Тарихи спектакльдер


МАХАМБЕТ ТУРАЛЫ ПЬЕСАЛАРДЫҢ



Pdf көрінісі
бет4/13
Дата07.01.2022
өлшемі0,79 Mb.
#19511
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
МАХАМБЕТ ТУРАЛЫ ПЬЕСАЛАРДЫҢ 
ИГЕРІЛУ ДЕҢГЕЙІ
Тәуелсіздіктен  кейінгі  жылдары  қазақ  көрермені 
мен  оқырманын  тарихтың  жалпы  атауы  емес,  оның 
ішкі  көрінісі,  тарихи  дара  кейіпкерлердің  қақтығысы 
емес, олардың ішкі жан дүниесі қызықтырды. Олардың 
қоғамға деген өзіндік қарым-қатынасы көптеген тарихи-
биографиялық  спектакльдердің  тууына  себепші  болып 
отыр. Мұндай драмалар тарих ағысындағы кейіпкерлердің 
«жеке өмірінің» толық болмысы ретінде келді.
Ұлттық  театр  тәуелсіздік  алғаннан  кейін  қоғамдық 
өзгерістерге байланысты күрделі шығармашылық жолдан 
өтуге  мәжбүр  еді.  Қоғамдық  ой-сана  басқа  қалыпқа 
енген осы тұста қоғаммен бірге адамзаттың да көптеген 
мәселелерге көзқарасы өзгеріп, театр да осы сананың бір 
түрі ретінде өзгерді. Бұл жылдары ұлттық тарихымыздың 
драмалық  кезеңдерін  көрсеткен  сахна  шеберлері  де 
тұлғаның  ішкі  жан-дүниесінің  диалектикасын  ашып, 
тарих ғылымының көлеңкесінде қалған қырларын ашуға 
тырысты. Сахналық кейіпкерлер мінезіндегі жаңа көңіл-
күйдің  пайда  болуы  қаһармандық-тарихи  драманы 
меңгерудегі  принциптерді  өзгертті.  Осы  негізде  халық 
поэтикасын,  ұлы  ақындардың  шығармаларын  қолдану 
мен  сахналық  шешімнің  жаңа  түрлерін  қарастырудың 
қазақ  театрының  қаһармандық-романтикалық  бағытын 
айқындағаны рас.
Егемендігіміз  қолымызға  тигеннен  кейінгі  уақытта 
тарихи-ғұмырнамалық  пьесалар  жаңаша  игеріліп, 
авторлық идеялар жаңа көзқараста өрбіді. Режиссер мен 
актердің  зейіні  кейіпкерлерінің  қаһармандық  істерімен 
шектелмей,  көбіне  сол  істі  жасауға  мәжбүр  еткен 
ниеттерге  құрылды.  Сөйтіп,  сахналық  әрекетте  өтіп 
жатқан  істің  нәтижесі  ғана  көрінбей,  процестің  өзі  де 


69
алдыңғы  планға  шықты.  Сахнаға  ішкі  жан-дүниесі  бай 
адам бейнесі шығып, оның өмірі мен шығармашылығы 
драматургтер  мен  театрлардың  зерттеу  обьектісіне 
айналды. 
Тарихта  ел  бастаған  ерлер  аз  болмады.  Батыр 
ұлдарының  ерлігіне  сүйсінген  елі  сол  батыр  ұлдарын 
барлық  замандарда  мадақтап,  мақтан  еткен.  Олардың  
есімдерін  жадынан  шығармаған.  Ерлік  істері  мен 
батырлық  мінездері  туралы  әңгімелерді  ардақтап, 
ұрпақтан-ұрпаққа айтып келген. Тәуелсіздік жылдары  да 
тарихи-ғұмырнамалық тақырыпта жазылып классикалық 
шығармаларға  айналған  тұлғалар  туралы  шығармалар 
дүниеге  келіп,  олардың  қоғамдық  тартыстары  терең 
ашылды.  Бұл  драмалар  кейіпкерлерінің  рухани 
ізденістерін көрсетіп, көзқарастар конфликтілерін ашуға 
негізделді. 
Халқымыз  өзінің  ұлттық  тілі  мен  діліне,  тарихына 
мойын бұрып, бары мен жоғын қайта саралай бастаған 
шақта  Абай,  Махамбеттей  ақындардың  көркемдік 
тұлғасын  сахнаға  шығарып,  оны  өзіне  тән  болмыс-
бітімімен  сомдау  мен  бүгінгі  ұрпаққа  үлгі  етіп  көрсету 
қазіргі  драматург-жазушылардың  асыл  парызының  бірі 
болып отыр.
Батырлар  арасында  ақындардың  орны  ерекше. 
Тарихи  спектакльдерде  көрнекті  кейіпкерлермен,  саяси 
қаһармандармен  бірге  өнер  адамдарының  қоян-қолтық 
жүруі сондықтан.
1995  жылы  Абайдың  туғанына  150-жылдық 
мерейтойына арналған театр фестивалі өткізілді. Содан 
соң  Жамбылдың  150,  Махамбеттің  200  жылдығына 
арналған көптеген фестивальдардың бір-бірімен жалғаса 
қазақ  драматургиясының  дамуына  әжептәуір  ықпал-
әсері  болғанын  жоққа  шығара  алмаймыз.  Рас,  жүлде 
белгілеуде,  жүлдегерлердің  орындарын  анықтауда,  бас 


70
бәйгені бір ғана театрдың қанжығасына байлауда әртүрлі 
деңгей, кейде, тіпті, ортанқол дүниелердің «бағы жанып» 
кететін тұстар болмады дей алмаймыз. Әрбір драматург 
пен  театр  өзінің  спектаклін  бірінші  деп  ойлайтынын 
ескерсек,  олардың  көзімен  қарағанда,  қазылар  шешімі 
әрдайым қара қылды қақ жарды деп айту қиын.
Бәйге деген – талас. Жүзден жүйрік озатыны да рас. 
Бап  шаппай,  бақ  шабатыны  тағы  бар.  Қалай  болғанда 
да  белгілі  бір  тақырып  төңірегінде  (мерейтой)  театр 
фестивальдарын  өткізу  қазақ  драматургиясында  із 
қалдырып, көптеген шығармаларды дүниеге әкелді.
Бұл  фестивальдар  тақырыптық  және  мерейтойлық 
ыңғайда  ұйымдастырылып,  бір  жағынан  жаңа 
драматургиялық шығармаларды әкелсе, екінші жағынан 
халықтың рухын көтеру, намысын қайрау, отаншылдығын 
ояту үшін көп қызмет атқарғаны анық.
Өмір өтіп, уақыт озған сайын кейбір тарихи жағдайлар, 
оқиғалар,  тарихта  болған  белгілі  адамдар  санамызда 
ұмытыла  жаздап  барып,  қайта  жаңғырмақ.  Бүгіннен 
бағзыға  қайта  мойын  бұрып,  кеше  мен  келешекті 
жалғастырар  көпір  болуды  адамзаттың  әр  буынының 
маңдайына  тағдыр  жазып  қойған.  Қаншама  күшпен 
революциялық  өзгерістер,  қоғамдық  формациялар,  әр 
түрлі  режимдер  тарих  сабағын  ұмыттырып  жібермек 
болса  да,  адамның  тарихи  жады,  тарихи  санасы  уақыт 
шаңы басқан, ізі өшуге айналған, көмескі тартқан небір 
құндылықтарын  қайта  аршып  алып,  жарқырата  жаңа 
ұрпақ игілігіне жаратпақ.
Бұл 
ретте 
ғалым 
Рахманқұл 
Бердібайдың: 
«Тәуелсіздік  туын  көтерген  дәуіріміздің  бар  игі 
жұмысы  тарихымыздың  қараланған  беттерін  тазартып, 
бұрмаланған шындықтарын түзетіп, жабулы қалғандарын 
ашып,  жалған  жалаға  ұшырағандарын  ақтап,  олардың 
анық  орны  мен  бағасын  беруден  көрініп  отыр»  [36,  65 


71
б.],  –  деуін  берісі  ХХ  ғасырдағы,  Кеңестік  дәуірдегі 
қазақ  зиялыларының  тағдырына  қатысты  деп  ұқсақ, 
әрісі Алашқа айбын болған ардақты ұлдарына – хандары 
мен билеріне, батырлары мен бектеріне де қатысты деп 
қабылдаймыз. 
Махамбет  Өтемiсұлы  –  қазақ  халқының  тарихы  мен 
әдебиетіне белгілі із қалдырған батыр. 1836-1838 жылғы 
Исатай  Тайманұлы  бастаған  шаруалар  көтерілісіне 
қатысып,  оны  жалынды  өлең-сөздерімен  үгіттеген 
ақын.  Қазақ  халқының  тағдыры  мен  тарихындағы  осы  
көтерiлiстiң жөнi де, маңызы да ерекше. Махамбет ұлттық 
және рухани тәуелсiздiкке ұмтылған қазақ елiнiң азаттық 
жолындағы күресiн суреттеп, нағыз шыншыл, халықтық 
поэзия  жасады.  Ақынның  «Ереуіл  атқа  ер  салмай», 
«Соғыс»,  «Мұнар  күн»,  «Тайманның  ұлы  Исатай»,  «О, 
Нарын»,  «Алайма,  сұлтан,  алайма»,  «Әй,  Махамбет 
жолдасым», «Алдияр тақсыр ханымыз» сияқты өлеңдері 
жорықты жылдардың жыр-шежіресі іспетті.
1836-1838 жылдары Батыс Қазақстанда өткен Исатай 
Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінде Махамбеттің 
көсемдердің  бірі  ғана  емес,  оның  бас  ұраншысы 
болғандығы  тарихтан  белгілі.  Оның  жауынгерлік 
қабілеті  мен  ақындық  таланты  көтеріліспен  астарлас 
болып келеді. Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар 
көтерілісінің  басты  шығу  көзі  –  би-сұлтандардың 
шаруалардың  құнарлы  жерін  тартып  алуы,  халықтың 
көгалды қоныстан құмға ығысуы тәрізді елді күйзелткен 
ауыр  жағдай.  Махамбет  патша  өкіметіне  жағынудан 
арланбаған  қазақтың  би-сұлтандарымен  алысып,  өзінің 
өлеңі  мен  шешендігінің  арқасында  көпті  ұйымдастыра 
алды.
Махамбет  поэзиясын  зердесінен  өткізген  М.Әуезов: 
«Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын 
Махамбеттей  қып  жырлаған  өзгеше  ақын  болған  емес» 


72
[37,  268  б.],  –  десе,  Махамбет  жырларын  С.Мұқанов: 
«Халық  бостандығы  үшін  болған  күресті  сипаттайтын 
ХІХ  ғасырдағы  поэзияда  Махамбет  жырларының  орны 
ерекше, өйткені ХІХ ғасырдағы халық көтерілісі кезінде 
найза мен қаламын бірдей қару етіп жұмсаған одан басқа 
ақын жоқ» [38, 273 б.], – деп шегелей тұжырымдаған.
Ел  теңдігі  мен  азаттығы  үшін  күрескен  батыр 
Махамбеттің  поэзиялық  өнеріне  арналған  көркем 
туындылардың  ішінде  драмалық  шығармалардың  орны 
ерекше. Махамбет пен Исатай туралы киносценарийлер 
де  баршылық.  Осы  драмалық  шығармалар  мен 
киносценарийдің  авторлары  қатарында  М.Ақынжанов, 
Ғ.Сланов,    Б.Аманшин,  Н.Әбуталиев,  Б.Қорқытов 
есімдерін атауға болады. Осындай жазушылардың қалам 
ұстауына негіз болған біртуар тұлға Махамбет Өтемісұлы 
бейнесі үлкен сахналық полотноға лайық. 
«Қайран Нарын», «Өттің, дүние» атты екі повесі мен 
«Наркескен» романынның авторы Нәбиден Әбутәлиевтің 
«Өттің, дүние» пьесасы 1991 жылы М.Әуезов атындағы 
академиялық  драма  театрында  Әубәкір  Рахимов 
режиссурасымен  сахналанды.  Мұнда  спектакльдің 
лейтмотивіне айналған Махамбеттің күйлері көрерменді 
Нарынның  жоталы  құмдарына  апарғандай  әсер 
қалдырады.  
Махамбеттің  өлеңдеріне  сүйенген  драматург,  оның 
өмірін,  күрес  жолын,  шығармашылығын  тамыршыдай 
тап басып, драмалық шығарма жазып шыққан. «Пьесаның 
тілі тамаша. Ондағы ақ өлеңмен айтылатын әр кейіпкердің 
сөзі құнарлы, қарымды, мазмұнды ұйқастармен, мақалдай 
мақамдармен төгіліп тұр» [39], – деп тарих ғылымының 
докторы Х.Маданов пен филология ғылымының докторы 
Ә.Нарымбетов «Махамбеттей ер туғызған еліңнен» атты 
бірлесіп жазған мақалада шығармаға жоғарғы баға беріп 
кеткен.


73
Фатима  бейнесіндегі  М.Өтекешова  сұлулығы  мен 
ақылы  бірдей  тоғысқан,  батыр  да  әсем  ханшаның 
бейнесін жасап, оның Махамбетті шынайы сүйетіндігін 
әрбір  көрініс  сайын  аша  түседі.  Ақсүйек  әулетінен 
шыққан  ханшаның,  Махамбетке  деген  махаббатының 
шынайылығын озбыр Жәңгір ханның өзіне тоқтау айтып, 
ақылмен  әрекет  етуге,  байсалдылыққа  шақыруынан-ақ 
байқауға  болады.  Сондай-ақ,  Жәңгір  қайтыс  болғанда, 
көңіл  айтуға  барған  Махамбетке  Фатиманың  «Ордада 
қалсайшы, әйел бастаған көш оңбас деген, мен ел билеп 
не жарытамын» деген сөзінде де астарлы сыр бар. Ғафу 
Қайырбеков:  «Спектакльде  Фатиманың  Махамбетті 
айрықша сыйлауы жәй мықты еркек пен сұлу әйелдің ара 
қатынасы емес, мақсат, мұрат, биік арман – халыққа жаны 
ашу,  халық  бақытсыздығының  себептеріне  ой  жүгірту 
секілді  жеке  қызықтан,  пендешіліктен  биігірек  жатқан 
қасиеттер туыстығы, яғни қазақтың асқақ жігіті мен асыл 
қызының түсіністігі аңғарылады» [40], – деп Махамбет 
пен Фатиманың сүйіспеншілігіне жоғары баға берген. 
Батыр,  қайсар,  кейде  көзсіз  ерлік  жасайтын,  кейде 
аңғал мінезді, Исатайды сахнаға шығарған Қ.Тастанбеков 
Ж.Ысмаиловтың: «...ел қамын ойлаған ардагер азамат, қол 
бастаған стратег сардар, қан майданның ең ұрымтал, ең 
қатерлі жерінде жүретін өжет батыр және сонымен бірге, 
әрбір  қимылында,  әрбір  қадамында  ақыл-парасаттың 
биік  деңгейінен  көріне  алатын  дана»  [41],  –  деген 
анықтамасына лайық әрекет жасаған. 
Махамбет  ролін  сомдаған  Тұңғышбай  Жаманқұлов 
ойынында  әр  оқиға  сайын  ақынның  бүкіл  болмыс-
бітімі  биіктеп,  тұлғасы  даралана  түседі.  Махамбет  – 
Т.Жаманқұлов Жәңгір ханмен сөйлессе де, губернатормен 
айтысса да, Фатима ханыммен сырласса да шоқтығы биік 
өр  мінезі,  ұшқыр  ойы,  тәкаппар  қалпынан  өзгермейді. 
Актер  батыр  бейнесінің  бар  болмысын:  мінез-


74
құлқын,  психологиялық  терең  ой  иірімдерін  шынайы 
суреткерлікпен  мүсіндеп,  елі  мен  жерінің  бостандығы 
үшін  басын  тіккен  ержүрек  жан  етіп  көрсетеді.  Бұл 
бейне  биіктерге  құлаш  ұрған  айтулы  актердің  бірден-
бір шоқтықты белесі екендігінде дау жоқ. Махамбеттің 
егеулі  найза  қолға  алып,  айтулы  баһадүр  ретінде  ғана 
көрінбей,  жаны  жібектей  нәзік,  жүрегі  сезімтал  аяулы 
азамат  ретінде  бейнеленуі  көрерменнің  оған  деген 
сүйіспеншілігін арттыра түседі. Оның сан қырлы қасиеті 
мен  жан  дүниесінің  қат-қабат  иірімдері  ұлы  Махмұтқа 
деген  әкелік  махаббаты  мен  Фатима  ханымға  деген 
мөлдір  сезімі  арқылы  ашылады.  Азаттық  жолына  бар 
өмірін  арнаған,  халқының  бостандығы  мен  бақытын 
жеке  тағдырынан  жоғары  қойған  Махамбет  Фатиманы 
бар  ыстық  ықыласымен  сүйіп  тұрса  да  ханымның 
«Ордада  қал»  дегеніне  келіспейді.  Ханша  «Онда  айтар 
әңгіменді айтып қал» дегенде ақын қолына домбыраны 
алып, бір күйді төге жөнеледі. Бұл – семсер суылдаған 
өр серпінді әуен, екі ұдай арпалыс бейнеленіп, келе-келе 
сүйініштен  күйінішке,  қайнаған  ыза-кектен  мұң-шерге, 
аһ  ұрған  өкінішке  ұласатын  дүниенің  жалғандығын 
білдіретін күй. Фатиманың алдында тұсауы кесілген бұл 
туынды өмірінің өтіп бара жатқанын, күндерінің санаулы 
қалғанын сезген Махамбетің «Өттің дүние» күйі болатын. 
Пьесаның  осы  күй  атымен  аталуы  оған  символикалық 
реңк  беріп,  көркемдік  тұжырымының  әрін  кіргізіп 
тұрғандай.  Т.Жаманқұлов  өзінің  талантымен,  авторлық 
мінезімен шектеліп қалмай, бейнені жаңа әрекеттермен, 
ойлармен, идеялармен толықтыруға тырысқан.
Режиссер мен басты рольді орындаушы ең біріншіден 
кейіпкер әрекетіндегі психологиялық шындықты, өмірде 
болған  нақты  адамның  ішкі  және  сыртқы  ұқсастығын 
табуға жол іздеді.
Спектакльде әсерлі шыққан көрініс – Орынбор генерал-


75
губернаторы  Петровскийдің  абақтыда  Махамбеттен 
жауап  алатын  сәті.  Мұндағы  Махамбеттің  қайыспай 
жауап  беруін,  әрбір  зілді  сөзінің  зор  екпінмен  айтуын 
актер өте нанымды суреттеген.  
Сонымен  қатар  Мүлік  Сүртібаев  (Мүкең), 
Ғ.Сүлейменов  (Балқы  би),  Ғ.Байқошқарова  (Айғанша), 
М.Нұрәсілов  (Ықылас)  ойындары  да  қойылымның 
көркемдік  көркіне  өзіндік  үлес  қосқан.  Әсіресе, 
«Ықыластың ролін ойнайтын Нүрәсілов Мұрат екі жүзді, 
арам мен адалдық парқын білмейтін, күні үшін, басының 
пайдасы  үшін  ар-иманын  сатуға  әзір  жүрген  екі  аяқты 
ездің бейнесін шебер шығара алған» [42], – деп жазады 
Х. Маданов.
Режиссер  және  композитор  Ғ.Жұбанова  Махамбет 
күйлерінің ырғақты нотасын тауып, спектакльге орынды 
қолданған.  Актерлер  драматург  ақ  өлеңмен  жазылған 
тексті  өте  тамаша,  құнарлы  түрінде  жеткізе  білген. 
Сондай-ақ, суретші мен композитор еңбегінде үндестік, 
тұтастық бар.
Махамбет  өмірінің  соңғы  кезеңімен  басталған 
спектакль  ары  қарай  оның  еске  түсіру  сахналарымен 
жалғасып,  аяғында  қайта  ойға  шомған  Махамбетпен 
бітеді. «Бұл қойылымның ақиқатты айтудан қорықпайтын, 
ащы шындықты ашық айтатын тәуелсіздік тұсында театр 
үшін  үлкен  абырой  болғаны  анық»  [43,  42  б.],  –  деп 
Б.Құндақбайұлы айтқандай «Өттің дүние» спектаклінің 
бүгінгі  ұрпаққа  айтары  мол.  Ол  тек  жылдар  бойы 
жабық  тұрған  тарихымыздың  бетін  ашып  қана  қоймай, 
Махамбеттің  аузына  қазіргі  талаптардан  туындайтын 
сөз салынуы, оның нанымды көріністермен бейнеленуі, 
спектакль финалында батырдың жалғыз ұлы Махмұтты 
шарқ ұрып іздеуі – ұрпақтар жалғастығын үндейді. 
«Автор  өзі  таңдап  алған  әдеби  әдісті  мейлінше 
оңтайлы пайдаланып, қос қаһарманның қақтығысқа толы 


76
өмірін  нақты  тарихи  оқиғаларға  теңестіре  отырып,  ең 
мәнді кезеңдерін нақты іс-қимыл үстінде қамтып қалуға 
тырысқан»  –  [41]  деп  Ж.Ысмаилов  спектакль  туралы 
өте орынды пікір айтады. Автордың тарихи материалды 
жетік  меңгергендігі  әрбір  сахнадағы  кейіпкерлердің 
диалогынан, тебіренген монологтарынан көрініп тұр.
Қаһармандық-психологиялық 
драма 
жанрында 
өмірлік  шындық  тәсілімен  шешілген  спектакль 
режиссері  кейіпкерлер  арасындағы  қарым-қатынасты 
нақты  көрсетуге  тырысып,  тұрмыстық  дәлділіктерді 
айқын  суреттеуге  терең  мән  берген.  Мизансценалар 
бірінен-бірі шығып отырып сахнада өтіп жатқанның бәрі 
күнделікті  өмірді  суреттеді.  Актерлер  де  өз  рольдерін 
іштей түсініп, сахналық бейнені психологиялық тұрғыда 
ашуға талпынды.
Пьесаның  идеялық-көркемдік  болмысын  тұтастай 
сақтап,  оның  эстетикалық  бітімін  шашыратпай, 
сахна  кеңістігін  барынша  пайдаланған  спектакль  – 
Ә.Рахимовтың  шығармашылық  жемісі.  Сахнадағы  бай 
декорация,  кейіпкерлердің  өздеріне  лайық  костюмдері 
қойылым  сәнін  кіргізген.  Режиссер  бұл  драманы 
сахналауда  көзге  түсетін  жарқын  эффектілерден  бас 
тартып,  тек  драматургиялық  материалға  сүйенген. 
Сахнаны  безендірудегі  нақтылық  қаһармандық-
романтикалық стилистикамен, ал, актерлар ойынындағы 
тұрмыстық-психологиялық 
нақтылық 
көркемдік 
бейнелеумен ұштасты.
Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік жастар 
мен  балалар  театрында  1991  жылдың  8  тамызында 
театрдың  сол  кездегі  бас  режиссері  әрі  көркемдік 
жетекшісі Р.Сейтметовтың «Туған ұлдан не пайда?» атты 
поэтикалық  драмасының  премьерасы  болды.  Бұл  театр 
батырдың өр тұлғасын өз өлеңдерімен өріп, поэтикалық 
сарындағы  спектакль  жасауға  талпынған.  Ақынның 


