ӘОЖ 811.512.122:39
Ж.И.Исаева
филология ғылымдарының кандидаты
ПАРЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ДҮНИЕ БЕЙНЕСІНІҢ АБСТРАКЦИЯЛАНУЫ
Түйіндеме: Бұл мақалада тіліміздегі паремиологиялық дүние бейнесінің мағыналық дамуында екі кезеңді
басынан кешіретіндігі қарастырылып, оның біріншісі – мақал-мәтелдердің әуел бастағы дүниеге келу сәтінде
білдірген алғашқы мағынасы, екіншісі – даму барысында қалыптасқан ауыспалы мағынасы екендігі нақты
мысалдар арқылы талданады. Басқаша айтқанда, паремиологиялық дүние бейнесінің о бастағы жасалу уәждері
негізінде нақтылықтан абстракцияға өтетіндігі делелденеді.
Кілт сөздер: паремиология, мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, сөздің тура және ауыспалы мағынасы,
логикалық, уәждік, семантикалық байланыс, гомоцентристік үрдіс, антрополингвистикалық бағыт,
абстракциялану мотивтері, логика-семантикалық жіктеу,логика-ассоциативтік байланыс т.б.
Аннотация: В данной статье анализируются два периода в развитии паремиологической картины мира: во-
первых, прямое значение пословиц- поговорок, во-вторых, переносное значение обосновываются конкретными
примерами.
Ключевые слова: паремиология, пословицы-поговорки, фразеологизмы, прямое и переносное значение,
логические, мотивационные, семантические связи, гомоцентрический процесс, антрополинвистическое
направление, мотивы абстракции, логико- семантический анализ, логико- ассоциативная связь.
Abstracts: This article analyses two periods in the development of paremeological scene of the world: firstly, the
direct meaning of the proverbs and sayings, secondly, the indirect meaning is proved by the specific examples.
Keywords: paremeology, proverbs and sayings, phraseology, direct and indirect meaning, logical, motivate,
semantic connections, homocentristic direction. The motives of abstractions, logical- semantic analysis, logical-
associative connection.
Мақал-мәтелдер – тіл өкіліне «өз халқының басынан кешірген барша өмірін, салт-сана,
қалыптасқан дәстүр, дүниетанымын елестете алуға», «болмыстағы құндылықтарды танып-біліп,
заңдылықтарын ашып, олар туралы ой мен түсінігін тұжырымдап айтуға», «адамзат қауымына тән
ортақ көзқарас пен құндылықтарды бағалауға» көмектесетін тіл фактілері. Олардың шындық
болмыстағы нақты заттар мен құбылыстарға байланысты пайда болған алғашқы мағынасы мен оның
даму барысында абстракцияланып, адамға бағышталған ауыс мағынасы арасындағы логикалық,
уәждік, семантикалық байланыстың, гомоцентристік үрдістің табиғатын айқындау антрополингвис-
тикалық зерттеуді талап етеді [1, 50-б.].
Қазақ паремиологиясының антрополингвистикалық бағыттағы дербес пән ретінде қалыптасуының
теориялық тұжырымдамасын негіздеу Ә.Қайдар есімімен тікелей байланысты. Ғалым өзінің «Халық
даналығы» атты еңбегінде [1]. тілдің адамның ойлауы мен қабылдауы, танымы мен пайымдауы
сияқты әрекеттерімен тығыз байланысына жүгіне отырып, тілде пайда болу, қалыптасу, даму
үрдістерін анықтайды, атқаратын функциональды қызметіне, қолданылу, жұмсалу жағдаяттарына
тоқталады, мақал-мәтелдерді топтастырудың ғылыми принциптерін айқындап, этномәдени және
этнофилософиялық астарын, адам табиғатын тануға бағытталған ішкі мазмұнын ашудың жолдарын,
амал-тәсілдерін ұсынады. Ә.Т.Қайдардың бұл еңбегі қазақ паремиологиясының фразеологиядан
бөлініп шығып, антрополингвистикалық бағыттағы дербес ғылым саласы болып қалыптасуына қажет
алғы шарттарды нақтылап, паремиологиялық зерттеудің ғылыми принциптерін, мақсат-мүддесін,
көтерілер проблемаларын, зерттелер қырларын айқындап бергендігімен құнды.
Ә.Т.Қайдар қазақ мақал-мәтелдерінің шешімін толық таба алмай жатқан проблемалары қатарына
теориялық жағынан мақал-мәтелдердің гомоцентристік принципін (адамға бағышталған үрдісін),
мақал-мәтелдердің абстракциялану мотивтері мен логика-семантикалық жіктеу принциптерін,
Вестник КазНПУ им. Абая, серия«Филология», №3 (49), 2014 г.
20
фразеологизмдерден өрбуі, қос тағандылық пен тірек сөз мәселелерін, ал практикалық жағынан қазақ
мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибесін жатқызады, өз зерттеуінде осы
мәселелердің біразына тоқталады [1, 50-б.].
Тіліміздегі барша мақал-мәтелдер мағыналық дамуында екі кезеңді басынан кешіреді. Оның
біріншісі – мақал-мәтелдердің әуел бастағы дүниеге келу сәтінде білдірген алғашқы мағынасы,
екіншісі – даму барысында қалыптасқан ауыспалы мағынасы. Әдетте, мақал-мәтелдердің алғашқы
мағынасы ұмыт болады да, тілдегі қолданысында олардың абстракцияланып, адамға бағышталған
ауыспалы мағынасы сақталады. Мақал-мәтелдердің ауыспалы мағынаға ие болуы біртіндеп, ұзақ
даму барысында қалыптасатын құбылыс.
Басқаша айтқанда, паремиологиялық дүние бейнесінің о бастағы жасалу уәждері негізінде
нақтылықтан абстракцияға өтеді. Болмыстағы нақтылы заттар мен құбылыстарға байланысты пайда
болған мақал-мәтелдердің мағына жағынан дами келе, абстракцияланып, жаңа объекті – адам
факторына ауысуы олардың екіншілік уәжденуі (“вторичная мотивизация”) болып саналады. Демек,
мақал-мәтелдердің жасалу уәжі мен ауыспалы мағынаға (көбінесе адамға, оның іс-әрекетіне, қалып-
күйіне, қасиетіне т.б. ерекшеліктеріне байланысты) ие болу уәжі арасында логика-семантикалық
байланыс бар деген сөз. Мұны айқындау да оңай емес, ол халықтың рухани өмірін, салт-дәстүрін,
әдет-ғұрпын, дүниетанымын, жалпы ұлттық менталитетін танып-білуді талап етеді. Тіл практика-
сында мыңдаған мақал-мәтелдер өзінің екіншілік уәжденуі негізінде ие болған ауыс мағынасында
қолданысын тауып жатса да, олардың себеп-салдарын барша жұрт біле бермейді. Өйткені, бұлардың
бәрін біз мақал-мәтелдер ретінде қалыптасып, қолдануға дайын тұрған дүние ретінде ғана
қабылдаймыз. Шын мәнісінде әрбір мақал-мәтелдердің табиғатынан өзіне ғана тән, өзіндік ішкі даму
заңына сәйкес сатылы дамуының екі деңгейін – алғашқы, негізгі де нақтылы мағынасы мен
абстракциялану нәтижесінде пайда болған соңғы, ауыспалы мағынасындағы деңгейлерін айқын
көруімізге болады.
Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол
халықпен мәңгі-бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Мақал-мәтелдерді қолданушы адам
сол мақалы мен мәтелінің не себепті солай айтылып, қалыптасып қалғанына мән бере бермейтін
сияқты. Оның бір себебі: мақал-мәтелдердің алғаш жасалғандағы мағынасында емес, абстракцияла-
нып барып қалыптасқан ауыспалы (келтірінді, жалпылама) мағынасында қолданылуына байланысты.
“Мына мақал-мәтелдердің мәнісі не?” деп сұрай қалсаң, кез-келген қазақ оның көбінесе өз
объектісінен ауысып, адамға бағышталған абстракты (жалпылама) мағынасы мен мәнін түсіндіре
бастайды. Бұл, әрине, заңды құбылыс. Сондықтан да рухани өміріміздің ішкі мазмұнын ашып,
даналық көзі – мақал-мәтелдердің күрделі табиғатын тану үшін олардың тілімізде қалай және қандай
логикалық, тілдік этнолингвистикалық заңдылықтар мен уәждер бойынша жасалып, қалыптасқанын
білу қажет. Бұл мәселені айқындай түсудің теориялық та, практикалық та мәні зор. Қазақ тілінде
жинақталып, қорланған сан алуан Мақал-мәтелдерді зерделей қарағанда, олардың бірі болмаса да,
көпшілігі өзіне: “қалай?”, “неге?”, “неге олай?”, “не себепті?,” “неліктен?”, “қалайша?” сияқты
сұрақ-сауалдарды қоюды талап ететін сияқты. Мәселен: “Ұры мен қары апақ-сапақта кездеседі”,
“Қотыр ат соқыр атқа жақын жүреді”, “Қызым саған айтам, келінім сен тыңда” т.б.деген мақал-
мәтелдерге де осы сұрақтарды қою қажет сияқты. Өйткені осы тұрған күйінде олардың мәні бізге
түсініксіздеу. Қалайша? “Ұры мен қары апақ-сапақта кездеседі?”; Неге? “Соқыр ат қотыр атқа
жақын жүреді?”, “Неге анасы өз ақыл-кеңесін қызына айтып, келінін тыңдатып қояды?” деген
сұрақтарға жауап беру керек. Мұндай сұрақтардың көбінесе себебі ғана айтылып, салдары белгісіз
болатын мәтелдер талап етеді. Ол үшін адам мақал-мәтелдерді ойлап тапқан, нақыл ғып айтып келе
жатқан халықтың рухани өмірінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тұрмыс-тіршілігінен, дүниета-
нымынан т.б. өзіндік ерекшеліктерінен хабардар болуы керек. Енді осы аталған мәтелді жоғарыда
қойылған сұрақтарға байланысты әуел бастағы жасалу уәждеріне қарай сипаттап көрейік. Неге ұрыға
қары (ол да ұры) күндіз емес, ел бірін-бірі тани қоймайтын алакөлеңкеде (қараңғы түскенде)
кездеседі? Логикалық дұрыс силлогизм бойынша: ұрлық-қарлықпен шұғылданатын адамдар, әдетте,
өзінің қылмыс істерін күндіз емес, кеш батқанда, не түнде істейді, өйткені олар елдің көзіне түспеуі
керек. Ұры мен қарының ұрлық қылуға қолайлы кезі – кеш мезгілі. Қараңғы түскенде кездесуінің
себебі осында болса керек.
Жалпы тақырып жағынан екінші мәтел де – “Қотыр ат соқыр атқа жақын жүреді” – осыған ұқсас.
“Неге?” деген сұраққа: Қотыр ат жауыры, сауыс болған қотыры қышып, мазасын алған денесін бір
нәрсеге үйкегісі, біреуге сүйенгісі келіп тұратыны белгілі. Оған көзі бар аттар, әрине, жақын
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49), 2014 ж.
21
жоламайды және маңына да жолатпайды. Ал, басқа аттардың дүрмегіне ілесіп, жайылымға шыққан
соқыр ат көзі жақсы көрмегендіктен көп жүрмей, бір орында оттап тұра береді. Бұл – қотыр аттың
сүйкеніп, қасынуына өте қолайлы объект. Сондықтан да ол оның жанынан шықпайды. “Неге?” деген
сұрақтың жауабы, міне осыған байланысты. Осыны біз мақал-мәтелердің жасалу уәждері дейміз [2].
Осындай өмірдің нақтылы көріністері мен құбылыстары негізінде пайда болған пайымдаулар
тіліміздегі сан алуан мақал-мәтелдердің дүниеге келуіне арқау болады, бірақ олар сол о бастағы
жасалған қалпында, сол мағыналық деңгейде қалып қоймай, екінші бір мағыналық деңгейге
көтеріледі.
Олардың біріншісі мен екіншісі логика-семантикалық деңгейде тақырыптық бір топқа, яғни
“мүдделестік” тобына жатады [3]. Ұры мен қарының өзара ымпай-жымпайы, өзара уағдаластығы,
бірімен-бірі бір мезгілде ұшырасуын қалай түсінуге болады? Ойластырып қарасақ, мынаны
аңғарамыз: ұры мен қары қазақ болмысында, әрине, жағымсыз бейнелер, бұлардың іс-әрекеті де,
жүріс-тұрысы да – бұзақылық, қылмыс, осыған байланысты “ұры мен қары ” екі бірдей жаман
адамға баланып, олар бір-бірімен осы қылықтары арқылы табысып, ымпай-жымпай болуын
аңғарамыз. Қысқасы, осы мәтелдің ауыспалы мағынасы: “жаман жаманға үйір, ымпай-жымпайы
бір, өзара тіл табыса біледі” дегенді аңғартады.
Екінші мәтелдің мағынасы осыған жақын: ол қоғамда жаман да жат қылықтары (өтірікші, өсекшіл,
жалақор, бәлеқор, мансапқор, іші тар т.б.), қасиеттеріне байланысты бір-біріне жақын болатын, бір-
бірімен оңай тіл табысып, бірін-бірі іздеп жүретін мүдделес адамдар туралы айтылады.
Үшінші мақалдың мәнін білікті қарттар былай түсіндіреді: анасының өз ақыл-кеңесін қызына
айтатын себебі, қызы анасына етене жақын, өз баласы, сондықтан да не айтса да көтереді, көңіліне
алмайды; ал келін болса, жат жұрттық, “өйтпе-бүйтпе” дегенді көтере алмауы мүмкін. Сондықтан да
қайын ене ақыл-кеңесін оған туған қызы арқылы дарытып, аңғартып отыр. Бұл фактор мақалдың әуел
баста тууына негізгі уәж болса, енді ол ауыспалы мағынасында (қызға да, келінге де қатысы жоқ)
әркім өзінің ой-пікірін жақын көретін адамына айтқансып, басқаларға құлаққағыс жасау болып
саналады. Дәл осы заңдылықты біз түгел болмаса да, көптеген мақал-мәтелдердің бойынан іздеп
табуымызға болады. Алайда мақал-мәтелдерге тән бұл тәрізді екі деңгейдегі уәждік негіздерді
талдап-таратудың ең тиімді жолы – тақырып жүйесі мен топтастыра қарастыру болып саналады. Бұл
құбылысты айқындаудың ең тиімді жолы мақал-мәтелдердің табиғатына тән негізгі уәждер мен
туынды уәждердің өзара сәйкес мағыналық компоненттерін дәл тауып, олардың ара жігін дұрыс
айқындау болып саналады.
Мақал-мәтелдер гомоцентристік принцип негізінде ауыспалы мағынасында қалыптасып, тіл
практикасында қарым-қатынас құралы ретінде жұмсалады.
Ауыспалы мағына – сөздің қолданылу барысында пайда болатын келтірінді, туынды мағына.
Тарихи-этимологиялық тұрғыдан алғанда ол негізгі (тура) мағынадан өрбиді. Бір зат пен екінші бір
заттың, бір құбылыс пен екінші құбылыстың форма, сыртқы түр, түс ұқсастығы, қызмет сәйкестілігі
ауыспалы мағынаның жасалуына негіз болады. Сөздерді ауыспалы мағынада қолдану қарапайым
сөйлеу тіліне тән қасиеттердің бірі. Ауыспалы мағынадағы бейнелі сөздер, сол сөз болатын зат не
құбылысқа адамдардың жағымды немесе жағымсыз көзқарасын білдірудің де құралы болып
саналады. Сөздің тура мағынасы – затпен тікелей бірліктегі әрекет пен құбылысты, адамның ойымен
байланысты түсініктерді, түйсікті білдіретін негізгі мағына. Мақалдың ауыспалы мағыналарда өнімді
қолданылуы мен мазмұн жағынан кеңейе түсуі оның мағынасының негізіне алынған өмір
шындығының қаншалықты ақиқат бейнелеуінде болып табылады. Мұндай мақалдар көбінесе табиғат
құбылыстарын арқау етеді. Мысалы, “Шоқ қайдан болса, жылу содан”. Мақал-мәтелдердің
ауыспалы мағынасы негізгі мағынасынан ішкі мазмұны жағынан алшақ кетпейді. Ауыспалы мағына
қандай жағдайда болмасын, айналып келіп, көбіне-көп адамның өзіне, адамдар арасындағы,
қоғамдағы қарым-қатынастарға қатысты болады. Яғни, адамның қасиетін, өмірін айтады.
Паремиологиялық дүние бейнесінің өзгермейтін тұрақты элементі - ауыспалы мағынасы.
Паремиялардың өзі мүлдем өзгеріп кетсе де, құрамындағы бір ғана сөздің қолданылуы, сол
паремиялардың білдіретін ұғым-түсінігі көңілдегі бейне ретінде халық жадында толық сақталады.
Бірақ паремияларды топтастыру мәселесінде олардың өзгермеген негізгі мағыналарын ескергеніміз
жөн. Ескеретін бір нәрсе: тек қана толық мағынасында қолданылатын паремиялар ғана қарастырып,
басқалары ескерілмейді деген ұғым тумауы керек. Топтастыру принципіне паремиялар түгелдей
дерлік алынады. Бұл мәселе бұрын-соңды мақал-мәтелдерді зерттеушілердің еңбектерінде
қарастырылмаған. Паремиялардың қандай түрі болмасын (қысқарған, өзгерген т.б.) толық мағынасы
Вестник КазНПУ им. Абая, серия«Филология», №3 (49), 2014 г.
22
сақталып, о бастағы қалыптасқан мағынасынан кеңейіп кететіндері де болады. Мысалы:
Еңкейгенге – еңкей, Шалқайғанға – шалқай <> деген мақал кейде:
Еңкейгенге еңкей – атаңнан
қалған құл емес, Шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес <> түрінде де қолданылады. Мұндай
үлгі мақал-мәтелдердің табиғатына тән құбылыс. Осы арада ескеретін бір жағдай: бұл мақалдың
кейінгісі әуел баста қалыптасқан номинативтік вариант болып, ілгерісі соның сұрыпталып,
ықшамдалған қысқа варианты болуы мүмкін. Сонда топтастырудың негізгі аяқ тірейтін элементі
оның мағынасы (ауыспалы мағынасы).
Мақал-мәтел екі бірдей типтік жағдаят арасындағы логика-ассоциативтік байланыс нәтижесінде
туындайтын күрделі тілдік конструкция болғандықтан, онда дүние бейнесінің екі бірдей кесіндісі
(фрагменті) қиысады. Мақал-мәтелдің тура мағынасы арқылы сипатталатын бірінші типтік жағдаят
тіл иесінің өзін қоршаған табиғи ортаға бейімделуі және оны игеруі барысында жинақтаған өмірлік
тәжірибесіне, ауыспалы мағынамен сипатталатын екінші типтік жағдаят адамның жеке басына,
адамдар арасындағы қарым-қатынасқа берілген бағаға, жасалған пайымға байланысты болып келеді.
Мысалы: “Баласының қылығы көңіліне симаған ана оған ашуланып ұрсуы, қаталдық танытуы
мүмкін. Әйтседе өз анасынан естіген ауырлау сөз де, тіптен ананың тартып жіберген шапалағы да
бала көңіліне сызат түсірмейді” деген ауыспалы мағынада қолданылатын. Енесі тепкен құлынның еті
ауырмайды мақал-мәтелінде дүние бейнесінің фрагменттері екі типтік жағдаят түрінде көрініс береді:
оның біріншісі – жылқышы қазақтың күнделікті өмірінде жиі көріп жүргені, яғни желі басында
оңдырмай тепкеніне қарамастан енесінің бауырында ойнақтаған құлынның қылығы; екіншісі –
мейірімді ана мен тентек бала арасындағы қарым-қатынастың бір сәті. Бұл екі типтік жағдаяттардың
арасын құлынды бие мен ана, құлын мен бала қылықтары арасындағы ассоциативтік-логикалық
сәйкестік жалғайды.
Қорыта айтқанда, паремиологиялық дүние бейнесінің өзегін «тіл мен мәдениет» біртұтастығы
құрайды. Сондықтан да этногенетикалық тілдік қауымдастықтың танымдық, поэтикалық, тағылым-
дық-тәлімдік, этикалық-нормативтік, аксиологиялық-бағалауыштық, практикалық іс-әрекеттерінің
нәтижелері паремиологиялық дүние бейнесінде типтік жағдаяттардың көрнекі (бейнелі) атаулары,
суретті сипаттамасы (паремия) түрінде таңбаланады, орнығады, бекиді, сақталады және келер
ұрпаққа табысталады.
1. Қайдар Ә.Т. Халық даналығы. – Алматы: Толағай, 2004. - 560 б.
2. Қайдар Ә.Т. Этнолингвистикалық зерттеу. – Алматы, 2004. - 157 б.
3. Қарсыбекова Ш.П. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді топтастырудың этнолингвистикалық
принциптері: филол. ғыл. канд. ... дисс.: 10.02.02. – Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
Министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2004. - 109 б.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49), 2014 ж.
23
ӘОЖ 811.512.122’373.2:398.95
Қоқанова Ж.А.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты
ЖЫЛҚЫНЫҢ ТҮГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚАЛЫПТАСҚАН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ
ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МӘНІ
Түйіндеме: Мақалада тілдік жүйедегі тұрақты бейнелі оралымдарды, оның ішінде мақал-мәтелдерді,
заттық-тақырыптық тұрғыдан топтастырудың «ұйтқы» немесе «өзек» сөздердің, яғни компонент-
доминанттардың лексикалық мағынасын ескеру ұстанымы басшылыққа алынып, осыған орай жылқының түгі
қатысуымен жасалған мақал-мәтелдердің табиғаты сөз етіледі.
Бүкіл ғұмыры төрт түлік малмен қатар өтіп келе жатқан қазақ халқы сол малдың туылғанынан бастап
өлгеніне дейінгі бүкіл ерекшеліктерін, сипатын жіті біледі. Осы білімі, тәжірибесі төрт түлікті тірек сөз ретінде
пайдаланған мақал-мәтелдерде өмірдің сан алуан қырлары, адамның жағымды немесе жағымсыз мінез-құлқы,
көңіл-күйі, қимыл-әрекеті, жүріс-тұрысы, адамдар арасындағы қарым-қатынасы, адамның қоғамдағы орны,
дүниетанымдық көзқарасы т.б. сан алуан қыры, әртүрлі сипаты көрініс тапты. Бұған жылқы түгі: жал, қыл,
қылшық және құйрық атауларының қатысуымен тілден орын алған: « Арғымақ аттың құйрығы, әрі жібек, әрі
қыл»; «Қас жақсының белгісі, әрі мырза, әрі құл», « Аттың жалына қиямет күніне шейін жақсылық байлаулы
тұрады, «Жүйрік атта жал болмайды», « Арғымақ ат жабы болмайды, жалы кетіп арыса да», «Ер мойнында
қыл арқан шірімес», «Ат жалында ажал тұрады», «Жаудан қыл тартсаң да – пайда», «Жаудан қыл тартсаң
да пайда» деген сияқты мақал-мәтелдер де куә бола алады. Жылқының түгі атауларының тірек болуы арқылы
жасалған мақал-мәтелдерді қарастырғанда, олардың этномәдени мазмұны, шын мәнінде ұлттық ерекшеліктерге
толы екендігі айқындалады. Жылқының түгі – халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне барлық қажеттіліктерді
өтейтін тіршілік көзі.
Мақалада этнолингвистикалық зерттеулердің көшбасында тұрған академик Ә.Қайдардың «Халық
даналығы» атты зерттеу еңбегі ғылыми теориялық негізге алынған.дағы мақал-мәтелдердің этномәдени
мазмұнын ашу жан-жақты сөз етіледі. Бұл жылқы түгіне қатысты мақал-мәтелдер бұрын-соңды
этнолингвистика тұрғысынан тікелей зерттеу нысанына айналмағандықтан, жұмыс келесі зерттеулерге жол
ашады деуге болады.
Тірек сөздер: этнолингвистика, тірек сөз, мақал-мәтел, компонент-доминант, паремиология.
Аннотация: В статье рассматриваются пословицы и поговорки, в составе которых имеются наименования
волосяного покрова лошадей, а также изучаются устойчивые образные выражения системы языка, с учетом
лексического значения компонентов-доминантов, то есть слов, являющихся «ядром» или «стержнем» в
предметно-тематическом группировании пословиц и поговорок. Казахский народ, который всю свою жизнь
занимается разведением домашних животных, изучил все их свойства и особенности, начиная от рождения и до
самой их смерти. Все эти знания и опыт нашли отражение в пословицах и поговорках, в которых в качестве
опорных слов были использованы наименования домашних животных. В пословицах и поговорках также
отображаются различные сферы жизни, положительные и отрицательные качества, настроение, действия,
поведение, взаимоотношения людей, место человека в обществе, миропознание и взгляды людей, другие
разные грани их жизнедеятельности. К пословицам, в составе которых имеются наименования волосяного
покрова лошадей: грива, шерсть, шетина, хвост, можно отнести следующие: «Хвост аргымака и шелковистый,
и жесткий», «Брови – признак хорошего, это и господин, и слуга», «К гриве коня вплоть до судного дня
привязано добро», «У коня-скакуна не бывает гривы», «Простая лошадь не сможет стать скакуном, даже
если у нее прекрасная грива», «У мужчины никогда не сгниет конский аркан», «На гриве коня может быть
смерть», «Даже если ты отберешь у врага гриву коня – это будет полезно для народа». При изучении
пословиц и поговорок, в составе которых имеются наименования волосяного покрова лошадей, было выявлено,
что их этнокультурное содержание на самом деле отражают полностью национальные особенности казахского
народа. Волосяной покров лошадей применяется народом во всех сферах жизнедеятельности.
Теоретическую основу статьи статьи, всесторонне рассматривающей этнокультурное содержание пословиц
и поговорок, составляет научное исследование, известного ученого, академика А.Кайдара «Народная
мудрость», который является основоположником этнолингвистических исследований. Поскольку ранее
пословицы и поговорки, в составе которых имеются наименования волосяного покрова лошадей, не являлись
прямым объектом исследований с точки зрения этнолингвистики, то можно утверждать, что данная работа
может положить начало другим научным изысканиям по данной тематике.
Достарыңызбен бөлісу: |