Үлкенге ізет
Бала кезімізде ауылда тұрдық. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын қанымызға сіңіріп өстік. Қарт кісілердің айтқанын екі етпей орындап, алдын кесіп өтпейтінбіз. Ата-ана тәрбиесі сондай болды. Көпшіліктің мәселесін негізінен ауылдың бетке ұстар, сыйлы ақсақалдары шешетін. Ауыл басшылары да жиналыстарға өмірді көрген, талай қиыншылықтарды бастарынан өткізген, өмірлік тәжірибелері мол, көкірегі ашық, парасатты көнекөз қарияларды шақырып, салиқалы ой-пікір бөлісіп, олардың айтқан ақылын зерделеп, зейін қойып тыңдайтын, ой таразысына салып, оны қорытатын. Сөйтіп барып қана соңғы шешім қабылданатын. Қазақтың «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген философиялық сөзіне сай, содан кейін қателесу, өкініш пен «әтеген-ай»-лар өте сирек болатын.
Ағайын арасындағы кішігірім кикілжің, дау-жанжал, шекісу, түсініспеушілік те елге сыйлы, парасатты ақсақалдардың кеңесінен кейін шешіліп, өзара бітімге келіп, әрі қарай өршімей доғарылатын. Тіпті, кейде бұзақы, тентек, мазасыз жастарды орталарына салып, олардың жағымсыз, теріс қылықтарын беттеріне басып, ұялтып, тергеу органдарына, сотқа жібермей-ақ өздері түзу жолға, жөнге салатын. Ауыл ақсақалдарының айтқаны, қабылдаған шешімі – баршаға жазылмаған заң болатын. Солардың сол бір іс-әрекеттерін көріп, қазақтың «қариясы бар ауылдың – дариясы бар» деген қанатты, дана сөзін еске алатынбыз.
Иә, ауылдың көреген, қадірлі қарияларының рөлі ол кездері ерекше болатын еді-ау, шіркін! Сырттан келген басшылар да оларға бұрылып келіп сәлем беріп, ел ұйтқысы болып отырған ақсақалдарды қадірлейтін, құрметтейтін, ардақ тұтатын. Тіпті, бұны біз сол кездері ұлтымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан жақсы бір салт-дәстүрі деп қабылдайтынбыз.
Қазақтың қасиетті дәстүрі
Қазақта келін шайы деген бар. Той өткеннен кейін ауылдың кемпір-шалдары келіннің тәтті шайын ішеміз деп мәз боп келеді. Келіннің шай құйғаны, шай ұсынғаны, жүріс-тұрысы барлығы сарапқа салынады. Алғашқы келіндік сыннан өтеді. Содан кейін әжелер шай ішіп болғаннан кейін кесеге сақинасын салады, аталар батасын береді. «Мә, мынаны итаяғыңа сал» деп біреуі білезігін, сақинасын береді. Неге? Тұңғышын қырқынан шығарған кезде күмісті суға салады. Болмаса, «мен келін шайын берген кезімде пәленше әжем беріп еді» деп сақтап қойып, келініне береді. Қазақта «Алтын сәндікке, күміс емдікке» деп айтады. Қазақ күмісті көп пайдаланған. Өйткені күмістің қасиеті көп. Баланы қырқынан шығарар кезде күміс салатын, себебі біріншіден, судың күшін күшейтеді, екіншіден, залалсыздандырады. Ұлдарға да, қыздарға да күміс сала береді.
Қазақ – керемет данышпан халық. Қырық күннің қасиетін қазақ атам ерте заманнан білді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 42 күнді айтады. Бұл бала үшін де, ана үшін де қауіпті. Қазақ осыны қайдан білді? Неге жас босанған келінді 40 күн суық суға қолын салғызбай, шаруаға салмай күтті? Баланы 40 күнге дейін сүйгізбейді, қол-аяғын жерге тигізбей алып жүреді. 40 күндік баланың көзі көрінбейді, ал қырқынан қалай шығады, көзі жылтырап қалады. Не үшін қырқынан шығарады? 40 күннен соң ет пен сүйек бірігеді, ал оған дейін ұстап көрсең, баланың буын еті былқылдап жатады. Адам қайтыс болғанда қырқын береді. Онда ет пен сүйек ажырайды. Біз соның құрметіне береміз.
(З.Ахметова)
Достарыңызбен бөлісу: |