Түркі дүниесі мифологиясына ортақ кейіпкерлер


ТҮРКІ ДҮНИЕСІ МИФОЛОГИЯСЫНА ОРТАҚ КЕЙІПКЕРЛЕР



бет5/20
Дата24.09.2024
өлшемі163,82 Kb.
#145448
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Байланысты:
stud.kz-68700 (копия)

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ МИФОЛОГИЯСЫНА ОРТАҚ КЕЙІПКЕРЛЕР



АЛБАСТЫ. Түркі елдерінде албасты жағымсыз кейіпкер ретінде қолданылып жүр. Сондай-ақ, аталымы да әртүрлі: Түрікмендерде, қарашай, балқарлар мен қазақтарда «Албасты»; қарақалпақ, ноғай, құмықтарда «Албаслы»; Туваларда «Ал», «Албыс»; Ұйғырларда «Алвасти»; Өзбектерде «Олбасты»; Қырғыздарда «Албарсты», Якуттарда «Абааһы» айтылады. Кейбір сөздіктерде мысалы, Н.Ашмарин сөздігінде «Алпас», «Алпаста», «Алпасты» деп қолданылады. Орыс сөздіктерінде «Албастый», «Лобастый», «Лопастый», «Албаста» , «Лобаста , «Лопасты» сынды қолданылып келеді. (Желал 37-38 бет). Түріктерде албасты, алкарысы, албасмасы деп аталады.
Махмұт Қашқари албастыны «абашы» деп берген, ал Василий Радлов «үй иесі», «жаман рух» деп түсіндіреді. Қазақ аңыздарында албасты көбіне бойы тапал, түрі ұсқынсыз, шашы қобыраған әйел (кейде еркек) түрінде көрініс тапқан. Әбдуәлі Қайдар жезтырнақты жалмауыз кемпір, орыстардың «баба ягасы» деп жазған. (Қазақ мифологиясындағы қара күштер)
Албасты - қазақтың төменгі мифологиясында және түркі халықтарының көпшілігінде су белгісімен байланыстырылатын зұлымдық иесі.
Албасты бейнесі, С.Қондыбайдың пікірінше, су перісі, мыстан кемпір, Алтыншаш, жын пері сияқты түркі дәстүрлі мифологиясындағы жеке дара кейіпкерлердің белгілерін жинақтаған бейне болып табылады. Албасты тарқатылған ұзын ашық не алтын түстес шашы бар сұлу немесе сұрықсыз әйел кейпінде келеді. Бір ескерерлігі, қазақ дәстүрінде барлық суға қатысты мифтік бейнелер әйел кейпінде болады. (Қондыбай С.)
Кейбір наным-сенімдерге қарағанда, албастының түрлі аңның немесе жансыз затқа айналу қабілеті бар. Қазан татарлары албасты сабанға, шыршаға, т.б. айналады деп есептесе, әзірбайжандар албастыны құстың табаны бейнесіне, ал қазақтар мыстан кемпірдің келбетіне ұқсатқан. Тувалық мифтерде албасты маңдайында жалғыз көзді қызыл мыстанға немесе тастан мұрны бар біркөзді Төбегөз диюға ұқсайды. Батыс Сібір татарларының елестетуінше, албастының тырнақтары өткір, сондай-ақ қазақтардың жезтырнағы кейіптес. Халық сенімінде албасты жаман ауру, жайсыз түс әкелетін, әсіресе босанатын әйелдер мен жаңадан туылған нәрестелерге зиянын тигізетін зұлым күшке баланады. Түріk, әзірбайжан, қырғыз, қазақ және өзге халықтардың мифтік танымында албасты босанатын әйелдің өкпесін, бауырын немесе жүрегін ұрлап әкетіп, суға асығады. Оларды суға ағыза салысымен әйел өледі деген сенім бар (сілтеме).
Көптеген халықтарда албасты өзен жағасын немесе өзге су көздерін мекендеп, әдетте су жағасындағы адамдарға жайылған ұзын ашық түстес шашын тарап тұрған қалпы көрінеді. Көне көшпелілер мифіндегі мұндай белгілер суға қатысты әйел рухымен немесе Су құдайымен тығыз байланысты. Сондай-ақ албастыны салбыраған, артқа лақтыратын ұзын көкіректі етіп бейнелеу оның сумен байланысты табиғатын ғана емес, сонымен бірге жыландық сипатын да береді. Аталған көріністегі көкіректер бұл екі аналық безі емес, хтондық әйел құдайдың екі көкірегіне өсіп шыққан екі жылан. Сондықтан, албасты бейнесі су және жыланмен байланысты әйел құдай сияқты көне мифтік кейіпкермен, адам және табиғат өміріндегі қайталанатын кезеңдерге қатысты деп айтуға болады.
Албастыны оған қатысты қандай да бір белгіні – шашын, магиялық кітапты, тарағын немесе теңгесін алып қою арқылы бағындыруға болады. Албасты өзін бағындырған адамның тілегін орындайды, иесін шексіз байлыққа кенелтеді, сондай- ақ өзінің кінәсынан ауырған адамдарды емдеуге көмектеседі. Түркияда албастының әсіресе қорадағы аттарға кедергі келтіріп жалын өретіні жайлы сенім бар. Сонымен қатар таңғы уақытта қорадағы аттардың терлегені байқалса ол жерге "албасты кірген", -деп айтылады. Егер осы кезде албастыны байқатпай ұстап алып етегіне ине қадаса, ол ине шығарылғанша сол үйге қызмет жасайды. Науқастарды жазады. Босанған әйелдерді албастыдан қорғау үшін ол жерге қызыл лента байланып, жастығының астына қайшы, пышақ секілді құралдар қойылады. Себебі албасты қызыл түс пен темірден жасалған құрал-саймандардан алыс жүреді.  
Ш.Уәлихановтың еңбегінде: «Албасты – рух, әйелдер босанғанда қатерлі. Оларды жезтырнақ деп те атайды. Албастылардың басшысы – сөрел.
«Әйелдер босанғанда, Қойлыбай келіп отырса, албастылардың бірі де жоламайды екен. Қойлыбай албастылар иектейтін жерге бөркін немесе қамшысын жіберсе болғаны, ол жерге әр түрлі ыбылыстар мен албастылар жоламайды екен. »(160 б.)
Этнограф ғалым Ә.Диваев: «Албастының ұрғашысының жетпіс кеудесі/емшегі бар, әр емшегімен жетпіс баланы емізеді... Келбеті қорқынышты, шашы ұзын болады» , деп жазады [115, 229 б.].
Ә.Кекілбаев шығармаларында албастының жас босанған әйелдерді өлтіру сияқты зұлымдық иесі, зиян әрекеттері төмендегі мәтін арқылы түсіндіріледі:
«Кейде ұйықтап жатқанда, екі бұты талыстай әдемі әйел шашы дудырап көкірегіне қарғып мініп, қос бұрым құсатып, екі иығынан асырып, артына түсіріп қойған салаңдаған үлкен емшектерін кезек-кезек аузына тыққыштап емізіп отырады. Әр үрпісі Мырзатай нағашысының бас бармағындай. Ұйқылы-ояу санасы бұның албасты екенін біліп жатады. Албасты баяғыда балаларынан айырылып қалған әйел көрінеді. Содан бері түн баласы ұйықтап жатқанда адамдардың арасынан өз перзенттерін іздейді екен. Пәлен жылдан бері бауырына ерін тимеген көкірегі сыздап келген мұндар неме талайларды осылай тұншықтырып өлтіріпті» (Ә.Кекілбаев. Елең-алаң).
Әйел болмысының бір­біріне кереғар екі қырын түсіндіретін прецедентті мәтінді Е.Аманшаевтың шығармасынан да жолықтырдық:
– Дегенмен, әркім әрқалай айтады. Біреулер – ұрлап алған нәрестесін сүтке тойғызып, ақ қанатты періштеге айналдырып жібереді дейді... Періште қанаттарын қағып, мына көк теңізді асып аспанға, иә,иә, алыс аспа-ан-ға ұшып кетеді екен... Ал, енді біреулер – Албасты емізген нәрестесін аққуға айналдырып жібереді дейді... Жұрттың аққуды «киелі» санайтыны содан екен... Әлгі аққу қанаттанғанша бар ғой, оны әлпештеп, мәпелеп, ұшып үйрететін де – Албасты өзі көрінеді. Ал аққудың сұңқылдап мәңгі-бақи жұбын жазбай іздейтіні – анасын іздеген нәрестенің іңгәлағаны екен...
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет