1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
2) Талданып отырған шығарманың таптық тегі ажыратылуы керек. Өзгені былай қойғанда, осы талданып отырған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының таптық тегі көрсетілмеген. Ақынжанов осы жағын тереңдетуі керек.
Бірінші ұсынысым: тақырыптың өзі әлеуметтік-тұрмыстық жырларға арналыпты (Әуезов: дастандарға). Мысалы, осыған әлеуметтік астары терең «Жар-жар» сияқты жырларды қосқан дұрыс. Біздің әйелдеріміздің қалыңмалға сатылғанын әшкерелейтін өте маңызды мәселе.
Екінші ұсынысым: Қайсы дастан халықтық, қайсы дастан халыққа жат? Бұл ретте «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанымен шектеліп қалуға болмайды. «Қыз Жібек» сияқты дастандарды да қосып, саяси-әдеби сынды күшейтіп, мәселені ширықтыра талдау қажет. Онсыз баяндама биік деңгейге көтерілмейді.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны исламды қабылдағаннан бұрын пайда болған. Ал ислам осы дастанға қандай өзгерістер әкелді? Қандай таптық тартыстар бар? Соны марксизм-ленинизм классиктерінің пікірін келтіре отырып әшкерелеу керек.
Снегин: Біздің басты мақсатымыз: осы көптеген дискуссиялар аяқталғаннан кейін, қазақ эпосының қайсысы халықтық, қайсысынан бас тартамыз, соған жауап беру.
М.О.Әуезов: 86 беттен тұратын бұл баяндама ешкімді де қанағаттандырмайды, өйткені методологиялық тұрғыдан алғанда біржақты құрылған. Эпостың этногенезінің өзі өте күрделі мәселе екенін дәлелдеудің өзі де өте қызықты болар еді. Өйткені біздің еліміз эпостардың 750 жылдық, 500 жылдық тойларын атап өтті. Бұл өте қиын әрі қызықты тақырып. Бірақ бұл алдыңғы қатарлы міндетке жатпайды. Ақынжанов жолдас өте солқылдақ мәліметтерді негізге ала баяндайды. Ақынжановтың пайымдауынша балбал тастарды («Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» мазарындағы еркек пен әйелдің мүсіндерін мекзеп отырған болуы керек – Т.Ж.) Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мүсіндері болуы мүмкін дейді. Олардың арасында, әрине, ешқандай байланыс жоқ. Менің ойымша, бұл балбал тастардың Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға еш қатысы жоқ.
Кейбір тұстарда, тура осы арада Ақынжанов өзінің баяндамасындағы пікірлерді негіздей алмаған. Горькийдің өзі эпостар жөнінде көп айтқан. Қазір эпостың теориясы жөнінде, соның ішінде армян, грузин және басқа да халықтардың эпикалық мұраларына қатысты өте кең ауқымды, қызықты түсіндірулер орын алып отыр. Сіз айтып отырған орхон жазуы ҮІ–ҮІІ ғасырда дүниеге келген. Күлтегін дегеніміз кім, неге хан емес? Ханның аталуы немесе «хан» деген бір сөз ештеңе де шешпейді. Бұл жырдың шығу дәуірін анықтауға дәлел бола алмайды.
Мен баяндамадағы жекелеген жайлардың жай-жапсарына тоқталып жатпаймын, өйткені ол мәселелер Мұсабаевтің, Сәбиттің, Сауранбаевтің сөздерінде орынды талданды. Ақынжанов жолдасқа баяндаманы қайта қарап шығуға тура келеді. Біз бұл баяндамадан өзіміз күтіп отырған жауапты алуға тиіспіз. Ең алдымен, біз мектептегі оқушыларымызды, мұғалімдерді ойлауымыз керек, халыққа да: қандай дастандар реакцияшыл, қандай дастандар халықшыл екенін жеткізуге тиіспіз. Кеңес одағындағы барлық халықтар өзінің өткендегі тарихына жүгініп, өнердің әр түрлі нұсқаларын жасады. Бұл тұрғыдан біз көптеген қателіктер жібердік, енді соған да жауап беруіміз керек.
Мен дикуссияға мынадай ұстанымды ұсынамын: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының біз білетін нұсқасы тұтасымен реакцияшыл, мұнда әмеңгерлікті насихаттайтын феодалдық-патриархалдық ақсүйектердің идеологисы жатыр. Қалай десек те, нашарды – нашар, жақсыны – жақсы деуіміз керек.
Біздің мұраларымыздың тілдік аясынан зерттелуі құптарлық. Біз олардан мәңгілікке бас тартпауға тиіспіз, біз мұны ізденушілерге ғана ұсынумен шектелуге тиіспіз, ал мектептерге ұсынуға болмайды. Осыны дискуссияда талқылайық. Ал Ақынжанов ұсынған күйде дискуссияға жіберуге болмайды. Бұл – реакциялық туынды екенін 1934 жылы жазғамын. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының 17-18 нұсқасының әр қайсысының өзіндік реңі бар, солардың бәрін зерттеу қажет.
17 нұсқаның барлығын мектепке ұсынуға болмайды. Келіңіздер, іріктеліп жинақталған нұсқасын жасайық. Біз барлық нұсқаларды алдымызға алып отырып, соның ішіндегі халықтық элементтерді іріктеп аламыз. Сөйтіп, дастанның біртұтас нұсқасын жасаймыз. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны біздің аса құнды мұрамыз, сондықтан да біз оның бірегей нұсқасын жасауға міндеттіміз.
Бұл мәселедегі ең басты және ең қасіретті жағдай – біздің осы ту талапай пікірлеріміз мектепке жетті, ол туралы үнсіз қалуға болмайды. Әуезовтің қателігі болса да, Мұқановтың қателігі болса да, өзгелердің де қателігі болса да, қателік туралы тура айту керек. Мысалға, «Қыз Жібекті» алыңызшы, оны бір жақты көрсетіп жүр ғой, ол туралы дұрыс пікірдің болуы мүмкін емес, ал бұл дүниені тұтасымен көрсетуге тиіспіз, сонда бұл шығарманың әсері мүлде басқаша болады».
Мұхтар Әуезовтің бұл сөзінде екіұштылық бар. Мысалы: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының біз білетін нұсқасы тұтасымен реакцияшыл, мұнда әмеңгерлікті насихаттайтын феодалдық-патриархалдық ақсүйектердің идеологиясы жатыр», «Мұның реакциялық туынды екенін 1934 жылы жазғамын» немесе «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны біздің аса құнды мұрамыз, сондықтан да біз оның бірегей нұсқасын жасауға міндеттіміз»,–«Бұл тұрғыдан біз көптеген қателіктер жібердік, енді соған да жауап беруіміз керек»,–.деген бір беттің ішінде бірін бірі жоққа шығарған қарама-қайшы пікірлердің кездесуін қалай түсінуге болады? «Балды да болмайық, балсыз да болмайық»,– деген ұғым, мүмкін, осындайдан шыққан шығар.
Сол кездегі Тіл және әдебиет институтының директоры А.Ысқақов өз кезегінде:
Достарыңызбен бөлісу: |