77
сол  кезеңнің  тарихымен  астарлас  әр  өлеңін  сұрыптап, 
қиюластырып,  айтатын  ойды  шашыратпай  нақпа-нақ 
белгілі бір ситуациялық қақтығысқа, терең ойлы мазмұнға 
жинақтап, шығарманың көркемдік үлгісін тапқан.
Сахна  шымылдығы  ашылғанда  ұрыс  даласындағы 
қанды қырғыны, найза-қылыштардың сарт-сұрт дыбысы, 
батырлардың  айқайы,  теңіздің  буырқанған  дауысы, 
астаң-кестең дүние көз алдымызға келеді. 
Енді  бір  ұрыс  саябырлаған,  Исатай  батыр  қолы 
жеңіліске  ұшырап,  батырлар  дамыл  тапқан  сәтте  «енді 
ұрысарға дәрмен жоқ» деп күйзелген батырды серігі, әрі 
ақылшысы бола білген Махамбет «…Ерлердің ісі бітер 
ме?» – деген өлеңімен рухтандыра түседі.
Махамбеттей  асылды  көз  алдымызға  әкелген 
А.Бектеміровтың  сырт  тұлғасы,  үні,  жалт  еткен  отты 
жанары қолындағы домбырасымен сырласып, іштегі мұң-
шерін білдіруі өте әсерлі шыққан. Әсіресе, Баймағамбет 
сұлтанмен  кездесетін  тұста  актер  Махамбеттің  асау 
ақын  екенін  танытады.  Көтеріліс  жеңіліске  ұшырап, 
айқаста Исатай мерт болған сәтте де Махамбет қаруын 
тастамай,  елді  өз  өлеңдерімен,  жалынды  сөздерімен 
қайта  көтермекке  әрекет  еткенімен  оның  істерінің  бәрі 
сәтсіздікке  ұшырайды.  Осындай  спектакльдің  күрделі 
финалының актерден үлкен шеберлікті тілейтіні рас. Бірақ 
актер  сөз  астарын  ашуда  ақынның  қандай  қиындықты 
да  қайыспай  көтеретін  батырға  тән  қасиеттеріне  назар 
аудармаған. «Алайда, Махамбет ақын ғана емес – батыр, 
батыр ғана емес – саясаткер, саясаткер ғана емес – ойшыл. 
Міне,  Махамбеттің  осы  қырларын  ашуға  келгенде  сәл 
олқы  соғып  жататын  тұстары  да  бар.  Кейде  ақынның 
ішкі  монологын  да  қаратпа  сөз  сияқты  бір  екпінмен 
айтып жіберуі, Махамбеттің нағыз батырлығын танытар 
тұста (Исатайдың сүйегімен қоштасар сәті) ішкі егілуін 
«сыртқа  көрсетіп  алуы»  сияқты  бірлі  жарым  кемшін 


78
тұстарын  есепке  алмағанда,  Махамбет  бейнесі  замана 
лебін танытатындай дәрежеге жетіп, дараланып, өнердегі 
өз биігіне көтерілген» [44], – дейді Т.Ахметжантегі. Осы 
сөздерден  кейіпкер  басындағы  күрделі  психологиялық 
процестердің А.Бектеміров ойынында ұтымды бейнелеу 
таппағандығын байқауға болады. 
Спектакльде  сәтті  шыққан  бейнелердің  бірі  – 
О.Кенебаев  ойнаған  Исатай  ролі.  Актер  Исатайдың 
табиғатын,  болмыс-бітімін  терең  сезініп,  сондай 
ірі  тұлғаны  сахнада  қайта  тірілтуге  іштей  үлкен 
дайындықпен  келген,  кейіпкер  психологиясын,  оның 
ішкі  жан  иірімдерін  терең  зерттеген.  Осы  жерде  «Әр 
сөз  ішкі  тебіреністен  туындайды,  әр  қимыл  батырдың 
басындағы  ауыр  трагедияны  жеткізіп  тұрады»  [44],  – 
деген  пікір  дұрыс  айтылған.  Батырдың  мінез-құлқын, 
жүріс-тұрысын, шиыршық атқан іштегі жан арпалысын, 
қызуқанды  шалт  қимылын,  мірдің  оғындай  әр  сөзін 
нанымды  жеткізуде,  тіпті  қолына  ұстаған  затының  өзін 
ойнатуда актер үлкен ізденіс танытқан.
Сахналық  бейнелеу  жағынан  көркем  шыққан 
Б.Сейтмомытов  сомдаған  Баймағамбет  сұлтанның  ролі 
болды. Оның озбырлығы, қарсы келгенді қағып түсіретін 
қанішерлігі  актердің  әр  сөзінен,  қимыл-қозғалысынан 
айқын көрінеді. 
Спектакльде  тағы  бір  терең  бейнелеу  тапқан 
И.Әбілмәжіновтің  орындауындағы  Ақсақал  ролі.  Бір 
ауылдың  ғана  емес,  бүкіл  халықтың  мұңын  мұңдап, 
жоғын  жоқтаған  ақсақалды  көрермен  алдына  әкелген 
актер  адам  мен  тіршілік  жайындағы  ой  арпалысын 
барынша терең ашқан.
Сонымен қатар қойылымдағы С.Есенқұлов орындаған 
Таңатар,  С.Рақышев  ойнаған  Иманбай,  Қ.Қуандықов 
суреттеген  Сарт  бейнелері  де  толыққанды,  тартымды 
шыққан.


79
Режиссердің Махамбет өлеңдерін, сол дәуірдегі өмір 
сүрген ақын-жыраулардың ұлағатты өсиеттері мен өлең-
жырларын осы тарихи оқиғаның желісімен байланыстыра 
пайдаланып, сол кезеңнің суретін көрермен алдына айна-
қатесіз  көрсете  білуі  –  поэтикалық  драманың  ұтқыр 
шешімі.  Спектакльде  декорация  өте  сәтті  жасалған. 
Әсіресе,  қызыл  құмның  ұшып-қонып,  «тулап  жатуы»  – 
қазақ  даласы  мен  қазақ  халқының  ішкі  толғаныстарын 
суреттегендей әсер қалдырады.
Тарихи 
оқиғалардың 
шарттылығы, 
көптеген 
кейіпкерлердің  иллюстрация  дәрежесінде  қалуы, 
актерлердің  декламацияға  бой  алдыруы  спектакльді 
табысты шығармалар қатарына қосуға мүмкіндік бермеді. 
«Туған  ұлдан  не  пайда?»  қойылымының  сахналық 
бейнесін жасауда жеке орындаушылардың өз рольдерін 
толық  меңгеруі  жолында  әлі  көп  ізденіс,  жұмыстар 
жүргізуді  қажет  етті.  Бұл  спектакльдің  жастар  мен 
балалар  театры  сахнасында  ұзақ  тұрақтамай,  кезеңдік 
қойылымдар  қатарында  қалуының  бір  себебі  осы. 
Дегенмен бұл қойылымның еліміз тәуелсіздік алғаннан 
кейінгі  театрдың  Махамбет  бейнесін  сахналаудағы 
алғашқы талпынысы екенін ұмытпаған жөн.  
1996  жылы  Атырау  облыстық  Махамбет  атындағы 
қазақ  драма  театрында  Қадыр  Мырзалиевтың  «Жаралы 
жолбарыс»  пьесасын  режиссер  Ш.Кәрібаев  сахналады. 
Бұл – тілі көркем де жатық, әрі жанр заңдылығына толық 
жауап беретін драматургиялық шығарма. Автор пьесада 
тәуелсіздік  туын  көтерген  ақын  Махамбеттің  соңғы 
күндері  мен  ел  басқарған  сұлтан  туралы  жаңа  түйін 
жасаған. 
Бұл қойылым Т.Жүргенов атындағы Театр және кино 
институтын  (қазіргі  Ұлттық  өнер  академиясы)  бұдан 
бір жыл бұрын, яғни 1995 жылы бітіріп шыққан Шопан 
Кәрібаевтың зор табысы болды. 


80
Драматург  оқырман  күткендегідей  бірінші  планға 
ақынды  емес,  сұлтанды  шығарып,  Махамбеттің 
кім  екендігін  Баймағамбеттің  сөзінен  байқатады. 
Философиялық  ойды,  заманға  айтар  сын  мен  мiндi, 
халықтың  қиял-арманын,  Махамбеттің  өмiрi  туралы 
толғанысты  драматург  Баймағамбет  сұлтан  арқылы 
жеткiзедi.  Бұл  шығарма  аласапыран  қоғамдық 
қайшылықтардың  тарихи  болмысы  ашылған  заманның 
талай  дүбірлі  күндерін  басынан  кешірген  Махамбет 
өмірінің соңғы күндері туралы. Батырдың ойлайтыны – 
уақыты  таяған  ажал  емес,  артында  қалып  бара  жатқан 
елінің тағдыры, соның бүгіні мен ертеңі. Пьесада ақын 
мен  ел  басқарған  сұлтан  арасындағы  қайшылық  жаңа 
көзқараста  ашылған.  Автор  идеясында  екеуінің  де 
ойлайтыны – ел қамы. 
Тарих  бетінде  бірнеше  ұрпақ  санасына  кеңестік 
идеология  ұстанымдарына  сай  тайға  таңба  басқандай 
етіп  жауыздығымен  атын  қалыптастырған  Баймағамбет 
бейнесін  драматург  пен  режиссер  басқа  қырынан 
көрсетуді меңзеген. Елім, халқым құрып кетпесін деген 
сұлтанның ой-мақсаты спектакльдің өн бойына таралған. 
Тарихи  қарама-қайшылыққа  толы  сұлтан  бейнесін 
театрдың жетекші актері Т.Қуанышев сахнаға шығарды. 
Оның бейнелеуіндегі Баймағамбет парасат иесі, айласына 
ақылы  сай  адам.  Сұлтан  Махамбеттің  жүрегі  халқым, 
елім деп елжірейтін ұлы ақын екенін мойындайды, іштей 
соның  тілеуін  тілейді.  Ол  күндердің  күнінде  Махамбет 
үшін болашақ ұрпақтың сотына тартылатынын да сезеді. 
Біле  тұра  тарих  кешірмес  қылмысқа  баруға  мәжбүр. 
Баймағамбет сұлтанның жан дүниесіндегі осы бір қым-
қиғаш  қайшылық  пен  сезімдер  арпалысын  Т.Қуанышев 
үлкен шеберлікпен жеткізе білді. 
Спектакльдегі  бүкіл  әрекет  Баймағамбет  сұлтанның 
ордасында, оның ой-толғамдары арқылы жүріп жатады. 


81
Орындаушы  кейіпкерінің  ішкі  көңіл-күйіне  қарай  сырт 
пішінін, жүріс-тұрысын, айтылатын әр сөзін ойластырған. 
«Т.Қуанышев ойнаған Баймағамбет кесімді сөздің, кесек 
мінездің  адамы,  қайшылығы  көп  кезеңнің  саясатынан 
ойы  босамайтын  қайраткер.  Тұнжырап  отырған 
кездерінде  де  іштегі  алай-дүлей  байқалады.  Оның 
тұла  бойынан,  қимыл-қозғалысынан,  көзінен,  сөзінен 
сұлтандық  бойы  танылып  тұрады»  [45],    –  деген  тілші 
пікірінен  қойылымның  көркемдік  сипаты  Баймағамбет 
сұлтанның сахналық кескінделуіне тікелей байланысты 
екенін  актер  толығымен  ескергендігі  байқалады. 
Спектакльдің  аяғында  оның  алдына  Махамбеттің 
басын лақтырғанда, бұндай жауыздыққа қолдары қалай 
көтерілгендігіне  сене  алмай,  көзін  жұмып  тұрып,  ауыр 
дем алып, ақырын ғана қолын созып дорбаға жақындауы 
арқылы актер сұлтанның психологиялық жан күйзелісін 
әдемі  суреттеді.  Баймағамбет  Махамбетке  қанша  қас 
болғанымен  «Бұл  –  Махамбет  –  ғасырда  бір  туатын» 
немесе «Дұшпан еді достарымнан ақылды» деген сөздері 
арқылы, оның адамдық келбетін, адамгершілік қасиетін 
жоғары бағалағандығын аңғартады. Спектакльдің негізгі 
өзегі  –  осындай  екі  үлкен  тұлғаның  өзара  түсіністік 
таппай, ел үшін тізе қоса алмай кеткен трагедиясы.
Т.Қуанышевтің  сұлтаны  жан  әлемінің  әлсіз  тұсын 
шенді  шекпенімен  жауып,  арқаға  қағып,  алдаған, 
ақылынан 
адастырған 
Лоджинский 
(Қ.Төлеков) 
сияқты  патша  саясаткерлерінің  құрық  бойламас  алдап-
арбауының  шылауында  қалды.  Таразы  басына  қатар 
түскен шен мен ел қамы тәрізді екі ұдай ой қақпанына 
түскен Баймағамбетке жалын атқан сөзі жүрегіне семсер 
болып қадалған Махамббеттен асқан жау болуы да мүмкін 
емес еді. Осы ашық айқасты спектакльде режиссер айқын 
берген.
Режиссер Ш.Кәрібаев спектакль соңында Баймағамбетті 


82
жоғарыдан  төмен  дар  бауындай  салбыраған  арқандарға 
оралтып,  торларға  шырмалтып  тастауы  арқылы  оның 
тек өз мақсатын көздеген адам емес, керісінше халқым, 
елім үшін деп осындай трагедиялық нәтижеге жеткенін 
көрсетіп  отыр.  Осы  мизансценадан  сергелдең  болған 
сұлтан да, ақын да, халық та – жаралы жолбарыс екенінде 
күмән қалмайды.
Әйтсе  де,  спектакльдегі  нағыз  жаралы  жолбарыс  – 
Махамбет бейнесі мүлдем көрінбей қалған. Бұл ең алдымен 
автордың  кемшілігі.  Сондай-ақ,  актер  Т.Жангелдиевтің 
сахнаға  анда-санда  ғана  шығып,  кейде  Баймағамбет 
сұлтанның  ойымен  диалог  жасауы  орындаушының 
көсіліп  ойнауына  кедергі  жасаған  тәрізді.  Еш  әрекетсіз 
сахнада тұрып сұлтанмен тілдесуінен актерлік жұмысты 
байқамайсың. Махамбеттей нар тұлғаның бейнесі бүкіл 
қойылымның жүрегі болуы тиіс еді. Ал, бұл қойылымда 
батырдың  тек  сұлбасы  ғана  көрінді.  Және  мұны 
толығымен актердің кемшілігі деп те санауға болмайды, 
ең біріншіден актердің роліне салғырт қарауынан болса, 
екіншіден режиссердің дұрыс көңіл бөлмеуінен.
Сұлтанмен  ақынның  арасындағы  келіспеушілікті, 
және  соның  іске  асуына  септігін  тигізіп  отырған 
Лоджинскийдің бейнесі сахнада келісті шыққан. Атырау 
сахнасының  негізін  қаласқан  актер  Қ.Төлеков  жасаған 
Лоджинский  уақыт  пен  жағдайға  қарай  айла-әрекет 
жасайтын  әрі  үнемі  құбылып  отыратын  жан.  Мұндай 
күрделі  бейнені  жасау  –  актер  шеберлігін  айқындай 
түсетіні ақиқат. Қ.Төлеков ойнаған Лоджинский өз елінің 
принципіне  берік,  бар  өмірін,  ой-мақсатын  өзге  елді 
қанау  арқылы,  өз  халқының  болашағына  арнаған  адам. 
«...ақ  патшаның  сайқал  саясаты,  қазақты  қазаққа  айдап 
салу  әдісін  кең  қолданғандығы,  өзіңді  өзіне  бауыздату 
принципін  ұстағандығы,  осы  арқылы  қазақты  құнарлы 
жерлерден  шөлді-шөлейтке  ығыстырып  жіберуге  күш 


83
салуы жақсы ашып көрсетілген. Бұл М.В.Ладыжинскийдің 
образы арқылы көңілдегідей шыққан. Оны ойнаған сахна 
ардагері әлі де өзінің бабында екендігін дәлелдеп берді» 
[46], – деген спектакльден кейінгі пікір актер ойынының 
жоғары деңгейде шыққандығын дәлелдейді. 
Қойылымның  режиссері  Ш.Кәрібаев  пен  суретші 
О.Жаңбыршиев  шығарма  ерекшелігіне  қарай  сахналық 
алаңды  толық  пайдалануға,  орындаушылардың  еркін 
әрекет жасауына көңіл бөлген. Тұтас әрекет орны болып 
алынған  сахна  алаңында  басы  артық  заттың  болмауы 
да  актерлер  ойынына  ыңғайлық  жасаған.  Мұнда  жібек 
матаның ақырын жылжуымен сахнада бірде күмбезді хан 
ордасы, бірде Нарын құмының белестері және спектакль 
соңында  ортасында  төмпешік  бейіт  пайда  болады. 
Сахнадағы  ілулі  тұрған  арқандар  да  өз  ролін  керемет 
атқарып шықты. Бірде отаудың уықтары, бірде адасып, 
күйзелген  жан  тебіренісі  іспеттес  болған  осы  арқандар 
Махамбеттің мойнына салынып, соңғы демін де үзеді.
Сондай-ақ,  композитор  Мансұр  Сағатовтың  жазған 
музыкасы оқиғаның мән-мағынасын аша түскен. «Сары 
далада  салт  атпен  жорытқандай  қоңыр  әуенге,  біресе 
күйзелген    елдің  мұңлы  мақамына  ауысып  отыратын, 
азалы-қазалы тұста аңыраумен емес армандаумен жүрек 
сыздататын саздар пьесамен бірге жазылғандай тұтасып 
кеткен» [45], – деген пікір осы мағынада айтылса керек.
Қ.Мырзалиев  деректі  материалдарға  сүйене  отырып, 
тарихта  болған  нақты  оқиғаларды  сол  күйінде  тізбелеп 
сахна  төріне  шығаруға  талпынбай,  қаһармандардың 
тағдыры  мен  олардың  өмірінде  болған  маңызды 
фактілерді  жеңіл  түрде  интерпретациялап  отыр.  Бірақ 
режиссер авторлық ойдың кең құлаш жаюына ыңғайлы 
драматургиялық шығарманың бар мүмкіндігін толығымен 
пайдалана  алмағандықтан  спектакльдің  деңгейі  жоғары 
көркемдік дәрежеге көтерілмей қалған.


84
Неде болса «Жаралы жолбарыс» қойылымы театрдың 
кезеңдік  табысына  айналды.  Жоғарыда  айтылған 
қойылымдардың  сапасынан  Атырау  театры  күрделі 
тарихи жанрға өз үлесін қоса алатындығын да көрсетті. 
Араға жылдар салып бұл пьесаны 2011 жылы театр ұжымы 
қайта  қолға  алып,  көрерменіне  ұсынды.  Қойылымды 
сахнаға шығарған режиссер – Төлеген Жангелдиев. 
«Кек»,  «Турксіб»,  «Исатай  –  Махамбет»,  «Райхан» 
–  Ілияс  Жансүгіровтің  драматургия  жанрындағы 
жазушылық  шеберлігін  айқындайтын  пьесалар.  Ақын 
өзінің  драмалық  шығармаларында  поэзиялық  әрекет 
қимылдарын тілмен жеткізеді. Ол пьесаларында ұтымды 
диалогтар  мен  жарқын  монологтарды  шебер  қолдана 
білген  суреткер.  Ілияс  Жансүгіровтің  үш  перделі,  алты 
суреттен  тұратын    «Исатай  –    Махамбет»  трагедиясы 
–  кең  масштабты,  көпшілік  сахналарын  қоспағанның 
өзінде,  елуге  тарта  кейіпкері  бар  үлкен  шығарма. 
Ақынның  зайыбы  Фатима  Ғабитованың  естелiктеріне 
қарағанда,  Исатай  мен  Махамбет  бастаған  көтеріліс 
тәрізді  аса  маңызды  тарихи  тақырыпқа  автор  бес  жыл 
бойы  материал  жинастырып,  көтерiлiс  болған  жерлердi 
аралаған екен. Шығарма бiрден екi нұсқада, яғни бiрi – 
драма театрының, екiншiсi – опералық сахнаға арналған 
либретто  үлгiсiнде  жазылған.  Осы  екi  драматургиялық 
шығарма Iлияс Жансүгiровтiң соңғы туындылары. Бірақ, 
Қазан  төңкерiсiнiң  20-жылдық  мерекесi  қарсаңында 
сахнаға  дайындалып  жатқан  драмалық  нұсқасы  iз-
түзсiз  жоғалып  кеттi.  Ал,  біздің  қолымыздағы  театрлар 
сахналап  жүрген  пьеса  –  либреттоның  ықшамдалып 
жасалған нұсқасы.
Исатай  мен  Махамбет  бейнесін  жан-жақты  суреттеу 
мақсатында  автор  пьесаға  көптеген  тарихи  адамдарды 
енгізгендіктен батырлар мен сұлтан-билердің бейнелері 
иллюстрация  дәрежесінде  қалған.  Қазақ  даласында 


85
болған  көтеріліс  жылдарындағы  аумалы-төкпелі 
құбылыстың  кейіпкерлер  әрекеті  арқылы  көрінуі  – 
пьесаның  ұтымды  жағы.  Пьеса  драматургия  жанрына 
лайықты  композициялық  құрылым  және  қызғылықты 
шешім  табуымен  қатар  көркем  де    келісті  поэзиялық 
тілмен  жазылған.  Исатай  мен  Махамбет,  Құрманғазы 
мен Қарлыға, Жәңгір мен Қарауылқожа маңынан өрбитін 
оқиғалар  қым-қиғаш  тартысқа,  келелі  ойға  құрылып, 
идеялық нысананы тереңдете түседі.
Автор  халық  көңіліндегі  шерлі  де  кекті  күймен 
шымылдықты  ашады.  Осыдан  халықтың  арпалысқан 
айқасы  сырттай  сезілмей,  іштей  арбасқан  драматизмге 
толы екендігін байқау қиын емес. Жазушы билік басындағы 
хан  саясатын  түсінбей  құбылған  халықтың  күрделі 
тағдырын суреттейді.  Көтеріліс басшылары Исатай мен 
Махамбеттің басынан кешкен өмірін, тағдырын көрсету 
арқылы  халқымыздың  тарихи  белестерінен  елес  беріп 
өтті. Автор жанын шүберекке түйген Махамбеттің қарулы 
көтерiлiске шығудың батыл жолын көрсеткен жаужүрек 
екенiн  шынайылықпен  суреттейдi.  Драматург  осы 
көтерілістің  сарынын  «Кішкентай»  күйімен  бейнелеген 
Құрманғазыны трагедия кейіпкері етіп алған. 
Пьесаның  терең  мағынасы,  философиялық  ойы  ең 
алдымен  Исатай  бейнесі  арқылы  ашылған.  Оқиғалар 
бірде теңіз бойындағы қамысты өлкеде болса, бірде хан 
шатырының алдында, енді бірде хан сарайының ішінде 
және  майдан  даласында  жүріп  жатады.  Мұндай  әдіс 
қаһармандардың құлашын кеңге сілтеуі мен шығармаға 
эпикалық сарын беруге мүмкіндік туғызып отыр. Десек 
те, пьесадағы майдан сахналары шұбалаңқы, әрі жұтаңдау 
болып шыққан. Соған қарамастан, драматург Махамбет 
өмір  кешкен  дәуір  тынысын,  тарихи  ерекшелігін 
нанымды  суреттейді.  Финалдағы  Исатай  қаза  тапқанда 
Махамбеттің  қайғырып,  күйзелуі  өте  әсерлі  шыққан 


86
көрініс.
Ілияс  Жансүгіров  шешімінде  Исатайдың  ұлы  Жақия 
әкесімен бірге майдан даласында қаза табады. Ал, тарихта 
жаугершілік кезінде тұтқынға түскен Жақия көтеріліске 
белсене  қатысқаны  үшін  бір  топ  жолдастарымен 
Оралдағы  әскери  сотқа  тартылып,  соның  үкімімен  750 
дүре  соғылғаннан  кейін  Финляндияға  үш  жылға  жер 
аударылады.  Жақияның  одан  кейінгі  тағдыры  белгісіз. 
Әрине,  драматург  жинаған  деректерiн  шығармашылық 
қиялынан  өткiзiп,  адамның  мiнез  құлқын  ашу  үшiн 
қажеттi  деп  тапқанын  өз  ойында  әбден  қорытып  алып, 
жазуға кiрiседi. Автор үшін оқиғаның тарихи дәлділігінен 
гөрі  көркемдік  шындығы  қымбат.  Жанр  үшiн  тарихи 
мәлiметтердiң  барлығын  сол  күйінде  көрсету  мiндет 
емес.
1994 жылы Талдықорған облыстық драма театрының 
сахнасына  І.Жансүгіровтың  «Исатай  –  Махамбет» 
пьесасын  режиссер  Хұсейін  Әмір-Темір  қойды.  Бұл 
шығарманың  опералық  либреттосын  сахналық  жүйеге 
түсірген жергілікті драматург Т.Әліпбай оған өз идеясын 
да  қосқан.  Соның  бірі  –  пьесада  жоқ  Ілиястың  өзін 
авторлық  желі  ретінде  сахнаға  шығаруы.  Т.Әліпбай 
да,  режиссер  де  екі  ірі  оқиғаны  (Махамбет  пен  Ілияс 
желісі)  салыстырмалы  сәттер  арқылы  қамтып,  өзара 
байланыстырып ақиқаттың ақ жолын алға тартуды мұрат 
тұтқандай. Бірақ бұл ниет кейде өзін ақтай бермейді.
Сахна  төрінде  «Ереуіл  атқа  ер  салған,  егеулі  найза 
қолға алған», бүгінгі ұрпағына патриоттық рух бергендей 
дауысы күндей күркіреп, Исатай мен Махамбеттің әруағы 
елес  беріп  тұр.  Енді  бір  сәтте  сахнаға  бабаларының 
аруағы  алдында  перзенттік  борышын  өтеу  үшін  Ілияс 
Жансүгіров  келеді.  Оның  мақсаты  –  баба  рухын 
әспеттеп,  ұшқыр  ой,  көркем  тілмен  әңгімелеп  беру. 
Қамалмен  алысу  оңай  болғанымен  заманмен  алысудың 


