Кенді Алтай ландшафттары
Табиғи-территориялық кешендері бірқатар фактілердің әсерінен қалыптасып, кеңістікте таралған. Олар: геологиялық құрылым, жер бедерінің ерекшеліктері, тектоникалық даму тарихы, климаттық жағдайлар, топырақ-өсімдік жамылғысы. Жер бедерінің күрделілігі және әр алуандылығы аумақтың ландшафттық құрылымының қалыптасуында негізгі фактор болып табылады. Абсолюттік биіктіктері батысында 300-400 м-ден шығысқа қарай 2000-2500 м-ге дейін өзгереді. Батысындағы Ертіс бойының далалық жазықтары шығысқа қарай біртіндеп шалғынды далалық тау алды жазықтары мен ұсақ шоқыларға, орманды-далалық, орманды-аласа және орта биіктікті тауларға, одан ары орманды-шалғынды және нивальды биік тауларға ұласады. Табиғи территориялық кешендер құрылымына геологиялық-геоморфологиялық факторлардан басқа Кенді Алтайдың континентті географиялық орыны да әсерін тигізеді. Кенді Алтай Алтай таулы аймағының батысында орналасқандықтан, батыстан келетін ауа массаларын бірінші болып ұстап қалады, осыған байланысты мұнда жауын-шашынның мөлшері Алтай тауларының қалған бөліктеріне қарағанда көбірек болып келеді.
Кенді Алтай аумағының 12%-ын жазық және 88%-ын таулы ландшафттар кластары алып жатыр. Территориясын ландшафттың бірнеше типіне бөлуге болады, олар: далалық, орманды далалық, орманды, орманды-шалғынды, таулы-шалғынды және нивальды ландшафт типтері.
16-сурет – Кенді Алтай ландшафттары
Кенді Алтайдың батыс бөлігі Ертіс аллювиальды жазығының жақын орналасуымен сипатталады. Сонымен қатар бұл жерлерде денудациялық жазықтар мен ұсақ шоқылар да кездеседі. Кенді Алтайдың бұл бөлігінде жылдық жауын-шашынның мөлшері 400-550 мм.
Жауын-шашынның көп бөлігі жаз айларына сәйкес келеді. Аязсыз күндер саны 93-132 күн, +10 ◦C-тан жоғары температуралар жиынтығы – 1900-2600◦C. Шілденің орташа температурасы +19,6-20,4◦, ал қаңтардың орташа температурасы – 18,2-18,5◦С. Қара және қызғылт топырақ түрлері бұл жерлерде далалық ландшафт типтерінің қалыптасуына әсерін тигізеді. Мұнда өсімдік формацияларымен астық тұқымдас және әртүрлі шөптесінді-астық тұқымдас түрлер (бетеге, селеу, жусан, қияқ өлең, қоңырбас) кездеседі. Өсімдік жамылғысының орташа биіктігі 15 см, жамылғы мөлшері 50%-ды құрайды.
Жазық жерлер ландшафттары класында ерекше орын алатын жерлер ірі өзен аңғарларының ландшафттары. Оларға Оба өзенінің төменгі ағысының, Ертістің орта бөлігінің аллювиальды жазықтары жатады. Бұл жерлердегі шалғынды қара топырақтарда жусанды-селеулі шөптесін өсімдіктері мен қараған, итмұрын т.б. бұта түрлері таралған. Флоралық құрамының 30%-ын селеу, 15%-ды ақ жусан құрайды. Өсімдіктерінің орташа биіктігі 30 см, жамылғы мөлшері – 50%. Өзен бойларының ландшафттары егістік және шабындық жерлер ретінде пайдаланылады.
Таулы ландшафттар класына Кенді Алтайдың басым бөлігі – 88%-дайы жатады. Ландшафттарының қалыптасуына көп жерін тигізген таулы-сайлы мұз басуы факторы. Биоклматтық көрсеткіштер бойынша таулы класта таулы-далалық, таулы-орманды, таулы орманды-шалғынды және нивальды ландшафттар қалыптасқан.
