6-дәріс. Сөйлеу онтогенезінде грамматикалық категориялардың пайда болуы
Грамматиканың баланың сөйлеу тілінің дамуы және адамның тұлға ретінде қалыптасуына зор маңызы бар. Ол біздің ойымызды материалдық қабатпен қаптарлап, сөйлеу тіліміздің өзгелерге түсінікті болуы және дұрыс ұйымдастырылуына әсер етеді. Тілдің грамматикалық құрылымын дұрыс меңгеріп, нақты қолдану бала тілінің жалпы дамуына ықпал етіп, сауатты сөйлеудің алғышарты болады. Бұған дейін А.Н. Гвоздев, С.Л. Рубинштейн, Д.Б. Эльконин, А.М. Шахнарович, Т.Н. Ушакова, А.Г. Арушанова, Ф.А. Сохин, М.И. Попова, А.В. Захарова т.б. ғалымдар балалардың грамматикалық бірліктерді меңгеріп, қолдану ерекшеліктері туралы зерттеулері мен тәжірибе жұмыстарын ұйымдастырған болатын.
Бүгінгі таңда баланың сөйлеу тілі неден басталатынын, сол сөйлеу әрекетінде тілдік белгілер қалай қолданылатынын, лексикалық мағына мен грамматикалық формалар бала тілінде қай кезде қалыптасатынын дәлелді түрде байқаған және баланың алғашқы сөйлеуіне тән басқа да заңдылықтардың қалыптасуына байланысты теориялық еңбектер ғылыми ортада мол. Ғылыми ізденістердің нәтижесінде сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымының қалыптасуы баланың когнитивтік тұрғыдан дамуының белгілі бір деңгейінің негізінде іске асатыны туралы тұжырымдар жасалуда. Кез келген жастағы бала нақты бір тілдік форманы қолданбастан бұрын оның мағынасы мен қолдану аясын түсіну керек. Мұндай әрекет сәбидің ересек адамдардың сөйлеу тілін талдау негізінде грамматикалық заңдылықтардың күрделі жүйесін меңгеріп, қатысым әрекеті барысында қолданып, өзінің сөйлеу мәнерін қалыптастыру барысында орындалады.
Сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымының қалыптасуы кезінде бала айналасындағылардың сөзін естіп, өзінше талдау, ана тілінің заңдылықтарын меңгеріп, тілдегі түрлі ережелерді ескеріп, сөйлеуінде дұрыс тұлғаларды қолдануға машықтануы керек. Тілдің морфологиялық және синтаксистік жүйелері тығыз байланыста болады. Қазақ тілінің грамматикасы, лексикалық және грамматикалық мағынаны ажырата отыра белгілі отандық ғалым Н. Оралбай «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» атты еңбегінде мынадай тұжырым жасайды: «Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасымен бірге, оған қосыла жүріп байланысты ойды білдіру қызметін атқарады. Сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналарының мынандай ерекшеліктері бар. Сөздің лексикалық мағынасы түбір сөздер арқылы беріледі. Мысалы: қағаз, күн, ай, көз, жүзік, ал грамматикалық мағына түрлері грамматикалық көрсеткіштер арқылы түбір сөзге үстеледі. Мысалы: қағаздар, бұл сөздегі көптік мағына көптік жалғау арқылы берілген. Жалпы грамматикалық мағына 77 сөйлемдегі сөз атаулының құрамында үнемі болатын басқа грамматикалық мағыналармен бірге жарыса, қабаттаса жүретін, қолданылу аясы кең мағына».
Сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымын меңгеруге бағытталған арнайы зерттеу жұмысының кейбір аспектілерін қарастырамыз. Зерттеу барысында келесідей жағдайларға көңіл бөлінді: - грамматикалық құрылдымдарды түсіну; - сөзөзгерту икемі; - жаңа сөздерді құру икемі; - сөйлем құру икемі, оның түрлері; - байланыстырып сөйлеуінің дамуы. А.Н. Гвоздевтің зерттеулерінде бала тілінің морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан безендірілу үдерісін бақылаған материалдар, аморфты сөздерден бастап толық құрамды сөйлемге дейінгі грамматикалық құрылымдар туралы деректер бар.
Достарыңызбен бөлісу: |