Міне, осындай патриархалдық-феодалдық құрылысты кітап авторы келесі толқын жастарға лайықты үлгі есебінде ұсынады».
М.Әуезов (жалғасы): «Абай күрес (көтеріліс) көсемі, жалпы халықтық қозғалыстың төңкерісшіл идеологі болған жоқ. Ол аға сұлтанның ұлы болғандықтан да қанаушы тап өкілдерінің арасында өмір сүріп, ер жетті. Алайда оның өзі және оған жақын адамдар байлардың қалың бұқараны қалай қанап жатқанын, зорлығын, зиянкестік әрекеттерін көре білді, ескі салттың ірігендігін, масқаралығын түсінді, сөйтіп оларды әшкерелей бастады, шамасы жеткенше күресті, міне, осындай іс-әрекеттерімен, талпыныстарымен олар озық қасиеттерді, демек, өз дәуіріндегі халықтық, тарихи сыпаттарды өзінің бойына жинақтады. Бұл арада олардың шыққан тегі ешқандай бөгет бола алған жоқ, бұл біз үшін де олардың бейнелерінің халықтық сипатын анықтайтын басты талап бола алмайды. Ал «Казправданың» мақаласында кітаптағы халықтық сыпатты – тек кедей ауылдарының өмірі мен тұрмысын, кедей адамдарды суреттеу деп түсінуге тырысады, бұл өзінің тұрпаты жағынан марксизм-ленинизмді тұрпайыландыру болып табылады. Абай өзінің тарихи ортасына сай шынайы кейіпте, ол сол ортаның ойын, жандүниесін және халықтың ұмтылысын жеткізуші ретінде көрсетілуі тиіс. Сыналып отырған романда солай бейнеленген. Ал кедей ауылдарынан шыққан адамдар романда Абайдың өмірімен, оның қоғамдық санасының ояну және толысу сәттерімен бірге біте қайнаса суреттеледі».
«Казправда» (жалғасы): «Патриархалдық-феодалдық ескілікті М.Әуезов өзінің екінші кітабында да дәріптейді. Бұл әспеттеулер жайлауды, үйлену тойын, бүркіт салуды суреттегенде анық байқалады. Автор, әсіресе, ақсүйек жастарға ерекше ынтызарлық танытып, романның көпшілік бөлігін соларға арнайды. Байдың балаларының сұлулығын барлық жерде ерекше атап өтеді... Бұл бейнелерді әсірелей сомдауға М.Әуезов ең нәзік бояуларды пайдаланады. Үмітейдің басындағы камшат бөркі мен үкісінен бастап, асыл маржандарын, қымбатты әшекейлерін қосып, аяғындағы үшкір тұмсықты қара жылтыр кебіс-мәсісі мен кербез жүрісіне дейін тамылжыта баяндап, оның сұлулығын сипаттайды.
Осы әйелдердің барлығы да патриархалдық-феодалдық қоғамның тағы заңдарына қарсылық білдірушілер, жаңаны жақтаушылар, әйел теңдігі үшін күресушілер болып табылады. Сонда өздерінің күйеулерімен, әкесімен, бауырларымен бірге аянышты күй кешіп, «қараша үйде», «шоқпыт-шоқпыт қоста», «күңгірт жертөледе» тұратын әйелдер мен қыздар қайда? Олар туралы кітапта үстірт қана баяндалады. Әлде, «жүдеу жүзі әжімге толған, көйлегі жырым-жырым, көптен жуылмаған» кедейдің келіншектері Есбике ен Баян өзінің күңдік халіне риза ма, олар қарсылық білдіре алмай ма?».
М.Әуезов (жалғасы): «Қодардың, Дәркембайдың, Базаралының, жұт кезіндегі кедей көршілер, олардың байлармен күресі, немесе жас ақын, Абайдың досы Дәрменнің бейнесі, сондай-ақ Базаралының қоғадық санасының оянуы және романның барлық кітаптарының желісіне үйлесе оның қыр кедейлерімен қолдаса отырып дала феодалдарымен күрескен саналы, ірі күрескер дәрежесіне көтерілуі – Абай туралы романның, сөзсіз, жағымды да жарқын тұстарына жатады. Осының барлығын көрмеу және мұның барлығын қысыр сөзбен, қымтырылмастан «халық өкілдеріне эпизодтық қана орын берілген» деп көлгірсу – Әуезовтің шығармашылығына деген дені дұрыс емес, біржақты, әділетсіз көзқарасты танытады».
«Казправда» (жалғасы): «Өзінің барлық назарын байдың киіз үйін суреттеуге аударған М.Әуезов еңбекші халықты көзге ілмейді. Феодалдардың образына қарсы тұратын халықтан шыққан бір де бір кейіпкері жоқ. Халық өкілдеріне эпизодтық қана орын берілген. Бұл пікір кітаптағы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық күресіне де қатысты. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені М.Әуезов ұзақ уақыттан бері халықты тұншықтырушы Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде дәріптеп келді».
М.Әуезов (жалғасы): «Ең соңында, мақалада: «Бұл пікір кітаптағы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық күресіне де қатысты. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені М.Әуезов ұзақ уақыттан бері халықты тұншықтырушы Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде дәріптеп келді»,– деп романға және оның авторына қаратыла барып тұрған қиянат және өтірік дәлел ұсынған. Абай туралы Әуезовтің романы жөніндегі өзінің айыптау актісін аяқтай келе «Казправда» осылай деп қорытындылайды. Ал «Абай жолы» романының 393-бетінде («Советский писатель» баспасы, 1952 ж.) Әуезов Абайдың ауызы арқылы Абылайдың тұқымы сол Кенесары туралы былай дейді: «Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне да тауап қылар тәрізің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған (Бұл – Базаралының сөзі, мақалада келтірілген сілтеменің мазмұны бойынша алынды. Бұдан кейінгі сөз Абайдың сөзі – Т.Ж.). Олар үшін, әсіресе, өктемесең болар еді ғой! Қазақ орысты қырды деп, тағы бір тыңнан Әзіретәлі таппақ бопсың, оны қазақтың қалың елінің қамқоры етпексің. Жалған! Бәрі де жалған! Алдамшы бояулар! Қазақтың қамқоры емес, қайта сол қазақты, халықты сатқан аз ғана топ, азғын топ – хан-сұлтанның қамқоры болатын. Бір күнде, бүгінгі нәсілде қазақты орысқа өшіктіруші, қазақ халқына достық етпейді. Неғұрлым сол орыстың шын қасиетін танып, тың өнерін тез үйренуге жетпей, қазақтың көзі ашылмайды. Бұдан өзге өріс те, бұдан өзге шындық та жоқ. Мынау өлең жалған да теріс. Менің өмір бойғы тұтынған жолыма анық қарсы, қияс жолдағы өлең екен. Осылай айтпасқа әддім жоқ». Міне, Әуезовтің жазуы бойынша Абай Көкбайға не дейді, «Абай жолы» романында оның реакциялық тегі өзінің «қаһарманы» Кенесарымен бірге әшкереленіп, қатал сыналады.
Автор өзінің кейіпкерінің жас кезінде Абайдың Кенесарының қозғалысына деген ұстанымын көрсетпей, дұрыс істеді. Оның есесіне, ойшыл және халық ісінің күрескері деңгейіне көтерілген Абай – өзінің толысқан шағында тек қана Кенесарыға ғана емес, сонымен бірге оның қолпаштаушы ақындарына да күйрете соққы береді, бұл Кенесарының қозғалысын Абай жөргекте жатқан кезде (біз 1846-1847 жылдарды мекзеп отырмыз) суреттегеннен көрі тарихи тұрғыдан құнды, маңызды әрі пайдалы тәмсіл болмақ, өйткені жылнамалық жақтан үйлескенімен де, ешқандай көңіл-күй сезімінің, ешқандай ойдың суреттелуі мүмкін емес, демек, Абайдың Кенесарының қозғалысына қатысты көзқарасын білдіруі мүмкін емес».
«Казправда» (жалғасы): «Романда қазақ ауылындағы таптық қатынас мүлдем өшіріліп кеткен, езілуші бұқараның «өздерінің» феодалдарына қарсы күресі көрсетілмеген, бұл, әсіресе, бірінші, екінші кітапқа тән. Онда, бір жағында – дала қожайындары, екінші жағында, М.Әуезовтің көрсеткеніндей, «дау-шармен жұмысы жоқ тыныш туыстар, қарапайым кедей ауылдар» бөлектеніп берілген. Руаралық өшпенділік алдыңғы қатарға шыққан. Күрес кедейлер мен байлардың арасында емес, ру арасында өтеді.
М.Әуезовке романдағы өрескел бұрмалаушылықтарды жою міндеті тұр. Тек сонда ғана сол замандағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық өмірін дұрыс суреттеген, қазақ халқының ұлы ағартушысы туралы шынайы шығарма тумақ».
М.Әуезов (жалғасы): «Міне, «Казправданың» мақаласының авторы романның авторына тағы да бір ауыр, әділетсіз, соның ішінде жалған деректерге сүйенген айыпты тақпас бұрын, нені ескеруі тиіс еді.
Қайталап айтамыз, Кенесарыны сынайтын «Абай жолы» романының бар екенін оқырманнан жасыруға тырысқан, жалған қауесетке сүйенген бұл мақала – өзінің ұзына желісінде автордың ойын бұрмалап, оның ұзақ жылғы адал еңбегіне өтірік пен жаланы жаба отырып, тек қана Әуезовтің романының көзін жоюға ұмтылған дөрекі талпынысын тағы да бір дәлелдеп берді».
Иә, Мұхтар Әуезов осы уақытқа дейін бойындағы барын да, нәрін де құрбан етіп, түгел туындысынан бас тартып келген, бүкіл саналы ғұмырының мағынасына айналған «Абай» романын жанұшыра қорғады. Енді аянып қалатын еш қымбаты жоқ болатын. Бұл жолы жеңіліске ұшыраса, уақытша да болса оның аты тарихтан сызылып, аты өшетін.
Тұтқындағы тозақ қинауына төзе ме, жоқ па, оны бір жазмыш білер. Алайда өзі үшін басын ажал бәйгесіне тіккен Қайым Мұхамедханов шыдаған, түрмеден босаған бетте оның өзіне айтып берген төмендегі естеліктегі:
Достарыңызбен бөлісу: |