Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Міне, менің творчестволық өмірімнің негізін анықтайтын, өмірлік мақсаттарымның күре тамырын көрсететін ісім мен ойларым осындай



бет243/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   239   240   241   242   243   244   245   246   ...   273
Міне, менің творчестволық өмірімнің негізін анықтайтын, өмірлік мақсаттарымның күре тамырын көрсететін ісім мен ойларым осындай.

Кімде кім менің асқан творчестволық құштарлықпен кеңес халқына қызмет етуге ұмтылған еңбегімді ескергісі келмесе және менің барлық еңбек жетістіктерімді есептен шығарып тастағысы келсе – мен оған шын ниетіммен сенемін – онда ол адам тек маған ғана кесірін тигізіп қоймайды, одан да үлкен, ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ одан да үлкен, біздің даулы мақалаларымыздан да жоғары қасиеттерге нұқсан келтіреді. 1953 ж. 18 мамыр, Москва».

Мұндағы пікірлер – Мұхтар Әуезовтің өзінің шын көңілінен шыққан пікірлер емес, қысымнан құтылудың кезекті бір амалы ғана сияқты еді. Себебі, бұл хаттағы тұжырымдар бойынша М.Әуезов өзінің бүкіл шығармашылығынан бас тартты.

Өкініштісі, жанталаса жүріп «Абай» романының әуелгі желісі мен көркемдік идеясына көптеген өзгерістерді енгізіп үлгерді. Қазір де сол өзгерген қалпында жарияланып келеді. Бұл өзгерістер біздің «Бесігіңді ая!..» және «Құнанбай» атты әфсаналарымызда толығымен салыстырыла зерттелгендіктен де оған тоқталмаймыз. Өйткені бұл басылымның мақсаты кеңестік жазалау талқысын деректер мен құжаттар арқылы әшкерелеу.

Сонда М.Әуезовті қадір тұтатындай не қалды өзі? Ештеңе де. Тек құр сүлдері қалды. Жазалауға негізделген идеология үшін қажеті де сол тірі сүлдерін қалдыру еді.

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ: СҮЛДЕЛЕР СҮРГІСІ

(«Әуезовтің романының көзін жоюға ұмтылған…»)

1.

Тура сол тұста Берия қолға алынып, оған үкім дайындалып жатқанда, бұл күрестің нәтижесі қалай аяқталатынына алаңдаған орта, кеңестік билік жүйесі: әшкерелеудің жаңа науқанын басталады,деп күтті. Сондықтан да олар өздерін сақтандырудың шараларын қамдастырды. Осындай талмалы тұсты қапы жібермеу үшін М.Әуезовке ең соңғы, ең қастаншықпағыр, ең қиянатты соққы берілді. Қазақстанның Орталық комитеті мен жазалау мекемелері құдіретті жез тырнағын М.Әуезовке тағы да батырды. Солардың сүптеуімен 1953 жылдың 2-маусымы күні «Казахстансая правда» газетінде белгісіз автордың «По поводу романа М.Ауэзова «Абай» атты мақаласы жарияланды. Қазақ руханиятының аспанын тағы да бір сойқанды найзағай осып өтті.



Бұл – Мұхтар Әуезовтің толық талқандалып, қазақ ұлты «Абай» романынан айырылуының алғашқы қаралы дабылы әрі қазақстандық идеология жасақтарының қауқарсыз қалмағанын сездіретін «айбарлы шара» еді. Мақаланың авторларын, біреулер газет редакторы К.И.Никитин десе, хаттаманы жақсы білетін Әбілмәжін Жұмабаев – А.Брагин деп анық сеніммен айтты. Алдыңғысы Қазақстанда көп тұрақтай алмады, ал Брагин сүлдерін сүйретіп ұзақ өмір сүрді.

«Абай» романының тағдыры талқыға түсіп жатқанда Мәскеуде бас сауғалап қалуға болмайтынын М.Әуезов білді. Сондықтан да Алматыға аттануына тура келді. Артында алаң қалмас үшін «Литературная газетаның» бас редакторы К.М.Симоновқа мынадай өтінішті тілше қалдырып кетті:



«Құрметті Константин Михайлович! Артық сөзбен, уақыт алатын кездесумен сіздің мазаңызды алмас үшін қайтар алдында сізге бір-екі ауыз сөз жазып кетіп отырмын, бәрінен бұрын менің ісіме, демек Одақтың ісіне зейін қойып, жанашырлық талаппен қараған сіздің адамгершілігіңізге өзімнің шынайы, жүрекжарды алғысымды білдіремін. Кетер алдында бір ғана өтінішім бар, ол мақаланың таяу арада жарық көруіне байланысты тілек. Ешқандай қарсылыққа ұшырамастан бірінің үстіне бірі үстемелеп қосылып жатқан Нұрышевтардың «жанашырлықтарының» салдарынан оның жариялануына ерекше қажеттілік тудырып отыр. Өйткені Академияның органында айтылған пікірдің өзін олар ғылымның ресми пікірі деп қабылдайды. Сөйтіп ол – талқылауларға, өзгертілген басылымдарға, жоғары оқу орындары мен мектептердің бағдарламасын қайта қарауға жалғасып кете береді. Софы Аллаяр айтқандай: «Көрпенің бір жібін үзсең, мың жібі тарқайды». Міне, сондықтан да сізден мақаланы тездетіп шығаруды өте, өте өтініп сұраймын, жалаңаш қалған жүйкенің шүйкеленуін бір күнге болса да тоқтатуға мүмкіндік алғым келеді. Сәлеммен Мұхтар Әуезов. Мәскеу».

Неге екені белгісіз, К.Симоновтың өзі комиссия мүшесі боп ұсыныс жасаған, өзі қаулы қабылдаттырған бұл ашық хат жарияланбай қалды. Сол тұста оның өзі де күдіктілердің қатарында болатын. М.Әуезовтің достарына айтқан пікіріне сүйенсек, ол хатты дер кезінде жариялауға К.Симоновтың қарбаластан қолы босамайтын кездесулері, жайбасарлығы мен ұмытшақтығы бөгет болған сияқты.

2.

Бұл басылым Мұхтардың тұла бойын тітіркендірді. «Абай» романынан айырылса оның өмірінің де мағынасы қалмайтын. Сондықтан да түршіге, түйіле қолына қалам алып, «Казахстанская правда» газетінің 1953 жылғы 2-маусымдағы «Абай» романы жөнінде» деген тақырыппен жарияланған мақалаға орай ескертулерін» жазды. Жаны күйгендегі жан айқайын түсіну аса қиындыққа түсе қоймас деген ниетпен және түпнұсқаны сақтау мақсатында «Казправданың» мақаласын және оған қарсы М.Әуезовтің жазған хатын жарыстыра бердік. Мақаланың мақсаты:



«Ойы парасатты, көркем шығарманы партиялық талап тұрғысынан сын көзімен қарай алатын әрбір тұлға «Казахстанская правданың» бұл мақаласын, мейлі ол редакциялық мақала делінсе де, партия мен кеңес халқының талданған кітап туралы шынайы пікірінің көрінісі емес екеніне еш күмәнданбаса керек. Керісінше, «Қазақ Ғылым Академиясының хабаршысының» №4 санында Саурамбаевтің редакциялығымен шыққан Нұрышевтің және басқалардың мақаласы да дәл осы «Казахстанская правданың» мақаласы сияқты Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес.

Бұл мақала, бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған. Олардың арасындағы айырмашылық мынада ғана: бірінші жарияланымда Әуезовтің отыз жылдағы мұқым ғылыми-зерттеумен айналысқан өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айтқан. Ал мұнда оның басты шығармасы «Абай» романын нысанаға алып, бұл шығарманың да көзін жоюдың амалын қарастыру»,– екенін М.Әуезов ашып айтты.

Қарабайыр, можантопай, жалаң жазғыруға құрылған, мақала авторының пиғылы «ұлы орыс халқы, ұлы орыс мәдениеті» деген сөздерді шағын мақалада он рет «сүйсініп қолдануынан» байқалатын «сынсымақты» талдап жатпаймыз. Ешқандай тың пікірі мен көркем ойлық құны жоқ бұл мақаладағы пікірлер – Н.Н.Поспелов, Б.Степанов, С.И.Круглов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты беделді шешендер бес жылдан бері тұрақты түрде мінбеден сарнап келе жатқан сары қарын сөздер еді. Оның мағынасы тура Б.Степановтың:



«Көшпелі өмірдің салт-дәстүрін әсірелеп суреттеуді біз жазушы М. Әуезовтің "Абай" романынан кездестіреміз. Сол кездегі қазақ ауылын жазушы адамзаттың жұмағы (коммунизм – Т. Ж.) етіп көрсетеді. М. Әуезовтің жазуы бойынша ауылдың жайлауға көшуі салтанатты саяхат сияқты, қыздар да, әйелдер де жас мөлшеріне қарамастан үлде мен бүлдеге оранып, сайлы сәйгүліктерге мініп жүреді. Мыңғырған малы бар ірі байларды және олардың қалай уақытын өткізгенін моншақтай тізіп, революцияға дейінгі қазақ ауылын тым мадақтап, үлгі еткен автор кедейлердің ауыр тұрмысын ықылассыз баяндайды»,– деген сәуегейлігімен астасып жатты.

Әрине, Б.Степановтың қазақ кедейінің мүддесіне қаншалықты дәрежеде күйінді болғаны белгісіз, бірақ қарауылға алғаны – Мұхтар Әуезов пен қазақтың ұлттық руханияты еді. Бірақ та мұжық пішінді Брагиннің бұл шағын сүйкетпесінің шолақ өрт сияқты лаңы үлкен болды. «Казправданың», оның ішінде орыс қаламгерсымағының пікірі еленбей қалуы ол кезде мүмкін емес болатын. Оның үстіне Берияның қылмысы әшкереленіп, жұртшылық: енді қандай дүлей соғады – деп үрейленіп отырған шақпалы шақ туған.

«М.Әуезовтің «Абай» романы жөнінде» («Казахстанская правда», 1953 жыл, 2 маусым): «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындап жатыр. Бұл шығарма – қазақ халқының ұлы ақыны әрі ағартушысының көркем бейнесін сомдаудағы, өткен ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның өмірін көркем бейнелеудегі алғашқы талпыныс болып табылады».

М.Әуезов (жалғасы): «Оған көз жеткізу үшін «Казахстанская правда» газетінің өзіне жүгінсек те жеткілікті, бұл мақала өзінің алғашқы сөйлемінен бастап өтірікке, бұрмалаушылыққа, желеуге (инсинуация) құрылған. Бірінші жолынның өзін: ««Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындар жатыр»,– деп бастайды. Кітап «дайындалып жатқан» жоқ, осыдан бес ай бұрын осы баспа «Абай» романының бірінші кітабін осы мақалада аталған және автор осыдан бес ай бұрын шығып кеткен романның жаңа басылымында өзгертілген Дулаттың (газеттің қате көрсеткеніндей Болат емес – Дулат) есімі үшін Әуезовті тас-талқан етеді».

«Казправда» (жалғасы): «Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшіліктерді бірнеше рет атап өткен болатын. Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді ескермеді, тиісті өзгерістер енгізбеді. Осыған байланысты роман авторы жіберген осы қателіктерге қайтып оралу қажет болып отыр».

М.Әуезов (жалғасы): «Осы мақаланың екінші абзацы тағы да деректерді бұрмалаудан басталады, онда: «Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшіліктерді бірнеше рет атап өткен болатын»,– деп жазылған... Ал бұл романды бүкіл біздің отанымыздың, осы Қазақстан жұртшылығынан бастап, соның ішінде «Казахстанская правда» газетінің өзі де бар, ұлы кеңес одағының мұқым жұртшылығының жақсы бағалағанын, сол үшін партия мен үкімет осы романға 1949 жылы 9-көкекте бірінші дәрежелі (сталиндік деген сөзді қолданбаған – Т.Ж.) сыйлық бергенін, осы сияқты тарихи шындықтың бір де біреуі мақалада ескерілмейді, тіпті, әдеп үшін, тарихи әділеттіліктің талабын орындау үшін, оны былай қойғанда, кәдімгі кеңес мекемесіне тән қызмет тәртібі мен мәдениетін сақтау үшін болса да – шығарманың бойындағы қандай де бір жағымды жақты ескерте кетуді мақала авторы өзінің міндетім деп санамаған».

«Казправда» (жалғасы): «Романның негізгі кемшілігі, М.Әуезов өзінің басты кейіпкері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында. Абайдың атақты феодалдың баласы екендігі, феодалдық-патриархалдық ортадан оза шығып, аса ірі өркениетті ойшыл дәрежесіне көтерілгендігі белгілі. Ұлы ақын өзінің өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның күйдіргісі мен кемшіліктерін әшкереледі. Өзінің барлық ғұмырын қазақ халқын ұлы орыс халқының мәдениетіне тартқан игілікті мақсатқа арнады.

Еңбекші халықтың оның өсуіне, ақындық толысуына, Абайдың көзқарасының қалыптасуына жасаған ықпалын бейнелейтін күрделі даму жолын көрсету – М.Әуезовтің міндеті болатын. Өкінішке орай бұған қол жеткізбеді. Біз, керісінше, үнемі феодалдар мен байлардың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өлтіріп жүрген мақсатсыз, кәсіпсіз Абайды көреміз. Тек кітаптың бір-екі жерінде ғана Абайдың қара халықпен, еңбекшілермен кездескені туралы кездейсоқ көріністер ғана ұшырасады».

М.Әуезов (жалғасы): ««Абай» романының жаңа басылымының бірінші томында қазір (1951 жылдан бастап) феодалдық ақындар деп табылған Дулат, Бұқар, Шортанбай, Марабай, Сабырбай сияқты т.б. жекелеген адамдарға қатысты автор өзгерістер енгізді. «Абай» романының бірінші басылымы жарық көрген 1942 жылы және содан кейінгі 1947, 48, 49, 50-жылдары бұл ақындар халық шығармашылығының өкілдері ретінде Қазақстан мектептерінің оқулығына кірген болатын.



Иә, мақаланың мұқым өн бойында: «Өткен ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның өмірін көркем бейнелеудегі алғашқы талпыныс болып табылады»,– дегеннен басқа роман туралы бір ауыз жақсы лебіз таппайды. Роман туралы тарихи шындықты ескерусіз қалдырады да «Абай» романының бірінші кітабі бойынша автордың өңдеу жұмысын жүргізгенін жасырып, мақалада екінші бір өтірікті расқа айналдырады. Онда: «Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді ескермеді, тиісті өзгерістер енгізбеді»,– деп мәлімдейді.

Анығында, «Абай» романы қазақ тілінде, яғни, автордың қолжазба нұсқасы бойынша, екінші рет 1949 жылы, ал автордың өзіне қаратылған сындарды ескере отырып түзету енгізген үшінші басылымы биыл, 1953 жылы жарық көрді. Бұл мақалада, сонымен қатар, Әуезовтің «Абай жолы» атты романының бар екендігі жөнінде қасақана аталмайды, сөйтіп шындықты бұрмалайды, оны: Әуезов партиялық әділ сынды ескере отырып осы мақалада ескерте кеткен «Ақын аға» романында (Бұл «Абай жолының» бірінші нұсқасы) 8 баспа табақ көлемінде ауқымды өзгеріс енгізгенін, сондықтан да роман «Абай жолы» деп аталғанын айтпау үшін шындықты саналы түрде жасырған... Ал «Казахстанская правда» газетінің өзі 1951 жылы күзде автордың Абай бейнесіне қатысты жүргізген жаңа өзгерістерін шынайы және оның атына лайық деп мойындай отырып, газеттің екі санының қос бетіне жариялаған болатын Ал қазір сол «Казахстанская правданың» мақаласы Әуезовтің еңбектері туралы қауесет таратып қана отырған жоқ, сонымен қатар өзінің бетінде жарияланған шындықты да өтірікке шығарып отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   239   240   241   242   243   244   245   246   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет