Қолда бар материалға қарағанда, албасты – синкретті бейне, ол бағзы замандарда әр түрлі зиянкестер ролінде көрінген болу керек. Мәселен, Шоқан Уәлиханов ескі қазақ түсінігіндегі албастыны былайша суреттейді: "Албасты – әйел босанғанда қастандық қылатын жын (дух). Оларды кейде жезтырнақ деп те атайды. Н.Катанов жазып алған қазақтардың наным-сенімдеріне қарағанда, босанып жатқан әйелді (оның өкпесін ұрлап алып және суға лақтырып) тұншықтырумен айналысатын жын бар екенін байқаймыз. Оны халық "албасты" деп атайды. Оның бірі мынау:
"Ақмешітте Нұрпейіс деген бір би бар еді. Бір күні қатыны толғатып, баласын тапты да, өзі талып қалды. Сол уақытта бір түлкі келіп, қатынның жатқан жағына барды. Сол мезгілде еркектер өз алдына жиылып, бір тамда отырған екен. Солардың ішінде бір кісі түлкінің кіріп келгенін көріп, оны албасты деп, тұра қуып еді, түлкі есіктен шығып барды да, дарияға қатынның өкпесін тастап жіберді. Сонан соң талып жатқан қатын өліпті" [14].
Бірақ сол кездің өзінде-ақ албастыға айқын роль берілген: жас босанған әйелді өлтіру. Мұндай функция басқа ешбір зияндас жын-шайтандарда жоқ. Аса бір көңіл аударып айтатын нәрсе сол – албасты образы мен оның осы зиянды функциясы жалғыз қазақ емес, көптеген шығыс халықтарының фольклоры мен діни нанымдарында кездеседі64. Атап айтқанда, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікпен, түрік, татар, құмық, ноғай, малқар, қарашай, ұйғыр, чуваш, тува сияқты түркі халықтарының фольклорында албасты туралы хикая кең етек алған. Ал, иран тектес халықтарда албасты бейнесі тәжік, шугнан, яз-гулям, вахан, ишкашим, рушан, хуф елдерінің фольклорында кездеседі. Албасты сөзі әр түрлі варианта тіпті кавказдағы абхаз, адыг, нах, дағыстан, армян тілдерінде де бар екен. Ғалымдардың айтуынша, албасты сөзі удмурт, мари тілдерінде де ұшырасады65. Біздің ойымызша, мәселе тек "албасты" сөзінің қайда және қашан шығуында емес (әрине, тіл білімі үшін бұл маңызды). Біз үшін керегі – осы "албасты" сөзінің, албасты бейнесі мен функциясының соншалықты көп елде болуының себебін ашу. Әңгіме біреуден біреу қабылдап алған деген тұрғыда емес. Жоғарыда айтқанымыздай, аты басқа болса да, заты ұқсас бейне әр елдің өзінде атам заманда, мүмкін ежелгі рулық дәуірде пайда болған да, кейін осы елдердің этногенезін құраған ру-тайпалармен бірге олардың мифі мен діни нанымдарына сінген. Осынша елге ортақ албасты образының функциясы ғана ұқсас емес, сондай-ақ оның сырт пішіні де бірыңғай сипатталады: ол көп жағдайда емшектері салбыраған, шашы жалбыраған, әйел түрінде бейнеленеді. Мәселен, өзбектерде, "албасты шашын жалбыратып жіберген қортық әйел"69 кейпінде суреттеледі, тәжіктерде албасты "бірнеше ұзын емшегі бар, шаштары да ұзын әйел бейнесінде көрінеді"70. Кавказдағы ноғайлар албастыны "шашы жалбыраған, емшектері салбыраған, ірі денелі әйел"71 ретінде бейнелейді. Албастыны осы түрде суреттеу қазақтарда да бар: "...албасты ұрғашы, жетпіс емшегі бар, әр емшегімен жетпіс баланы емізеді... Келбеті қорқынышты, шашы ұзын болады"72, – деп жазылған Ә.Диваев оқыған Молда Көбей Тоқболатовтың қолжазбасында. Алайда, албасты образы әр елде кейде әр түрлі болып та сипатталады. Жаңағы көрсетілген ортақ белгілерімен бірге әр халық албасты бейнесіне басқа бір сипаттар қосқан, сөйтіп, ол еркек болып та суреттеледі. Мысалы, ноғайларда еркек албастыны Кіркөйлек деп атайды екен73. Қазақтарда да еркек албасты бар деп сенушілік жайлы кезінде Шоқан Уәлиханов жазған74. Сонымен бірге қазақтар тіпті албасты адам бейнесі түгіл, хайуан кейпінде де көрінеді деп санаған және албастыны сары албасты һәм қара албасты деп екі топқа бөлген. Сары албасты – өте қу болады, адамды кездескен кезінде "енді саған жоламаймын!" – деп алдайды да, өзі қайтадан қастандығын істей береді, – деп сенген. Ал, қара албасты анадан әлдеқайда күшті, һәм қауіпті. Оның істеген зұлымдығын жою қиын деп түсінген75. Қазақтың "қара бассын!", "қара басқыр!" деп қарғауы, я болмаса "не қара басты?" – деуі осы түсінікке негізделген болу керек. Жын – шайтандар "сары–қыз" деп, соның түрінде көрінеді деп ұғыну да "сары албасты" туралы түсінікке байланысты болуы ықтимал. Мысалы, Ә. Диваев көшіріп алып, жариялаған бір діни қолжазбада әйел затын кеміту үшін албасты, жын, диюларды Хау-ана Адам-атасыз тапқан, сондықтан олар адамға қаскүнемдік қылады делінген78.
