9) Биографтардың айтуынша, Мағауия, «Абайдын тапсыруымен» үш поэма жазған: «Шамиль», «Еңлік-Кебек», «Медғат-Касым». Биографтар «Шамиль» сақталмаған деседі. «Сондай поэма болыпты-мыс» – деген мәліметті Әуезов жолдас әр жылдарда жазған мақалаларында айтып жүр. Осы мақалалардың бәрінде де Мұхтар Әуезов Шамильді:«Кавказ елдерінің бостандығы үшiн күрескен халық көсемі еді»,– дейді. Шамильдің ағылшынразведкасына агент болғанын, көтерілісті сол разведканың тапсыруымен жасағанын, сондағы ұраны панисламистік пен пантуркистік болғанын 1949 жылы большевиктік баспасөз бетінде жарияланған мақалалар ашып берді. Содан кeйін баспаға берілген «Абай шәкірттері» деген жинаққа жазған кipicпe сөзінде профессор Әуезовтің:«Мағауия Абайдың мәслихатымен және материал бepyiн пайдаланып, бірнеше поэма жазды. Ол жазған поэмалары – «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Шамиль» және «Медғат-Қасым». Шамиль поэмасы жоғалып кеткен (қолжазбаның, 14-6eтi)»,– деуі eшбip ақылға сыймайды.
10) Абай шәкірттері аталатындардың ішінде Көкбай Жанатаев та бар. Бұл адам 1862 жылы туып, 1925 жылы, совет тұсында, 63 жасында өлген. Биографиялық материалдарға қарағанда, Көкбай жас күнінен, совет өкіметі құрылғанға дейін, мешіт ұстап, өзі сонда жиырма жылдай имам боп, мешіт қасынан діни медіресе ашып, өзі сонда дін сабағынан жиырма жылдай дәріс оқыған адам.
11) Әріп Тәңірбергенов (1856-1924). «Абай шәкірттері» деген тізімге оны қосып жүрген Мұхамедханов. Біз Әріппен де таныспақ боп, жиналған шығармаларын түгел оқып шықтық, олардың біразы «Абай шәкірттері» деген жинаққа қосылған, біразы қолжазба күйінде, Ғылым Академиясының архивында сақталған. Солармен танысқаннан кейін келген қорытындымыз: шығармаларының не идеялық, не көркемдік жағынан оның Абаймен ешбір байланысы жоқ. Ол өз бетімен өрістеп жүрген ақынның бірі көрінеді.