87
қиын  екендігін  ескеріп,  бабаларынан  кешірім  сұрау  – 
автор  мен  режиссердің  алдына  қойған  негізгі  міндеті. 
Спектакльдің  өн  бойында  Махамбет  пен  Исатайдың 
қасында Ілияс жүреді. Дегенмен сахналық нұсқаны қайта 
жасап  шығарған  Т.Әліпбайдың  да,  Х.Әмір-Темірдің 
де  авторлық  нұсқа  мен  әдеби  негізден  алшақ  кеткені 
көптеген театр сыншылары мен зиялы қауым арасында 
теріс пікір туғызды.
Екі  ғасырдың  дүлділ  ақындары  Махамбет  пен 
Ілиясты  оққа  ұшырып,  орға  жығу  ниетімен  отаршыл 
империяның  озбыр  жендеттерінің  мылтықтарын 
оңтайлап  ұстауы  –  халқымыздың  ғасырлар  бойы 
басынан  өткізіп  келген  зорлық-зомбылығын  көрсететін 
режиссерлік  көркемдік  шешімінің  бірі.  Әйтсе  де, 
«...Сөз  тиегі  тағы  да  режиссураға  тіреледі.  Себебі 
спектакльдің  режиссерлік  шешімі  драматургияны 
өзгертуден  туындаған.  Пьесадағы  Құрманғазы  оқиғасы, 
шөпшілер  сахналары  алынып  тасталған,  авторда  жоқ 
Ілияс ақын жүйесі қосылған, Жәңгір хан бейнесі қолдан 
үлкейтілген.  Не  үшін?  Экспозицияны  алып  тастағанда, 
драматургиялық  толыққанды  емес  бейнелерден  бас 
тартқанда  режиссер  ештеме  жоғалтпаған,  келісуге 
болады.  Ал  қосылған  Ілияс  ақын  линиясы,  бір  сөзбен 
айтқанда,  бөлек  спектакль.  Жәңгір  ханды  ақтағандағы 
мақсат қандай? Автор тартыстың екі басына Исатай мен 
Жәңгір  сынды  екі  тұлғаны  қойғанда  бірін  жақсы,  бірін 
жаман етумен шектелмеген еді ғой. Бұл тартыс – түсінік 
тартысы. Екі түсінік те ірі, тек біріне бірі қайшы. Оны 
режиссер жанынан сөз, тіпті көрініс қоспай-ақ пьесадан 
терең  іздесе  де  табуға  болар  еді.  Жәңгірдің  екі  оттың 
арасында қалған тұлға екендігін автор да аз айтып тұрған 
жоқ. Мәселе соны тірілте білуде» [31], – деп Е.Жуасбек 
режиссураға қатысты кемшіліктерін тап басып айтқан. 
Осы  мақалада:  «Әрине,  спектакльдің  осы  күйіндегі 


88
жекелеген  кейіпкерлердің  актерлік  жұмысына  риза 
боласың.  Әсіресе,  Махамбет  образы  озық  тұр.  Исатай 
да  деңгейден  төмен  емес.  Режиссурадағы  мақсатты 
аяғына шейін алып шыққан жұмыстар. Бірақ жеткен жер 
осы  деп  мақтанудан  сақтасын.  Сондықтан  режиссерлік 
трактовкада бұл бейнелерді әлі де сүңгіте түсер тереңдік 
бар еді дегіміз келеді. Ал оған осы театрдың тыныс, демі 
жетерлік»  [31],  –  деп  актерлік  ойынға  да  баға  береді. 
Махамбетті сахнаға шығарған актер Сағат Жылкелдиев 
ойынында  көрсе  қызарлық  басым,  көптеген  қимыл-
әрекеті  шектен  тыс  артық.  Актер  кейбiр  көрiнiстерде 
психологиялық  толғаныс  пен  iшкi  драматизмдi  қатар 
ұстай алмайтын сияқты.
Қойылымда  бар  болмысымен  шынайы  шыққан 
кейіпкердің  бірі  –  О.Әбділмановтың  орындауындағы 
Исатай  бейнесі.  Актер  мойнына  жүктелген  күрделі 
рольді  жан-жақты  зерттеп,  өзі  ойынын  ойлы  әрекетке 
құрған. Оның әр сөзі, қимыл қозғалысы Исатай бейнесін 
терең  ашуға  бағытталған  және  әрбір  бейнелеу  тәсілі 
сахнада тұтастық тапқан. Бірақ, О.Әбділманов та ойынын 
қойылымның  аяғына  дейін  бір  ырғақта  жеткізбеген. 
Осы  жерде  Ә.Сығайдың:  «...Исатайдың  басына  күн 
туды.  Бел  омыртқасына  оқ  тиді.  Туған  ұлы  Жақия  хал 
үстінде,  қаңсырап  ол  жатыр.  Екі  арасын  жау  қолына 
тастап  кете  алмай,  жаралы  жолбарыстай  жан  ұшырған 
Махамбет.  Сондай  бір  тастүйін  сәтте  Исатай  монологы 
толас  табар  емес.  Қойылым  бітер  алдында  бұл  неткен 
жайбарақаттық?  Сөз  жоқ,  қойылымның  екпін,  ырғағы 
жеделдеуі тиіс. Бұл Исатай, Махамбет рөлдерін ойнаушы 
артистер мен режиссер-қоюшы ескерер ортақ мәселе» [9, 
214 б.], – деген сөздері нақты айтылған пікір. 
Жәңгірдің 
әйелі 
Фатиманың 
инабаттылығы, 
салмақтылығы  мен  сабырлылығы,  ажарлы  жүзі  Жанат 
Шайкина  ойынында  жарасымдылық  тапқан.  Жазушы 


89
А.Нысаналин:  «Ал  сан  қырлы  сайыпқыран  сахнагер 
Жанат  Шайкина  ойнаған  Фатима  жанға  шуақ  жүгіртіп, 
жүрек  жылытады.  Ол  басқа  бір  жарық  жалғаннан 
жаратылғандай.  Пәк,  таза,  ақылды,  алғыр.  Бойында 
әйелге тән нәзіктік пен асыл қасиеттер тұнып тұр» [45], – 
деп актриса ойынына ризашылығын білдіреді. 
Тұтас  алғанда,  кейбiр  бiрлi-жарым  олқылықтарына 
қарамастан бұл – театрдың табысы, актер өнерi барынша 
айқын көрiнген спектакль. Және бұл қойылым театрдың 
қандай  күрделi  шығарма  болса  да  меңгере  алатын 
шығармашылық  мүмкiншiлiгiн  танытты.  Келешекте 
театрдың  осы  бағытын  одан  әрi  дамытып,  жетiлдере 
беретініне сенеміз.
Б.Римова  атындағы  Алматы  облыстық  драма 
театрында  2001  жылы  жергілікті  жазушы-драматург 
Камал  Әбдірахманның  «Мұнар  да,  мұнар,  мұнар  күн» 
тарихи драмасын режиссер Хұсейін Әмір-Темір сахнаға 
шығарды.  Жоғарыдағы  айтылған  қойылымда  басты 
кейіпкер  Баймағамбет  сұлтан  болса,  бұл  қазақтың 
ұлттық  тарихында  өзіндік  орны  бар,  артына  қарама-
қайшылықтарға  толы  пікір  қалдырған,  ХІХ  ғасырдың 
басындағы қасқыр мен қара жыланға теңелген хан Жәңгір 
Бөкейұлы туралы спектакль. 
Драматургтың  негізгі  мақсаты  пьесаның  орталық 
кейіпкері  Жәңгір  ханның  ойын,  таным  дүниесін,  оның 
әлеуметтік-философиялық  көзқарасын  көрсету.  Ал, 
Исатай  мен  Махамбет  ел  қамын  ойлаған,  ата-жұртын 
орыс  экспанциясынан  қорғаған  ерлер  емес,  ауыл-үйдің 
арасындағы  ағайынның  арбауына  түсіп  жүрген  аңғал 
батырлар бейнесінде көрсетіледі. Бұларға қарама-қарсы 
бейнелер  Баймағамбет  пен  Шыман  сұлтандар  хан  мен 
батырлардың  арасына  от  салып,  түбінде  таққа  өздері 
отыруды  армандаған  әккі,  сұрқия  жандар  кейпінде 
бейнеленген.  Автор  идеясынан  не  халқымен,  не  қол 


90
астындағы  би-сұлтандармен  ортақ  тіл  таба  алмаған 
Жәңгір  хан  өз  заманынан  әлдеқайда  озық  туған,  көп 
ішіндегі жалғыз деген ой туындап отыр.
Пьесада осының барлығы драматургиялық әрекеттен, 
шынайы көркемдік тұтастықтан тумағандықтан сахналық 
әрекеті әлсіз шығып, иллюстрацияға кетіп қалғандығын 
байқау қиын емес.
Жәңгір ханның бейнесін сомдаған С.Жұмаділ, Исатай 
–  С.Нұрғалық,  Махамбет  –  К.Темірбайұлы,  Асау  батыр 
– А.Базаргелдиев, Баймағамбет – Н.Әлбосынов, Фатима 
ханым – С.Мұңайтпасова, Перовский – Ө.Қалиұлы, Гекке 
– Б.Тоқымбаев, Қарауылқожа – О.Әбділманов және т.б. 
актерлер шығарманың тарихи үнін терең меңгеріп, тұтас 
сахналық ансамбль құрған.  
Театрдың  бұл  еңбегін  көрермен  қауым  жылы 
қабылдағанымен  қойылымның  идеялық  мақсаты  мен 
кейбір  көріністерде  белгілі  бір  тарихи    фактілердің 
қисынсыз  бұрмалануына  байланысты  спектакль 
Талдықорған 
театрының 
репертуарында 
ұзақ 
тұрақтамады.
Режиссер  Жанат  Хаджиев  Қазақтың  Мемлекеттік 
Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық жастар мен балалар 
театрының  сахнасына  қойған  Ілияс  Жансүгіровтың 
«Исатай  –  Махамбет»  пьесасы  2003  жылы  Орал 
қаласында өткен Махамбеттің 200 жылдық мерейтойына 
арналған  ХІ  Республикалық  театр  фестивалінде  гран-
при  жүлдесіне  ие  болды.  Бағдарламада  спектакльдiң 
Iлияс  Жансүгiровтiң  110  жылдық  тойына  да  арналғаны 
көрсетiлген.  Бұл  спектакльдің  табысты  шығуы  – 
режиссердің  ескі  пьесаны  бүгінгі  күн  тынысымен 
шешкендігінде. 
Автор  тарихи  шындықты  пьесаның  драматургиялық 
желiсi етiп алып, кейiпкерлер әрекетiн қисынды да нақты 
оқиға үстiнде өрбiтедi. Жәңгiр ханның ордасында старшын 