ЖЫН. Мұсылмандардағы бір жағымды/жағымсыз кейіпкердің аты – жын. Жын шашын тарқатып жіберген ұзынтұра қыз бейнесінде, кеудесі итаяқтай салбырап тұратындықтан, иығынан асыра лақтырып жіберіп жүреді.
«Жын – керемет күш иесі. Неше түрге көзіңді ашып-жұмғанша келе алады. Ол денеңе де еніп, ішіңнен де, дененің басқа жерінен де еркін дауыс шығарып, өзі билегеніне дегенін істетеді. Киелілердің көбі өзінің діни және ғылыми сауатсыздығын біле бермейді. Ал кейбіреулері біле тұра, зұлымдық жолына жындарын пайдаланады.
Жынды бақсылар бағындырады. Бақсы жындарды өзінің сенім дініне қарай көндіріп, өзінің қызметін атқартады» (Қожалымов З.).
«Жындардың бірнеше аты бар: Хишанұһ, Жабир бир Мердан, Медиун Ибн-и Зенги, Хаксак, Дершуз, Иемһур, Каракаш Ибн-и Весвас, Бюлбюле Ибн-и Кизбан, Кешкатур Ибн-и Кешибаш, Сешзар Ибн-и Семан», - деп түрік түркологы Мурат Ураз бірнеше түрін атайды. (Мурат Ураз 118-б)
Н.Ф.Катанов материалдарынан төмендегідей мәліметтерді оқимыз. "Әйелдің босанатын мезгілі жеткенде, оны жын тұншықтырады... Егер жынды қуатын адам болмаса, онда әйел өледі. Жынды қуатын (сөзбе сөз айтқанда сабайтын) адамдар бар... Қуа алатын адам өзінің шапанын немесе белбеуін, не тақиясын біреуден беріп жібереді, бұл жіберілген кісі үйге кірісімен, жын қашады. Егер жын кетпесе, қуатын адам өзі келеді. Кейбір жындар күшті болады. Жын әйелдің өкпесін алады да, суға барады. Егер жынды ұстап алып, оған суға жетуге мүмкіндік бермей, куып жетіп, қайырып, содан кейін үйді тобылғы сапты қамшымен ұрып және "жібер, жібер!" — деп айқайласа, сонда әйел өмірге қайта оралады. Егер жын суға жетсе және "өкпені су ішінде шайқаса. онда әйел өледі". Кейбіреулер оны (яғни, жынды) сабайды, кейбіреулерден ол, көзге түспей, қашқалақтайды. Егер үйір ішінде көздері ақ шаңқан ақ жылқыболса, бұл жылқыны үйдің қасына жетектеп әкеледі. Бұл жылқы, жынды көргесін, үйге өзі кіреді. Жын, бұл жылқыдан қорқып, қашады..." [13] (ой өріс СҚ). «Ислам діні бақсыларды қаншалықты тойтарғанымен, ол бақсылардың "тәңір" дініндегі шамандық ұғымының жын, шайтан, перілермен байланысын жоя алмады. Бақсыларға дем беретін күш-қуат иелері немесе қарсыластары жын, пері және шайтандар жөнінде қасиетті Құранда: "Адамдардың кейбірі жындардың кейбіреулеріне сыйынатын болды. Оған жындар тіпті жынданып кетті", – деген ("Жын" сүресі, 6,11). Жын мен шайтан екеуі екі бөлек жаратылыс. Алла тағала "Жындар мен адамдарды тек өзіме ғибадат ету үшін жараттым" деген. Осыдан-ақ жындар да адам сияқты өмір сүреді. Бірақ, көзге көрінбейді. Бізбен бірге өмір сүруде. Сондықтан да, жындар да мұсылман, кәпірге, еркек – ұрғашыға, кәрі – жасқа, жоғары мен төменгі топтарға бөлінеді. Кейбір адамдар жындармен қатынасқа түседі. Бұл топқа жататындарға көбінесе бақсылар, сиқыршылар, дуашылар, өзімшіл емшісымақтар, арам ниеттілерді атауға болады. (Қожалымов З.)