II кезең: "Біз - ниеті ғарыштағы елміз" 1991 жылдың 2-қазаны әлі есімізде. Ел болып толқыған күн еді. Қазір қазақ ұлы ғарышқа ұшады. Тоқтар Әубәкіров! 5-сыныптағы 6 ұлдың 5-еуі осыдан кейін ғарышкер болуға бел байлаған. Байқоңырдан көк жүзіне сіңіп кеткен "Союз ТМ-13" кемесінің ізіне сағынышпен қара-а-а-а-ап қалған едік.
Құлағымыз ғарыш жаққа тігулі жүрді. Теледидардан жарқ ете қалған Тоқтар ағамыздың жүзіне қызыға қараймыз. Экранды сипап тілеуін тілейміз. Тоқтар ағамыздың ғарышта да көңілі көтеріңкі. Өзі талай құлағында ойнаған ұшақтың кішкентай макетін ауасыз кеңістікке жібере салып, соңынан күле қарайды. Енді бір сәтте борттағы басқа ғарышкерлермен әлденеге мәз болып, алақандарын шарт еткізе қағады. Әй, ырза болғанымыз-ай! Шынын айтқанда, сол күндері ғарышта Тоқтар ағамызбен бірге барлық қазақ жүрген еді. 8 күннен кейін қазақ ұлы ғарыштан аман-есен оралды! Кешкі жаңалықтардан көріп отырмыз; әуелі аспаннан формасы белгісіз бір зат көрінді де, жерге жақындағанда парашюті кенет жазылып қалықтай жөнелді! Ендігі бір кадр ғарышкерлерді көрсетті. Тоқтар ағамыздың жүзінде қатты шаршау бар, бірақ көзі!.. Иә, көзінде бақыт оты адаулап тұр! Оң қолын әнтек көтереді. Қаумалап, кабинадан түсіріп алып жатқандарға әлде ерекше ырзашылықпен, әлде Жер-Анаға табаны қайта тиетініне көңілі сенбейтіндей қимастықпен қарайды. Аяғы өзіне бағынар емес, Екі жағынан көтеріп әкеліп, қазақтың сайын даласына қойылған кресло-орындыққа отырғыза шыққан жаққа мойын бұрып әдемі жымиды! Біз теледидар алдында тұрып қол соқтық! Апаларымыз көзіне жас алды.
Содан бері 25 жыл өте шығыпты. Біз содан кейін де ғарышқа бірнеше рет жол салдық. Адам баласының қиялы жетпейтін биіктен өзі сонша қорғансыз, бірақ адамзатқа сонша қорған Жер-Анаға қазақ көзімен қарадық. Қазақ көңілі түскен жанға "Биіктен көрін" дейді. 25 жылда ел ретінде ғарышқа самғай алдық па? Биіктен көріне алдық па? Міне, әңгіме осында. Ұлттың ұлт екенін, елдің ел екенін танытатын атаулы күндер болады. Соның бірі - осы 2-қазан. Ғарышқа топырлатып қыран ұшырып жатқан ел емеспіз. Сондықтан сенатор Ғани Қасымовтың көтерген бастамасын, яғни 2-қазанды «Қазакстанның ғарыш күні» деп атауға толық қосыламыз.