14-дәріс. Тілді меңгерту әдістері
Интерактивті әдістер білім алушылардың түрлі топтық, жұптық, ұжымдық тапсырмаларды орындау барысындағы өзара әрекетін ұйымдастырудың тиімді жолы ретінде қолданылады.
Оқытудың интерактивті моделін қолдану өмірлік жағдаяттарды модельдеуді, рөлдік ойындарды пайдалануды, мәселені бірлесіп шешуді көздейді. Мұнда оқу үдерісінде белгілі бір тұлғаның немесе идея иесінің тілді білу деңгейі мен қабілетіне мән беріледі. Тіл үйренуші өз ұстанымы бар әрекет субъектісіне айналады.
Қазақ тілін оқытудың нәтижелі болуы инновациялық технологияларды саралап пайдалануға байланысты. Оқытудың әдістерін бір мақсатқа жұмылдыра ұйымдастыруда оқыту технологияларын талғап қолдану маңызды. Тілді оқытуда ең жиі қолданылатын технология – оқытудың коммуникативтік технологиясы. Сөйлесім әрекетінің түрлерін (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім) қатысымдық бағытта өзара сабақтастыра қолдану, білім алушының қазақша дұрыс сөйлеуі мен сауатты жазуына ықпал етеді. Бұл технологияның мақсаты – білім алушының тілдік қарым-қатынастағы тілдесім шеберлігін қалыптастыру. Аталған технология оқу үдерісінде монологтік, диалогтік, полилогтік тілдесімге қажетті жағдайларды туғызады.
15-дәріс. Тілді оқыту технологиялары
Педагогикалық технологиялардың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар – В.М.Монахов («Оқытудың модульдік технологиясы»), Б.Блум («Толық меңгеру технологиясы»), П.И.Третьяков, И.Б.Сенновский («Мектептегі оқытудың модульдік технологиясы»), А.В.Талызин, Г.Я.Гальперин («Ойлау қызметінің сатылап қалыптасу теориясы»), Ж.А.Қараев («Педагогическая технология обучения»), М.М.Жанпейісова («Модульдік оқыту» технологиясы). Педагог ғалым В.Г.Беспалько педагогикалық технологиялардың жеке тұлға қалыптастырудағы маңызы туралы былай дейді: «Слагаемые педагогической технологий» деген еңбегінде: «Педагогикалық технология негізі – педагогикалық жүйе, ал педагогикалық жүйе – алдын-ала ойластырылып, жасалған жоспар, оның жүзеге асуы, жеке тұлға қалыптастыруға әсер ететін нақты, мақсатты, бағытты тәжірибеде қолданылатын жоба». Педагогикалық технология білім, білікті меңгеруге тиімді, мұғалім мен оқушылардың біріккен әрекетін жүзеге асыруына иекмді болуы шарт.
Джордж Соростың ашық қоғам институты «Сорос-Қазақстан» қоры арқылы келген «сын тұрғысынан ойлауды, оқу және жазу арқылы дамыту» (С.Мирсейітова) технологиясы педагогикалық қауымдастық тарапынан қолдау тауып, білім беру үдерісінде кеңінен қолданылуда.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы оқушыларды өз сөзін негіздеп, жеке тәжірибесінен қорытынды жасау, басқа адамдардың идеясына сыни баға беру, өз қателіктерін мойындап, өзіне, іс-әрекетіне сыни қарауға, сын қабылдауға ашық болуға тәрбиелейді. Қазақ тілі сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегияларын қолдану арқылы оқушының логикасын дамытуға, ой-пікірін жасқанбай ашық айтуға, жүйелі сөйлеп үйренуге, жағдай тудырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |