Х. Қос мұнармен қауышу
Жидебай адыр-қыратқа онша бай емес, жазықтау мекен. Сондықтан да арқаның аңқылдақ желі күні-түн бір тыным таппайды. Көкжиекке бір көз жіберсең қиялыңды тізгіндей алмайсың. Осынау алып маң далада тәй-тәй басқан жас елдің қадамымен бірге бой көтерген қос мұнар мен мұндалап тұр. Ерекше сәнді, ерекше сырлы...
Абай үйінен шыққан соң, қос әулиенің зиратына тарттық. Қыстаудан бір шақырымдай жерде орналасқан бұл бейіт бүгінде символикалық кешенге айналған. Оған барар жолда қос алыпты туған қос ананың қабіріне тоқтап, құран бағыштадық. Зере әжеміз бен Ұлжан анамыздың қасында Шәкәрімнің әкесі Құдайберді жатыр. Әуелде саз балшықтан соғылған қоршаудың бір жақ қабырғасы ғана аман қалыпты. Қалған бөлігі кейініректе ақ кірпішпен қаланып, қайта тұрғызылған екен. Одан беріректе Құнанбай мен Тобықтының талай баласына әліпті үйреткен атақты Ғабитхан молда мен Оспанның малшысы болған Шәукенбай деген кісінің қабірі тұр. Екеуінің де басына тас қойылыпты. Қасиетті Құранның қасиетті аяттары оқылғанда мазардың тастары да бізбен бірге күңіренгендей болды. Ендігі бет алысымыз Абай мен Шәкәрім.
Алып кеме. Телегей теңіз жазирада жүзіп келе жатқан алып кеме. Ерекше құрылысты бұл кешен қос данышпанның күллі қасиет-киесін, сол өңірдің рухани аясын бойына сіңіріп барып туған ұшқыр қиял мен терең тебіреністің жемісі екені көрініп тұр. Сәулетші Бек Ибраһимнің бұл еңбегі ұлт потенсиалының тағы бір биігі. Екі қабірге екі алып мұнаралы аппақ кесене орнатылған. Оның өзі биіктіктігі алты метр, ұзындығы екі жүз қадам болатын алып тақтаның үстінде орналасқан. Аралығы жүз елу қадам қос мұнар бір біріне сәлем бере асқақтап тұрғандай. Абайдың қасында інісі Оспан, Шәкәрімнің қасында ұлы Ахаттың денесі қойылыпты. Екі күмбездің ортасында төбесі ашық шағын амфи зал бар. Жыл сайын болатын «Абай оқуларының» ақтық сайысы осы кешенде өткізіліп тұрады екен.
..................................................................................................................................................
Бір арман орындалды. Қазақтың бас ақыны ғұмыр кешкен киелі мекеннің рухын сезініп, топырағын сүйдік. Самалымен сырласып, аспанымен тілдестік. Әруағына құран бағыштап, дұға оқыдық. Иншалла ақіретте Алла олардың жүздерін жарық еткей.
Достарыңызбен бөлісу: |