Шөл зонасының ландшафттары
Шөл зонасы Қазақстандағы жазық жерлер аумағының шөлейт зонасынан оңтүстіктегі бөлігін алып жатыр. Шөл зонасының Қазақстандағы аумағы 117 млн га, республика жерінің 40%-дан артығын алып жатыр. Каспий бойы ойпатының оңтүстігін, Маңғыстау түбегін, Үстіртті, Солтүстік Арал маңын, Бетпақдаланы, Сырдария бойын, Қызылқұм мен Мойынқұмды, Солтүстік және Оңтүстік Балқаш маңын қамтиды. Шөл Іле өзенінің, Балқаш және Зайсан көлдерінің тау аралық жазықтарында да кездеседі.
Шөл зонасы атмосфералық жауын-шашынның өте аз мөлшерімен, буланудың көптігімен, мен топырақ температурасының тәуліктік және жылдық ауытқуының едәуір мөлшерімен және беткі тұрақты ағыстың болмауымен сипатталады. Сонымен қатар топырақтың беткі горизонттарында көп мөлшерде тұз жиналады, өсімдік қабаты сирек, көбінесе ксерофитті, сортаң топырақта өсетін түрлер кездеседі. Шөл ландшафттарындағы ылғалдану коэффициенті 0,22-0,10, жауын-шашынның жылдық мөлшері 190-120 мм. 10°С-тан жоғары, оң мәнді температуралардың жылдық жиынтығы 3200-4200°С, вегетациялық кезең 200 күннен астам.
Қазақстанның қазіргі шөл зонасы ұзақ геологиялық дәуірлер бойы жер қыртысының майысу аймақтары болды. Соның нәтижесінде теңіздік және құрылықтық шөгінді жыныстардың қалың борпылдақ қабаты қалыптасты. Олардың кезектесіп келуі теңіз басуы мен қайтуының бірнеше рет қайталанғанын дәлелдейді.
Қазақстанның шөл зонасында жер бедері мен субстрат ерекшелігіне қарай шөлдердің бірнеше типі қалыптасқан, олар: құмды, сазды, тасты, сортаң және лесстік-сазды шөлдер.
10-сурет – Сазды шөлдер
Құмды шөлдер Каспийден Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауына дейінгі үлкен аумақты алып жатыр.
Құмды жер бедері әр алуан болып кезеді: қырқалы, шағылды және төбелі құмдар. Құмды шөлдер қысқы жайылым ретінде пайдаланылады.
Сазды шөлдер. Бетпақдала мен Үстірттің аумағында орналасқан. Бұларда топырақ қабаты қалыптаспаған. Сазды, тақыр жерлер кейде құмды массивтер арасында да кездеседі. Жауын-шашынды мезгілдерде тақырлар беті батпаққа айналады, ал құрғақ кезеңдерде көпжақты жарықшалармен тілімделеді. Тақыр жерлер – шөлдердегі тіршілік дамымаған аумақтар болып саналады.
Тасты шөлдер көбінесе шөл зонасында орналасқан тау жоталарының етегіндегі жазықтарда орналасқан.
Тасты шөлдерде жауын-шашын мен еріген қар сулары қиыршық тасты-құмды қабаттан тереңге оңай сіңеді, сол себепті өсімдіктердің өсуіне жеткілікті ылғал болмайды. Тасты шөлдерде төрткүл жұрнақтар мен күмбезді шоқылар кездеседі.
Сортаңды шөлдер тайыз тұзды көлдердің кеуіп қалған орындарында таралған. Сор жерлердің айналасында галофитті өсімдіктер өседі. Сортаңды шөлдер кейде сазды-қиыршықтасты шөлдермен ұштасады. Сор қабыршақтарының астындағы борпылдақ тұз бен шаң қабаты жиналған.
Лесстік – сазды шөлдер (адырлар) Қазақстанның Оңтүстігі мен Оңтүстік Шығысындағы тау алды төбелерінде таралған. Олардың сыртқы бейнесіне жер асты және жер беті суларының бірлескен еріту әсері ықпал етеді. Шөлдердің бұл түрлері кейде суармалы егіншілік үшін пайдаланылады.
Шөл зонасындағы ландшафт түрлері әр алуан. Оларға қоңыр топырағында қара жусан, бұйырғын, изен, астық тұқымдастар, жонды-белесті акумулятивті жазықтар, сұр-қоңыр топырақтағы сортаңды – жусанды шөлдер, шөлді адырлар, тақырлар, сусымалы құмдар, тұзды көлдер жатады.
Шөл ландшафттары негізінен жайылым ретінде пайдаланылады. Қолдан суарылатын аумақтарда бау-бақша, күріш өсіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |