Улус – ел – халқ – халайық. Бұл синонимдік қатарлар халық, ел мағынасында жұмсалған. Мысалы, Улус туттың қамуқ ´ақлың күчидин 123 (Ұлысты биледің мол ақылың күшімен); Қылур Йүсүпни Мысыр елинда султан 28 (Жүсіпті Мысыр еліне сұлтан қылды). Бұлардың алғашқы екі сыңары жалпытүркілік сөздер болса, соңғылары кірме лексиканың қатарынан орын алады. Қазақ тілінде ел қазір де халық, жұрт, қауым деген ұғымда қолданыла береді. Араб тілінен енген халқ, халайық атауы XIV ғасырда да, қазір де өте жиі қолданысқа түсіп, кеңінен пайдаланылатын сөз.
Қазақ тілінде бұл сөздің синонимдік қатарлары мынадай: халық, ел, жұрт, қауым, халайық, әлеумет, жамағат, жаран [87, 591 б].
Күн – қуйаш. Бұлар әлемге жарық, қызу беретін планета деген мағынада жұмсалған. Қуйаш тек даулатиң табанда болсун 139 (Күн сияқты дәулетің нұрлы болсын). Агар күн тоғмаса хам йақту қылғай 63 (Егер күн шықпаса етер еді жарық).
Қол – ел – елик. Бұ синонимдік қатардың қай сыңары болмасын адамның бір нәрсені ұстайтын, жұмыс істейтін дене мүшесі деген ұғымда жұмсалған. Аныңдек йирга қол сунды елик ким 315 (Сондай жерге қол создым жетемін деп). Қолум сим алмаңызға йетмади хеч 200 (Қолым күміс алмаңызға еш жетпеді). Ел, елик атаулары көне сөз ретінде қазіргі тілімізде қолданылмайды. Қол сөзі орта ғасырдағы мағынасын жоғалтпай тілімізге келіп жеткен. Орта ғасырда бұл сөздердің лексикалық мағыналары тең болғандықтан өзара синонимдес қатар түзе алады. Бұл атаулардың жасалу уәжі әртүрлі.
Достарыңызбен бөлісу: |