91
қызметiн атқарып жүрген Исатай барлық қайшылықты, 
ел арасындағы асқынып бара жатқан наразылықты бейбiт 
жолмен,  хан  мен  жоғары  мәртебелiлердiң  әдiлдiгiмен 
шешудi  көксейдi.  Бай-билердiң  зұлымдығын  бетiне 
басып,  Жәңгiрдiң  алдына  елдің  ауыр  тұрмысын  асқан 
батылдықпен айтқанымен, бұл сөзінің ханға ұнамағанын, 
әрi  әлеуметтi  тiлек-талаптың  аяқсыз  қалатынын  iштей 
сезетiн сияқты.
Ж.Хаджиев  шешімінің  айқындығы  мен  жүйелiлігi 
қойылым барысында ауытқымайды, керісінше, оқиғаның 
өрiстей  дамуына  қарай  тереңдей  түседi.  «Шынында 
Ж.Хаджиев қойған спектакльдердің көркемдік шоқтығы 
жоғары, бүгінгі ұлттық режиссураның бағыт-бағдарына 
шығармалық  нысана  боларлық  дәрежеде.  ...Ж.Хаджиев 
ізденістері  –  режиссурадағы  өнеге  тұтарлық  тың  жол, 
жаңа бағыт, әлемдік деңгейге апаратын асу» [27, 492 б.], 
– деп Б.Құндақбайұлы режиссердің шығармашылығына 
әділ  баға  берген.  «Исатай  –  Махамбет»  қойылымының 
режиссурасы сыншы сөздерінің дәлелі.
Суретші  Д.Қазақбаев  режиссермен  шығармашылық 
ой жалғастырып, сахналық кеңістікті толық пайдаланған. 
Шерлi  музыка  үнімен  шымылдық  ашылғанда  сахнада 
қамыспен  көмкерiлген  Каспий  көлiнiң  көрiнiсi,  құм 
жоталары,  Қарауылқожа  пiшеншiлерiнiң  қостары 
бейнеленген.  Алыстан  көк  теңiздiң  сұлбасы,  одан 
әрiректе бiлiнер-бiлiнбес жарық сәулесi арғы жағындағы 
ауыл тiрлiгiн елестетіп тұр.
Сәтiмен табылған бұл көрiнiс – оқиға өтетiн орын ғана 
емес, спектакльдiң сырт бейнесi, кеңістiк пен пластикалық  
шешiмнiң  көркемдiк  суретi.  Режиссер  ойын  тап  басқан 
жас  суретшi  пьеса  мазмұнына  сай  келетiн  қызықты 
бейненi  жасауы  арқылы  тарихи  құбылыс  рухын  ашуға 
ерекше мән берген. Декорациялық көркемдеу пьесаның 
шынайы  сахналық  танымымен  бiрге,  актерлердiң  еркін 


92
әрекет  жасауына  ыңғайлы,  оқиғаның  жiтi  дамуына  мол 
әсерiн тигiзген. Мұң аралас кектi музыканың асқақ үнiнен 
қаракөлеңке сахнадағы ереуiлге бет алған қарбалас сәттің 
сарынын байқау қиын емес. 
Таңатардай  ер  тұлғалы  ұлынан  айрылған  кәрi  батыр 
Қалдыбай  мен  бай  аулының  пiшенiн  шауып  шыдамы 
таусылған  көңiлi  жаралы  кедей  жiгiттерiнiң  зорлық 
пен қорлыққа қарсы бас көтеруi қойылымның алғашқы 
сахналарынан-ақ шынайы суреттеу тапқан. Қуғыншылар 
мен  қақтығыстың  жуан  ортасынан  көрiнетiн  Қалдыбай 
ролiндегi актер Қ.Қуандықов көтерiлiске  саналы түрде 
араласқан,  еркiндiк  жолында  ештеңеден  тайсалмайтын, 
қажырлы  да  қайратты,  кек  алмай  тынбайтын  қайсар 
жанның  бейнесiн  жасапты.  Кейiпкер  бейнесiн  жете 
түсiнiп, еркiн меңгерген актердің ширақ та батыл әрекетi 
мен ашық дауысы iштен қайнап шыққан ыза мен кектiң 
сыртқа тепкен серпiнi іспетті. 
Трагедияның  орталық  кейiпкерi  –  Исатай  сахнаға 
алғаш  шыққанда  көтерiлiсшiлердiң  басшысы  емес, 
ханның  қызметiнде,  соның  тапсырмасымен  келген  кiсi 
болып көрiнедi. Тілектес Мейрамов ауыл басшысы, халық 
жетекшiсi  Исатай  характерiн  терең  түсiнiп  ойнайды. 
Хан берген уәдесін бұзып, орыс әскерлерімен бірігіп, өз 
жұртының  қанын  төгуге  келе  жатқанын  естіген  кездегі 
Исатайдың өкініші мен қайғысын актер нанымды ашты. 
«Ханның  айтқанына  қарсыласпай,  оның  бірден  кері 
шегінуінен  батырдың  аса  сенгіштігін  көреміз.  Осының 
салдарынан да Исатай батыр мерт болды. Оның өліміне 
казак-орыс  әскерлерінің  атқан  оғынан  да  қазақтардың 
сатқындығы  себеп  болды.  Батырдың  ерлігі  ел  есінде 
мәңгі  сақталмақ.  Т.Мейрамов  Исатайды  халқының 
тәуелсіздігі  үшін  құрбан  болған  қазақ  батырларының 
жиынтық бейнесіне айналдыра алды» [47, 393 б.], – деп 
театртанушы Б.Нұрпейіс актердің ойынына баға берген. 


93
Актердiң  байсалды  қимыл-қозғалысы,  ойлы  көзқарасы, 
парасатты  келбетi  кейiпкер  бейнесiне  лайық  табылған. 
Т.Мейрамов  ойынындағы  халқына  азаттық  рухын 
сыйлаған Исатайды адамдарға от әкелген Прометеймен 
салыстыруға  болар.  Осыдан:  «...егер  актер  табиғаты 
жасандылыққа органикалық түрде шындап тұрып енсе, 
әлгі жасандылық шындыққа айналады да, актер табиғаты 
– табиғи, шынайы түрде тіршілік етеді» [48, 95 б.], – деген 
режиссер  М.Байсеркеновтың  пікірін  Т.Мейрамовтың 
шеберлігіне байланысты айтуға болады.
Нұрқанат Жақыпбайдың орындауындағы Жәңгір хан 
бойында қаталдық пен қайраттылық, өктемдік пен өрлік, 
мансапқорлық  пен  дегдарлық  қат-қабат  ұштасып,  оның 
осындай  түрлі  қыры  оқиға  барысына  қарай  құбылып 
отырады. Актер Жәңгір ханның орыс мәдениеті мен тілін 
жетік білетіндігін жақсы көрсеткен. 
Ал,  Махамбет  бейнесін  сахнаға  шығарған  Жомарт 
Зейнәбілдің  сахналық  сөзiнде,  қимыл-қозғалысында 
және 
айналасындағылармен 
қарым-қатынасында 
ешқандай  үйлесiм  жоқ.  Қаһарман  характерiне  лайық 
сыртқы пiшiн, байсалдылық, iштей толғану тәсiлдерi де 
өзiнiң логикалық қисынын таппаған. Махамбет бейнесiн 
шынайы  суреттеуге  авторлық  материал  жеткiлiктi 
болғанмен  орындаушы  мен  режиссер  мұны  толық 
шығармашылық тапқырлықпен пайдалана алмаған. Актер 
кейіпкер сөзін қарапайым айтуға тырысып, екінші планға 
кетіп  қалғандықтан  Махамбеттің  жалынды  сөздеріне 
қиянат  жасап  отыр.  «Орындаушы  сахнада  аласұрып, 
аптығып жүргенімен, ойыны нанымсыз. Ақын бойындағы 
қызба  мінез  бен  айтқанынан  қайтпайтын  бірбеткейлік 
көрінбейді. Ж.Зейнәбіл сахнада ерсілі-қарсылы жүгіріп, 
бос айқайға ұрынған. Жалпы, жұртты дүрліктіріп, ханға 
қарсы көтерілісті бастайтын қолбасшыға тән асау мінезді 
көре алмайсыз. Намысқа толы өлең жазып, жалғанға жар 


94
салып жүрген адамның ісі мен сөзі бір арнада тоғыспаған. 
Жәңгірді  қасқырға  теңейтіндей  өткірлік  актер  ойнынан 
мүлде көрінбей қалды» [47, 394 б.], – дегендей батырдың 
ішкі  жан  дүниесіне  сыртқы  келбетінің  сай  келмеуі, 
қойылымның  философиялық  мағынасының  әлсіреуі  де 
сондықтан. 
Сахнада еркін әрекет жасап, әдемі қоңыр дауысымен ән 
айта білетін С.Жылгелдиев нанымды қимыл-әрекетімен, 
мазмұнды  ән-диалогтарымен  Шекшекейдің    жанды 
бейнесін жасаған.
Спектакльдің тұтас көркемдік бейнесін беруде актерлік 
ансамбльдегі  орындаушылардың  өз  кейіпкерлерінің 
мінез  ерекшеліктерін  еркін  меңгеріп,  олардың  әрекетін 
мағыналы  ойға,  ішкі  толғанысқа  құруға  ұмтылғаны 
көрініп тұр. Ж.Құрманбеков (Қарауылқожа), Т.Құралиев 
(Баймағамбет сұлтан), С.Бектауов (Балқы би), Қ.Демесінов 
(Шомбал би), Н.Мұқышев (Бекжан), С.Есенқұлов (Генс), 
М.Шынтаев  (Геке),  Т.Сұлтанбердиева  (Фатима  ханым), 
Ә.Мәмбетова  (Айымжан),  т.б.  актерлердің  өнерінен  сөз 
бен  әрекеттің  бірлігін,  кейіпкер  мінезін  жете  түсінген 
терең ойды аңғару қиын емес. Спектакльдiң аса құнды 
ерекшелiгi  режиссерлiк  ой  мен  шығарма  идеясының 
актерлер  ойыны  арқылы  ашылуында.  Мұнда  әрбір 
актер  көркемдік  бейне  жасауымен  бiрге,  сахналық  ой-
әрекетiнiң  айқындылығымен  идеялық-әлеуметтiк    роль 
атқарып тұр.
Қойылымның  ой-мақсаты  дұрыс  анықталып,  жеке 
кейiпкерлердiң  бейнесiне  берiлген  интерпретацияда 
орындаушы  мен  режиссердiң  сахналық  тұжырымының 
бiр жерден шығуы – шығармашылық iзденiстiң сәттiлiгi. 
Мына  спектакльде  бiрлi-жарым  актерлік  ойынның 
әлсіздігі  болмаса  орындаушылардың  көбі  өз  рольдерiн 
шабытпен  берiле  ойнап  характер  ерекшелiктерiн  терең 
ашқан. 


95
Ж.Хаджиев  шешіміндегі  Махамбет  пен  Исатайдың 
өзара диалогы кезінде сахна сыртынан жаралы жолбарыс 
дауысының  шығуы  өте  сәтті  шыққан.  Бұл  режиссердің 
батырлардың  жан  жарасын,  ішкі  дүмпуін  көрсету 
тәсілі.  Сонымен  қатар  режиссердің  екінші  бөлімді 
Жәңгір  ханның  сарайында  үлкен  еуропалық  деңгейде 
жасалған бал кешімен ашуы, ондағы орыс зиялыларымен 
бірге,  қазақтың  бетке  ұстар  азаматтарының,  жас  қыз-
келіншектерінің  вальс  ырғағында  билеуі  және  кенеттен 
бәрінің  қирап,  құлауы  –  ел  ішіндегі  алауыздықтың 
басталу көрінісі, яғни бұл – тамаша символдық шешім.
Тұтас алғанда, Жастар мен балалар театрының «Исатай 
– Махамбет» спектаклі ұжымның бүгінгі шығармашылық 
ізденісін, тарихи шығарманы меңгерудегі мүмкіншілігін 
толық  танытатын  дүние.  Драматург,  режиссер,  актер  – 
үшеуінің көркемдік нәтижесі бар спектакль. Режиссер ескі 
спектакльді  бүгінгі  күнмен  байланыстыру  нәтижесінде 
өте интелектуалды спектакльді дүниеге әкелген. Ұтымды 
қысқартулармен  сахналанған  қойылым  ел  арасындағы, 
батырлар  арасындағы  қарама-қайшылықтарды  нақты 
суреттеген.  Сыртқы  пластикалық  бейнесі  шынайы 
бейнелеу тапқан шығарманың әрбір сахнасында күрделі 
тартыс бар. Бірінші бөлімде сылбыр, әлсіз әрекет еткен 
актерлер, екінші бөлімде динамикалық қуат пен барлық 
күштерін ашып көрсетті.
Орал  қаласында  өткен  осы  фестивальда    он  үш 
спектакльдiң    оны  ұлы  бабаның  сахналық-тұлғалық 
бейнесiн сомдауға арналыпты. Қойылымдардың көркемдiк 
дәрежесі  шығармашылық  ұжымдардың  деңгейіне 
қарай  әр  түрлі.  Ғ.Мүсірепов  атындағы  академиялық 
жастар  мен  балалар  театры  сахналаған  І.Жансүгіровтің 
«Исатай – Махамбет» спектаклінен басқа да қойылымдар 
көрсетілді.  Олардың  көбі  Махамбеттің  мерейтойына 
байланысты  жазылған  жаңа  дүниелер.  Соның  ішінде 


96
танымал  ақын-драматург  Иран-Ғайыптың  «Махамбет» 
трагедиясы ақын өміріне қатысты оқиғаларды қамтиды. 
Фестивальге  осы  пьеса  бойынша  облыстық  үш  театр 
спектакль қойған екен. Олар Батыс Қазақстан облыстық 
драма театры (Орал қаласы), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе 
облыстық  драма  театры,  Жамбыл  атындағы  Шығыс 
Қазақстан облыстық драма театрлары (Өскемен).
Осылардың 
ішінде 
көркемдік 
сипатының 
жоғарылығымен, 
режиссерлік 
шешімінің 
айқындылығымен  жүлделі  орынға  ие  болған  спектакль 
–  Батыс  Қазақстан  облыстық  театрының  «Махамбеті» 
болды. Ұлы қолбасшылар Исатай мен ақын Махамбеттің 
өмірін,  олардың  қайшылыққа  толы  әлеуметтік 
тірлігін  суреттейтін  бұл  қойылымның  режиссура  мен 
сценографияның  драматургиялық  мазмұнын  ашудағы 
мүмкіндігі  айқын.  Режиссер  М.Ахманов  пен  суретші 
Р.Сапаралиева  шығарманың  сахналық  бейнелеу  үлгісін 
ұтымды тапқан. 
Драматург  пьесада  бейнелердiң  психологиялық 
тұрғыдан терең де жан-жақты ашылуына емес, керісінше, 
сахналық 
қимыл-әрекетке, 
пьеса 
фабуласының 
тартымдылығына, қызықты сюжет құрылымына көбiрек  
мән берген тәрізді. Поэтикалық драманың ұтымды жері – 
тарихи оқиғаны Махамбет өлеңдерінің желісінде өрбіте 
отырып,  сол  кезеңнің  суретін  алдымызға  айна-қатесіз 
көрсетуі. Ақын өлеңдерінің сол кездегі халықтың саяси-
әлеуметтік тірлігімен астарлас келуі ұлттық тарихымыз 
бен әдебиетімізден белгілі. 
Сонымен  қатар  драматургиялық  материалда  ішкі 
драматизмі  босаңдау  көріністер  арасында  байланыстың 
болмауынан туындаған қиындықтардың тігісін жатқыза 
білген  режиссер  бөлек-бөлек  оқиға  желісін  музыка, 
жарық,  әрекет  орнын  ұтымды  байланыстыру  арқылы 
жеткізеді.  Спектакльде  драматургиялық  шығарманың 


97
кейбір  көркемдік  тапшылығы  музыканың  көмегімен, 
суретшінің 
жарқын 
сахналық 
көркемдеуімен 
толықтырылған. Жалпы спектакльге ырғақ беріп отырған 
– режиссердің кинематографиялық тәсілді қолдану әдісі. 
Сахналар  кинодағы  секілді  бір-бірін  тез  алмастырып 
отырады.
Бұл  қойылымда  халық  сахналарының  маңызы  зор. 
Көпшілік  қатысатын  сахналары  әсерлі  де  мазмұнды 
шыққан оралдықтардың спектаклі көне грек театрының 
үлгісінде хор және басқа көркемдік бедерлерімен ұлттық 
трагедия жасаудағы табысы. 
Батыр-ақынның  тұлғасын  шынайы  бейнелеуге 
тырысқан  Қ.Амандықов  та  әлі  де  болса  Махамбеттің 
өлеңдерін оқығанда поэзия рухын жеткізу жетіңкіремейді, 
жәй  тақпақтап  кететін  тұсы  көп.  Спектакль  тақырыбы 
ақын  атымен  аталғандықтан  қойылымда  Махамбет 
барлық  оқиғалардың  бел  ортасында  жүруі  тиіс.  Актер 
осындай  тарихи  жүгі  ауыр  кейіпкердің  психологиясын, 
оның  сөзін  толық  меңгере  алмаған.  Бұл  жағдай  Исатай 
бейнесін  сахналаған  Е.Есендосовқа  да  қатысты.  Оның 
Исатайы тіпті солғын, әрекетке қалай араласу қажеттігін 
білмей жүрген тәрізді. Е.Есендосовтың ойыны сахналық 
бейне  жасаудағы  қарқынды  процесті,  таным  дәлдігін 
тілеп-ақ  тұр.  Кейіпкерлердің  ішкі  әлемін  жете  барлап, 
тани  алмағандықтан  режиссер  мен  орындаушылар, 
қысқа-қысқа  сахналарда  олардың  драмалық  терең 
толғаныстарын аша алмай отыр.
Р.Сапаралиева  жасаған  декорациялық  көркемдеудің 
философиялық  ойы  актерлердің  мазмұнды  әрекет 
жасауына ыңғайлы келген. Теріден жасалып шымылдық 
ретінде керілген Қазақстан картасын оқиға барысында әр 
жаққа  тартып,  жұлқылауы  –  байтақ  жерімізді  иеленуді 
көздеген сырт елдердің дөрекі әрекеті.
Т.Ахтанов  атындағы  Ақтөбе  облыстық  қазақ  драма 


98
театры мен Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының 
Иран-Ғайыптың  «Махамбет»  пьесасы  бойынша 
сахналаған  спектакльдері  өткінші  қойылымдардың 
қатарында  қалған.  Мұның  басты  себебі  –  пьесадағы 
драматургиялық  тартыс  пен  кейіпкерлер  әрекетінің 
жоқтығынан тұтас сахналық бейне жасауға мүмкіндіктің 
болмауында.  Ақтөбеліктер  спектакліндегі  кейіпкерлер 
режиссура  тарапынан  толық  пайымдау  таппағандықтан 
актерлердің ойынында бірсарындылық басым шыққан.
Әсет  Оразалин  ойынындағы  Махамбет  солғын 
бейнеленген. Бір қалыптан, бір сарыннан шыға алмаған 
актер  кейіпкердің  ішкі  көңіл-күйіне,  төңірегіндегі 
өтіп  жатқан  оқиғаға  мән  бермейді.  Орындаушының 
сахналық  сөзді  айта  алмауы,  оны  меңгермеуі  шеберлік 
шеңберін  мүлде  тарылтып  жіберген.  Ә.Оразалин 
кейбір  көріністерде  психологиялық  толғаныс  пен  ішкі 
драматизмді қатар ұстай алмайтын тәрізді.
Исатай  –  шығармада  шынайы  бейнелеу  тапқан.  Бұл 
рольдегі  Елтай  Кемал  өз  кейіпкерінің  психологиялық 
толғаныстарын  әрекет  үстінде  нанымды  ашады. 
Халықтың қайғылы тұрмыс-тірлігі мен тартқан қасiретiн 
сипаттауда жас актердің еңбегі зор. Исатайдың тартқан 
жан  азабы,  тығырыққа  тірелген  елін  тар  қапастан 
шығаруды  армандап,  көздеген  мақсатына  жете  алмауы 
актер ойынында шынайы биiкке көтерiлген. 
Десек  те,  жеке  кейіпкерлер  характерінің  нақты 
ашылуына себепші спектакльдің көпшілік сахналары өте 
әлсіз. Әрекетсіз топырлаған адамдар, сөзі жоқ кейіпкерлер 
мүлдем қосалқы актердің (статистер) деңгейінде қалған. 
Мұнда  ең  бастысы  режиссердің  пьесаны  зерттеп 
талдауымен,  сол  арқылы  спектакльдің  шешімін  іздеуі 
жетіспейді. Сондай-ақ, М.Бақытжановтың Махамбет пен 
Исатайға қазақ батырларының сауыт-сайманын кигізіп, ал 
қара тобырдың жырық-жамақ киімде жүруі де қисынсыз, 


99
қойылым атмосферасымен еш үйлеспейді. Махамбет те, 
Исатай да халық арасынан шыққан ер азаматтар емес пе? 
Тіпті,  кейбір  көріністерде  Махамбет  –  Ә.Оразалиннің 
өз жауынгерінің біріне сүйеніп тұру әрекеті кейіпкердің 
тұлғалық  дара  сипатын  төмендетіп  жіберген.  Осындай 
актер  қозғалысының  шынайылығына  режиссер  терең 
мән беруі қажет.
Дегенмен  режиссер  М.Бақытжанов  пен  жас  суретші 
А.Орынбасаров  спектакльдің  тұтас  сахналық  шешімін 
ұтымды  тапқан.  Сахна  ортасындағы  үлкен  диірменді 
кейіпкерлердің оқиға барысында айналдыруы мен оның 
ортасынан  екіге  бөлінуінде  үлкен  астар  жатыр.  Бұл  – 
елдің  ішіндегі  келіспеушілік,  қазақпен  қазақтың  бір-
бірімен ұғыспауы, қоғамның екіге бөлінуі тәрізді саяси-
әлеуметтік, оқиғалар бір диірменде, яғни бір елде болып 
жатыр деген ұғым. 
Актер мен режиссер мақсатының бір арнада тоғыспай, 
екі бөлек кетуі Иран-Ғайыптың осы пьесасын сахналаған 
Өскемен  театрының  спектаклінде  айқын  көрініс  берді. 
Бұл  қойылымның  концепциясы  әлі  табылмаған  секілді. 
Жас  режиссер  Рүстем  Есдәулетов  пьесаға  өзіндік 
қолтаңбамен  келуге  тырысқанымен  шығармашылық 
жаңалықтары  түсініксіз,  қиялындағы  тұжырымдарын 
көркемдік  деңгейде  шығара  алмаған.  Сондықтан 
қойылымның  шешімі  де,  сахналық  үлгісі  де  Махамбет 
әлемінен тыс, басқа арнаға түсіп кеткен. Р.Есдәулетовтың 
шешімі  күңгірт,  актерлердің  сахналық  мақсаты  толық 
айқындалмаған.  Мәселен,  Махамбет  ролін  орындаған 
актер  өз  сөздерін  ұмытып,  қайта-қайта  тұтыға  беруі, 
сахнада  өзімен-өзі  жүруі  кейіпкердің  философиялық, 
әлеуметтік деңгейін төмендетіп жіберген. 
Ал, режиссердің Жәңгірді ой үстіндегі сәтін көрсету 
мақсатында  секіртіп,  домалатып,  тіпті  оған  сальто 
жасатуы мүлдем қисынсыз, билік басында өзіндік орны 


100
бар ірі тұлға көрермен алдында әлсіз шыққан. Халықтың 
екі  оттың  ортасында  қалғандай  күй  кешкен  әрекеті 
бірде  Махамбеттің  артынан  ілесіп,  бірде  Жәңгір  хан 
мен  Баймағамбет  сұлтанға  еруі  арқылы  берілген.  Бізге 
Б.Атабаев  трактовкасынан  белгілі  режиссерлік  мұндай 
тәсіл қызық болғанымен, театрсүйер қауым үшін жаңалық 
емес.  Пьесаның  тартысы  мен  кейiпкерлер  характерi 
әлеуметтiк-философиялық 
тұрғыдан, 
суреткерлiк 
ойлылықпен қарастырылмаған.
Фестивальда  көзге  түсіп,  жүлделі  орынға  ие  болған 
спектакльдердің  бірі  –  Б.Римова  атындағы  Алматы 
облыстық  драма  театрының  Т.Әлімқұлов  әңгімесі 
бойынша  қойған  «Қош  бол,  Қараой!»  қойылымы. 
Махамбеттің  ішкі  ой  тебіреністері  шығарманың  негізгі 
өзегі  болған.  Актерлер  көп  сөйлемей,  басты  мақсатын 
оймен  жеткізуге  тырысқан.  Жалпы  жүлделі  орынды 
иеленген  бұл  спектакльдің  ойланып,  толғанатын, 
көркемдік мазмұнын тереңдете түсетін тұстары көп.
Махамбет  роліндегі  С.  Жұмаділ  мен  Әуес  роліндегі 
С.Мұңайтпасова 
ішкі 
толғаныстарымен, 
нағыз 
қаһармандық 
сыртқы 
сымбаттылығымен 
оқшау 
шыққаннымен  олардың  ойынында  бірсарындылық 
басым. Бір сағаттық спектакльде тек ойланып-толғанудан 
аса  алмаған  актерлердің  ешқандай  іс-әрекетсіз  жүруі 
көрерменді жалықтырып жібереді. 
Бұл шығарма мағыналы монологқа, iшкi драматизмге 
құрылған.  Психологизмге,  ойға  негізделген  шығарма 
сахнада  да  өзiне  лайық  шешiм  iздейтiнi  шындық. 
Таптауырын болған бұрынғы бейнелеу тәсiлдерiн басқа  
бiр шығармада қайталау, әрине жаңалық емес. Режиссер 
келешекте  осы  жағын  қарастырғаны  жөн  болар  еді. 
Актерге  бұрыңғы  қойылымдардағы  тұлғалық  сипатын 
қайталамай,  Махамбеттің  басқа  қырын  ашатын  ізденіс 
құралдары қажет. Басқа актерлерге де өз кейiпкерлерінің 


101
сыртқы  пiшiнiн  емес,  iшкi  дүниесiнiң  ерекшелiгiн  ашу 
жүктелу тиіс.
Режиссердің қолданған экран, компьютерлік аннимация 
арқылы Махамбеттің басын айналдырып сөйлету, сахнаға 
будақтатып түтін жіберу тәсілдері тосын жаңалық емес. 
Сонымен  қатар,  драматургиялық  шығармалардан  бас 
тартып, көбіне сахналық жүйеге (инсценировка) бет алу 
әдісін Қ.Сүгірбековтің басқа да қойылымдарынан аңғару 
қиын  емес.  Ол  М.Әуезов  атындағы  Мемлекеттік  қазақ 
драма театрында М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», 
Ж.Аймауытовтың  «Ғашықтық  дерті»,  Ф.Кафканың 
«Құбылыс»  және  т.б.  прозалық  шығармаларды 
сахналаған  еді.  Мұндай  қойылымдардың  оның 
режиссерлік  қиялының  серпілісіне  мүмкіндік  бергені 
рас. Бұдан Қ.Сүгірбековтің драматургиялық шығармадан 
саналы түрде бас тарту себебі пьесамен жұмыс істеуден 
жүрексінеді  деген  ой  да  туындады  кезінде.  «Қош  бол, 
Қараой!» қойылымы да осы ойдың одан әрі тереңдеуіне 
мүмкіндік берді.
Дегенмен  спектакльде  қисынын  тауып  қолданылған 
музыка сахнадағы әрекетке ерекше жан бітіріп, режиссер 
ойын  айқындай  түсуге  көп  көмегін  тигізген.  Бірақ, 
музыка  дауысының  тым  қаттылығынан  актерлердің 
сөзі  көрерменге  жетпей  жатыр.  Режиссердің  мұндай 
техникалық  олқылықтарды  ескермеуінен  актерлердің 
ішкі  драмалық  күші  сезілмейді.  Және  кейiпкерлер  өз 
даралықтарымен  ашылмай,  барлығы  бiр  қалыптан 
шыққандай  ұқсас  кейіпте  орташа  көркемдiк  сатыдан 
көтерiлмей қалған. Режиссер қойылымның пластикалық 
шешiмiн  өзiнше  қарастырғанмен,  актерлердің  рөлдi 
меңгеру  жағына  жете  көңiл  бөлмепті.  Қ.Сүгірбековтің 
оларға берген түсiндiрмелерi де орнықты әрi нақты емес. 
Маңғыстау  облыстық  музыкалық  драма  театры 
фестивальге  жас  драматург  Бақыт  Беделханұлының 


102
«Махамбет» атты трагедиясымен келіпті. Жас драматург, 
жас  режиссер,  2003  жылы  Т.Жүргенов  атындағы 
Қазақ  Ұлттық  өнер  академиясын  бітіріп  шыққан  жас 
актерлерден көпшіліктің жаңалық күткені рас. 
Спектакльдің  идеясын  ашуда  режиссер  Гүлсина 
Мерғалиева халық сахналарын өте ұтымды пайдаланған. 
Сыңсу,  жоқтау,  қоштасу  тәрізді  шерлі  әндердің 
орындалуы  қойылымды  жаңаша  бағалауға  әкелген. 
Сонымен қатар домбыраны, қылышты ұтымды ойнатуы 
арқылы  режиссер  үлкен  көркемдік  нәтижеге  жеткен. 
Мұндай  қойылымда  жеке  көрiнiстермен  бiрге,    халық 
сахналарының маңызы үлкен. Ақтаулықтар спектаклiнде 
осы  көпшiлiк  қатысатын  сахналар  (массовка)  әсерлi  де 
мазмұнды шыққан. 
Қойылымның тартыс аясы тарылып оқиғаның қоюлана 
түсетін көріністерінде Махамбет пен Исатайдың сахналық 
бейнелері  нанымды  суреттеу  тапқан.  Орындаушылар 
өз  кейіпкерлеріне  тән  даралықтарын  айқын  көрсетуге 
тырысыпты.  Дегенмен  жас  актерлерге  егде  жастағы 
кейіпкерлерді  орындау  қиындығы  олардың  гримінен, 
ширақ  қимыл-қозғалыстарынан  байқалады.  Театрдың 
шығармашылық iзденiсiн көрсеткен спектакль студенттік 
дәрежеден  жоғары  болғанымен  жас  орындаушылардың 
өнерiн  толық  аша  алмай,  әлі  де  болса  кәсіби  жұмыс 
істеуді талап етіп тұр
Г.Мерғалиева  мен  суретшi  Е.Тұяқов  тарихи-
революциялық  оқиғаның  сахналық  бейнелеу  үлгiсiн 
iздестiруде  көп  iзденген,  олардың  жеке  кейiпкерлерге 
берiлген түсiндiрмелерi де дұрыс, жекелеген актерлердiң 
толыққанды  мінез  жасауға  деген  ұмтылысы  да 
айтарлықтай. Әйтсе де, театр бұл пьесаны толық меңгерiп 
шықпаған. Олардың мұндай күрделі шығармаға тереңiрек 
үңiлуi қажет сияқты. Әрекет жасайтын сахналық алаңның 
актерлер ойынына қолайлы болғаны абзал. 


103
Тағы  да  фестивальге  қатысқан  І.Омаров  атындағы 
Қостанай облыстық қазақ драма театрының «Махамбет» 
(авторы С.Жүнісов, режиссері Ж.Есенбеков), Қызылорда 
облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма 
театрының  «Исатайдың  барында»  (авторы  Т.Әліпбай, 
режиссері Х.Әмір – Темір), Атырау облыстық Махамбет 
атындағы  қазақ  драма  театрының  «Махамбеттің  бір 
күні»  (авторы  С.Назарбекұлы,  режиссері  Ч.Зұлқаш), 
Республикалық Мемлекеттік Ұйғыр музыкалық комедия 
театрының  «Махамбет»  (авторы  Ә.Тарази,  режиссері 
С.Асылханұлы)  спектакльдері  өткінші  дүниелер 
дәрежесінде  қалып,  қойған  шығармалар  көбі  әрекетсіз, 
әдеби  формадан  аса  алмай,  эскиз  дәрежесінде  қалған. 
Мұның  басты  себебі  –  фестивальге  қатысу  үшін 
жедел  жазылған  пьесаларды  сахналауда  театрлардың 
дайындыққа  кеш  кірісуі.  Бұл  қойылымдарда  драматург 
пен  режиссердiң  арасындағы  шығармашылық  қарым-
қатынас,  режиссердiң  пьесаны  зерттеп  талдауы,  сол 
арқылы спектакльдiң шешiмiн iздеу жетiспейдi. Көркем 
жинақтылық,  әрекет  пен  диалогтарды  ойға  құру  жағы 
тапшы.  Сондықтан  зерттеу  жұмысында  бір  маусымнан 
кейін театр репертуарынан түсіп қалған спектакльдерге 
тоқталмауды жөн көріп отырмыз.
Махамбет пен Исатайдың көзіміз үйренген батырлар 
ретінде  сахнаға  шығуы,  тіпті  көбісінің  үстіндегі 
батырлық  сауыт,  дулығалары  мен  қару-жарақтарының 
Е.Сидоркиннің  суретіндегі  портреттік  ұқсастығы 
жоғарыда  айтылған  спектакльдердің  барлығына  ортақ 
қасиет.  Актерлік  ойындар  да  осыдан  әрі  аса  алмаған. 
Режиссерлік  шешімде  де  Махамбет  пен  Исатай  және 
оларды  қоршаған  батырлар  спектакльден  спектакльге 
өз  жалғасын  табуда.  Осы  орайда  Б.Құндақбайұлының: 
«Тарихи  тақырыпқа  жазылған  шығармаларды  бұрыңғы 
таптаурындық тәсілден бөлек, бүгінше, егемен қазақ елі 


104
болып  өткенімізге  қайта  қарап  жатқан  тұста  театрдың 
да  болмысқа  өзінше  келетін,  тың  бейнелеу  тәсілдерін 
қарастыру  қажет-ақ»  [27,  436  б.],  –  деген  сөздері  еске 
оралады.  Шынымен-ақ,  бір  қалыптан,  бір  сарыннан 
шыға  алмай  жүрген  режиссура  мен  пластикалық 
шешімді айтпағанда, орындаушылардың сахналық сөзді 
айта  алмауы,  көптеген  сахналарды  қалыптасып  қалған 
жүйемен шешуі қазақ театрларының көбіне тән өкінішті 
құбылыс.  Бұған  театртанушы  Б.Алперстің:  «Штампы, 
установившиеся в театре и в драматургии, не являются 
только штампами формы. Они идут от бедного и неполного 
знания  художником  тех  жизненных  процессов,  которые 
берутся  им  для  пьесы  и  спектакля.  Действительная 
ликвидация  подобных  штампов  возможна  только  на 
пути более глубокого познания и вскрытия внутреннего 
смысла этих процессов» [49, 167 б.], – деген сөздері де 
дәлел.
Десек  те,  жоғарыда  айтылған  тарихи  пьесалардың 
көркемдік 
ұзын-ырғасына 
қарағанда 
жазушы-
драматургтарымыздың  бұл  тақырыпты  меңгерудегі 
ізденісі  зор.  Әр  режиссер  пьесаның  драматургиялық 
ерекшелігіне лайықты сахналық шешім табуға ұмтылған. 
Тарихта  болған  адамдардың  бейнесiн  суреттегенде 
жазушы немесе драматургтің өзіндік қиялын дамытуына 
толық  мүмкiндiгi  бар.  Олай  болмаған  күнде  тарихи 
адам  туралы  жинаған  деректерде  белгiлi  бiр  мiнездi 
айқындау мүмкін емес. Драматург жинаған материалын 
шығармашылық қиялынан сұраптап өткiзiп, адам мiнезiн 
ашу үшiн қажеттi деп тапқанын өз ойында әбден қорытып 
алып, жазуға кiрiседi. Ал, драматургтың көздеген мақсаты 
– адам мiнезiн оқиғамен байланыстыра отырып ширату. 
Бұл шығармаларға Исатай мен Махамбеттің арманы мен 
өкініші арқау болған. Олардың жерін жауға бермеуінің, 
елін дауға бермеуімен халқын ауызбірлікке, ынтымаққа 


105
жұмылдыруының  нәтижесі  –  бүгінгі  қазақ  елінің 
тәуелсіздігі.  Махамбет  өлгенмен  оның  өшпес,  өлмес 
мұрасы  ғасырлар  бойы  ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасып 
келеді. 


106


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет