Толықтауыш – іс-оқиғаны заттық мағына жағынан сипаттайтын тұрлаусыз мүше.
Сұрақтары: кімге? неге? кімді? нені? кімде? неде? кімнен? неден?
кіммен? немен? Толықтауыш төмендегідей сөз таптарынан жасалады:
Сөз табы
|
Мысалы
|
Зат есім
|
Қорқақ көлеңкесінен қорқады.
|
Есімдік
|
Бұл сөз оған қатты әсер етті.
|
Сын есім
|
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.
|
Сан есім
|
Бестен үшті алса, екі қалады.
|
Етістік
|
Оны айтар - айтпасын білмеді.
|
Толықтауыш құрылысына қарай үшке бөлінеді:
Дара толықтауыш – бір сөзден тұратын толықтауыш. Мысалы: Оны ешкімге көрсетпе.
Күрделі толықтауыш – кемінде екі сөзден тұратын толықтауыш. Мысалы: Олар аттардың қара торысын таңдап алды.
Үйірлі толықтауыш –үйірлі сөздерден тұратын толықтауыш. Мысалы:
Досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас.
Толықтауыш мағынасына қарай екіге бөлінеді:
Тура толықтауыш – табыс септік тұлғасындағы толықтауыш. Мысалы: Суды шым тоқтатар, сөзді шын тоқтатар.
Жанама толықтауыш – барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері тұлғасындағы және, туралы, жөнінде, жайында шылаулармен тіркесіп келген сөздер тұлғасындағы толықтауыш. Мысалы: Екі қарт кісімен амандастым.
321-тапсырма. Мәтіндегі тура және жанама толықтауыштарды тауып, қандай септіктерде тұрғанын ажыратыңыздар. Дара толықтауыштарды бір бөлек, күрделі толықтауыштарды бір бөлек өздері байланысқан сөздермен бірге теріп жазыңыздар.
Судың сәл-пәл қышқыл дәмі мен иісі бар. Бұл – хлордың, насос станцияларында суды микробтардан залалсыздандыратын заттың иісі.
Хлор – улы зат. Ол суға мөлшерден артық қосылса, адам денсаулығына қауіп төндіреді. Ендеше, қандай жолмен су құбырындағы хлордың мөлшерін бір секундты да қалт жібермей, үздіксіз қадағалап отыруға болады?
Ғалымдар мұндай қажымас, қағілез бақылаушыны тапты да. Ол фотоэлемент еді. Бақылау қондырғысы мейлінше қарапайым болып шықты. Екі мөлдір ыдыс. Олардың ортасына шам. Ол, бейне бір екі қол секілді, екі жаққа қос сәуле түсіріп тұрады. Жарық екі ыдыстан да өтіп келіп, қос фотоэлементке жетеді. Ал ыдыстар арқылы үнемі су ағып тұрады. Біреуінен таза су, ал екіншісінен ортотолуидин деп аталатын химиялық қоспа араласқан су өтеді. Ортотолуидиннің ерекше қасиеті бар: су ішінде хлордың өте аз мөлшері араласқан жағдайда да ол судың түсін бұзады.
Ал енді фотоэлемент жарық күшінің өте елеусіз өзгерісін сезген болса ше?
Бұл жағдайда ешқандай жаңылыспай, өз міндетін атқара береді. Құбырда хлор сәл көбейе бастаса болды, судың мөлдірлігі нашарлап, түсі бірден бұзылады, фотоэлементке түсетін жарық азаяды. Осы сәтте арнаулы реле іске қосылып, судың түсі қалыпты күйге түскенге дейін оған хлор жіберу уақытша тоқтатылады.
322-тапсырма. Әке, ақылды, төрт, ол оқыған, оқу сөздерін атау және ілік септіктерден басқа септіктерге қойып, толықтауыш етіп сөйлемдер құраңыздар.
323-тапсырма. Мәтіндегі толықтауыштарды тауып, қандай септікте тұрғанын анықтаңыздар.
Пайдалы қазбалардың ішінде ең көп таралғаны – тұз. Ас тұзын тұзды көлдерден өндіреді. Көл суы жаздың аптап ыстығында көп буланады да, еріген тұз түбіне шөге береді. Оны өндіру үшін тұз сорғыш машина қолданылады. Мұндай машинаның орасан зор түтігі мен сорғыш сорабы болады. Түтік арқылы көл түбіндегі тұз суымен қоса тартып алынады. Машина тұзды айырып, бірден кішкене вагондарға тиейді. Машин,а да, вагондар да көл табанына салынған рельсті бойлап жылжып отырады.
Әрбір адамның тамағына күніне 20 грамм шамасында ас тұзы жұмсалады. Тұздан сода, хлор және басқа заттар алынады.
Тұздың бұдан басқа да көптеген түрі бар. Олардың біразын дәрі ретінде пайдаланамыз. Кейбіреулері, мысалға калий тұзы топырақты тыңайтуға жұмсалады.
324-тапсырма. Көшіріп жазып, қарамен жазылған сөздердің сөйлемнің қай мүшесі екенін анықтаңыздар. Тиісті сұрауларын қойып, құрамына қарай олардың дара я күрделі екенін ажыратыңыздар.
Мақта көп суаруды талап етеді. Ол құрғақшылыққа төзбейді. Сол үшін де каналдар қазып, үлкен су қоймаларын салу керек болады. Суландыру жөнінде біздің еңбектеріміз босқа кетіп жатқан жоқ. Жер-Ана бізге мақтаның мол өнімін беруде. Бірақ бұл байлық біздің талабымыздан әлдеқайда төмен.
Біз мақта жинауды еселеп арттыруды қалаймыз. Шөлейт жерлерді жеткілікті дәрежеде суландыру керек. Жаңа табыстарға жетуімізге ғылым көмектеседі.
325-тапсырма. Көп нүктенің орнына тиісті септік жалғауларын қойып, мақал-мәтелдерді көшіріп жазыңыздар. Олардың мазмұнына көңіл аударып, септік жалғаулы сөздерге сұрау қойып, толықтауыштың астын сызыңыздар.
Тілің ... жүгірме, білім ... жүгір. Аузы ... әзілі жоқтың қолы ... қолы шоқпары бар. Ақымақ ... айтқан сөз ағып жатқан су ... тең; ақылды ... айтқан сөз қол ... ұстаған ту ... тең. Татулық ... табыс мол. Қорқақ көлеңкесі ... де қорқады. Су ... шым тоқтатар; сөз ... шын тоқтатар.
Достарыңызбен бөлісу: |