Орта биіктікті таулар ландшафттары
Биіктігі орташа тауларға Батыс және Солтүстік Тянь-Шанның, Жоңғар алатауының, Сауыр-Тарбағатайдың, Алтайдың биіктігі 3000 м-ге дейінгі тау жүйелері жатады.
Орташа биіктікті тау ландшафттарының қалыптасуына әртүрлі климаттық факторлар әсер етеді. Оларға ауаның таулы-жазықтық циркуляциясы, ауаның тау беткейлерімен көтерілуі, орын алмасуы жатады. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері – 550-800 мм, Алтайдың орта биіктігі тауларында 1000-1500 мм-ге дейін жетеді. Ауаның жылдық орташа температурасы 5-10°С шамасында. Суық кезең 3-6 ай аралығында. 10°С-тан жоғары оң мәнді температуралардың жылдық қосындысы 1000-2000°С-тай.
12-сурет – Орта биіктікті таулар
Орта биіктігі тауларда жаз маусымның екінші жартысынан басталады. Ландшафттарының құрылымында экспозициялық және биіктік белдеулік айырмашылықтар айқын байқалады.
Орта биіктікті таулар далалық, ормандық-тоғайлық-далалық биіктік белдемдерге бөлінеді.
Орта биіктікті таулардағы далалық ландшафттардың таралу шегі 800-1300 м-ден 2200-2600 м биіктіктерге дейін таралған. Дала ландшафттарында жусанды астық тұқымдас өсімдіктер өседі.
Таулық-далалық ашық қоңыр және ашық қызғылт топырақтағы жусанды астық тұқымдас шөптесін өсімдіктер 2000-2200 м биіктікке дейін таралған. Олар Қаратау жоталарында, Тянь-Шань тауларында, Жетісу Алатауында және Сауыр-Тарбағатайдың орта биіктікті тауларында кездеседі. Таулы-далалық белдеудегі астық тұқымдас әртүрлі шөптесінді өсімдіктер өскен далалық белдеуде қоңыр және қара тау топырақтары қалыптасқан. Олардың қара шірік қабаты 35-40 см жетеді, ондағы гумус мөлшері 5-6%-ды құрайды.
Абсолют биіктігі 2600 м-ге дейінгі атмосфералық ылғалдануы мол жерлерді қоңыржай белдеудің ылғал сүйгіш астық тұқымдас өсімдіктері алып жатыр. Бұлар Талас және Қырғыз Алатауының орта биіктікті тауларының беткейлерінде кездеседі. 2800 м-ден жоғарғы биіктікте құнарлылығы шайылған қара топырақта субальпілік шалғын өскен. Бұл белдеу жазғы жайылым ретінде пайдаланылады.
Орта биіктікті таулардың далалық ландшафттық зоналарындағы жануарлар дүниесі көбінесе кемірушілер мен жыртқыш жануарлардан құралған. Олар түлкі, қасқыр, дала қояны, дала мысық, дикобраз, құстардан – бөдене, сақалды құр, үкі.
Орманды-шалғынды – дала зонасы Оңтүстік Алтайда, Сауыр мен Жоңғар Алатауында, Тянь-Шаньның орта есеппен алғанда 2700 м биіктігіне дейін таралған. Жоңғар Алатауында 2300-2400 м дейінгі биіктік шыршалы-самырсынды орманның жоғарғы таралу шегі болып табылады, ал Оңтүстік – Батыс Тянь-Шаньда ондай биіктік бұл белдеулік зонаның төменгі шекарасы болып табылады.
Орта биіктікті таулардың орманды-шалғынды-далалық ландшафтты зонасының климаты қоңыржай континентті, жылдық амплитуда 35°С-қа жетеді. Жауын-шашынның мөлшері 350-ден 600 мм-ге дейін. Маусымның екінші жартысынан бастап жаз маусымы басталады, дегенмен, айдың аяғына дейін салқын райы сақталады.
Тянь-Шанның солтүстік беткейлеріндегі қарағайлы ормандар арасында жабайы алма-долана – көктеректі және өрікті – алмалы ормандар таралған.
Жоңғар Алатауы мен Солтүстік Тянь-Шаньдағы қылқан жапырақты ормандарды шырша мен арша ағаштары құрайды. Шыршаның екі түрі: Шренк және Тянь-Шань шыршасы өседі. Шыршалы ормандардың төменгі бөлігінде әр түрлі бұталар: итмұрын, бөріқарақат, жабайы қарақат т.б. өседі.
Шыршалы, шыршалы-самырсынды ормандарда борсық, қоңыр аю, түлкі, қасқыр, сілеусін, сібір елігі, қоян, тиін мекендейді.
Достарыңызбен бөлісу: |