылмыс!” [17,14 б].
Өзінің ауыр жағдайын түрмеге теңеген автор: “Құрметті “тергеушім”, мен кішкентай кезімнен-ақ түрмеде-кебежеде өскен қылмыстымын. Зор қылмысты болмасам сол кезден-ақ қамалар ма едім? Қазіргі қылмысымның түп тамыры менде әзелден-ақ бар екен. Шешемнің емшек сүтімен бітіп, бұлшық еттерімнің талшықтарына айналып кетіпті. Бұл қылмыс сол кездің өзінде-ақ мені жақсы киімнен, жорға тайдан жұрдай етіп, әкемнің жыртық тоны мен кебеже түрмесіне қуып тығыпты ғой!” [17 ,50 б], деп әу бастан-ақ өмірдің ауыртпалығында, жоқшылықтың тұтқынында өскенін айтады. Бұған тағы да мәтіннен дәлел келтірейік: “Үй дегеніміз қуыс үңгір болып қаңырап қалғандай сезілді. Ойнауға зауқымыз болмай, бүрісіп-бүрісіп отырып қалдық. Күн бата кәрі әжеміз үнсіз жылап, бәріміздің бетімізден сүйді. Қош, әжетайым! Кешіре гөр! Өлер шағыңызда қасыңызда болу қолымыздан келмеді. Бақыл бол, әже!” Бір отбасының тіршілігі екіге жарылып, көзі тірісінде бақұлдасып, қоштасу да тағдырдың бір сыны еді. “Дүниеге адам алғаш келгенде күле келеді, Қылмысты да, қылмыссыз да күле келеді. Одан кейін ақырындап қорқу мен қорқыту сатысына көтеріле бастайды” [18, 42 б]. Адам тағдыры әрқалай өріледі. Кейде зауалға ұшыраған адамды сол ортаның өзі жұбатады. Адам қалыпты, бостан тірлікті аңсай отырып, оның тым алыста екенін сезеді. Сондықтан да өзі тап болған мехнаттан пана табуға, соны қорғаныш етуге ұмтылады.
Екінші кітаптың бірінші бөлімінде (“Ала бүлік”): “Абай, Шәкәрім шығармаларын былай қойғанда өзіміздің ақын ағаларымыздың өлеңдері де түрмеден ұрлана шығып, бізге шырқала жырлай, жылай жетіп жатты. Үрімжі түрмесіне 1940 жылы келген Таңжарық пен Әбдікерім ақынның өлеңдері осы кезде өзімізді көп жылатты:
Дариға, тағдыр қысты, қиналды жан,
Өтпейді өңешімнен су менен нан.
Қайғымның қаншасына сен куә бол,
Төгіліп жүрегімнен қып-қызыл қан!

Дариға, мен қайғырдым кімдер үшін,


Оларға көрсетіп тұр кімдер күшін?!
Жаралап көкірегімді улы қанжар,
Қан құстым жүрегімді тілгені үшін!

Қайғырдым назаланған елім үшін,


Ақ бүркеп азаланған жерім үшін.
Ішінде қан майданның қаза таппай,
Жазықсыз жазаланған ерім үшін!

Қатарлас камераларда жататындар бірінің халін бірі дер кезінде біліп тұрады екен. Бірін бірі демеп, бірінің жарасын бірі емдеп, қайрат-қажырға, үміткерлік пен жігерге шақырысқан жауынгер жырлар көп туындапты. Тергеу қинауынан күйреп шығып, сүйретіліп өтіп бара жатқандарды есік саңылауларынан көріп тұрған осы ақындардың қолма-қол айтып қалған, кереметтей шипалы өлеңдері сырттағы бізге де дәл сондай әсерімен жетіп, ем айтады:


Қажыма, тұр орныңнан болат жүрек,
Дұшпандар салса қанжар, найза тіреп!
Жер жүзін тітіретіп басса зұлмат,
Найзағай атылса да күн күркіреп” [16, 56-57 б].
Трагедиялық жағдайдың салдары бір-бірімен ұласып отырады. Адам мұндай шиеленісті жағдайда қалыпты ой арқауынан ажырап та қалады. Жазушы Ж.Сәмитұлының “Сергелдең” романында өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында Алтайдың күнгейінде тіршілік еткен қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, өмір үшін күресі суреттеледі. Халқы үшін қан кешкен Оспан батырдың қиын кезеңдегі батыл қимылдары, қаһармандық тұлғасы көркем бейнеленеді. Романда байырғы халықтың дүниетанымы үнемі байқалып отырады (“Жаратушы құдірет қандай күшті. Бағана өзін қамаған жыртқыш көкжалдар жетеу еді. Енді мұны құтқарған тағы да жеті қарақшы. Ой, алла, аспанда да әне, жетіқарақшы тұр. Анау бір жарық жұлдызға қара. Оны темір қазық деп атайды. Ал оның қасындағы екеуін ақ сары ат пен көк сары ат дейді. Солардың мына жағындағы шөміш бастысы - жеті қарақшы. Темір қазыққа арқандалған ақ сары ат пен көк сары атты аңдыған жеті қарақшы темір қазыққа енді таяған кезде таң атып кетеді екен. Қалай сонда? Жыртқыштардың бәрі жетіден болғаны ма? Жоқ, аспандағы жұлдыздар жыртқыш емес шығар. Яки мыналар да қарақшы емес болар. Сонда қалай? Қазақ баласы жеті санын ерекше белгі санайды. Көп нәрсені жетімен атайды. Бәлкім, арман, бақыт, несібе қуғанның бәрі жетіден басталды ма екен? Жаратушы алланың құдіреті күшті. Мұны бір құдай өзі білмесе оның сырына күнәлі пендесі қайдан жетсін...” [19, 170 б].
Кейіпкердің ойы ежелден тұрақталған ұғымдарға қайшылықта алынған. Қазақ қашаннан жеті санының астарынан күдік іздеген еді? Керісінше, жеті санына көптеген ұнамды, қасиетті ырымдарды теліген жоқ па еді? Жексеннің өзі жасынан ұйыған, құлағына сіңірген дәстүрлі ұғымның ар жағынан қосалқы бір астарға, мағынаға баруға итермелеген сол мезеттегі көңіл-ауаны еді. Егер үміт пен күдіктің қатар келуі шарасыз етпесе мұндай бөгде ойға барар ма еді? Кейіпкердің әдепкі танымнан бөлек бөгде, қайшылықты ойы әрі қарай да жалғасып отырады: “Иә, бақыт деген де опасыз. Бір мезет ойда жоқта анау аспандағы күндей күлімдеп, жүрегіңді нұр сәулеге орап, қуанышқа бөлейді де, сонан соң қас-қағым сәттің арасында көзін жұмып ала қояды. Боз мұнар, бұлыңғыр бір түнекке орап, басқа бір жат өлкеге, буалдыр кеңістікке қарай жетелейді. Алғашқыңды тұтас ұмыттырып, аздырып, адастырып әкетуге қам жасайды” [20, 17 б].
Адам баласының танымына әр қилы қайшылықты ойлардың үстемеленіп, кейде солардың дұрыстығына көздері жетіп, жетегіне ілесіп кете беру де жат болмаса керек. Өйткені, мұндай қарама-қайшылықты ой-танымдардан туындайтын әрекеттер қаншам қақтығыс пен соғысқа бастаған жоқ па? Бұл ойымызды романдағы мына бір үзінді тағы да дәлелдей түседі: “Бейбіт тірліктен суынып, күдер үзген оған енді аласапыран тартыс, алыс-жұлыс керек тәрізді еді. Жер бетінде қазір де зұлымдар көп. Шәмсия сияқты ақ көгершін, пәк перизат, кіршіксіз аяулы періштелерді жылататын, қорлайтын қара жүректердің құтырынып алған шағы. Тыныштық болмаған жерде адам соғыстан ғана ләззат алатын секілді. Бақ таласынан есе теңдік ала алмаған әр жігіт енді өзін айқасқа арнауы керек” [21, 172 б].
Діни ойға адам баласы бұл дүниенің болмысы қиындап, күрделенген сәтте беріледі. Осыған дейін қалыпты деп қабылдаған ұғымдары өзіне қайшылықты пікір, әсер туындатқан кезде, адам өзі де терең түсініп болмаған өзге дүниеге, жаратылысқа жүгінеді. Жоғарыда талданған прозалық шығармаларындағы діни-философиялық проблема адам баласын үнемі толғандыратын мәселе еді. Қай кезеңде де адамзат жаратылыстың да, өздерінің ішкі дүниесінің де жұмбағын шешуге ұмтылып отырған. Ал, автор жер бетінің тірлігі мен метафизикалық құбылыстың арасын жалғастырғысы келді. Сондықтан да қаламгердің шығармаларының ортақ проблемасы қайырымдылық пен зұлымдықты таңдаудағы еркіндік болды. Бұл концепцияларда утопизм болса да, тұтастай алғанда адам баласын ұнамдылықты жақсылық пен еркіндікті идеал етуге шақырады. Діни сана белгілі бір дәрежеде адам баласының гуманистік таным, түйсігіне ықпал жасады.
“Сергелдең” романының кейіпкерлері өз мінез-сипаттарының кемшін тұстарын өздері айтып ақталып отырады: “Сол күнәм үшін қандай жаза тартып, қандай ауыр күнә жазылса да әзірмін. Сонда да алдын ала арылып айтып алайын. Төрінен көрі жуық тұста кәрі Көкенбай неден жаңылды дейсіңдер ғой. Адам жасы ұлғайып, өлер шағына таянғанын сезген сайын қалтырап, жаны тәтті болып кететін көрінеді. Бірақ, күнәнің үлкен себебі әріде. Ол мынау: біз, қазақ баласы, атадан ұл боп тусақ та, көп заманнан бері көрінбей көрінгенге құл боп үйренген халіміз бар” [21, 161 б].
“Сергелдең” романында Ырысқан бір сәтте екі күйді басынан қатар кешеді: “Ол осы күнге дейін мылтығы, қаруы бар өкімет әскерін қойып, сойыл, шоқпармен тап беретін қазақ бүлігіне де араласып көрген жан емес. Ойлап отырса осы жасқа келгенше тұщы етіне тиген қамшы дәмін әлі татып көрмеген екен. Азап, бейнет, өлім деген сияқтыларды тіпті есіне де алып бақпаған пенде. Қазір мына қалың әскерді өз көзімен көргенде жүрегі аузына тығылып тынысы буылып, дем ала алмай қалды” [22, 78 б.]. Осыдан туындаған үрей әрі қарайғы ұзаққа созылған трагедияға апарады: “бұлар көзі жасты, көңілі күпті жандар. Кешегі қырғында бірінен-бірі көз жазып қалып, оның не өлі, не тірі екенінің байыбына бара алмай қан жұтып келе жатқан көңілі қаяу сорлылар” [23, 89 б]. Романдағы кейіпкерлер қоршаған ортаға философиялық қашықтықтан қарайды, ал, алысы - өткен дәуір, көркемдік стильдер, философиялық идеялар – тұрмыстық ұстаным тұрғысынан алыс болып келеді. “Ең ақырында оның көз алдына тағы әлгі қызыл жұлдыз келе қалды. Қан түстес қызыл еді ғой. Таңертең өзі көрген мейірімсіз түсі суық адамдардың бәрінің маңдайы қып-қызыл болатын. Маңдайына жазған деген сол болғаны да” [41, 181-б]. “Заман да заман, заман болар, қарағай басын шортан шалар” деген бар. Бұл да бір дүние ғой. Сен тым болмаса шешеңнің сүйегін тапқан екенсің. Көзің көріп, көңілің суыды. Оған да “шүкір” де, балам” [23,184-б].
Жазушы Қ.Жұмаділов “Таңғажайып дүние” ғұмырнамалық романында бала кезіндегі көңілінде жатталған көріністің байыбына өзінше бойлайды: “Жасы төртке қараған шағында төңірегін зорға байқаған бала, әрине, зеректермен таласа алмайды. Әйтсе де, соғымға сойылған сол боз бие мен ауылдағы аппақ қар, оның бетіне қызғалдақтай шашылған қызыл ала қан бертінге дейін менің есімнен шықпай жүрді. Кейде сол суретті түсімде көретінмін. Көңілімде неше алуан сұрақтар туады. “Менің сыртқы дүниені алғаш қабылдауым, басқа көрініс құрып қалғандай, қып-қызыл қаннан басталған несі деймін ішімнен. Бұл ненің нышаны? Ненің жоралғысы?” [23, 251б].
Әрине, бала ең алдымен өзіне жақын қашықтықтағы, таныс құбылыстардан бастап, сана-түсінігін қалыптастырады. Аксаков пен Буниннің баяндауларындағы балалар өздерінің ата-бабалары жайлаған байырғы қоныстарында дүниеге келіп, оң мен солын тани бастау арқылы, сол бабаларының көне дәстүрін, түсінігін бойларына сіңіре бастайды. Cондықтан, олардың балалық шағы негізінен салт-дәстүрі, тіршілігі тұрақталған ортада өтеді. Олардың көз алдындағы білетін, таныла бастаған құбылыстар да көкейлеріне тез қонады. Бұл бала кейіпкерлердің өздерінің төл салтына, тегіне деген сенімі орнықты. Ал, Х.Оралтайдың романындағы бала кейіпкерлердің дербес ойлауы, болмысы кең таныла бермейді. Себебі, олардың балалығы үлкендердің қаумалаған ортасында, көшіп-қону, қоныс табу қарбаласында өтті. Яғни, балалық шақ деп дербес бөліп алатын кезең болған жоқ. Олар айналасындағы болып жатқан қым-қиғаш тірліктің болмысын үлкендермен қатар танып, білуге тиіс болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет