ӘОЖ: 82.0:001.12/.18
Ысқақ Б.Ә.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті,
филология ғылымының кандидаты
ӘҢГІМЕ ЖАНРЫНДАҒЫ КЕЙІПТЕУ
Түйіндеме: Мақалада қазақ жазушысының көркемдік ізденістері аталып, қазақ әңгімесіндегі әдеби тәсіл,
өзіндік ерекшелік пен бағыт туралы сөз болады. Жазушы Асқар Алтайдың бейнелеу құралдарындағы
жаңашылдық, дәстүр мен жалғастылық қарастырылады. Әдеби шығармадағы, оның ішінде көркем әңгімедегі
кеңістік мәселесі зерделенеді. Әңгімелеріндегі табиғат суреттеулері әуезовтік тәсіл жалғастығында байқалғаны
түйінделеді. Кейіптеулерге ұштасқан адам тағдыры мен тақыр жер тағдыры, жанталасқан жан дүние
жалғыздығы мен сусыған құм тебіренісі егіз жұптастырылғаны талданады. Қазақ тарихында қайта құру деп
аталатын кезеңнің суреттемесі келісті нақышталған. Ауыл тағдырының қазақ халқының тағдырымен өзектес
екенін айқындататын, ишаралы көріктеуіш құралдары өте ерекше. Жазушы Асқар Алтайдың қолданған
монолог-диалогтары табиғатты адамша сөйлетіп, уайымдатуға, тығырыққа тіреуге дейін шарасыздыққа әкелген
тартыспен айшықталған. Жазушының әдеби тәсілі қазақтың суреткер жазушысы Ғабит Мүсіреповтің қоғам
мәселелерін тереңінен қозғайтын тамаша дәстүрінің лайықты жалғастығын көрсеткен. Ақыл-ой санаға
бағындыратын, ар-намысқа жүгіндіретін адамдық қасиеттер нақты да, көркем баяндаулармен жан-жақты
ашылған. Жайсаңбек Молдағалиевтің көтерген ауыл тақырыбын, ауыл адамдарының бейнесін беруді Асқар
Алтай табиғаттан ажырамас, егіз қалыпта көркемдеген. Алтай әңгімелерінде қазақы таным, қиял, әсем теңеулер
айтар астарлы ойымен сабақтас келіп, орынды келісім тапқан. Мақалада жазушы суреттеулерінен әдеби түйін,
оқырмандық таным қалыптастыратын тұстар айқындалады: тұлғаның қысымға ұшыраған өзіндік ерекшелігі
ескерілді; дәстүрлі сюжеттік-композициялық өзгешелендірудің жазушылық қолтаңбасы анықталды. Мақалада
жазушының әңгімелері рухани қажеттіліктерді өтей алатын мәдени қазынаға айналғанын, әдебиет
сыншыларының пікірлерімен толықтырып, дәлелденгені аталып өткен.
Ұйтқы сөздер: Көріктеуіш құралдар, әлемдік әдеби үрдіс, кейіпкерлер әлемі, диалог, әңгіме жанры, қарама-
қайшылық, көркемдік уақыт, психологиялық баяндау, Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей, Жайсаңбек
Молдағалиев, Мархабат Байғұт, Асқар Алтай.
Аннотация: В статье речь идет о художественных методах, литературных стилях и направлениях в
казахском рассказе, в котором анализированы новые грани художественного искания казахского писателя.
Рассмотрены новизна художественного приема, традиции и новаторство в стиле писателя Аскар Алтая. В
художественных произведениях, в том числе в рассказах писателя исследованы как описан мир
художественного времени. В рассказах Аскара Алтая видна литературная школа продолжения ауэзовского
стиля олицетворения. Особенно, по анализированному нашему выводу, это касается когда писатель пишет в
своих описаниях природу как вымирающего человека. Природа и трудности быта человека неразделемы. В
настоящей статье объектом исследования является политическая метафора олицетворения писателя. Развитию
Вестник КазНПУ им. Абая, серия«Филология», №3 (49), 2014 г.
108
этих признаков в стиле Аскара Алтая способствовали как бурные изменения в политической жизни казахских
аулов, отражавшие коренные социальные преобразования в стране, так и появление возможности открыто
выражать свои взгляды. До Алтая политические взгляды в своих рассказах Габита Мусрепов давал намеками.
Здесь писатель использовал опыт и традицию в новом ракусе. Вместе с тем показательно, что до настоящего
времени литературные критики стараются обосновывать использование художественного приема, в примере
олицетворения как предмет духовного наставника всего общества. Рассказы Алтая обладает теми
преимуществами, которые дают ей возможность сконцентрировать свою новизну именно в точках
взаимопроникновения с историей казахского народа.
Ключевое слова: Литературные методы-приемы, мировой литературный процесс, мир характеров-
персонажей, диалог, жанр рассказ, конфликт, художественное время, психологическое описание, Габит
Мусрепов, Оралхан Бокей, Жайсаңбек Молдагалиев, Мархабат Байгут, Аскар Алтай.
Abstract: The article lyricism on the Kazakh story, in which he analyzed the new facets of artistic quest of the
Kazakh writer. Considered novelty artistic reception, traditions and innovations in the style of the writer Askar Altai. In
works of art, including in the stories of the writer investigated as described in the art world of the time. In the stories of
Askar Altai visible literary school continuation of Auezov style impersonation. Especially, analyzed our conclusion, this
applies when a writer writes in his descriptions of nature as an endangered person. Nature and difficulties of human life
nerazdelimi. Stories of Altai has the advantages that enable it to concentrate its novelty precisely at the points of
convergence with the history of the Kazakh people.
Key words: Literary techniques-techniques, world literary process, world of characters-characters, dialogue, the
genre of the story, conflict, artistic time, psychological description, Gabit Musrepov, Oralkhan Bokey, Gajsanbek
Moldagaliev, Markhabat Baigot, Askar Altai.
«Көркемдік уақыт – әдеби шығармадағы уақыттың суреттелуі, зейінге алыну,
қабылдануының өзгеше сипат-ерекшелігін түсіну үшін көркемдік уақыт деген ұғым
қолданылады. Ол түсінік уақытқа байланысты» [1, 118 б.],– деген қисынды Асқар Алтайдың
«Тасбақаның тақыры» әңгімесінде қалай көрініс беретінін зерделеп көрдік, келісті
бейнеленген.
«Тасбақаның тақыры» әңгімесі Ж. Молдағалиев көтерген ауыл тағдыры мәселесінің жалғастығын,
заманның қайта құру деп аталған кезін табиғатты келісті көркемдеу арқылы сөз еткен: «Ет жүрегіңді
ерітіп, сусыраған өзегіңнің өртін басып, жанарыңды жасқа тығылтар саумал сулы Салқын көл
алыстағы арықтай боп ағып жатқан дарияның көктемде телегей-теңіз таситын тамырынан нәр ала
алмай, жат ананың теперішіне түскен жетім сәбидің қасіретті көз жасындай тез сарқылып, ақ
кебектене сортаңданып тартылғалы – тасбақа төлі тұрақ тепкен мекен – тасбақаның тақырына
айналды» [2, 172 б.].
Өтпелі уақытта қазақ ауылы кешкен түрлі ауыртпалықтардың бейнеленуі жазушыда табиғатты
суреттеудің көркем теңеулерінің көмегімен ашылған: «Ұлы Құмның аш қасқырша шиыршық ата
ұлып, ұршықтай үйіріліп көшкен ұры құмы көл суы құрғағалы жан-жағынан әбжыландай жалмап, қос
бүйіріне қыса қуырып, тақыр таңдайын тарылтып келеді» [2, 172 б.].
Жазушының бейнелеген құмы қиыншылыққа ұшыраған кейіпкердей жанталасады.
А. Алтайда кейіпкер жанын қинаған қамау ойдың бейнеленуі, сезімнің көрінісі «құм толқынына»
ұқсатылған: «Құм уысына іліккен тоқымдай жер тебінгідей күйге түскен. Құлан жортпас құм ішін
паналаған миллиондаған тасбақа атаулы таздың басындай тақырға жалынып, тәңіріне сыйынар!..
Қайдағы-жайдағы ойлар қамап алған. Адам ойы да бірін-бірі бастырмалата қуған қатпар-қатпар құм
толқыны іспеттес» [2, 172 б.].
Осындағы тартыс – рухсыздықтан сақтандыруға арналған.
Қараңыз: «Құм жұтқан өлке қозғалыста. Дөңкиген дөңестер сынапша сырғып, беткейлер беті сұр
жыландай сумаңдап, құла тасқын құм көшуі күшіне енген. Ұланғайыр құмның жүзі күңгірт. Ымырт»
[2, 172 б.].
А. Алтайдың «шөл қысқан» табиғатының көркемдік астарлы сөз бейнелілігінің айтары мол.
Құмды даланың ең болмаса тіршілік етер тасбақасы бар, ал шопанға қайран қылар көмек
жоқ: «Тамыз бойы тамшы тамбаған құм іші өртеніп, қиыршық біткен күйіп тұр. Жылан
қабығын қақтар аптап машина терезесінен жүз қариды» [2, 167 б.].
Жазушы бұл жерде М. Байғұттың «Өлімнен қашқан респонденті» секілді адамдардың бір-
біріне қарайласуға да шамасы болмай кеткенін ишаралаған. Әңгіме тартысы – «Алтау араз
болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» ұлағатына құрылған.
Жазушының суреттеген: «Қараң-құраң ергенек, дүзгін, сексеуіл өскен түз қанын ішіне тарта
сұлық жатыр. Бедірейген безбүйрек өлкені кезіп келе жатқан жеңіл машинаның алған беті
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49), 2014 ж.
109
алыс қыстақ», – деп суреттелетін тұс әңгіменің шиеленісін байқатады және өлшеусіз
таршылық қысқан ел адамдарын астарлай алған. Ал, әңгіме шешімі шөлдеген тағы жануар-
лардың (киіктің) адамға көмек күтіп келуін баяндаудан көрінеді: « – Кеше құдық басына олар
тағы келді. Қап-қара жәудіреген көздерін көргенімде Гүлсім елестеп кетті... Су берейін десем,
бензін аз. Кейінгі жылдары Гүлсім су құйып жаман үйреткен, менен де су сұрап телміріп
тұрғандары. Моторды от алдыруға дәтім бармады, ертең сусыз өлеміз ғой. Совхоздағылар бізді
ұмытқалы қашан? Қырылып қалсаң да бәрібір. Оттың ортасында қалдым ...» [2, 168 б.].
Аталған әңгіменің аясында қазақ халқының кезеңді тарихы ғана көрініс бермейді, сонымен қатар
шыдамдылықтың, қиындықта кездесетін адами мінез-құлықтың айнасы ашылады. Балаларын анасыз
қалса да жеткізем, жетілдірем деп күнкөріс жасауға ұмтылған Әке мен құлқынның құлына айналған
пысықай «күнкөріс иесі» қатар беріледі. Әңгіменің көркем уыттылығы соңғы дәрменмен жанталасқан
кейіпкер ой-тізгініне жинақталып өрілген.
Алдыңғы қатарлы қазақ әңгімелерінің әлемдік әдеби үрдістің жалғастығына (контексіне) енуі тек
қана шығарманың тәуір айқындаулар, теңеулерімен немесе «жақсы» деп шектелумен
бағаланбайтыны анық. Жақсы қаламгердің тамаша туындысы бейнелі ойлаудың тек-тамырын дұрыс
анықтағаннан соң дүниеге келері хақ.
Ғабит Мүсіреповтің «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесінде көтерілген мәселе Асқар Алтайдың
«Дода» әңгімесінде жалғасын тапқан. «Асыра сілтеу» қабатында, әсіресе жүрекке ауыр түскен
қалпын бейнелеуді қарастырған: «...Көкке кеме ұшқан көктем еді. Әйтеуір, аядай Ақшиде [2, 97 б.]
үлкен жиын болған. ...Ал соның артынша ауылда түйе мен жылқы жинау науқаны басталды емес пе.
Науқан кезінде ғой «кәнтөжін» атанғаны» [2, 98 б.]. Ғарышты игеріп адам санасының бір саты
жоғарылап жатқан кезеңінде де ауыл қашанда халықтың өмір қорегі болатынын ескермеген солақай
саясаттың зардабын баяндаған. Жазушы қазақтың жаны малымен бірге мәңгілікке ұштасқанын
психологиялық баяндаумен келтіреді.
Қараңыз: «...– Мал құлағы саңырау... Үндемейтін момын – мал ғана қалғаны ғой. Мен мал емеспін.
Мені көкпарға салған көксеркедей талай алмайсыңдар»,– деу қашанда жігерді жанына серік еткен
қазақ қасиетін көрсетеді ...
Желжорғаға жолата қоймаспын. Беретіндерің бере беріңдер, көнетіндерің көне беріңдер... Ей,
келімсек сұмпайылар, қашпаңдар! Желжорғамды өлігімді аттап аларсыңдар... Ө-лі-гім-ді ...
Қазір мына көкпарға салып жүргені сол – алпыс бірде қалған Желжорғаның тұқымы»,– [2,100 б.]
деп халықтың 1932 жылы, 1937 жылы бір көрген тауқыметінің ұшқыны тағы қайталанғанын келер
ұрпақ «Доданың» көркем мұратынан зерделейді. Кейіпкердің монологы – оның психологиялық жан
айқайын құрап тұр.
Жазушы бейнелеуіндегі: «Додадан көкпарды құтқарғандай алып шығуын шықты-ау, бірақ аттың
басын қайда бұрмақ?.. Көз алдында-тұңғиық тартқан Ертіс, ту сыртында – талап жердей топ-тобымен
андыздаған аттылар. Бос бүйірге бұлт етпес шығып кетпес үшін олар да қос қанатын кең жая
алқымдап келеді.
«Алдың – су, артың – ну...» деген осы-ау деп ойлады ол. Мына додадан бөлініп шығу оңай
болмас... Қай жағыңа қайырылсаң да қанталапай. Қандай амал бар?»– [162,105 б.] деп баяндалу көш
басшының зияткерлігі мен қорғанышың берік болсын тілектен туған. Кейіпкердің көп мықты
шабандоздың ішінен суырылып шығатыны, сөйте тұра не істерін білмеуі осыны байқатады. Қазақ
халқының басынан өткен тарихтың психологиялық табиғатын тап басады.
Сонымен қатар, аман алып шығар амалдардың нағызы – Жазушы өнері және жоғарыда талданған
әңгімелердің бәрін түйістіретін «нүкте» деп толықтыруға болады.
А. Алтайдың «Балақ бау» әңгімесінде айтылған жайттың себеп-салдарына үңілтеді: «...Бүгін де
Есбол қартты өткен-кеткен өмілдіріктеп алған. Өткенге оралу – өзіңді тану, өзгені тану. Өткеннің
бәрі өкініш емес. Кешегің арқылы бүгініңді түсінетінің белгілі» [2,115 б.]. Бұдан авторлық көзқарас
та байқалады.
Ғ. Мүсіреповтің «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесіндегі қиыншылық тағдыр тоғысында кездескен
екі «достың» бірінің таңдауы қандай болғанын білеміз. Ал, «Балақ баудағы» екі достың достығының
сызаты жоқ: «Кеше ғана осы бір самалмен Ербол екеуі бірге тыныстап еді-ау! Бүгін ол – «жау». Ел
аман, жұрт тынышта қайдағы жау?! Диверсия... диверсия ұйымдастырғалы жүр. Кіммен? Айдалада
мал баққан мұнымен бе? Қырғыздар мен қазақтар ... жо-жо... атама аузың күйгір! Қылған қылмыс,
жазған жазығы жоқтығына – ақ бас Алатау, қара бас қыраны куәгер» [2,114 б.]. Кейіпкердің іштей
таусыла ойланатын тұстары осыны дәлелдейді.
Вестник КазНПУ им. Абая, серия«Филология», №3 (49), 2014 г.
110
Небір заман өзгерсе де өзгермеген бір жайт келеңсіз құбылыс, жала жабу, өзі ұнатпаған адамына
қастық қылу екеніне жазушы ерекше мән берген: «Бар пәле колхоз председателінен келген. Бәріне
кінәлі сол! Председатель түлкі терісін сұраған екен. Ербол бермей [2,114 б.], екеуі ит жемегенді
жесіпті деп, көрші отырған шопан айтып еді. Жел тұрмаса, шөп басы қимылдамайды... Бәрінен де
әлгі үшеуінің Ербол жайлы қайдағы-жайдағыны қиыстырып соғатынын қарашы! Жоқтан бар жасап,
жауырдан жаба тоқуға шебер-ақ. Қалай да «жау» деген жаланы жабу, тіліңді тістетіп отырып таңу.
Әйтпесе бұл екеуінің өмірлері өзектес, тағдырлары тамырлас». Жазушы адамды тереңнен тануға
жетелейді. Кейіпкердің сана-сезімі естігендері мен көргендерін сарапқа салып тұр. Бұл да жазушы
қолданған психологиялық талдау өнерінің бірі.
Жайшылықта болмашы болып көрінетін нәрселердің бәрі кейбір пиғылы нашар адамдардың қаруы
боларына назар аудартады: «Саятшылыққа үйренді. Табиғат бойынан рахат тауып, ләззат алдырған
саятшылықты өнер тұтып, қыстың көзі қырауда салбурынды мұрат етті. Ол кезде Ербол басына
саяткерлік сақина болар деп кім ойлаған?..» [2, 115 б.].
Жазушы айтар түйін мынадай: «Балақ бауынан бір айырылған құс – бағынан айырылған құс.
Тегінен айырылып, тұғырынан таяды деуші еді нарынқолдық марқұм ағайыны» [2,115 б.]. Халқын
тұғырынан тайдырмайтын өнер туындылары, оның ішінде тез тарайтын әңгімелері барда Қазақ халқы
бағынан тая қоймас деп жарқын үмітке жетелейтін, соған ұмтылдыратын сезім оянады.
А. Мұқышеваның «Қазақ әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесі (Өмір шындығы. Кейіпкер тағдыры.
Көркемдік мұрат)» атты диссертациялық еңбегінде Ғ. Мүсіреповтің «Бошайдың үш қарасы», «Аттың
сыны», Т. Әлімқұловтың «Тұлпардың тағдыры», «Телқоңыр», «Қош бол, Абсент», А. Сүлейменовтің
«Адасқақ», С.Бақбергеновтің «Ат жалында», «Көк бие», С. Бегалиннің «Сұрапылда», «Керкиік»,
Ж.Кәрменовтің «Теңбілкөк», Б.Соқпақбаевтың «Бурыл ат» әңгімелері қарастырылған. Осындай
дәстүрді ұстанған А. Алтайдың « Қараштың қарасы» әңгімесі жануарлар әлемі арқылы шынайы
өмір күйіне жақындататын жазушылық шеберлік мектебінің лайықты үзеңгілесі деп бағамдаймыз:
«Кезінде қырғыз-қазақтың көкпар тартқан додасына да түсіп, бәйгенің басын бермеген Ұланжал
қартайып, қағажу көріп қалам деді ме?..».
А. Алтайдың тұлпарының бір айрықшылығы күні өтіп, қартая бастаған тұсқа сәйкес келеді:
«Дүние – жалған... Жанарының алды қараңғы тарта түсті. Өліараның түнінде терлеп келіп су ішкен
сүйегі асыл Ұланжал торғай жұтқан жыландай қыл тамағының бөбежік безі бауырсақтай бұлтиып,
тынысы тарылған сайын талмаусырап ұзақ тұрды. Ісінген бөбежік тыныс жолын да жапты.
Тышқаншақ тиіп, жанары аунаған лақса айғыр қос тізесі бүгіле беріп, жай түскен қарағайдай
омырыла құлады. Құлаған бетте төрт аяғын жанталаса сермеді».
Адамша ойлап, адамша әрекет еткен жылқы-кейіпкер еріксіз жіберілген алыс соғыс өткен
жолдардан туған жеріне оралып, ең қызықтыратыны жүрген жолдарын өзі танып келу ерлігі болатын.
Мына тұста Ұланжалдың өзіне ыстық жерлерге жақындағандағы соңғы күш-қайратын жұмсау әрекеті
бейнеленген: «Сол бір сәт кәрі айғырдың аржағында, белгісіз бір тылсым өңірі бозғылт тұман оранды
... онда Қарқара биігінің [2,134 б.] басын ала Қара ат сұлбасы баяу ғана шауып бара жатты. Қара ат
әуеде баяу қалқып барады... Ұланжал да соған қарай ышқына ұмтылды. Қолтығына қанат біткендей,
денесінің құрыс-тұрысы жазылып, көкке көтеріле берді... Көк жүзінде жұлдыздар ғана төбеден
төнген» [2,135 б.].
Аталған әңгімеде қазақы таным, қиял, әсем теңеулер орынды келісім тапқан. Автор мұратына
жетуге жетелейді. Тағы бір ойдың ұшқыны еріксіз келіп мазалайды: «Қолда бардың қадірі жоқ» деп
өкінбес үшін шығармашыл адамдардың жай-күйі Ұланжалға ұқсамауы керек ...
Әңгіме жазу шеберлігі жазушылардың жан-жақты жаңалыққа бейімделуінен байќалады. Мұны
Бақытжан Майтановтың: «Тоталитарлық кезең ыдырауынан соң ТМД кеңістігі қазіргі қазақ
жазушыларының көркем эпистемологиялық дискурстарына жағымды әсер етті. Олардың әңгімелері,
повестері, романдары адамзат құндылығын айрықшалаған шындықтың шынайы және жылдам
ағымына ілескендіктерін байқатты, сонымен қатар осындай және басқа қайта қабылдаулар елеусіз
сіңе түсті; тәртіпке келе бастаған жалпылық өлшемі қабылданды, яғни тұлғаның қысымға ұшыраған
өзіндік ерекшелігі ескерілді; дәстүрлі сюжеттік-композициялық сызбадан құтылу мүмкіндігі туды ...»
3, 57
, – деген пікірі нақтылайды.
Жазушы А. Алтай «Қараштың қарасы» әңгімесінде жүйрік атты саналы адамның қабілетімен тең
қасиетімен танытады: «қашаудай тұяқтарымен жазаңдағы салалы күреңшені кесіп, тамырлы шымды
ойып» соғыс болған жерден туған ауылына қайтып келеді. Ұланжалдың үйірі мен иесін, жерін
сағынған ыстық ықыласы табиғат көріністерінің айрықша көріктенген елесімен қатар алынған:
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49), 2014 ж.
111
«барқыттай жұмсақ жазаң жүзін жапқан көк шалғын үкідей иіліп қалып жатыр. Тамам заманнан бері
өңін бермей көкпеңбек болып жататын Мыңжылқы мен Қарқара өңірі үйір-үйір жылқы қыста
тебіндеп, жазда жусап жатқанда құты қашып, шөбі сұйылған емес». Соғыстан қайтқан жауынгердей
Ұланжал өзінің құлын-тай болып өскен ауылына жақындаған сайын тәтті елестерге көміле түседі.
Тау өз ерекшелігімен, сұлулық көркімен есінде сақталғаны бауыр басқан ата-мекеніне деген
сағынышын үдете түскен: «...қысы-жазы өңін бермейтін Хан Тәңірінің қыран ғана шолған мұзартты
үшкіл басы айғырдың өткір көзіне оқта-текте шағыла жалт етіп, тым алыста тұлғалана түскен еді».
Көркем теңеудің өрнектеліп құбылуы, бояуын ажарлап отыру – А. Алтайға тән: «Мыңжылқының
Хан Тәңіріге қарай құлаған көкпеңбек төсті, жас сұлудың жанарындай жылт-жылт еткен қалың
шықты, мың түрлі шөпті жайлауы», «сәбидің еңбегіндей былқылдап жататын Қараштың сазы».
Мұндай суреттеулер А. Алтайды қаламдас замандастарының шығармаларынан ерекшелей түскен.
Көркем тұрпат әңгіме жанрының тіректі құрылымы. Жазушы бейнелеген жылқы – адам психоло-
гиясын берудегі, олардың іс-әрекетіндегі, мінезіндегі, «сөйлеуіндегі», өзінше дара, қайталанбаған
бітім-болмысты байқатады. Яғни, көркемдік ізденіс – адам мен тұлпар қатынасының бейнеленуі
қазақтың рухани жанымен кіріктіріліп, адам мен адам қарым-қатысындай етіп ұсынғанынан анық
көрінеді. Адамгершілік қалпы, отаншыл жылы жүрек жылулығы тамаша ашылған.
А. Алтайдың « Кер азу» әңгімесі – өнер, өнерпаздық туралы сыр шерткен тағы бір көрікті ойдың
кемелі. Жазушы құлай берілген ыстық ықылас сезіліп тұрады: «... Қандай күй шертіп отырғаны тек
көкірегіндегі күмбірлеген бөлекше саздың ырқымен екенін аңдаған. Құдіретті күйдің сезімді шарпып,
жүректі қармаған салқын сазы өткен өмір елесінен хабар беріп, қилы-қилы кезеңнің қобығынан
құйын тудырып, қара дауыл соқтырғандай солықтап, аш бөрідей ішін тарта ұлып, кер заман үнін
жеткізген.
... Күйге еліткен қария қу шанақтың үнін санамен емес, жүректің нәзік қылымен қабылдап отыр.
Өткен дүние елесі санада жаңғырығып, қайта тіріліп, құбылып көрініс табуда...» [2, 146 б.]. Бүгінгі
күннің бейнетінің қабатында халық басынан өткерген ашаршылық сөзге тиек етіле (Т.Жармағанбетов
бейнелеген Ыбраш тағдырында бала көңілі шертілсе...) қарт көңілдің жан-дүниесі кілтін ашады:
«...Хадиша шешесін сол отыз екінің жазында жетімдер үйінің сыртында қоштасқаннан кейін қайтіп
көрген жоқ. Бейшара ана бір жерде аштан бұралып өлген шығар!.. Жетімдер үйінде де жас балалар
топалаң тигендей қырылған. Үмітәлі жасы үлкендігінен ғана тірі қалды. Әйтеуір құдай қақты!
Әйтпегенде, бұл да сол аштан өлген балалардай, ат шана үстіне тиеліп жалаңаш күйде Іленің
ұйығына тоғытылып, балық жемі болар еді. Қаншама сәби кебінсіз кетті десеңші!.. Есеп жоқ. Күніне
екі шана өлік кететін. Әл-қуаты бар үлкен балалардың арасында өзі де талай тиеген. Немістің
кірешіндей торкөздеп салып, шананың үстін жас денемен көтеруші еді. Ой, дүние-ай десеңші!..
Соғыста да адам баласы олай қырылғанын Үмітәлі көрген емес» [2,146 б.]. Жазушы кейіпкер көңіл
толқынысының шеңберінде ақтаңдақтар жылына оралады, ащы шындық өнер, өнерпаз табиғатымен
көмкеріліп сыр жаяды: «Бәрінен де, өзінің «Би күйімен» астындағы атын билеткен Өркен күйшінің
домбыра шертісінен мүлде бөлек, тым озық Нарбураның қағысынан көзін ала алмай, перне қуалаған
саусақ қимылына зердесі жетпей қиналған еді. Өркеннен де Үмітәлі көп дүние үйрене алмай қалған
болатын. Оны да өкімет көп көргендей, 37- жылы ұстап әкеткен.
...– Зердең жақсы екен,- деген Нарбура. – Күйді ақылмен ғана емес, жүрекпен де шерту керек.
Бірақ санаңда көкірегіңде күмбірлеген күйдің сәулесі бір сәт үзілмесін. Ақылмен шертілген күй ғана –
мәңгілік... Ал, жүректегі бұлқынған сезім қылауы күн сәулесіндей дірілдеп, санаға жетіп жату қажет.
Сонда ғана бар дүние ақылмен жаңғырығып, жүрекпен сезімге қозғау салмақ...» [2, 148 б.]. Сонымен
қатар шын мұраны құрмет тұтқан көкірек көзі ояу азаматтың пейіліне сендіртеді: «Дәулескер күйші
болу үшін, күйдің қырындысына дейін қозғап толғау үшін де күй тарихын білу қажет. Күй – тек көңіл
толқыны, сезім шарпысы емес, онда тұнып тұрған тағдыр, томырық дүние, қайғылы шер болады.
Күйші құдіреті – осы тереңде жатқан ұлы сезімді шайқап, тысқа ақтара білуінде...» [2, 149 б.].
Бауыр етінен жаралған баласынан қапыда айрылған әке қайғысын бейнелеу үстінде А. Алтайдың
шеберлігінің көрінетін тұсы мынадай: «Үмітәлі қарттың өз қолымен Алатаудың ақ самырсынынан
қалақтай қылып қана ойып берген, көлеңкеге кептіріліп, жосаға шомылып, буына қызара қаныққан
қызыл домбыра шешен-ақ болатын. Кет-Бұғаның «Ұлы сарынын» Бейбітжаны айнытпай-ақ ойнаушы
еді. Қандай қиын иір-қиыр перне алмасуынан жаңылыспаушы еді... шек қағып, шанақ шертіп, саға
қуалаған кенжесі Кет-Бұғаның көпке беймәлім күйін ұзақ уақыт үйренсе де, өзімен бірге бақиға ала
кетті.
.... Кер... кер... заман «Кер азу» күйін қабір басында дүниеге келтірген шерлі күйші жас жуған
Вестник КазНПУ им. Абая, серия«Филология», №3 (49), 2014 г.
112
жүзін бұра берді» [2,152 б.]. Ата дәстүрін қастерлеу мен О. Бөкейде бейнеленген Садақбайдың
қамшысының қоса көмілуіне ұқсас Бейбітжанның домбырасының бірге серік болсын деп қасына
қойылуы символдық белгіні дәстүрге айналдырғандары, қоғамның кертартпалығына қарсылық
үндерін тыңдатқан жазушы амалы.
Жазушының әңгімелерінде шым-шытырық оқиғаға айнала алатын тартыстар, барынша
кейіпкердің сезім, ішкі дүниелік қақтығыстарына айналған. Көркемдік шешімге әуезовтік табиғатты
қолдану тәсілімен келсе де өзінше сонылық психологиялық қақтығыста табылады. Кейіпкерінің бүтін
тұлғасының (сөзі, қимылы, әрекеті, ойы т.б.) атқарар маңызы көріктеуіш құралдар қызметімен
ашылған.
Қазақ ауылының бейнесін беретін жаңа қыр ашылған. Домбыраны қоса көмуі үлкен мәнге ие.
Өнер тағдыры шешіліп, содан ғана соңғы үміті қиылып тұрған жоқ. Ауылдан шығып «тау
қопаратын» түрлі батылдық мен таланттық «Бейбітжандай» орта жолда тоқтамаса, ауыл жастары
бұрынғыдай халқының жүрегі болса деген арман жатыр.
1 Әдебиеттану терминдерінің сөздігі / Құрастырушылар: З. Ахметов, Т. Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі,
1996. – 240 б.
2 Алтай А. Қыр мен қала хикаялары. Повестер мен әңгімелер. –Алматы: Санат, 1998. – 192 б.
3 Майтанов Б. К. «Я» и «Другой» в модернизме и постмодернизме // Актуальные проблемы современного
литературоведения и фольклористики. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – С.57-58.
Достарыңызбен бөлісу: |