Таулы-далалық ландшафттар жер бедерінің әр түрлі биіктіктерінде: тау алды, аласа таулы, орташа биіктікті таулы жерлерде таралған. Таулы-далалық ландшафттар Кенді Алтайдағы таулы ландшафттар класының 18%-дайын құрайды. Бұл ландшафттар жер бедерінің 600-2000 м биіктіктері аралығында қалыптасқан. Жауын шашынның жылдық мөлшері 450-600мм, + 10◦C-тан жоғары температуралар жиынтығы- 2100◦-ты құрайды. Топырақ қабаты жақсы дамыған, негізгі түрлері карбонатты сілтілі қара топырақ пен таудың қара топырағы. Жалпы өсімдік жамылғысы 80% ды құрайды, олардың орташа биіктігі – 30 см. Флоралық құрамының 20%-0ын құрғақ айрауық, 20%-ын тарғақшөп, мың жапырақ, қызыл бояу, жусан, т.б. өсімдік түрлері құрайды
Бұл ландшафттар Кенді Алтайдың 700-1800 м биіктіктері аралығында, далалық ландшафт типтерінен солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері-600-1000мм +10◦С-тан жоғары температуралар жиынтығы – 1600-2200◦С. Шілденің орташа температурасы +18, қаңтардікі – 18-19◦. Топырағы-таулы шымды-күлгін және аллювиальды типтер араласқан таудың қара топырағы. Өсімдік жамылғысын астық-тұқымдас әр түрлі шөптесін өсімдіктер ассоцияциясы мен бұталы-орманды топтар құрайды. Өсімдік жамылғысының 50%-дайын астық тұқымдастар құрайды. Өсімдік жамылғысының мөлшері 90%, орташа биіктігі – 60 см. Шөптесін өсімдіктердің шалғынды қоңырбас, бетеге, құрғақ айрауық, арпабас, сібір балдырғаны, ақ тамырдәрі т.б. кездеседі.
17-сурет – Кенді Алтайдың таулы аңғарындағы шөптесін өсімдіктер
Орманды ландшафттар Кенді Алтайдың көп бөлігін (таулы ландшафттар класының 42%-ын құрайды). Ландшафттардың ормандық типі қалыптасуында гидротермиялық фактор негізі болып саналады.
Орман ландшафтарының жоғарғы шекарасы (1800-2100) температуралық жағдайларға, ал төменгі шекарасы (600 м) жауын-шашынның мөлшеріне байланысты. Кенді Алтайдың орман ландшафтарында шілденің орташа температурасы – 18-20◦С болса, қаңтардың орташа температурасы – 18-22◦С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 700-ден 1500 мм-ге дейін, оның көп бөлігі жаз айларыны сәйкес келеді. +10◦C-тан жоғары температуралар жиынтығы 1400-1800◦С-ты құрайды.
Жапырақты орман биіктеген сайын қарағай, самырсын, балқарағай ормандарымен ауысады. Орманның төменгі қабатында ұшқат, қарақат, спирея өседі. Жапырақты орман астында сұр орман топырағы, ал қарағайлы ормандар астында таулы орманның қара топырағы қалыптасқан. Шөптесін өсімдіктерден аконит, тамырдәрі, лабазник кездеседі.
Орта биіктікті тауларда орманды шалғындар таралған. Олардың құрамына: шатыргүлді және герань тұқымдастар, қоңырбас, бидайық, тарғақшөп, жабайы таушымылдық, күнгелді, сібір шөмішгүлі, қызғылт семізот, марал тамыры, алтын тамыр, т.б. өсімдіктері кіреді.
Нивальды ландшафт 2800-3100 м биіктіктерде орналасқан. Жаздың салқын болуы, жылу мөлшерінің аздығы альпілік және тундралық өсімдік формацияларының қалыптасуына әсер етеді. Топырағы – таулы шалғынды және шымтезекті болып келеді. Альпілік шалғындардан биікте жартастар мен тасты шағылдар арасында арша, аласа тал мен қайың, мүк, қына және жекелеген гүлді өсімдіктер кездеседі.
Кенді Алтайдағы тау аралық ландшафтарға – Лениногор, Зырян, Катон-Қарағай, Бұқтырма-Нарым ойыстары жатады. Тау аралық ойыстар ауыл шаруашылығында астық және техникалық дақылдар өсірілетін жерлер болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |