С Ө Р Е Л. С ө р е л – орман адамы, кейбір әңгіме бойынша, ол жезтырнақтың ері (күйеуі); кейбір ертектер бойынша, ол әртүрлі кейіпте болады. Сөрел – мүлгіген қалың орманды мекендейді, түрі адам сияқты. Оның бойы ұзын ағашпен бірдей. Ол адамды қытықтап өлтіреді, орыстың орман адамы тәрізді"63.
Шоқанның сөзіне қарағанда қазақтар ол кезде албасты мен жезтырнақты, тағы басқа мақлұққтарды (сорель) бөлектемей, бәрі бір нәрсе деп ойлаған сияқты. Албастылардың басшылары сорел (сорель) деп аталады: оның бойы 3 құлаш (сажень), кеудесі тар, аяқтары жіңішке, тұяғы жұқа болады... (Шоқан). Башқұрттар Шүреле (Surele) Чуваштар шүрелле (surelle), татарларда шүрәлі (Surali) деп аталған. (Желал 532 б) Бурят халқында орман иесі – Сорьел, оның әйелінің есімі – Орель деген ұғым бар. (Ақеділ Тойшанұлы).
Татарлар да орман рухы, иесін сөрелі (шүрелі) деп атаған. Сондай-ақ, ағаш кісі, орман перісі, орман адамы деп те қолданылады. (Гулхан Атнур 26бет) . Әзербайжан мифологы Желал Бейлил болса, «Шөреле (surele) Волга бойы түркілерінің мифологиясында жалғыз көзді, бір аяқты, бір қолды шайтан» деп көрсетеді. Башқұрт хикаяларында орман рухы, иесі деп айтылады. Көне Будапешт болгарларында өлім Тәңірісінің аты «Алып Сөрелі» екен. Сондай-ақ, сөрелі ойынды жақсы көреді екен. Қарсы кездескеннің бәрімен ойын ойнауды ұсынады. Егер оны танымай ойнауға келіссе, ол адамды өлгенше қытықтар. Сондықтан оны өлім шақырар рух ретінде таныған. (Желал 531 б). В.В.Радлов «Түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігінде»: «Сөрелі қырғыз диалектісі. Ағаш адамы, үш бармағы бар, орманда жасайтын, кездескен адамды қытықтап өлтіретін жаратылыс» (Радлов, 1960, 1110 б.) деп беріледі. Ал Руденконың «Башқұрттар» атты еңбегінде башқұрттардың Орал жағы сөрелі орман рухы деп, солтүстік батысындағы башқұрттар «yarimtik» деген. (Руденко 2001, 381). Татар мифологиясында şer (арапша) + elli (түрікше қол), яғни surlev (қорқу), sure tunin kiyuv (қорқып қалма) сөздері арқылы мысал ретінде берілген. (Татар мифтері, 1996, 153). Сондай-ақ, «Татар тілдерінің түсіндірмелі сөздігінде»: «sіr (қорқu, үрку), sor (Қорқытпақ, үркітпек), surlevli (қорқыныш)» деп берілген. (ТТТС 1981, 540-541 бб). Башқұртша-орысша сөздікте sor, sor yeberev sorlev (қорқу) (БОС 1996, 771 б.) делінген. «Сөрел – еркек бейнесіндегі жаратылыс, - дейді, Нора Бекмаханова өзінің «Әлемдегі құдайлар мен рухтар» мақаласында. Сондай-ақ, ол – орманда жасайтын жезтырнақтың жұбайы. Иығы жіңішке, кеудесі қураған, арық, арты жалпақ, ұзын бойлы (3 құлаш), аяқтары қысқа және қисық. Егер адамды ұстаса, өлгенше қытықтап өлтіріп, қанын ішіп, етін жейді, - деп атап көрсетеді. (Нора Бекмаханова) Сонымен, сөрелдің негізгі сипаттарын атап өтейік: « - Орманда жасайды;
Ағашқа ұқсаған адам, бірақ бармақтары және тырнақтары ұзын, терісі қылдан, ұзын құлақты, кейде ұзын бойлы деп те беріледі, ұрғашыларының қап сияқты кеудесі бар, оны иықтарына асып жүреді. Адам сияқты тілдесе алады, адам сияқты киінеді де. Әйел де еркек те бола алады;
Сөрел көктемде күн шығарда немесе батарда шығады;
Ол орманда адамдарды адастыру үшін себепші болады. Адам орманда жалғыз болса, жанына шақырып, өзімен ойнауға шақырады. Ойын барысында қытықтап өлтіреді. Хайуанаттарға да солай жасайды. Бірақ оның мақсаты адамдарды өлтіру емес, ол көңіл көтеру мақсатында ойнайды;
Сөрел адамдардың сұрақтарына жауап бермейді; өзінің атын да айтпайды. Бұрақ өзі сұрақ қойғанды ұнатады;
Сөрел екі кісі болса немесе адамның жанында иті болса, ол адамға жоламайды, иттен қатты қорқады;
Сөрел атқа мінгенді жақсы көреді, атпен өлгенше шабады;
Сөрелден құтылудың немесе оны өлтірудің түрлі жолдары бар.» (Гулхан Атнур 27 бет).