Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


«Осындай жайлардың обьективті, субьективті себептері барын көзі ашық, көкірегі ояу оқырман қауым түсінер деген ойдамыз»



бет221/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   217   218   219   220   221   222   223   224   ...   273
Байланысты:
Ұраным Алаш ТАЛҚЫ Т.Тұртбай 3 том

«Осындай жайлардың обьективті, субьективті себептері барын көзі ашық, көкірегі ояу оқырман қауым түсінер деген ойдамыз»,– деген пікіріне біздің де алып қосарымыз жоқ.

Ол тұста миф те, аңыз да, әфсана да саясаттанып кетіп еді. Соның «үлгісін» Н.С.Смирнова да көрсетіп, «өңешін бір созып» қалды.

Н.С.Смирнова: «Қазақ халқының қас дұшпаны Кенесары Қасымов туралы халық арасында мынадай аңыз әлі де сақталып келеді. Бұл аңыздың кейіпкерлері – кедейлер, олар ханға қарғыс айтып, оның ажалын күтеді. «Сен өлген соң,– дейді кедей кейіпкерлер ханға үш жүздің барлығы күндей жадырап шыға келеді». Мұны «ішек-қарыны сыртынан көрініп тұрған» екі кедей жігіті айтады. Олар аштықтан сүйретіліп келе жатып, сұлтанның ауылының жанынан өткенде оның үйіне кіруге жасқанады. Олардың бірі: «Қасымның балалары – аталары Абылай мен Қасым сяқты қатыгез, қанішер деп естідім»,– дейді. Аштықтан бұратылған жігіттер ақыры ауылға келгенде Кенесарының қорлығына ұшырайды. «Аш қасқырдай жалаңдаған олар» жазықсыз жолаушыларды қамшының астына алады. «Егер Абылайдың ауылы он болса, біздің ауылымыз мың. Солар-ақ шынжырлы қарғыбауына байланып айдалада қала берсін. Аулақ кетейік бұлардан. Айналып өтіп, іргемізді ажыратайық»,– деген жәбір көрген жігіттердің сөзімен аңыз аяқталады».

Міне, осылай Кенесары мен Наурызбайды М.Әуезовтің бетіне шіркеу ретінде ұстай отырып, өзінің хатында «өзінің ауыртпашылығы мен күнәсінің салмағын» Әуезовке «аудара салуға тырысып жүрген сыңаржақ бағыттағы ауқымды бір топ адамдардың» бірі де осы Н.С.Смирнова еді. Ол:



«(...) Қазақстан фольклоршыларының ақсақалдық беделге (академическим авторитетом) бас иіп, ғылым мен әдебиеттің партиялық принципін елемеуінің кесірінен оқулықтардың, хрестоматиялардың, зерттеулердің ішіне жаулық пиғылдағы, халыққа жат нұсқалар мен буржуазиялық-ұлтшыл бағыттағы зерттеулер көптеп енгізілді. Бұған ең алдымен соңғы уақытқа дейін өздерінің фольклорға деген жат көзқарастарынан айырыла алмай келген М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов кінәлі»,– деп үш бірдей ғұламаның көзіне «қамшысының ұшын тигізді».

Бұл жолы Смирнова Әуезовтің жалғыз өзін түтпей, оған Марғұлан мен Мұқановты қоса шүйкелеп, «халық жауларының» тобын толықтапты. «У ішсе – ұлылар ішсін» – деген болуы керек. Осыдан кейін барып «қамырдан қылшықты айырып», Әуезовті ана екеуінен бөліп алды.

Н.С.Смирнова: «М.Әуезов 20-жылдардан бастап оның өзі редактор болған В.Сидельниковтың «Қазақ халық ертегілері» жинағына сын көзімен қарамады, марксизм-ленинизмнің талаптарын ескермеді, ұлтшыл көзқараспен өңделген фольклор үлгілерін халықтық шығарма ретінде ұсынып келді. М.Әуезов ұзақ жылдардан бері қазақ халқының жауларының бірі қағазға түсіріп, жариялаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасын, «Қобыландының» Марабай нұсқасын және «Қыз Жібекті» зерттеп, мақала жазып келеді, осы тақырыптардың негізінде пьесалар («Айман – Шолпан», «Хан Кене», «Қара қыпшақ Қобыланды») жазды».

Осыдан бір жарым жыл бұрын ғана докторлық диссертациясына оппонент ретінде пікір білдіруге Қ.Сатбаевтан бастап М.Ғабдуллинге дейінгі аралықтағы адамдардан көмек сұрап, адақтап жүрген Смирнова енді көсемсіп шыға келді. Мұндай қорлықта жүргеннен көрі, олардан іргесін аулақ салғанды дұрыс көрген сияқты.

М.Әуезов: «Фольклор мен тарихи тақырыпқа қалам тартқан өзімнің жазушы және ғылым қызметкері есебіндегі еңбектерімді салыстыра келсем, қателіктің көбі ғылыми-зерттеу жұмыстарымнан кеткен екен, ал жазушы ретінде жазған көркем шығармаларымда олардың мазмұны идеялық-тарихи тұрғыдан толығырақ, дұрысырақ ашылғанын, танымды шыққанын аңғарамын. Бұның себебі, менің жазушылық еңбекте марксистік диалектиканы дұрысырақ меңгергенім, бұл алуандас еңбекке көбірек маманданғаным, көбірек әзірлігім, дайындығым болғаны әсер етті ғой деп білемін. Осы айтылғанға мысал ретінде өзім жазған «Айман-Шолпан», «Қобыланды», «Бекет», «Түнгі сарын» пьесаларын, «Еңлік-Кебектің» соңғы вариантын және Абай жөніндегі романдарды атауға болады. 1930 жылдарға шейін жазған «Хан Кене» сияқты өзім айыптаған пьесаларға, жаңағы аталған, 1930-1940 жылдар ішінде жазылған шығармалар ұқсамайды. Бұларда – феодалдық санаға қарсы халықтық сана немесе таптық, тарихтық озғын ойлар өткен заман оқиғаларын көрсетудегі негізгі бағыт, мақсат болып отырады».

Енді мұқым қазақ халқы үшін жағымсыз Қодар құл мен қарақшы Бекежанның күндері туып, кеңестік идеологияның және смирновалардың күшімен жағымды кейіпкерге айналып, олар таптық қаһарман ретінде дәріптелу құқына ие болды.

«Саяси әшкерелеушілігі» ерекше бағаланып, докторлықты қорғай салысымен Ғылым Академиясының мүше-корреспонденттігіне сайланды. Ашығын айтсақ, сайлаған жоқ, насихаты күшті үкімет сайлаттырды.

Н.С.Смирнова: «М.Әуезов осыларды және өзге де халыққа жат ауыз әдебиетінің туындыларын «көркемдік құны жоғары», «оқиға құрылымы күрделі әрі бай», «озық өңделген» деген сияқты желеумен әсіре мақтайды. Мысалы, М.Әуезовтің пайымдауы бойынша «Кенесары – Наурызбай» дастанының ««оқиға құрылымы күрделі әрі бай», аталған адамның өңдеуіндегі «Қыз Жібек» – «тұрмыстық-лирикалық дастандардың ішіндегі ең үздік әсерлі және формасы жағынан тамашасы» екен. Сонымен қатар М.Әуезов Жанақтың нұсқасындағы «...көшпелі тұрмыстың талантты бейнеленуін» де өзінше түсінеді. Алайда ол осы тұрмыс суреттері қандай ұстаным тұрғысынан бейнеленгеніне баға беретін ең маңызды методологиялық талапты айналып өтеді. М.Әуезов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасындағы патриархальді-феодалдық қарым-қатынасты мадақтаған тұстарына тоқталмайды. Жанақ нұсқасында жырдың халықтық нұсқасында жоқ Тайлақ би бейнесі келтірілген. Осы кейіпкер арқылы Жанақ реакциялық феодалдың бейнесін мадақтайды. Керісінше, Жанақ нұсқасында Қодар жағымсыз, «қара сүйек» құл, «Қодардың өзі де, сөзі де дөрекі» боп көрсетіледі. М.Әуезов өзінің зерттеулерінде Жанақ ақынның нақты әлеуметтік ұстанымы – Қазақстанның Россияға қосылуына, қазақ халқының орыс халқымен барған сайын тығыз араласуына қарсылығы туралы үндемейді. Шоқанның сөзіне сүйенген Г.И.Потанин: «казак станицаларының маңында тұратын, шидем шалбардың орынына сидам шалбар киіп, өгіз мініп жүрген қандастарын көргенде» Жанақтың оларды қалай мазақтап күлгенін еске алады. Ш.Уәлиханов Жанақты кәрі, заманы өткен жыршы деп санаған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасынан бұқарашыл көріністі іздеген М.Әуезов, оны Қодардың құдық қазуы мен байдың жылқалары туралы алаңдауынан табады. Ал Жанақ бұл нұсқадағы осы көріністе феодалдың мүддесі үшін істеген құлдың еңбегін дәріптеген».

Осыншама көсемсініп сөйлеген Н.С.Смирнованың «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» қолжазба нұсқасын оқып, талдап, М.Әуезовке ақыл үйретіп, жол көрсететіндей тілдік білімі күмәнді деңгейде еді. Әйтпесе, әдебиеттану білімінде бір тұжырымы қалса керек еді. Ал ондай оқымысты ой бізге беймәлім.

М.Әуезов (жалғасы): «Өзімнің зерттеуімде бірыңғай ағым жүйесін бұзып, «Қозы Көрпештің» кей нұсқаларын және «Қыз Жібекті», онан соң бір топ ертегілерді тыңнан сынап тексергеніммен, бұл істегендерім жеткіліксіз болды».

«Сонымен... партия мүшесі, аса жауапты қызметке ие, ғылым мен әдебиет майданында ондаған, одан да көп жылдар бойы істеп келе жатқан бұл адамдар, алғашқы қателескен адамды көрсету арқылы (өздері) жауапкершіліктен құтылады», М.Әуезов «олардың кінәсін жеңілдетеді – деп қарайтындардың» бірі Н.С.Смирнова М.Әуезовке қарата:

«М.Әуезовтің бір жақты, «сана ағымы» сарыны бойынша таңдап алған дерек көздері бүкіл тарихи-әдеби процесті буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан бұрмалаушылық болып табылады және бұл оның қазақ халқының орыс халқымен жақындасуының қас дұшпандары – Бұқар жырау, Дулат, Шортамбай, Мұрат сияқты феодалдық-хандық дәуірдің жыршыларын мақтаған «зар заман» теориясымен тікелей байланысты», – деген тұжырым шығарды.

Қазақ тілін білмей қазақ мифологиясы мен ертегілерінің, эпостарының көркем жүйесін Мұхтар Әуезовке, Әлкей Марғұланға, Сәбит Мұқановқа «түсіндіріп берген» Н.С.Смирнова да осылай кер заманның кернейін тартып, үкім айтты.

Ал «Зар заман» ақындарының күні тәуелсіздік алған соң бір-ақ туды.

2.

Эпос туралы талқы қаулысыз қалды. Өйткені ол майдан енді ушығып келе жатқанда ұлы көсем Сталин қайтыс болды. Жұрт қаралы күй кешті. Соған қарамастан «көсемді аза тұта жүріп» 1953 жылы 16-наурыз күні Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институты мен Жазушылар Одағының төралқасы біріккен бас қосу өткізіп, алдағы болатын қазақ эпосы туралы өтетін талқыда жасалуға тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жырлар туралы М.Ақынжановтың баяндамасының жобасын талқылады.



Негізгі әңгіме – баяндаманың мазмұны жөнінде қозғалған. Бүкілодақтық үлкен талқылауда М.Әуезовке қаратыла жасалған ең шешуші шабуылдың қарсаңындағы қара жарыс, яғни, дайындық болғандықтан да және Сталин жерленгеннен кейін іле-шала өткен мәжілістің қас-қабағын аңғарту үшін айтылған пікірлерді ішінара іріктеп, мазмұндап береміз.

Ғ.Мұсабаев (Тіл және әдебиет институтынан): «Институттың дирекциясының тапсырмасы бойынша Ақынжанов жолдастың қазақтың жырлары туралы 86 беттен тұратын баяндамасын мұқият оқып шықтым. Ол: 1. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының тарихтағы орыны және олардың әдеби нұсқаларына біздің көзқарсымыз. 2. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының туу кезеңдері туралы. 3. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының әлеуметтік сыпаты – деген үш тараудан тұрады.



Баяндаманың басты принципті кемшілігі – баяндаманың ұзына бойында оның мақсаты мен міндеті анықталмаған. Қандай мәселе бойынша талас туып отыр, қандай тақырып бойынша пікір таласы туындап отыр, осы жағы түсініксіз қалған. Екіншіден, баяндамада нақты деректік дәлелдер жоқтың қасы. Автор, тіпті осы мәселенің өзіне тікелей қатысты марксизм-ленинизм классиктерінің пікірлері мен партияның идеология мәселесі жөніндегі шешімдерін келтірімеген. Үшінші, баяндаманың ғылыми деңгейі өте төмен. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының мәселесіне зерттеу жасалмаған. Қорытындылары сенімсіз, автордың өз пікіріне қарсы шығады. Төртінші, баяндаманың мазмұнына қарағанда, автор деректер мен теориялық еңбектермен таныспаған сияқты әсер қалдырады.

... Осы тақырыпқа қатысты «мифологиялық мектеп», «көшпелі сюжет теориясы», «фольклорды салыстырмалы теория арқылы зерттеу теориясы», «өзара алмасу теориясы», «шығыс теориясы» сияқты теориялық мәселелер баяндамадан тыс қалған. Сондай-ақ, баяндамада: «сюжеттің өздігінен пайда болуы теориясы», «антропологиялық теория», «психологиялық мектеп», А.Веселовскийдің «тарихи мектебі», Карл Крон мен Анри Ааркенің «тарихи-жағырафиялық мектебі» немесе еңбекші қауымның қандай да бір шығармашылық қабілетін жоққа шығарып, оны тек ақсүйектерге телитін Ганс Науменнің теориясы сыни тұрғыдан талқыланбаған. Тіпті кеңестік фольклор ғылымындағы ескірген пікірлерге де тоқталмайды. Фольклордың шығу тарихы жөніндегі жоғарыдағы теорияларға, соның ішінде әдеуметтік-тұрмыстық жырлардың шығу тегіне де қысқаша анықтама бере кеткені дұрыс болады...

Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларын кезеңге бөлу мәселесін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны арқылы шешуге тырысқанымен, оның пікірлерінің барлығы ақ жіппен тігілген абстрактілі жалаң сөзге құрылған. Хан, сұлтан, би, старшина, басқақ, князь атауларының кездеспеуіне және оның зиратының басына қойылған балбалдарға сүйеніп, оның сібір татарлары мен Алтай якуттарында да (тобаларда Т.Ж.) бар екенін тілге тиек етіп, автор «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын ІҮ ғасырдағы көне түркі дәуіріне жатқызады. ... Автор М.Әуезовтің: бұл дастан ХҮ-ХҮІ ғасырда шыққан деген тұжырымын дәлелмен жоққа шығара алмаған... «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын башқұрттарға, татарларға, якуттерге, алтайлықтарға қазақтардан тарағаны жөніндегі жорамалы да сенімсіз, монғол тілінде Баян – бай, Қодар – дөрекі деген мағына береді – деген сөзі де ұшқары... Халықтық нұсқалар дегеннің өзі талданбаған, ақсүйектердің идеологиясын ұстанған дастан нұсқалары әшкереленбеген...

Жалпы алғанда автор бұл мәселеге қатысты материалдармен таныспақ түгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларымен де танысып шықпаған. Ол баяндамасында: «Жырдың алғашқы 16 нұсқасына қатысты М.Әуезовтің білдірген пікіріне толық қосыламыз, өйткені оның қолындағы нұсқалар біздің қолымызға түспеді. Сондықтан да біз барлық нұсқаларды қорыта тұжырымдаған Әуезовтің қорытындысымен келісеміз»,– деп жазады. Сөйте тұрып, баяндаманың 71–72-беттерінде дастаннан үзінді келтіріп: мұндай тамаша жолдар барлық 16 нұсқада да кездеседі,– дейді. Сонда өзі оқымаған нұсқалардың «тамашалығын» қайдан білді, егерде негізгі материалды оқымаса, онда қандай байыпты ғылыми қорытынды жасамақ, «сыртынан қарап тон пішуге» бола ма?, – деген орынды сұрақ туындайды. Осыған орай баяндамашыға мынадай сұрақ қоюымыз заңды:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   217   218   219   220   221   222   223   224   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет